Өлеңдер ✍️

  17.04.2022
  253


Автор: Рафаэль Ниязбек

ШЕТЕЛДІК АҚЫННЫҢ СОҢҒЫ ӘҢГІМЕСІ


Мені орынсыз келемеж ғып күлгендер –
Туырлығын көкке биік түргендер.
Қайтер екен деп әдейі өлдім мен
Тірлігімде күн көрсетпей жүргендер.
Жүрсем кеше көкірегімнен от өріп,
Өлдім бүгін,
Қарыздайын өтеліп.
Иығымнан жаншып, басып келгендер
Табытымды келеді енді көтеріп.
Ажал қырғын,
Кімдер аман өтіпті,
Бәріміздің түбімізге жетіпті.
Кезінде ылғи маған асқақ қараған
Бастар бүгін салбырап-ақ кетіпті.
Тіршіліктен қол үзгендей қайнаған,
Бірге сөнді көздегі нұр жайнаған.
Қаралы әуен ойнап міне келеді
Қасіреттей тұла бойды жайлаған.
Өзім жазған орап отты өлеңге,
Қойды апарып мені жасыл белеңге.
Алма-кезек сөйлеп жатыр шешендер:
“Асыл еді, көміңдер, – деп – тереңге.
Көктем сайын қырмызыдай түлеген,
Шабыт болып көкірекке түнеген.
 Тарлан жүрек талант еді керемет,
Ақын еді азуын айға білеген”.
Жазған менің жырымды сан сынаған,
Сыншымды да сонда көрдім жылаған.
Қасындағы біреуге ол,- деп тұрды:
“Бәйтерегі өлеңнің бұл құлаған.”
Ондайларға не айтуға болады,
Көңілге де қайғы осылай толады.
Төбесінен жай осқылап тұрса ылғи
Бұл тіршілік күні ертең-ақ солады.
От жүрегім осылай деп айтады ән,
Азын-аулақ сырым ғой бұл байқаған.
Табытымнан қарғып тұрған кезімде
Талантсыз боп шыға келдім қайтадан...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу