Өлеңдер ✍️

  18.04.2022
  272


Автор: Рафаэль Ниязбек

ТАУДАҒЫ БАЛАЛАР ЛАГЕРІ НЕМЕСЕ СОНДА ДЕМАЛҒАН ҰЛЫМ ТУРАЛЫ


Сенен өткен мен үшін бар ма көктем,
Ғұмыр – жырын өзің деп арнап өткен.
Ұлым, тауда демалып жатырсың сен
Таусыз жердің тұрғыны арман еткен.
Көгінен нұр қоймаған жаумасына,
Лагерь екен орнаған тау басына.
 Көктем болып қараған, өмір болып,
Сен секілді өмірдің жалғасына.
Жан болмасаң сен де бір есі кеткен,
Қарай берме күндердің көшіне өткен.
Тауда туған тау ұлы сияқтысың
Алатаудың бір шыңын бесік еткен.
Қайраттанып, сол сәтте қуаттанып,
Құзға өрлейсің көңілің бұлақтанып.
Қыздырынып артынша отырғаның
Тау басына шыққандай шуақты алып.
Жаралғандай бұлттардың от демінен,
Лагерің тұр жарқырап көк төрінен.
Айналаңа көз салып жүрсің бе, ұлым,
Тау басынан
немесе
бөктерінен.
Асқарлардан шырқалып асқақ әнің,
Жақсы, әрине, дауылды жасқағаның.
Арманды ұлым!
Бұл сенің шығар, бәлкім,
Биіктерден көз сала бастағаның.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу