Өлеңдер ✍️

  17.04.2022
  130


Автор: Рафаэль Ниязбек

ЖАН АНА

Қиындықтың отына жанып, көніп,
Көңіліңді жүрсің-ау анық бөліп.
Заңғарлардың бәрінен ән салдырдың
Мені өмірге, жан ана, алып келіп.
Сен дегенде, жан ана, жырым – көктем,
Жырым – көктем, жан емен қырын кеткен.
 Көңіліңнің жарығы мен болармын
Маңайыңның бәріне нұрын төккен.
Бақыт нұрын сыйлаған жер үстінің
Сенсің, ана!
Көгілдір кеңістігім.
Сенің мынау шұғыла, шуағыңмен
Көгереді көгерсе егістігім.
Сенен, ана,
Жан ана, басталады
Келген күнім өмірге,
Жеңіс күнім.
Аруана сен болсаң жырды иіткен,
Ұлың сенің жүрмек пе құр күйікпен.
Сол биікте, жан ана, сен де барсың
Көрінсе егер бұл ұлың бір биіктен.
Күн нұрына шомылып керегінде,
Өркен жайды сен болып терегім де.
Сенсің, А Н А !
Жатқан ол жұлдыз шашып,
Бар болса егер шын асыл тереңімде.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу