Өлеңдер ✍️

  17.04.2022
  116


Автор: Рафаэль Ниязбек

САПАРДА ЖҮРГЕН ЖҮРЕГІМ

Алабұртып түр-өңің,
Кетер ме екенсің егіліп, –
Сапарда жүрген жүрегім,
Сөйлейсің, айтшы, не біліп?!
Тыңдайын сені,
Сөйлегін
Шындыққа ғана тұрақта.
Жалғанның киіп көйлегін
Жалпылдап жүрме бірақ та.
Көз салып алғы күндерге
Ұшармыз әлі мың түлеп.
Сенеміз, айтшы, кімдерге
Сөйлесе жалған бұл жүрек.
Білемін сені, жүрегім,
Не көрмей, айтшы, келесің.
Бақыт боп жалғыз тілегің
Жаралған сүмбіл денесің.
Тұғырдан тайып түскенше
Сыналар шағың сенің көп.
Сапарда жүрген жүрегім
Кеудемде жатсың сенім боп.
 Жас жаның қалай көз ілсін,
Әнің жоқ әлі ескірген.
Әлемде өжет өзіңсің
Шындық боп даусы естілген.
Мұхиттың арғы жағына
Барғаным әлі есімде.
Ойлардың сүңгіп бағына
Қырқаның тұрғам төсінде.
Үйренген болар, кім білсін,
Құрсаулап ұстап Шындығын.
Көгінен қайдан Күн күлсін
Сол сәтте көрдім сұмдығын.
Жұлдызы сөніп көгімнің
Көзімде тұрды-ау жас қаптап.
Рухы боп сонда елімнің
Алдымнан шықтың асқақтап...
Өзіңе қарай зуылдап
Атылғанмен де оқ талай, –
Сапарда жүрген жүрегім
Келесің әлі тоқтамай.
Еңку де еңку жер шалған
Көзі ме ең әлде Ерліктің.
Арлылықтан ғана енші алған
Өзі ме ең әлде Елдіктің.
Жапырақ жайған шынардың
Сыбдырымен тербеп денемді.
Жағаға сүйреп шығардың
Толқынға батқан кемемді.
 Арманды жалғап жұлдызға
Суырып шыңырау – күйіктен, –
Өрлетіп мені шың-құзға
Көз салдырдың-ау биіктен.
Қаптаған талай селдердің
Алдарын бөгеп, от өрген, –
Еңсесі түскен елдердің
Жығылған туын көтерген
Сенсің менің, жүрегім!
Саңқылдап ұшып заңғарға
Ғұмыры өткен тіреспен, –
Болашағы боп жандарға
Бостандық үшін күрескен
Келесің тарлан жүрегім.
Әлемді кезіп шарлаған
Айналдым сенен, тұлпарым.
Дүниені түгел барлаған
Айналдым сенен, сұңқарым.
Жерің жоқ, сірә, бармаған:
Арыстан кеуде ерлерге
Ғұмыр сыйлап мәңгілік.
Арысын жоқтап зарлаған
Аруларға жеттің жаңғырып.
Айналдым шынар тірегім –
Сапарда жүрген жүрегім.
Нөсер боп құйып өттің сен –
Еріні кезерген шөлдерге.
Сарқырап ағып жеттің сен –
Сарқылып біткен көлдерге.
Алтын масақты дән болып
Жайқалдың құба белдерде.
 Жүрегім жүрме қай жерде,
Түссең де дара көкпарға:
Ән болдың – әні жоқтарға,
Сән болдың – сәні жоқтарға.
Қарамай және бұрылмай
Төбеңнен жауған оқтарға,
Шатырлап жанған оттарға.
Таулары жоқтың –
Алдынан шықтың асқақтап.
Жанарларында
Тұрмасын дедің жас қаптап.
Баулары жоқтың –
Көз алдында тұрдың
Неше алуан жүзім боп.
Шарпылмай нұрлы жүзіңді от
Жетемін дедің
Жыл сайын
Алтынды алтын күзің боп.
Жалғанда жалғыз тірегім –
Сенемін саған, жүрегім!
Өйткені
Туысы бөлек батырлар
Жүгінбей тәсіл-амалға
Айналып дара қамалға
Жауына қарсы шапқанда
Жүрекке сенген, түсінсең!
Себебі,
Жүрек қас жауын
Үйренген салып табанға.
Өйткені
Туысы бөлек ақындар
Жүрекке ғана жүгініп,
Жүрекпен ғана сөйлеген.
 Біржола кетпе түңіліп,
Сәтсіздеу шықса кейде өлең.
Сәл нәрсеге дір еткен –
Сөйлеген және жүрекпен.
Танбаған жүрек – Шындықтан
Көз ашпаса да түнектен.
Желбіреп туған жалауы
Ақынын солай түлеткен
Қайран да қайран нар халқым!
Сапарда жүрген жүрегім
Арлы әнім сенсің, аңсаған!
Қасқайып шындық жолында
Жоғалды, айтшы, қанша ағаң?!
Жалғанда жалғыз тілегім:
Тартпайын енді мен сенің
Азабыңды қаусаған.
Жер бетінде әлі де
Әні де кеткен, сәні де
Жауларың көп қой – білемін.
Жалғыз сені көздейді
Ұшқан оқтың бәрі де.
Көңіл бөлме онша оған,
Сенемін мәңгі, мен саған!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу