Өлеңдер ✍️
СЫР
Басымдығын өзінің сезеді ме,
Кетеді еніп біреулер кезегіме.
Көп сарсылдым тірліктің түсіне алмай
Көп жағдайы дәл келмей есебіме.
Айналама жанымның сыйын бөліп,
Кетем кейде ұйтқыған құйын болып.
Кейде өзімді түсінбей көп опындым
Шешілмеген есептей қиын келіп.
Көңіліме жарығын түсірмеген,
Сырлар қанша мен әлі түсінбеген.
Көп нәрсені сезбеппін
Жан болсам да –
Өлеңімен өмірін мүсіндеген.
Шешілмеген жұмбақ бұл түйін жіптей,
Күн көргем деп жүрсе де тиын бітпей, –
Күндік жерден қарсы алдым кісілерді
Маған деген олардың сыйын күтпей.
Қала бардым десем де, дала бардым,
Мендегі бұл мінезді бағалар кім?!
Бала кезде –
Жүгіріп құрақ ұштым,
Қолдарына су құйып ағалардың.
Қулық, сұмдық өмірі үйренбеген,
Содан, міне, кеудемді күй кернеген.
Аға, сірә, жоқ шығар бұл күндері
Жайлауынан жанымның сый көрмеген.
Осы емес пе мұраты тірілердің,
Құзырынан тұратын күліп елдің.
Үлкен үйдің төрі боп ырыс сіңген
Алдарынан жүгірдім інілердің.
Өйткені мен
Қазақтың жерінде өстім,
Көлеңке боп алайда көрінбеспін.
Келгендерді күтумен күн өткіздім,
Күтпегенмен мені әзір төрінде ешкім.
Қайтем енді,
Тыйылдым,
Сөз етпеймін,
Кісі күтіп қашанғы безектеймін.
Бірақ, бірақ ... қонақсыз тағы қиын
Онсыз, сірә, құны жоқ көжектеймін.
Жоқ! Жоқ!!
Көрген жоқ-ты жанымның күйі налып,
Көн тулақ па ем босаған иі қанып.
Аңқылдаған жандарды өзім сынды
Жыр оқимын енді үйге жиып алып.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter