Өлеңдер ✍️
БАТЫЛ БОЛСА БАСТАУШЫСЫ
Ұқсамасын, ұқсасын тұлғам тауға,
Ант еттім мен
Көр-жермен былғанбауға.
Жалаң қылыш мен болып көп сермелдім,
Қарсы алдымда қасқайып тұрған жауға.
Кетеді деп елімді кім бөктеріп,
Алағыздым кей-кейде дүрмекке еріп.
Қайтем енді,
Африка тұрса алдымда
Алмағайып заманды күнде өткеріп.
Айыра алмай кей-кейде дос, қасымды,
Не шалмады бұл жолда боз басымды.
Жылайды деп бірге елім,
Әйтсе де мен
Көрсетпедім халқыма көз жасымды.
Ұлы күрес жолында жыламадым,
Көмек сұрар жерде де сұрамадым.
Туым бірге жатардай жерде құлап, –
Сүрінсем де,
Жер құшып құламадым,
Көңіл сырын қайтемін ашпағанда,
Ажал жетсе бір белді жастанам да.
Қай дауылдың өтінде мен тұрмадым,
Күреске алғаш халқымды бастағанда?!
Шағылып та соғыстық, шайқалып та,
Жеңіс туын барармыз Айға алып та.
Батыл бола білсе егер бастаушысы,
Батыр бола білген ғой қай халық та.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter