Өлеңдер ✍️

  17.04.2022
  222


Автор: Рафаэль Ниязбек

ОТЫЗ БЕС

Бүгін міне кеудеме желік кіріп,
Мені өзіне барады еліктіріп.
Дүниені мен қалай шайқамаймын
Ордалы отыз беске келіп тұрып.
Сері мінез, сал жүрек серкелікпен
Отыз бес жыл өтіпті ел де күткен.
Енді отыз бес жасасам арман бар ма
Қызыл шынар секілді өрге біткен.
 Отыз бес жас!
Қара орманым емес-ті бұрын кірген,
Жұрт ішінде бар шығар тілін білген.
Орда бұзған отызым отты еді ғой
Жанарына жалынды сүріндірген.
Жаралдың ба отыз бес алып күштен,
Жанарымен ақ сәуле, жарықты ішкен.
Орда бұзған отызым өрт еді ғой
Тау мен тасқа салғанда жанып түскен.
Жанарларды суарып мұңдар жатқан,
Қайғыларды шумақтап құмдарға атқан, –
Орда бұзған отыздың орнын басып,
Ойлы жүрек отыз бес сен келіпсің
Шам-шырағым секілді жылдар жаққан.
Омырауын, жейдесін жел кернеген
Ездерге өзін жан едім теңгермеген.
Асқақ қарап алдымнан шығып тұрсың
Асқар болып отыз бес мен көрмеген.
Айналсаң да өзің біл сырласыма,
Керек емес көп нәрсе бір басыма.
Сыбағамнан кенде етпей Отыз бес жас
Шығар мені қырықтың қырқасына.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу