Туындылар ✍️
ЕГЕР ЖҮРЕК ШЫН БЕРІЛСЕ
ҮШ ПЕРДЕЛІ, БЕС СУРЕТТІ ДРАМА
Қ а т ы с у ш ы л а р:
А қ а н – жас инженер. Ә с и я – аспирант.
Қ а р а ш – инженер, ғылыми қызметкер.
Ш ә у к е н – шахта бастығы, кейін кен құрылысшысы, Әсияның нағашысы, жасы 50-ден асқан.
Қ а й р о ш – Шәукеннің баласы.
Б а л қ и я – Шәукеннің әйелі, Қараштың апасы. С а д ы қ – қарт кенші, кейін шахта бастығы.
К е ң г і р б а е в – кен басқармасының инженері. В е л и к а н о в – бас механик.
С е л т е к е й – қауіпсіздікті сақтау инженері.
М ә р д е н – кен құрылысшысы, Әсияның ағасы. С а й р а н – бала жігіт.
Ж а н а т – кенші қыз.
Ш а к и р о в – профессор, академия өкілі. Б и б і ш – Ақанның анасы.
Т а й б а л а – комсорг. П е т я – жас кенші.
Ж а с к е н ш і л е р.
БІРІНШІ ПЕРДЕ
Бірінші сурет
Шахта алды. Кеңсе. Бергі алаңда Қайрош, Сайран, Жанат сөйлесіп тұр.
Қ а й р о ш. (Жанатқа). Жоқ, жібермеймін, сені, айтар арызым бар. Солай ғой, Сайран?
С а й р а н. Бұл мәселе келісілген, қызым.
Ж а н а т. Бөгемеші мені Қайрош, асығыспын. Қ а й р о ш. Бірауыз ғана... Оңашада...
С а й р а н. Тыңдашы, мынаның жүрегі бұзылған мотор секілді, тырс-тырс етіп тұр, өзі түнімен ұйықтамай шықты.
Ж а н а т. Жоқ, тыңдамаймын. Ақан ағатайым ұрысады, асығыспын.
Селтекей келеді.
С е л т е к е й. Ей, тентектер, жабыспаңдар Жанатқа, Ақан ағасы ұрысады.
Қ а й р о ш. Неге ұрысады?
С а й р а н. Ол бас бостандығына қарсы ма? С е л т е к е й. Бұл құпия мәселе.
С а й р а н. Менің қасымда тұрып біреу сыр жасырса, шекем сырқырап кетеді. Сыр жасырғанды сүзіп алғым келеді.
С е л т е к е й. Немене сүзіп алатын сен текемісің?
С а й р а н. Көрсетемін мен саған текені, кел бас соғысайық.
Селтекейге ұмтылады.
С е л те к е й. Әй, тақсыр, сауға, сауға! Мұндайға қабілетім жоқ.
Қ а й р о ш. Онда айтыңыз?
С е л т е к е й. Бауырым абыржыма, кейін түсінерсің. Ж а н а т. Мен кетейінші, асығыс едім.
С а й р а н. Тоқта, қайда асығасың?
Ж а н а т. Ақан ағатайым жұмсап еді, Алматыдан бір оқымысты адам келмекші, телеграмма бар ма екен соны почтаға барып біл деп еді.
С е л т е к е й. Оқымысты адам келмекші ме? Е, түсіндім. Ия, бүгін келеді. Ақан күтіп алмақ па? Ескі үміттің жапырағы әлі сарғаймаған екен ғой.
Ж а н а т. Сонда келетін кісі кім болды екен? С е л т е к е й. Әсия деген оқымысты сұлу.
Қ а й р о ш. Менің жиен апам. Академияның аспиранты. Ақан ағалармен бірге оқыған және...
С е л т е к е й. Ия, жүректерінде шала жанған шоқтар бар секілді еді, енді сөнген де шығар...
Қ а й р о ш. Жорамалыңыз бекер болар, Селтекей аға. Жуықта Алматыдан қайтарымда Әсия тәтем бір сағат бойы хат жазып, Ақанға тапсыр деп маған хат берді. Көзінен байқадым, елжірей, үзіле жазған секілді.
С а й р а н. Хатын оқыдың ба?
Қ а й р о ш. Оқымадым. Біреудің жүрек сырын неге ашайын.
С а й р а н. Ақымақ! Сондайды оқып, махаббат, сүю дегеннің сиқырын үйреніп алмайсың ба?
Ж а н ат . Хатты ағатайыма тапсырдың ба?
Қ а й р о ш. Жоқ, жоғалтып алдым, үйде біреу ұрлап қойыпты... Бірақ хат туралы ағайға айтып едім, абыржып, көзі жайнап көтеріліп қалды.
С е л т е к е й. Ақанның көзі жайнағанмен Әсияның қаны қайнар қояр ма екен? Институтты Ақан, Әсия және Қараш деген жігіт бәріміз бірге бітірдік. Ақан Жезқазғанға қызметке барайық дегенде, Әсия ермей Алматыда қалды. Әлгі Қараш деген жігіт сонда қарақтап қасында қалған еді, бүгін бірге ере келе
жатса керек. Оның үстіне...
Қ а й р о ш. Иә, тағы қандай жұмбақ бар?
С е л т е к е й.Сенің әкең Шәукен мен Ақанның әкесі Ақтай күнбе-күн шартта шұрт шақылдасады да жатады. Әбден қастасып алды. Оның үстіне Ақан да автомат-кареткасын жасадым, шахтаңа соны дереу құрал етпейсің деп Шәукен ағайдың миын шағып-ақ бітті.
Қ а й р о ш. Сонда біздің әкей автоматқа қарсы ма? Ж а н ат . Қарсы болғаны ғой, әйтпесе...
С е л т е к е й. Жоқ, шахта бастығы болған соң планын орындау керек қой.
Қ а й р о ш. Селтекей аға, ал бұл мәселенің махаббатқа байланысы қанша?
С е л т е к е й. Түсінбейсің, бала. Сенің әкең де морт мінезді адам. Әсия жиенін кішкентайынан өз жиеніндей тәрбиелеп өсірді. Енді өсіп жетілгенде сол жиені өзіне қас адамға қосылса, зығырданы қайнамай ма! Ақтай шал да бүгін шахта ішінде: «Сенің көзіңді жоямын, өзім қарт шахтер, балам инженер» деп әкеңнің апшысын қуырды.
Ж а н а т. Енді қайтсін, ашуына тиген сенің әкең де...
Қ а й р о ш. Апырай, мыналары сұмдық екен...
Асыға басып ерекше киінген Тайбала және Петя келеді.
Т а й б а л а. (Петяға). Петя, бері жүр. Міне, мыналар да келген екен ғой, өңшең саяқтар, енді ешқайда бармайсыңдар.
С а й р а н. Мына жүгірмекке не жоқ, қайда барсақ та өз еркіміз, жабыспа, бала!
Тайбала.Жоқ,жабысамын,жетершарлағандарың, сендердің алдарыңа қоятын шартым бар.
С а й р а н. Күйкентайым-ау, бізді осында әлгі комсорг қыз және Ақан шақырады деген соң келіп едік. Жай осы бала...
Ж а н а т. Әй, жолдас, Тайбаланы сен бала деп кемітпе!
П е т я. Қаршадай болып мынау өзі, мені осы араға салып айдап келді.
Т а й б а л а. Мен қайдан бала боламын. Тау-кен институтының екінші курсында сырттан оқимын, шахтада электровоз машинисімін, комсоргің де менмін.
Қ а й р о ш. Ә, сіз, сіз екенсіз ғой... әлгі...
С а й р а н. Тоқта, тоқта, өзің бір сиқыр емессің бе, күйкентайым?
С е л т е к е й. Күйкентай емес, қырғи ғой. Ойбай, мұның комсомол есебіне енсең сені де электр вагонеткесі секілді жүгіртер, бала.
Т а й б а л а. Селтекей жолдас, ертең баяндамаға дайын бол. Шахта құрылысы туралы мына секілді бейсауат жүрген жастарға түсінік бересің.
Селтекей. Міне, құрықты тастады мойныма, құтылып көр енді.
Тайбала. Ал, екі жігіт сенің атың Қайрош, сенің атын Сайран ғой, білемін. Мына дәптерге сендер де тіркеліңдер.
С а й р а н. Әй, бала, яки, жолдас комсорг.
Айтқандайын, комсорг – қыз деп еді ғой. Ж а н а т. Айта бер, Тайбала осы ғой...
С а й р а н. Әй, Тайбала, болсаң да, қай бала болсаң да, айтайын, бізді мына дәптеріңе тіркеме. Біз басы бос адамдармыз.
П е т я. Мені де есептен шығар. Ертең Қырымға жүремін.
Қ а й ро ш. Тайбала досым, бізді өшір, бізде шұғыл мәселе бар.
Т а й ба л а. Өшірмеймін, үшеуің де шахтаға түсесіңдер.
С а й р ан. Мәссаған! Бұл неткен жаза? Мен еркін азаматпын, түспеймін шахтаңа!
Қ а й р о ш. Мен де түспеймін. Инженер оқуына әзірленіп жүрмін.
Ж а н а т. Неше жыл әзірленесің? Былтыр бардың, биыл бардың, емтихан бере алмай қайтып келдің. Бәрібір сенен инженер шықпайды.
С е л т е к е й. Бас бітісің де бауырым инженерге лайық емес-ау!
С а й р а н. Селтек досым, не айтып тұрсың? Өзің бас инженерсің ғой, өз басың да жетісіп тұр ма. Құдды Шәукен ағай сойған кешегі ешкінің басындай...
Т а й б а л а. Қайрош, сен өзің комсомолсың, шахта жұмысынан қашқақтағаның ұят емес пе?
Ж а н а т. Масқара, өзі шахта бастығының баласы, әлі шахтаға бір рет те түспепті. Пішту, тағы да өзі инженер болмақшы.
Бәрі күліседі.
С а й р а н. Ал, мен комсомол емеспін, жөнім басқа.
Т а й б а ла . Сонда сенің жөнің қайсы? Тағы да қаңғу ма?
С а й р а н. Қаңғу емес, жиһан кезу. Мен атақты Жезтабан жортуылшының жиенімін, сол нағашым өмірде сайрандап өтсін деп, атымды Сайран қойыпты. Бүкіл Кавказ, Орта Азия, Еділ бойларын түгел араладым. Тағы да жиһан кеземін. Тірідей шыңырауға түсер жайым жоқ, тек қаражат үшін бір- екі ай жер бетінде істейтін бірдеме болмаса, басқа жұмыс машығым емес.
П е т я. Мен де түспеймін шахтаға, маған білім алу керек. (Бұл кезде шахтадан шығып, бұларға қосылған Мәрден сөзге аралсады).
М ә р д е н. Әй, сен қай безер едің? Неменеге шырылдап тұрсың?
Т а й б а л а. Шахта ішінде шағып алатын әбжылан бар дейсің бе?
П е т я. Бізге ыңғайсыз, былайша айтқанда қауіпті ғой.
М ә р д е н. Мына қыздардан ұялмайсыңдар-ау, түге.
С а й р а н. Өзі қалай, онда былай айналуға бола ма? М ә р д е н. Не айтып тұрсың өзің, би билесең де, мына қызбен жарыссаң да, онда дүние кең, Алатаудың аңғарындай, түге. Мына Тайбалалар ішінде киікше орғиды. Менің де Ұлытаудан келгеніме бір-екі ай
ғана болды. Алғашында мен де үрейленіп ем, қазір:
Ей, Қоға-жай
Қоңыр салқын соғады-ай, Жел ахахау! –
деп өлеңдетемін де жүремін. Ал мен кетейін, асығыспын.
С е л т е к е й. Қайда асықтың, Мәрден, забой түгел қаралды ма?
М ә р д е н. Еш қауіп жоқ. Шәукен нағашым мені ертерек қайт, Әсия келеді, жеңгеңе көмектес деп жұмсап жіберді. Басқаларың барсын ғой, түге. («Ей, Қоға-жай, қоңыр салқын соғады-ай» деп, өлеңдете кетеді.)
Т а й б а л а. Міне, көрдіңдер ме, ауылдан келген шаруа да шахтаға үйреніп алды. Қазір хауіпсіздікті байқаушы болып істейді. Сендер содан кембісіңдер? Шахта іші ғажап, метродай. Ішінде жуықта ғана машиналар түседі. Керемет болады.
Қ а й р о ш. Менің басқа мақсатым бар еді? Ж а н а т. Тағы қандай мақсат?
Қ а й р о ш. Артист болсам деп едім.
С е л т е к е й. Сенен артист шықпайды, қолапайсызсың, сүйген қызыңа бір ауыз сөз де айта алмайсың.
С а й р а н. Азамат басын олай қорлама, жолдас. Қайрош, мына Жанатқа шертші бір жүрек сырын...
С е л т е к е й. Кәне, көрсетші өнеріңді, мүмкін бір
асқан талант шығарсың?
Қ а й р о ш. Аздап ұяламын, әйтпесе...
С а й р а н. Әй, сөмпілдегім-ай, қимылда деймін. Қ а й р о ш. Ендеше Жанат тұр бері!
Жүгіне қалып тебірене жөнеледі. Нәркес көзің қадалғанда,
Құр қансырап қалсын деп пе ең, Қу моладай күңіреніп!
Жүрегімді қанға былғап, Шаңға аунат та,
Төбетіңнің біріне тастай бер!
Шахта кеңсесінен шыққан Ақан аңырай қарап тұрып қалады. Қайрош соза түседі.
Енді нем бар?
Айтшы өзің, құлағыма Мәжнүн күйі келеді. Сәулем, Жанат!
А қ а н. Қайрош, сендерге не болды? Жанат, осылай ма?
Т а й б ал а. Репетиция бұл, Ақан аға. С е л т е к е й. Ғашықтыққа репетиция!
А қ а н. Ә, жаңа түсіндім, ал Жанат, телеграмма бар ма? Қашан келеді екен, бардың ба?
Ж а н а т. Барайын деп ем, мыналар... С е л т е к е й. Иә келеді, бірақ та...
Т а й б ал а. Ақан аға, мына жігіттер әлгі бейсауат жүретін серілер. Осылармен кеңесейін деп едік, комитетке барып.
А қ а н. Қазір барамын, бара беріңдер, мына Селтекей...
Т а й б ал а. Ендеше кеттік, жүріңдер. Жастар кетеді.
А қ а н. Ал, Селтекей, не демексің?
С е л т е к е й. Әсияның алдынан шықпаймыз ба? А қ а н. Қашан келеді екен, шығамыз, әрине,
шығамыз. Қандай екен өзі? Өзгерді ме екен, екі жылдан бері!
С е л т е к е й. Түсі өзгермесе де, іші мүмкін...
А қ а н. Жоқ, Селтекей, айтпа. Әсияның жүрегін білемін ғой. Рас, аздап кіділеу де, қаталдау, бірақ, жалыны шын тұтанса, өшпеуіне сенімім берік.
С е л т е к е й. Олай болса Әсия институт бітіргеннен кейін саған неге ермей қалды?
А қ а н. Досым-ау, ол әншейін бір жағдайдың себебі де. Өзімен бірге мені Алматыда аспирантурада қалсын деп шалқығаны ғой. Енді, міне, өзі де келе жатыр.
С е л т е к е й. Бірақ жалғыз өзі емес, Қараш екеуі бір келе жатыр ғой.
А қ а н. Қараш? Ол неге келе жатыр?
С е л т е к е й. Бақ бәсекесі енді басталмасын, досым. Қараш сенің кареткаңнан өзгеше, өзінше бір автомат кареткасын жасап әкеле жатса керек.
А қ а н. Тоқта, тоқта. Қараш та изобретатель болғаны ма? Ал, Әсия не себепті келеді? Бұл қалай?
С е л т е к е й. Қалайы сол, досым, Әсияға Қараш жекжат қой. Жылы тартар жөні бар. Ал Әсияның әкесіндей ардақты нағашысы Шәукенді сен шалқасынан түсіріп шошытып алдың.
А қ а н. Ол қызмет мәселесі ғой. Шәукен ағай да түсінер, біздің әкей де райына келер. Ал Әсия...
С е л т е к е й. Әрине, түсінсе жақсы ғой, Әсия... А қ а н. Неге түсінбейді. Мынау не қылған шу?
Шахта жақтан Авария! Апат! деген дауыстар дүркіндей шығады.
С е л т е к е й. Авария! Апат!
А қ а н. Сұмдық болмасын! Апат дейді! Кеттік шахтаға!
Айқай-шу ұласа түседі де, шам сөніп, сахна айналып кетеді.
БІРІНШІ ПЕРДЕ
Екінші сурет
Шатқал таулар сияқты шахта камерасы. Түкпірде забой бар. Камераға Шәукен, Садық, Великанов дабырласа келеді.
Ш ә у к е н. Айыпты мен бе? Енді тауды маған құлатпақсыңдар ғой? Міне басым, үйіңдер бәлеңді, безгелдектер! Отыз жыл бойы забойда өстім арпалысып, қайламен де қарыстым, бұрғымен де бұлқындым. Қайратымды тежеп көрдім бе? Бұлтардым ба тас қамалын бұзудан? Мақсаттарың шыңырауға құлату болса, ал құлатыңдар, міне басым, безгелдектер!
С а д ы қ. Жалғыз таусоғар батыр өзің ғана болып сөйлейсің, Шәукен. Ақтайдың сорын қайнатқан осы қияс мінезің ғой. Мен де, Антон Иванович те, өзіңдей қара қасқа шахтер. Бізге несіне төс қағасың, онан да мойында: Ақанның апатқа ұшырауына кінәлі сенсің! Ш ә у к е н. Әй, солай ма, Садық? Абыройымды көре алмай, аяғымнан шалып келген Ақтай ғана екен десем, екеуіңді де қара мысық тырналап жүр екен ғой, безгелдек! Бірақ қылмыс артып бұқтырар кісің
мен емес, байқа!
В е л и к а н о в. Сабырмен сөйле, Шәукен. Мыс қазандай бұрқ етіп, шұғыл тасыма. Біз тергеуші емеспіз, тек қазір бюро мәжілісінің алдында аздап сырласып алу ғой. Тас түсіп қансырап жатқан Ақтай досымыз анау. Өзіңдей қарт шахтер еді. Соңғы жылдары онымен әбден тістесіп келдің... Ақыры мұндай қайғылы күйге ұшырады.
С а д ы қ. (кимелеп). Қара жартастай тосқауыл
болып көлденең сен тұрмасаң, Кеңгірбаевтай кесірің болмаса, Ақанның бұрынғы автоматы забойымызда ендігі зырлап тұрған болар еді ғой.
Ш ә у к е н. Қимылымызды кейін тартып демексің ғой, безгелдек. Жоқ, мен кейін кеткенім жоқ, мен қайта кен өнімін өндіруде ең озық шахта болуымыз үшін күреспедім бе? Мен норма үшін жұлқынбадым ба? Сендер айтқандай, шахтамызды эксперимент алабына айналдырсақ, не болар едік? Және бұрынғы бауыр басқан техника құралдарын түгелдей өзгертсек қайтер едік? Онда бұл шахтаны жауып, кен өндіруді тоқтатар едік қой.
В е л и к а н о в. Ах, Шәукен! Шәукен! Егер жаңашылдардың талаптары іске асса, қазіргі шахтаның бес жылдағы берген өнімін жаңарған техника бір жылда ғана өтемей ме?
С а д ы қ. Антон Иванович, Шәукен ондай пікірді ұқпақ түгілі қылмысын да мойындамай тұрған жоқ па?
Ш ә у к е н. Сонда қастандық демексіңдер ме?
Ақтайдың аңғырттығына кім жауапты?
С а д ы қ. Сен жауапты. Взрыв болған забойлардың қауіпсіздігін байқайтын Мәрденді тап Ақтайдың забойын байқауға келгенде, әдейі басқа жаққа жұмсап жіберген кім? Сен!
Ш ә у к е н. Әй, сен өзің әзірейілше сөйлейсің ғой, безгелдек. Мен қастық ойладым ба, бәлеңді жаудырма! Ақтайдың құдай сүйер қылығы жоқ болса да, ажал тіледім бе, тіпті?
С а д ы қ. «Бұл шалдың көзін құрту керек» деп өткен күні шахтаны басыңа көтергенің есіңде ме?
Ш ә у к е н. Айтсам мінезіне кейігендіктен айтқанмын. Өзі мені «тас қорыған кәрі құзғын» деп неге сөгеді?
С а д ы қ. Ендеше соның кегін алдым десейші?
В е л и к а н о в. Қалайда бір жауапсыздықтың
кесірі болды. Шәукен, қазір біз партбюрода соны мойындаумыз керек.
Ш ә у к е н. Жоқ, мен мойындамаймын. Бұған қауіпсіздікті байқайтын инженер Селтекей немесе Мәрден кінәлі. Өз қызметін дұрыс атқармаған сол, безгелдек.
Бұл кезде тасаланып тұрған Мәрден бөлмеге дабырлай кіреді.
М ә р д е н. Нағашы-ау, иманың жоқ па еді? Мен неге кінәлімін, су түбіне жібермексің бе, мені? Өзің ғой жұмсап жіберген.
Ш ә у к е н. Жә, бақырма қотыр інген секілді.
Әркім өз ісіне жауапты.
М ә р д е н. Кім жауапты? Ақтайдың забойын қарамай-ақ қой, тас жұтар дейсің бе, оны? Бүгін Әсия келеді, бар жеңгеңе болыс, тамақ әзірлес деп жұмсап жіберген өзің емес пе? Әй, атаңа нәлет, қара тас-ай, Ақтай байғұстың төбесіне тақ ете қалғанша, өз төбеме түссейші!
Кеңгірбаев келеді.
К е ң г і р б а е в. Жоқ, бұл шахта да, Шәукен де, басқа да кінәлі емес, кінәлі Ақтайдың өзі, немесе төбеден түсіп кеткен сол қазандай қара тас кінәлі!
М ә р д е н. Иә, сол қара тас айыпты, басқа жерге түспей, жалп етіп Ақтайдың басына құлауын қарашы! К е ң г і р б а е в. Жарайды. Мұнша дүрлігетін дәнеме жоқ. Шахта болған соң кездейсоқ авария, апат дегендер болуы ықтимал. Ол үшін біреуге пәле
іздеудің қажеті не?
М ә р д е н. Әй, лебізіңнен айналайын, солай десейші, түге!
С а д ы қ. Сонда сеніңше кісі өлімі ойыншық па?
К е ң г і р б а е в. Әзірге өліп жатқан Ақтай жоқ, мүмкін тірі қалар. Дәрігер біткен қаумалап жатыр
ғой. Ал мен өзім бас инженер болғандықтан, бүкіл Жезқазған кенінің келешегі үшін маңызы бар бір мәселе жайында абыржып келіп тұрмын...
М ә р д е н. Нағашы, мәселенің беті бізден басқаға көшті білем. Қара тоқтыны құрбандыққа шала берсем қайтеді?!
Ш ә у к е н. Қой әрі, құйқылжымай, безгелдек! В е л и к а н о в. Ол қандай мәселе?
К е ң г і р б а е в. Кен бұрғылаудың жаңа машинасын табамыз деп өзара жұлқысып келіп едік, сол машинаның ең қолайлы үлгісі табылды. Ақан жасап жүрген үлгіден мүлде басқа...
С а д ы қ. Мұның бекер болар. Ақан жасаған бұрғы кареткасының үлгісінде қандай мін бар еді?
В е л и к а н о в. Ол туралы көптеген ғалымдардың да пікірі жақсы болатын. Тек жоғары ғылым – техника кеңесінің тұжырымы келмей тұрғаны болмаса!
К е ң г і р б а е в. Ақанның үлгісін ғылыми техникалық кеңесі де, академия да қабылдамаған секілді. Ал жаңа үлгіні жасаушы Қараш Дүрлібаев – академияның ғылыми қызметкері! Кездейсоқ оқиға туралы бюро өткізгенше, қазір рационализаторлар кеңесін шақырайық та, сол жаңа үлгіні қабылдайық. С а д ы қ. Жоқ, мен мұныңа қарсымын, бәріміздің талабымызға сай жасалған Ақан үлгісін іске асырмай тастау масқара емес пе? Бұл Ақтай сорлының да арманы еді, ақыры апатқа ұшырап қансырап жатқаны анау, Ақан болса жаңа бұрғы машинасын жасаймын деп екі жыл бойы азап шекті емес пе? Енді соны ескермей көлденең келген бір жобаға жабыса
қалмақпыз ба? Жоқ, олай болмас!
В е л и к а н о в. Дүрлібаевтың да үлгісін байқармыз! Уақыт болып қапты жүріңіздер, партбюроға барайық. Ал Шәукен, шындап серпіл, енді шындыққа бағын!
Барлығы кетеді, Мәрден қалады.
М ә р д е н. Алақай, бәлекет бұлты менен ауды білем. Осы бір бәледен бір құтылсам, қара тоқтының шалынатыны сөзсіз. Әне, Әсия да келе жатыр екен. Қасындағы Ақан ба? Қап, әлгі Қараш деген біреу екен ғой. Мен сорлыны, мына ағасын аяса, Ақанға мерей білдірсейші, Әсия. Қара тас пен қара басқыр Шәукен нағашым бүлдірді ғой, әйтпесе Ақандай инженердің қайнағасы боп қайқаңдап жүрер едім.
Ей, Қоға-жай,
Қоңыр салқын соғады-ай! Кел, аха-ха-хау...
Бұл кезде Әсия мен Қараш келіп қалады.
Ә с и я. Көке, бұл арада неге өлеңдетіп тұрсыз! Сіздің кінәңізден аялы адамның әкесі өлім үстінде жатса...
М ә р д е н. Әй, қалқам-ай, қайбір жетісіп өлең айтып тұр дейсің, әншейін бір шерім тарқасын деп, оңаша жердің жоғын-ай, өзіңе мұңымды шертер едім...
Ә с и я. Айта беріңіз, Қараш бөтен кісі емес, жолдас қой бұл да...
М ә р д е н. Жолдас? Қандай жолдас? Жолдас болса, айтпайын ендеше...
Қ а р а ш. Кәдімгі жолдас. Институтта бір оқығанбыз. Айт, айт ақсақал, жасырма.
М ә р д е н. Ендеше, жолдас сен мені «айт, айт» – деп айтақтама! Екіншіден, мен ақсақал емеспін, жасым отыздан жаңа ғана асты. Мен де жігіт ағасымын. Әлі үйленген де жоқпын. Көптен бері сақалым алынбай жүргені болмаса...
Ә с и я. Ал көке, не айтпақ едіңіз?
М ә р д е н. Айтсам былай. Мына Ақан деген жақсы бала ғой... Біздің шахтаның инженері болып жүріп, маған бір қабақ шытқан емес, «ақсақал, қарасақал»
деп те мінеп сөйлемейді. Ал, кеше әкесінің басы жарылып қансырап жатқан соң, шыдай алмай үйіне барып едім, мені ажалдан алып қалды ғой, Ақан айналайын, барсам, шешесі егіліп жылап отыр екен, байғұс мені көрді де, «Тұқымың құрығыр, түбімізге жеткен қу қыпшақ» деп, қайнап тұрған бір бақыр суды басыма құямын деп тап бергенде, Ақан келіп:
«Шешей, тоқта, Мәрден аға, кінәлі емес!» – деп ұстап алды. Зәремнің зәр түбіне кеткені-ай, сасқанымнан көзімді жұма қойыппын, түге.
Қ а р а ш. Мүмкін Ақанның басқа бір есебі бар шығар?
М ә р д е н. Әй, бала, сен қабаттаспай тұра тұршы. Қарындасыма айтатын тілегім бар. Әсияжан, Ақанға жолықтың ба?
Ә с и я. Жоқ, жолыға алмадым, келгенім де кеше ғана ғой, енді үйіне барып жолықпақ едім, Қараш:
«Ақан қазір ызалы, кездесуге болмайды» деп осында алып келді.
М ә р д е н. Әсия, жолықсайшы, қалқам. Мені, ана нағашыңды ая, жолық, әлгі бір тергеуші деген тексеріп дегбірімді кетіріп барады. Жақсылық болса Ақаннан болар. Сен сөйлес, мүмкін кешірер...
Қ а р а ш. Мәрден ағасы, мұныңыз масқара, сіз қылмыс істейсіз, сол үшін қарындасыңыз арын сатсын дейсіз ғой...
М ә р д е н. Ей, сен неменеге қыстырласың? Өзімнің де ызам келіп тұрғанда, осы... (ұмтылады).
Әсия. Сабыр етіңіз, сөйлесемін, әрине сөйлесемін, көке...
Бұл кезде Селтекей, Қайрош, Сайран, Петя келеді. С е л т е к е й. Бақыттыларым, сәлеметсіңдер ме?
Әсия бикеш, көңіл қош па? Оқымыстым, сарайың сау ма?
Барлығы амандасады, отырысады.
Қ а й р о ш. Әсия тәте, Ақан ағай келе жатыр.
Ә с и я. (түкпірге елегізе қарап). Кәне, ия келе жатыр. Не десем екен? Қараш, Ақан бәрімізге бірдей ортақ дос қой, сен бір жылы сөз басташы Ақанға арнап.
Қ а р а ш. Тап сондай сөзге шорқақ едім...
М ә р д е н. Әсияжан, мен бастап жіберейін, өзің қостасаң.
Ақан қасындағыларға сөйлей кіреді.
А қ а н. Жоқ, жігіттер, жоғары ғылыми-техника қабылдамайынша, менің үлгім бойынша бұрғы автоматын жасауға қарсымын... (Бөлмедегілерді көріп қалып, өзгеше пішінмен сөйлейді.) Ә, Әсия келіп қалған ба? Сәлеметсіз бе? Қараш, жолдарың болсын!
Амандасады.
Ә с и я. Ақан, күйінішіңізге ортақ болып, әкейдің сау қалуына тілектестік білдірмек едім. Ал өзім диссертациямды қорғау үшін осы шахтаға әдейі келдім...
Қ а р а ш. Ақан, Әсияның жаңағы тілегіне мен де ортақпын. Мен де қызмет бабымен келген едім.
А қ а н. Рахмет. Кен құшағы кең! Міне, біздің аямыз – зәулім сарайдай.
С е л т е к е й. Айтқаның келсін, достық көңіл деген осылай болса керек.
Қ а р а ш. Олай болса Ақан өкпелемессің, сенімен ғылым таласына түскелі тұрмын. Жалпы Отан пайдасы үшін...
С е л т е к е й. Ақан неге талассын, өз үлгісінен артық машина жасап әкелсе, Қараш досын құттықтар да...
Ә с и я. Өз көңіліңде көлеңке бір шақ болса да, басқаның бақытын күндесін бе Ақан, тек игілігі болса...
А қ а н. Тас қуыстарда тырмысқан қара сіңір шахтер болсақ та пейіліміз таудай кең... Әрине, тек лайықты болса...
С е л т е к е й. Базарға бар да бағыңды сына деген, Ақан, бақ бәйгесіне түсіп көрсейші.
Қ а й р о ш. Сонда Ақан ағай жасаған үлгі қалай болмақшы.
Қ а р а ш. Бұл жөнінде мен совнархоздың арнаулы бұйрығын әкеліп отырмын. Менің үлгім қабылдануға тиісті.
А қ а н. Ә, досым солай ма, ғылым таразысына түскелі келді ме десем, қолтығыңа бұйрық қыстыра келген екенсің ғой.
С е л т е к е й. Ақан, сені ақкөңіл ма деп ойлаушы едім, көңіліңе аздап күншілдік бұлты ұялап қалды ма деймін, солай ма Әсия?
А қ а н. Мүмкін, Әсия солай дер. Мені қазір күйіндіріп тұрған оқиға – әкемнің мерт болып жатқаны. Айтқандайын, Селтекей, взрыв болған забойды өзің неге тексермедің? Тыста бетіңше жүргенің қалай?
С е л т е к е й. Сол күні кеуде сарайым сау емес еді, доктордан алған қағазым бар. Ол күні менің басым забойдан азат болған, жолдас инженер.
С а й р а н. Сылтау табу оқуын жақсы бітіргенсің ғой дейім. Селтекей аға, кәне кеуде сарайыңды шертіп көрейікші...
Асыға жүгіре Жанат келеді.
Ж а н а т. Ағатай, Ақан аға, қайдасыз, жүріңіз, жүріңіз, қайран атам-ай.
О т ы р ғ а н д а р: Не болды? Не болды?
Ж а н а т. Сорлы апам жылап отыр. Ойбай-ай, жүріңізші.
А қ ан. Не болды дейсің, есімді шығарды-ау мына қыз.
Ж а н а т. Бір дәрігер пышағын жалаңдатып, атамды кескілегелі жатыр дейді.
А қ а н. Ә, операция жасамақ па, қатер төнген екен әкеме! Кешіріңіздер, сау болыңыздар.
Кетеді. Соңынан Жанат та кетеді. Тайбала кіреді. Т а й б а л а. Не болды, Ақан неге жүгіріп барады?
М ә р д е н. Өзі жарылған басты тағы пышақпен кескілесе, не жаны қалады сорлының, тым болмаса кемпірінің басын сүйешейші барып. Ай, имансыз қара тас-ай!
Кетеді.
Т ай б а л а. Абыржымаңыздар, бір жақсылық болар. Алматыдан хирург шақырған едік, сол келсе керек.
Ә с и я. Сәтті болғай-ақ!
Т ай б а л а. Айтқаның келсін, Әсия, сәлеметсіз бе? Байқамаппын ғой, мен сізді жақсы білемін. Сіз жөнінде Ақан ағай көп айтқан еді.
С е л т е к е й. Мына жігіт Қараш Дүрлібаев, ғылым өкілі, жаңа бұрғы машинасының авторы.
Т ай б а л а. Қашаннан бері, Ақан ше? Шахтаға түспей-ақ кейбір оқымыстылар ойынан өрмек тоқи бере ме осы? Перфоратормен өздері бір шайқасып қараса, көрер едім...
С а й р а н. Онда қиялы түгілі, қабырғасы қирар еді оқымыстының.
Ә с и я. Дұрыс айтасың, қалқам. Сол үшін келдік қой біз.
Т а й б а л а. Жастардың біразы жиналған ғой. Сендерге айтатын бір шұғыл мәселе бар. Біз Ақан
жасаған бұрғы кареткасын қалайда іске асыруымыз керек.
Қ а р а ш. Жоғарғы орындар бекітпейінше каретка жасауға қақыларың жоқ.
С е л т е к е й. Ондай каретканы қалай жасайсыңдар, заводтарың бар ма?
Т а й б а л а. Білемін! Сондықтан да менің ұсынысым бар, сол каретканы өзіміз жасап шығарамыз.
С е л т е к е й. Әй, бөспелерім-ай, күмпілдеңдер, күмпілдеңдер!
С а й р а н. Селтек досым, көрсетермін мен саған күмпілдегенді! Біз шын берілсек, айды да алақанымызда ойнатамыз!
Қ а й р о ш. Е, несі бар, жасаймыз каретканы! Ж а с т а р. Әбден мақұл, жасаймыз!
Т ай б а л а. Сол үшін не керек! Ескі-құсқы, темір, шойын дөңгелектер, белдіктер керек.
Қ а й р о ш. Осы отырған жастар өзіміз жинап береміз. Жүр, Сайран, Петя жинаймыз шойынды.
Жастар кетеді.
Қ а р а ш. Өңшең басбұзарлар. Ақанның шылауына өрген әуейілер. Жоғарғы орынның бұйрығын бұзып көрсін, мен көрейін...
Д а у ы с. Әй, қайдасыңдар! Қайдасыңдар, ойбай,сығыр құдай!
С е л т е к е й. Тоқта, мына штрекпен біреу бажылдап, жүгіріп келеді, өзі сөлекет біреу екен. Ойбай, әне құлап та қалды...
Д а у ы с. Қайдасыңдар?! Тірі жан бар ма? Балқия келеді.
С е л т е к е й. Бері, бері жүр, мұндамыз.
Б а л қ и я. Ой, қорлық-ай, тірідей батпаққа батып, көрге түскендей болдым-ау, он рет жығылып, малтығып, әрең жеттім-ау, ойбай, сығыр құдай!
Ә с и я. Жеңгей, мұнда неге келдіңіз? Қ а р а ш. Апа, шахтаға неге түстіңіз?
С е л т е к е й. Шамсыз, шахтер киімінсіз кім сізді шахтаға түсіріп жүрген?
Б а л қ и я. Е, қойшы, соның бәрін салақтатып жүрейін бе? Беріп еді, алғаным жоқ, ешқайсысына бой берместен, түстім де кеттім.
С е л т е к е й. Жоқ, жеңгей, барыңыз, барыңыз! Сіз үшін орнымнан айрылар жәйім жоқ.
Б а л қ и я.Тәйт әрі, қожаңдамай! Арыстанымның басына бір күн бұлт айналып еді, кісімсіп сенің де тілің шығайын деген екен. Бетім-ай, сығыр құдай- ай, ұяттан өлетін болдым-ау енді. Он жыл бойы бастықтың бәйбішесі атанып жер үстінде алшаңдап келіп едім, енді ол сорлыны орнынан алатын болса, тірідей көмілейін осы үңгірге! Не болды, нағашыңның халі, не болды?
С е л т е к е й. Жүндеп жатыр ана жақта...
Б а л қ и я. Қайда? Көрсетші маған айыптағыш немелерді. Бәрінің түп-тұқиянын қазбалап берейін.
Ә с и я. Жеңеше, не боп кеткен сізге! Онда партбюро болып жатыр, абыржымаңыз, әділдігін шешер.
С е л т е к е й. Бұл арадан бұлаң етіп шықса да, тергеу мен соттан бұлқынып шыға алмас Шәукен ағай. Заң жағын Ақан әбден шегелеп қойса керек...
Б а л қ и я. Күн көрсетпей келіп еді, енді орнынан алып сорлы нағашыңды соттайды-ау Ақан қу!
Ә с и я. Жазықсыз іске пәле жамайтын жалақор болмас Ақан? Сенбеймін.
С е л т е к е й. Тәлімсінгенмен ол қатпарлы ғой, маған да пәле жаппақшы...
Қ а р а ш. Ақанды асқан гумманист көреді Әсия.
Осы істің аяғы заңға барып тірелсе...
С е л т е к е й. Я, заңның тармағы бар, тармақтың қармағы бар, қармаққа бір ілінсе...
Бұл тұста түрі абыржыған ашулы Шәукен келеді.
Б а л қ и я. Сақтай гөр, түсің өрт сөндіргендей, тіпті, тұтанып кетіпті ғой, батырым...
Ш ә у к е н. Жоқ, өрт сөнбейді, енді қайта тұтанады, безгелдек, мейлі тілегені сол болса...
Ә с и я. Не болды, нағашы? Кінә сізге ауды ма?
Б а л қ и я. Түбіңе жетті ме, ойпырым-ай, не болды?
Біліп едім солай боларын.
Ш ә у к е н. Түстім шахтаға қайтадан! Тап сол Ақтайдың бұрғысын алып, Ақтай мерт болған забойға түсейін, өзіме өз жазам сол болсын!
Б а л қ и я. Есіңнен айрылдың ба, шахтаға қайта түссең, мүлде шөккенің ғой, арысым-ау.
Ш ә у к е н. Түсемін деген соң түсемін. Қия болса да өз ұям, забойға түсемін. Әй, сен біздің қатынбысың, шахта тәртібін бұзып мұнда қалай түстің? Кім түсірді сені. Селтекей, сен не бақтың?
С е л т е к е й. Айтып едім, Шәке, бірақ бастықтың әйелі болған соң.
Ш ә у к е н. Бастық, бастық! Не қылған бастық! С е л т е к е й. Не жаза берді, Шәке. Әлде...
Ш ә у к е н. Не жаза? Партиялық мәселемді талқыға сала алмаймын, жұмыстарың болмасын.
С е л т е к е й. Е-е, бастықтықпен қоштасқан сияқты ғой, сірә.
Қ а р а ш. Бәленің алды осы да, Әсия?
Ә с и я. Одан шошынар не бар? Ақтай атайдың забойына түспек болғаныңыз өте дұрыс екен, нағашы. Енді көңілін де сұрап қайтыңыз, бір ұяда, бір қияда өскен бастасыңыз ғой.
Б а л қ и я. Аяғына жығыл дерсің, осы масқара болғаны аз ба? Жұртқа не бетімді айттым? Құдай-ай!.. Ш ә у к е н. Жә, езілмеші құрғыр, әй Селтекей, мынаны жоғары апарып таста. Қайт үйге, безгелдек. С е л т е к е й. Жүріңіз, жүріңіз (Балқияны әрі
шығарады).
Ш ә у к е н. Әсияжан, сен осы не деп кеттің? Ақтайларға барып бас ій дедің бе? Жоқ ондай қорлыққа бармаспын мен, мейлі сотттаса да!
Бұл кезде Садық келіп қалады.
Қ а р а ш. Кеңгірбаев шықса, бұл арадан кетіп сөйлескен мақұл...
С а д ы қ. Мұнда жеке бюро болып жатқан секілді ғой...
Қ а р а ш. Кеңгірбаев жолдас шыға ма?
С а д ы қ. Кеңгірбаевтың да кеңірдегін созып жатыр-ау деймін, сірә кешігер. (Әсияға қарап.) Әсия қызым тұр екен ғой. Сәлеметсіз бе?
Ә с и я. Сәлеметсіз бе, Садық аға...
С а д ы қ. Кен басқармасының ұйғаруы бойынша сіз диссертацияңызды біздің шахта бойынша қорғайтын болдыңыз. Бізде эксперимент участогы құрылады, оның бастығы болып Ақан белгіленді. Сіз ғылыми жұмысыңызды соның қарамағында жүргізетін боласыз.
Ә с и я. Рахмет, Садық ағай. Сол участокке баруға өзім де ынтықпын.
Шәукен.Садық,кіммұнышешкен!Басынғандарың ғой бізді! Алматының ғылымын тауысқалы жүрген жалғыз жиен қызым, сол шалағайдың қарауында қызмет істемек пе? Әсия, көнбе мазағына!
Қ а р а ш. Әсия, өзім көмектесейін, барма Ақанның қарауына, ол сені адастырады және де...
Ш ә у к е н. Мен сені жетім қылған шағыңнан аялап өсіріп едім, оқыттым, жетілттім, енді тілегім зая болғаны ма?
Ә с и я. Мұнша неге тебіренесіз, нағашы? Қызмет жөні бір басқа. Мен диссертациямды забойда жүріп қорғамақпын, тәжірбиесі бар Ақан мүмкін пайдалы көмек етер.
С а д ы қ. Дұрыс, қалқам, бәріміз де көмек етеміз.
Жүр, эксперимент участогымен таныстырайын.
Ш ә у к е н. Жоқ, жоқ, осыған бой ұрсаң көрмеймін сені, қарындас демей, қарың сынсын деймін, безгелдек. Көрмеймін сен!
Кетеді.
Әсия. Нағашы, нағашы, тоқта, нағашы!
Шымылдық.
ЕКІНШІ ПЕРДЕ
Үшінші сурет
Ақан үйінің алды. Сахнаның бір шетінде жеке үлкендеу үйдің терезелері, есік жағы көрінеді. Екінші жақта беседка, одан кішілеу қазақы стол. Жан-жақта екпе ағаш.
Сахнаға шығыңқы бөлменің терезесі ашық, Ақан жалғыз. Ақан сөзін Жанат терезеден тыңдап тұрады.
А қ а н.
Жайғандай сағынышты жар құшағын, Алдымда жарқырап тұр алтын шағым. Кел, кел барайық сол бақытқа, Қосылып, жайраңдатып жан шуағын.
Иә, кешегі студент шағымызда Әсия екеуіміз осылай шырқаушы едік. Неткен тамаша тәтті шақ сол бір кездер! Сын тақпай-ақ тәтті сыр табушы едік... Енді Әсия да өзгеше. Машинаның қилы-қилы тетіктері сияқты, махаббат сырлары да бір шытырман дүние екен ғой. Бұрыннан күдігім барын біле тұра, Қарашпен бірге неге келді екен Әсия? Неге екеуі бір үйге түседі, күншіл Қараш тағы менімен бақ таласына түспекші ме? Сарыла іздеп тапқан автомат машинам енді соның табасына ұшырап, арман-қиялым аяққа басылмақ па? Мен даңқ үшін арпалыстым ба? Мүгедек болып жатқан әкем секілді бейнет шеккендердің еңбегі жеңілдесін деп талаптанған едім ғой. Ах, Әсия, Әсия! Қайран әке, арманың енді осы бір автомат па еді? Автоматты бұрғы болса, мүмкін мұндай апат та болмас па еді? Халі қандай екен, білейінші.
Үйге кетеді. Бибіш, Жанат шығады.
Б и б і ш. Сорлы бала, түнімен сарылып әлгібір автоматықұрғырдыңсызығынателміредідеотырады. Енді әке қайғысы да жанын езді ғой, құлынымның. Сақтай гөр тәңірі, қолын кессе не боламыз.
Жыламсырайды.
Ж а н а т. Жыламашы, апатай, қолын кестірмейміз деген ағатайым. Атам жазылып кетер, мүмкін... (пауза.) Апа, ағатайымның жаңағы айтқан әні атам туралы емес қой, әлде біреуге арналған назы ма екен? Б и б і ш. Қой, қалқам, алдын-ала орағытпай, әкесіне арналған шығар. Не бір шерін тарқатқан әні
болар.
Ж а н а т. Солай болар, апа. Бірақ «Кел сәулем» деп неге налиды екен?
Б и б і ш. Сен қыз, бері келші. Ақанжан елжіреп ән салғанда, сен неге қосыла қоймайсың, қыз деген қылықты болмас па? Жасың он сегізге келгенше еркек балаша секең-секең етесің.
Ж а н а т. Апа, мен әлі жаспын ғой. Ақан ағатайым, сен әлі жассың, оқу оқы, жұмыс істеп, техниканы үйрен дейді. Ешнәрсеге елікпе дейді.
Б и б і ш. Дұрыс айтады: елікпе де желікпе! Әкеңнен сені не үшін қалап алды Ақанжан, ұқ соны. Әкең Бөрібайдың мінезін білесің ғой, ойындағысы болмаса, сені сыр бойына апарып біреуге сата салады. Ол сотыңнан да, отыңнан да қорықпайды. Бүкіл Ташкент, Самарқанды тауысқан желаяқ емес пе? Жалғыз қарындасы мені де баяғыда бір өзбекке бір қап күрішке сатып жібере жаздаған. Сонда осы Ақтай сорлыға кез болып, осы жаққа қашып кеткенмін.
Ж а н а т. Қалай қашып кеттіңіз?
Б и б і ш. Немене самолетпен әкелді дейсің бе,
мені сүйсең артыма мінгес деді, мінгестім де жорта бердім. Осы күнгі жастар бақытты ғой. Ей, құдай-ай, Жанатжан, сен Ақанға ұнай біл...
Ж а н а т. Солай ғой, апа. Бірақ жұрттың сөзі тегін емес сияқты.
Б и б і ш. Не дейді жұрт? Ж а н ат . Ұяламын айтуға.
Б и б і ш. Айта бер, қылымсымай...
Ж а н а т. Апа, Шәукеннің жиен қарындасын білесің бе? Әлгі Әсия деген оқымысты қарындасы бар екен ғой.
Б и б і ш. Естуім бар. Иә, оны неге айттың?
Ж а н а т. Жұрт айтады, ағатайымның сол қызда көңілі бар дейді. Қазір өзі осында. Ағатайыммен бірге істейтін инженер болып келіпті.
Б и б і ш. Қой, шырағым, өсек термей, әкесін сорлатқан Шәукеннің қарындасына үйлене қоймас Ақанжан! Мұн естісе әкесі табанда жан тапсырар. Ақ сүтімді мен де кешпеспін, қайда өзі.
Бұл кезде сырттан Садық, Великанов келеді, Жанат үйге кетеді.
С а д ы қ. Саумысыз, жеңгей. Ақан үйде ме?
Б и б і ш. Үйде, шырақ, үйде. Ақанжан, кел бері, Садық келді, Антон келді.
В е л и к а н о в. Бибіш, Ақтайға барып қайттық, Алматыдан келген доктор айтады.
С а д ы қ. (кимелей сөйлеп). Доктор қолын кеспейміз, миына да зақым келмепті дейді, көп кешікпей жазылады дейді.
Ақан келеді.
Б и б і ш. Қайдан білейін, шырақ, әлі күнге есі кірмесе адам болуы кәдік қой.
А қ а н. Сәлеметсізер ме, Антон Иванович, Садық. С а д ы қ. (Ақанға күбірлеп). Ақтай ағайға кіріп шықтық. Доктор өз дегенін талап етеді, сағат кешкі
төртке сені шақырды.
А қ а н. Апам естімесін, бір жолға қолын кестірмей алып қалып едім, доктор көнбесе, не шара?
Б и б і ш. Немене, қарақтарым, бір жақсылығы болғандай ма?
А қ а н. Әрине, апа, жақсылық болады. Мына келген доктор Алматының атақты білімпазы, ол кісінің қолынан ешбір жан қаза тапқан емес. Апа, шайың бар ма мына кісірлерге?
Б и б і ш. Қазір, қалқам. Кетеді.
С а д ы қ. Антон Иванович, сіз аялдаңыз. Мен асығыспын. Әлгі бейсауат жастардан құрған бригадамыз жұмысты қыздырып-ақ жатыр. Ерке жас ойнақтар емес пе? Қастарына үш-төрт қызды қосып едім, тіпті, масайрап кетті. Солардың жиыны болушы еді, соған қатыспақпын, айтпақшы, «Ақан кешкі оқуды қашан бастайды?» деп кеше шу ете түсті бәрі.
А қ а н. Кешікпей бастаймын. ВУЗ-де сырттан оқытып, бұл балалардан айрылмау керек.
С а д ы қ. Әрине, айрылмаймыз. Жаңа техника жайында олармен Антон Иванович кеңесер, Ақан. Ақтайдың ісі туралы тергеуші материал сұрап мазамды алып тұрғаны, соны өзің жазсаң деймін.
А қ а н. Асықтырма, Сәке, жауапсыздық па, кездейсоқ оқиға ма? Сол үшін біреудің басын шырмағанмен әкеңнің ауыр жарасы жеңіле ме? Ойланайық әлі, ал Шәукен не күйде? Кінәлі десек те, жаза тартар жөні бар ма?
С ад ық. Кәріжыныншақырыпзабойғажұлқынып- ақ түсіп еді, он жылдан бері тысқары жүрген қазанат емес пе, аз күннің ішінде беті арса-арса болып, қаусап қалыпты сабаздың.
В е л и к а н о в. Автоматқа көшуді елемейтін батыр,
көрсін біраз бейнетін.
А қ а н. Өзі қазір қай забойда?
С а д ы қ. Қияс емес пе, ерегісіп Ақтай ағайдың забойына түскен. Мен кетейін, жеңгейдің шайына рахмет. Асығыс шаруам бар. Антон Иванович кеңесер...
Кетеді.
В е л и к а н о в. Ал Ақан, сенің үлгің бойынша автомат кареткасы жасалып жатыр. Тайбала, Садық үшеуіміз қолға алдық. Жастар темір жинап берді. Кешікпей жасап та береміз. Бірақ, Дүрлібаевтың үлгісін қабылдаңдар деген совнархоздан бұйрық келді. Біз бұл бұйрыққа көнбей комиссия құрдық. Комиссия қатарында: мен, Кеңгірбаев және Әсия Байтасова бар.
А қ а н. Әсия Байтасова?
В е л и к а н о в. Ия, Әсия Байтасова. Бұл кісі Қараш үлгісінің артықшылығы бар деген пікірді қолдайтын секілді.
А қ а н. Солай дей ме? Қандай деталі артық екен?
В е л и к а н о в. Аса бір ғажап нәрсе. Қараш жасаған автомат қареткасының үлгісі сенің үлгіңе өте ұқсас. Қосымша тапқаны автопередатчиктің ұзындығы, сосын әлгі...
А қ а н. Қалай өте ұқсас болды екен? Кеңгірбаев сенің үлгіңді Москваға жібердім деп еді ғой... Шатасқан дүние болмасын?
В е л и к а н о в. Кен басқармасы академиядан профессор Шакировты шақырып отыр. Жезқазғанды автоматизацияға көшіру жөнінде сол кісімен кеңеспекпіз, ғылым-техника кеңесінің бастығы ғой.
А қ а н. (абыржып). Антон Иванович, мүмкін Қараштың автомат үлгісі шын артық болса, менікін елеусіз қалдырған жөн болмас па? Совнархоз бұйырса, комиссия жақтаса...
Бұл кезде асыға-аптыға келген Қайрош ауладағы ағашты тасалана, жалтақтап тұрып қалады.
А қ а н. Әй, Қайрош, бері кел. Неменеге жалтақтап тұрсың?
Қ а й р о ш. Сәлеметсіздер ме, Ақан ағай? Шешейден сескенемін... Шұғыл бір жұмыспен...
А қ а н. Кел бері...
В е л и к а н о в. Жоқ, олай етуге көнбейміз, Ақан. Шакиров келсін, екі үлгінің әр түтігін салыстырып қарармыз.
Бибіш көріне қалған Қайрошты аңдамай әңгімеге беріле сөйлейді. Қайрош көзіне түспеуге тырысады.
Б и б і ш. Қарағым, Антон, сол бір темірдің жайын ойлаймын деп осы бала әбден жүдеп те кетті. Автоматты арман еткен әкесі болса, қансырап жатқаны анау. Енді кімнің қолына ұстатамын деп сол құрал үшін қайғырасың.
В е л и к а н о в. Бибіш, сен қате айтып тұрсың, кен өндіретін жаңа автомат құралын арман еткен Ақтай, мен және әлгі Садық жұмыстан қажығандықтан ойлады дейсің бе? Ақан да сол құралды әкесі үшін ғана емес, мыңдаған кеншілер үшін мұрат етпеді ме?
А қ а н. Сол ғана еді мұрадым. Қайрош. Қандай тамаш идея!
Б и б і ш. Әй, Шәукеннің жүгірмегі, қайдан келіп едің? Бері келші, осы құлағыңды бұрап жұлып алайын!
Қайрош. Шешетай, менде жазық жоқ, комсомол жіберді. Ақан ағай, Жанатты шақыра келдім. (Беседка сыртынан Жанат шығады.) Жанат!
Ж а н а т. Қойшы әрі, ағатай, мынау тағы келді... Б и б і ш. (Жанатқа). Сен немене жайнап шыға
қалдың, әй, жүгірмек, аулақ жүр, Жанат бармайды. Ендігәрі жылмаңдап келші осы.
Қайрош. Өлең жаттауға, жиналысқа... Ақан аға, сіз қалай қарайсыз?
А қ а н. Жастар ғой, комсомол шақырса барсын, апа, бөгеме, бар Жанат.
Қайрош. Жанат, айда...
Жанат қуана Қайрошқа қосыла жүгіре кетеді.
Б и б і ш. Ай, Ақанжан-ай, бұтаңа қонған бақыт құсын баули білмейсің. Өңшең соғындылардың ортасына өз балапанын жібере ме?
Беседка сыртына уһлеп кетеді.
А қ а н. Апамның көңілінде басқа да арман бар секілді. Қайтейін апа сені! Ал, Антон Иванович, пікіріңізден қайтпайтыныңызды білемін... Бастаған екенсіз, енді өзіңіз біліңіз, кешке әкейге операция жасамақшы, тек апам естіп қалмасын, апам жыласа сай-сүйегім сырқырайды.. Автоматты да, ақтамақты да ұмытатын күйге түсемін.
В е л и к а н о в. Сабыр ет Ақан, үміт пен талап деген күні ғой өмірдің. Сол қуаныштан айрылма! Қолсыз қалған әкеңнің қолқанаты болар сол машинаң.
Кетеді.
А қ а н. (Жалғыз өзі). «Қолсыз әкеге қолқанат болар. Тауып айтты-ау әлгі қарт. Қой чертеждарым қайда, тағы да бір қарайыншы? Апырай, Қараштың үлгісі менің чертежіме неліктен ұқсап қалды екен. Енді ол: «Жүрегім Ақанның жүрегіне ұқсайды» дер. Жоқ, жігітім, жүрегімді сенің жүрегіңе ұқсатпаспын.
Бөлмесіне кетеді, Бибіш келеді.
Б и б і ш. Қалжыраған шығар, құлыным ұйықтасын, оқымады демесе әлгі Шәукеннің Әсиясынан кем болып па, Жанатжан. Қой, бұл баланы қолға алайын...
Бұл кезде сырттан Селтекей, Әсия келіп қалады. С е л т е к е й. Сәлеметсіз бе, шеше! Мына қызыңыз,
жаңа келген инженер, Ақанмен бірге оқыған..
Ә с и я. Сәлеметсіз бе, апа? Ақтай атайдың халін естіп, әдейі келдім сізге.
Б и б і ш. Сау бол, қарағым, отырыңыздар... Сол байғұстың тілеуін тілеп Ақан да тарығып бітті ғой...
С е л т е к е й. Ақан қайда, апа?
Б и б і ш. Көз шырымын алып, жаңа қисайды білем.
Түнімен ұйықтамады, әкесінің қасында болған еді.
С е л т е к е й. Оятуға болмай ма, мыны кісі қызмет жөнімен келген еді...
Б и б і ш. Жоқ, болмайды, қалжырап жүр құлыным, ұйықтасын, оятпаймын. Өзім де күйреп жүрмін.
С е л т е к е й. Білемін шеше, сізге қиын ғой. Ақтай атам жоқ жерде бір пәлеге душар болды. Сол күні кеуде сарайым сау болмай, менің де забойды байқай алмай қалғаным-ай, өкінішті бір уақиға ғой. Тек ем қонып жазылғай да. Шеше, бүйтіп жалғыздық көріп күйбеңдегенше, Ақанның аяғын шырмамайсыз ба?
Б и б і ш. Мына бір кесел килігіп тұр, әйтпесе алақанымызға қондыратын құсымыз да әзір еді...
С е л т е к е й. Иә, сеземін, апа. (Әсияға). Ар жағын енді түсінерсіз деймін, бикеш.. ұйқылы кісіні оятып, қандай түс көргенін білмек болсаң, өзің біл. Мен түсіндім, асығыс едім кетейін...
Кетеді.
Б и б і ш. Не деп судыратып кетті, әлгі сумақай? Ә с и я. Апа, Ақанды оятуға болмас па екен?
Б и б і ш. Жоқ, қарағым, оятпаймын. Өзінің де басы қатып, әбден езіліп бітті, байғұс балам...
Ә с и я. Олай демеңіз, апа. Атай жазылып қатарға қосылар... Балаңыз қайта бақытты екен. Сіздей шешесі бар, жұрт сыйлайтын әкесі бар, өзі де қызметіне қадірлі. Міне, мені айтсаңызшы!
Б и б і ш. Қалқам, әке, шешең қайда еді?
Ә с и я. Шешем үш жасымда қайтыс болыпты... Әкем Отан соғысында қаза тапты. Содан кейін нағашы тәрбиесінде болдым, әйтеуір тырмысып жүріп білім алдым. Бірақ, әлі де арманым көп.
Б и б і ш. Шырағым-ай, жетімдікті көп көрген бала екенсің ғой жасыңда. Ал қазір де, тегі қосылған ерің қолайсыз болып кездесті ме?
Ә с и я. Жоқ, апа, ерге әлі шыққаным жоқ.
Бақытыма жетуге жақындап едім, бірақ...
Б и б і ш. Айтқаның келсін, қалқам, бақытты бол! Менің Ақанжаным да ғылым-білім деп отызға келгенше орнығып екеу бола алмай жүр. Бұтамызға қондырған құсымыз да бар еді, құдай жеткізсе көп ұзамай қол-аяғын тұсаймын, қарғамның.
Ә с и я. Бұтамызға қондырған құсымыз бар дейсіз бе?
Б и б і ш. Иә қалқам, бар, бар. Өзің бір жылы жүзді бала екенсің, сенен несін жасырайын, отыр қарағым, бәрін де айтайын. Ойбай-ау, айтпақшы шәй бермеппін ғой. Сабыр ет, қалқам, отыра тұр. Дәм татып кет.
Кетеді.
Ә с и я. Апа, апа, асығыс едім... не дейді?
А қ а н. (Әсияны аңдамай өзінше). Сірә, мен сірі жанды, қарапайым адаммын ба? Жоқ, менде жалынды жүрек, ыстық махаббат бар еді ғой.
Айнымас жүректен айтылған сертіміз бар еді ғой. Әлде онымыз жалған ба еді? Әлде Әсия...
Ә с и я. Ақан! Новатор жолдас, есендік қайда?
А қ а н. Ә, сәлеметсіз бе, төреші комиссия мүшесі, диссертант Байтасова жолдас, сөйлеңіз, төреңізге құлдық.
Ә с и я. Ақан! Лебізің өзгерген бе? Қызмет жайынан өзге сыр жоқ па еді, айтарлық?
А қ а н. Иә, солай болар, Әсия жолдас. Біз забой жаңғырығымен запыс болған жандармыз ғой, лебізіміз өзгеріп, тұрпайыланған да шығармыз. Бізде қандай лирика болмақшы? Қалада, академияда, министерствода істейтін білімпаздардың лирикасы болса айтыңыз, тыңдайық...
Ә с и я. Зілсіз тілек болса, мінсіз лирикамды да шертер едім, Ақаш. Бірақ жорамалыңда жұмбақ бар секілді, менің де шешер түйінім бар, мүмкін басқасын кешер едім де бірақ...
А қ а н. Сонда нені кешіріп, не үшін кешірім сұрағандай екенмін.
Ә с и я. Осында келемін деп, әдейі хат жаздым өзің, сырымды төгіп, тіленіп келіп едім осында. Не бір хат жазбадың, не алдымнан шықпадың.
А қ а н. Хатыңды алмадым.
Ә с и я. Солай ма? Ендеше мен келгеннен бері жаныма жылы ұшырап жуымауың қалай?
А қ а н. Жаныңа жуық жылы жекжатың бар емес пе? Жалғызсыратпаған болар дедім.
Ә с и я. Ақан, бекерге жорамалдайсың және жекжат деп Қарашты жіктеме. Екеуімізге бірдей ортақ жолдас емес пе? Институтта бес жыл бірге оқыдым, мұндай мінезді күтпеген едім сенен, Ақан?
А қ а н. Менің де бақастық бәйгесіне түсер ойым жоқ. Қарашқа бәйгені шаппай берсе, өкінішім де аз, Әсия.
Ә с и я. Төрелігін білімпаздар берер. Қараштың автомат үлгісінің аздаған артықшылығы болса, оны қалай жасырмақпын. Үлгіге сенің де еңбегің ортақ болса, екеуіңді ынтымаққа шақырғаным айып болып па, Ақан? Әлде жүрегіңе дақ салған менің туыстарым ба? Араздықты шақырғаның мақұл ма?
А қ а н. Жоқ, ешкімді кінәлар кейпім жоқ. Автомат емес қой жүрек түтігі, Әсия. Неліктен қыз жүрегі тез мұңаяды екен? Соны зерттейтін ғылым болсайшы!
Ә с и я. Ақан, олай деме! Кел, тексерейік жүрегімізді. Менің жүрегімді мұз дедің, сонда сенің жүрегіңді жалындататын қыз өз жекжатың болып па?
А қ а н. Әсия, не деп тұрсың?
Ә с и я. Естіп едім бәрін де, алайда...
А қ а н. Кімді айтып тұрсың. Жанат па, Жанатжан ба?
Б и б і ш. Иә, Жанат! Өз жекжатың, өз ұрпағың. Ибалы бала көрінесің, бұзба, менің тынып тұрған қаймағымды, басқадан тап бақытыңды. Бар, қызым.
А қ а н. Апа, апа не деп тұрсың?
Ә с и я. Ақан, салқын жүректің саңылауы ашылды. Кетеді.
А қ а н. Әсия, Әсия, тоқташы...
Шымылдық.
ҮШІНШІ ПЕРДЕ
Төртінші сурет
Үлкен шахтаның сырт көрінісі. Шахтаның аула жақ алды. Қабырғаға ілінген қызыл матаға:
«Коммунизм – асқан техникалық прогресс арқылы адамды ауыр бейнеттен құтқарады» деген ұран жазылған. Шахта кеңсесіне кірер есік. Жан-жақта екпе ағаштар, орындықтар бар. Перде ашылғанда дамылсыз шылым шеккен Қараш ерсілі-қарсылы адымдап өзінше сөйлеп тұр.
Қ а р а ш. Нысанам жақын. Бақыт бәйгесінде қайтсем де озуым шарт. Түстім тартысына, себі табылса, ебі де табылар. Әсия неге тартына береді осы? Әлде мен Қараш емес, расында қорашпын ба? Ә, Ақан мені бұрын солай көруші едің, байқа, менің машинам үлгісі іске асса, күйер ішің сонда? Әсия да қазір сенен суынған сияқты. Осынау бақыт бәйгесінде Ақан құлап бір жығылса, шіркін! Ну, дүрілдерсің сонда!
Шахта кеңсесінен Кеңгірбаев шығып қалады.
К е ң гі р б а е в. Әй, сен немене, денің сау ма? Ақындарша шалқып тұрсың ғой өзің! Ия, ия түсінікті, ғашық мұндар екенсің ғой!
Қ а р а ш. Не десең о де, мен бекіндім, бақытқа жетуге сайрап тұр жолым. Әсия қайда болды екен?
К е ң г і р б а е в. Мұнда емес, кен басқармасында Әсия. Әлі де сол Ақанның дауымен дуылдап жатқан
шығар, жігітім, байқа, бекерге сеніп бекінбе!
Қ а р а ш. Ал, неге?
К е ң г і р б а е в. Әсия енді Ақан екеуіңе жұлдыз ғана емес, төреші де ғой.
Қ а р а ш. Білемін. Әсия менің үлгімнің артықшылығын жақсы біледі. Және оны қолдайды да.
К е ңг ір б ае в. Қасына қарапқапықалма, бауырым. Шәукен жездеңнің көңілі үшін сені емексітіп қойған болар. Ал, Әсияның жүрегінде Ақанға деген ынтық әлі басым сияқты.
Қ а р а ш. Балқия апамның айтуына қарағанда Әсия кеше Ақаннан біржола суынып келген секілді... Әлгі Жанат мәселесін естіп. Жоқ, қазір менің мәртебем биік, шаппай аламын бәйгені.
К е ң г і р б а е в. Тоқта, тасыма жігітім. (жан- жағына, сағатқа қарап). Екеумізге мәлім сыр ашылып қалса қайтесің? Алматыдан профессор Шакиров шақырылып отыр.
Қ а р а ш. Шакиров шақырылды! Неге шақырдыңдар! Ағажан, ол шақырылмасын.
Бұл кезде шахта ішінен Балқия келеді.
Б а л қ и я. Қарашжан, не деп жалбарынып тұрсың? Инженер қайным, тағы немене бұлдап отырсың? Бұл балаға, егер Ақанның абыройы асса, бас инженерліктен қоштасасың деген жоқ па Шәукен ағаң. Өзің үшін өршелен, қайным. Қарашжанның еңбегі жанса, сыбағаң әзір дедік қой...
Қ а р а ш. Апа, бұл қызмет бабындағы әңгімеге кіріспеңіз, мұнда неге келдіңіз?
Б а л қ и я. Әлгі сор маңдай жездең жер астында жұлқынып жатқан жоқ па? Соған сусын апардым. Маңдайынан сортаңы сорғалап, алпыстағы шалдай бүкшеңдеп кетіпті. Оқыған, тоқыған деген арқа
сүйері сендер, мынау, бір шал мертігіп қалды деп, басымызға зобалаң туғызып, сең соққандай сандалып жүрсіңдер әлі.
К е ң г і р б а е в. Балқия жеңгей, абыржыма. Мына қайның кіріссе алшысынан түспейтін іс бар ма? Таудай бәледен Шәукен ағайды да құтқарамын, таудай бақытқа мына ініңді де жеткізгелі тұрмын, ар жағын өзіңіз білерсіз, жақсы жеңгем... Ілік Әсияда ғана...
Б а л қ и я. Өнерімді аяп жатқан жоқпын ғой мен де. Әнеукүні Әсияның Алматыдан Ақанға жазған хатын құртқанмын. Елжіреп жазыпты сиқыр. Жанат жайындағы әңгімені әбден тұздықтап жеткіздім. Менің осы інім жасық па деймін. Жігіт болған соң, тәйірі, батылдық жасамаса, қай қыз құшағын жайып түрушы еді. «Жігіт болсаң от бол, от болмасаң шорт бол!» демей ме, татарлар.
Қ а р а ш. Мәдениеттілікті сақтаймын, апа. Мені дөкір десін дейсің бе?
Б а л қ и я. Адыра қалсын, ондай пайдасыз мәдениетің.
К е ң г і р б а е в. Рас айтады Балқия жеңгей. Әйел заты тегінде еркектің батылдығын жаратады. Баяғы шын ғашықтарша тебіренсейші. Сөзге жібімейтін әйел баласын көргемін жоқ!
Б а л қ и я. Батыл сөйле. Тым елжірей берме, қыз басынып алады.
К е ң г і р б а е в. Ал, Шакировты келтірмеу жағын өз міндетіме алайын. Екеуіміз білетін жұмбақ сыр тұйық қалпында зымырап өте шықсын, бауырым, бар қимылда.
Қ а р а ш. Ендеше бекіндім, кеттім Әсияға. Тысқары кетеді.
Б а л қ и я. Иә, инженер қайным, жеңгеңді ұмыттың ғой... неге келмейсің...
К е ң г і р б а е в. Жұмыс жұмыс қой, жеңгесі...
Б а л қ и я. Әй, еркектер-ай, тез салбөксе бола қаласыңдар. Күндіз жұмыс деп жұлқынасыңдар да, кешке қатындарыңның қасында күркетауық құсап, бұға қаласыңдар... Шіркін, еркек болса, оңын да, солын да бірдей ақтарса ғой...
Жас кеншілер шулап келіп қалады, екеуі екі жаққа жоқ болады.
С а й р а н. Тез, тез тізіліңдер соңыма!
П е т я. Әй, сені командир ғып сайлаған кім?
С а й р а н. Садық Иваныштың өзі, шахтадағы жұмысты мен басқарамын, ал сырттағы жауынгерлік жұмысты сен билейсің деді.
П е т я. Бәсе, дауысың тым өктем шыққан еді. С а й р а н. Түсінікті болса, тұр сапқа.
Басқалары сапқа тұрып жатқан кезде, Қайрош Жанатқа жымыңдай қалады.
Қ а й р о ш.
Нәркес көзің қадалғанда,
Құр қансырап қалсын деп пе ең, Сәулем, Жанат?
Ж а н а т. Баяғыдағы біреудің сөзін айтып безілдегенше, жаныңнан бірдеме шығарып айтсайшы, сорлы.
Қ а й р о ш. Өз жанымнан шығарып шын бір сөз айтайын: кешке баққа келесің бе?
Ж а н а т. Қой, әрі бармаймын, Ақан ағатайым жібермейді.
Қ а й р о ш. Неге?
С а й р а н. Әй, Қайрош, не сөйлеп тұрсың, тұр сапқа! Бұл қызбен ендігәрі оңаша сөйлесуші болма. Өзім ғашықпын осы сұлуға...
Ж а н а т. Бейбастақ! Ақан ағатайыма айтармын...
Қ а й р о ш. Е, сен, күйкентай комсоргке ғашықпын деп едің ғой.
С а й р а н. Бойы күйкентай болғанмен, мінезі қырғидай, сөз айтуа батылым жоқ.
Қ а й р о ш. Онда арнап өлең шығармайсың ба, мына мен құсап.
С а й р а н. Тілім жетпейді. «Көргенде қызығамын, күйкентайым» деп бастап көріп едім, ар жағы ұйқаспай қойды.
М ә р д е н. Әй, бала, бері қара, мына 54-шахтада алпыс мың жол өлең жазған Әбулақап деген менің бауырым бар, ұйқас керек болса, содан қарызға алмайсың ба?
Күліседі.
С а й р а н. Фирдауси қайда десем, Жезқазғанда екен ғой. Ал басталық өлеңді! Әлгі күйкентай қыз келіп қалса, төбемізді қашар.
М ә р д е н. Сайран бауырым, мен жұмыстан шаршап шықтым, мені қинама, мен жас емеспін ғой. Сақалы секиіп қалған кісіні жастар бригадасына бекер қосқан, түгі.
С а й р а н. Жоқ, ешбір кешірім жоқ. Жайшылықта
«Қоғажай», «Қоғажай» деп ауыз жаппайсың. Біз коммунизм маршына басамыз. Әлде, соған қарсымысың?
М ә р д е н. Жағың қарыссын, коммунизмге неге қарсы болайын, онда қосылайын, түге.
С а й р а н. Дабай, дабай баста Қайрош, сен баста. Қ а й р о ш. Тоқтай тұршы, есіме түспей тұрғаны,
қалай еді.
Қалтасынан қағаз алып, өлеңнің алғашқы шумағын бастап оқып көреді, басқалары да даурыға келіссіз қосылады.
Шырқа, шырқа, шахтер жырын аспанға Жер астында шатқалдарды жаңғыртып.
Келістіріп айта алмай шуласып кетеді. Әсіресе Қайрош даусы оғаш шығады, сол кезде Тайбала келіп қалады.
Т а й б а л а. (ысқырып қалып.) Тоқта, өңшең берекесіздер.
Мәрден. Әй, тентектер, бұларыңнан түк шықпаса, кел «Қоғажайға» басайық.
С а й р а н. Күйкентай, айтпақшы кешіріңіз, жолдас комсорг, қыз даусы аздау.
Т а й б а л а. Міне, Жанат, Алма, мен бармын, немене, көзіңе көрінбейміз бе біз?
С а й р а н. Бәрібір аз және сенен сескенемін. Бізге мінезі жұмсақ, нәзік қыздар керек, күйкентайым.
Мәрден. Ей, бауырым, мына маған да бір егделеу шүйкебасты қиыңдар!
С а й р а н. Қоя тұршы шүйкебасыңды. Мәрден ақсақал, кешіріңіз, Мәрден аға! Жолдас комсорг, мына Сайраның бүгін бір коммунизм маршына құлшына басқысы келіп еді, гүр-гүр етіп бәрін бұзып тұрған мына Қайрош.
Қ а й р о ш. Мен бе? Менің мына бұлбұлдай сұңқылдаған нәзік даусымды қорласаңдар, кеттім араларыңнан, шулай беріңдер! Горныйға оқуға түсіп, орталарыңа инженер болып қайқиғанымды бірақ көрерсіңдер!
С а й р а н. Бар, бар, жолың болсын бірақ өз басым қартайған кезде білім іздеп миымды ашытар жайым жоқ.
Т а й б а л а. Қайрош, жүр бері, арындама. Сайран, олай деме, білім бәрімізге де керек. Шахта техникасына біз командир болуымыз керек!
С а й р а н. ВУЗ-ға түсуге, менің есепке ебім жоқ.
Т а й б а л а. Сырттан оқимыз. ВУЗ-ға бізді Ақан
ағай дайындайды!
Д а у ы ст а р. Дайындасын, оқимыз!
С а й р а н. Менің тура айға ұшқым келеді. П е т я. Мен теңіз капитаны болсам деп ем!
Гармоньмен билей жөнеледі.
Д а у ы с т а р. Кетейік оқуға! Кетейік! Садық пен Великанов келіп қалады.
С а д ы қ. Ешқайда бармайсыңдар. Бірің айға ұшып, бірің теңізге сүңгіп кетсеңдер, мына жер астында алтын қазынаны кім жинап алады? Қартайғанша Антон Иванович екеуіміз тырналай береміз бе?
В е л и к а н о в. Отыз жыл бойы жер астының ең ауыр бейнетін біздер тарттық. Шахта жұмысы бүтіндей автоматқа көшейін деп тұрғанда, санасы бар жас шахтадан қашар ма? Білімнің өзі шахтаның ішінде, біліңдер, үйреніңдер. Міне, Садық Иванович ешбір институт бітірген жоқ, бірақ жер астының профессоры емес пе!
Д а у ы с т а р. Ия, ия, Садық ағай солай.
С а й р а н. Мен ВУЗ-ға түсіп әуре болмай-ақ, осы Садық ағайдан оқысам деймін.
В е л и к а н о в. Институт бітіріп келген анау Ақан да, және басқалар да келген кездерінде сабағын шала білетін баладай іске шорқақ еді, міне енді, жаңалықтар тапты.
Т а й б а л а. Дұрыс айтасыз, жақында Ақанның автомат кареткасы дайын болғалы тұр.
С а д ы қ. Енді аз күнде мына Антон Иванович сендерді жер астында экскаватормен, самосвалмен тербеткелі отыр.
С а й р а н. Мен стребокшымын ғой, экскаваторды маған беріңіз! Машинасыз қара жұмысқа зауқым
жоқ менің...
Қ а й р о ш. Мен автомат бұрғысына қойыңыз, Ақан ағайдың кареткасымен бір дүрілдетейін!
Ақан келеді.
Т а й б а л а. Міне, Ақан ағай да келді!
В е л и к а н о в. Жүзің тым солғын екен! Ақтайдың хаі қалай?
Қ а й р о ш. Атайдың халі не болды?
А қ а н. Менің сорлы әкемнің бір қанаты кесілді... Отыз жыл жер астында арпалысып келіп еді... Сол қара тасты қалтыратқан қолдарын көріп, автомат дегенді қиялдап едім, соның рахатын көрмей мүгедек болғаны өкінішті, туыстар.
Ж а н ат. Ағатай, налымашы, мұны естісе апам байғұс не күйге түседі енді?
Қ а й р о ш. Иә, Ақан ағай, күйінбеңізші...
М ә р д е н. Қарағым, Ақанжан, менің де сай- сүйегім сырқырап тұр, өз қолым кесілсейші.. түге.
С а д ы қ. Ақан, сен сондайлық солқылдақ па едің? Дауыл соқса да емендей иілмейтін ер жігіт болса, сол Ақан деуші едік, мұның қалай, Ақан? Апаттан Ақтай тірі қалды. Қолы сынса қолқанаты сен барсың! Әлі де ол шал бақытты.
В е л и к а н о в. Дұрыс айтады, Садық. Ал Садықтың әкесі Анарбек қандай аянышты халде қаза тапты. Айтсын өзі.
Сайран. Айтыңызшы, Садық Иванович. Ж а с т а р. Айтыңыз, Садық ағай.
С а д ы қ. Ескі бір шерім еді. Ал отырыңыздар, айтайын...
Бәрі отырысады.
С а д ы қ. Әкем сорлыны ағылшындар қара тастың астына тірідей көміп кетті. Осы Жезқазғанда патша заманында ағылшын капиталистері қожа болмады
ма? Менің әкем, мына Ақанның әкесі Ақтай, мына Антонның әкесі Великанов та сол ағылшын шахталарына забойщик болып істеген, сондағы ағылшын шахталары, жігіттер, сендердің түстеріңе де енбесін. Қарсақтың ініндей немесе көрден де тар болған.
М ә р д е н. Желкемнің шұқыры көрсін ондай шахтаны.
С а д ы қ. Жеріміздің асылын тонап, әкелеріміздің қанын сорған ғой осы ағылшын обырлары. Міне, бір кезде азап, қорлық шеккен кеншілер ағылшын қанаушыларына қарсы ереуіл шығармай ма? Сол тұста Қызыл Армия да Жезқазғанға таяп қалса керек, сонда ағылшындар шахтаға динамит қойып, забойдағы кеншілерді тірідей тасқа бастырып кеткен. Соны еске алсам, зығырданым қайнайды. Әкем сорлы сонда қаза тапты!
Ж а с т а р. Қандай аянышты! Ах, залымдар... Пауза.
В е л и к а н о в. Онда Садық жас еді. Бірақ жасымады, бұғанасы қатпаса да, біздің қатарымызға қосылып, жер астындағы құз-қияларға бала бүркітше айбат шекті. Әрине, ағылшындарды қуғанан кейін Жезқазған кенін көтеруді өз қолымызға алдық.
Садық. Көктегі самолетте, Отан соғысында бұрқаған снарядтарда да біздердің қайрат-қуатымыз бар. Сол мыстарға қайнап қосылған сенің әкеңнің де құрыш-жігері бар!
В е л и к а н о в. Қайта сондай қарттар қуансын, өз көзімен көріп кетсін. Шахтамызды автоматизацияға тезірек көшірейік. Сол үшін серпілмейміз бе, Ақан?
Қ а й р о ш. Ия, ия, серпілеміз, Жанат, сен де жайнашы бір...
С ай р а н. Шешетін бір мәселе бар: Садық ағай, осы
сіз неліктен Ивановичсіз. Әкеңіз Иван ба, Иман ба?
С а д ы қ. Оны мына Антон Иванович айтсын.
В е л и к а н о в. Ия, ол былай: әкесі Анарбек ағайды ағылшындар өлтіріп кеткеннен кейін, бала Садықты біздің әкей өз тәрбиесіне алыпты, менімен ұялас өскен соң кеншілер Иванович деп кеткен ғой...
Ж а с т а р. Әй, солай ма? Солай екен ғой...
С а д ы қ. Солайы солай. Антон Иванович есебін тауып біраз оқып алды да, ал мына Садық көкеңіз тас кеуде болып таңқиып қалғаны мынау...
В е л и к а н о в. Оқымасаң да тоқығансың. Есебің түгел сенің, Садық. Мына Ақандар сенен сабақ алып өскен жоқ па?
А қ а н. Қадірлі достарым, жаңа Садық ағай айтқан сыр мені ғана емес, сендерді де тербеткен шығар... Сан жылдар бейнет шеккен бұл ағалар бізге күйініш емес, тамаша үміт, талап алып келген болса, тас тығырықта тауымыз шағылмай өскен біздер ме тарығатын? Сол қиялы тастардан қияға талпынған әкелердің қанаты біздер емеспіз бе? Сондықтан кейде мұңайсақ та, қиналсақ та сертіміз серпіле беру болсын, достарым!
М ә р д е н. Міне, жігіттік, міне, тамаша, айналайын Ақанжан, әлгі Әсияжанның жоғын-ай...
С а д ы қ. Әңгіме бітті, Сайран, кәне баста!
С а й р а н. (ысқырып қалады). Тізіліңдер сапқа!
С а д ы қ. Өрендерім, бүгін жұмысты жақсы істедіңдер. Жер астын қандай жаңғыртсаңдар, жер үстін сондай жаңғыртыңдар, кәне!
М ә р д е н. Кәне, бастаңдар түге, мен де бір шырқайын.
Т а й б а л а. Ал, бастадық, Сайран, марш! Жастар қосыла жырлайды.
Шырқа, шырқа, шахтер жырын аспанға, Жер астында шатқалдарды жаңғыртып. Жалын атсын жайнап асыл тастар да, Күркіресін алтындарын тау бүркіп.
Ән айтып, жастар сахнадан сап құрып кете барады. Бұларға таңдана Ақан, Садық, Великанов қарап қалады.
С а д ы қ. Көрдіңдер ме, қандай тамаша өрендер!
А қ а н. Жүректері әлі бүлінбеген жас түлектер емес пе, сырларын шерте білсе, бұлар шын ағытылады ғой, Сәке.
Әсия, Қараш шығады.
Қ а р а ш. Бұл өзімшілдіктеріңізге мен қарсымын. Жоғарғы орын ұсынған тамаша үлгіні қабылдамай, өздеріңіз ілдебайлаған бірдемені іске асырмақ болғандарыңыз – тәртіпсіздік және ғылымға жат қылық!
С а д ы қ. Әй, білгішім, ғылым-білім деп сен бізге көкіме, бізге шахта үшін қолайлы құрал керек, білдің бе.
В е л и к а н о в. А, Байтасова! Сіздің диссертацияңыз кен өндіру жұмысын автоматқа көшіру жайында еді ғой. Сол үшін сізді инженер Ақтаевқа бекіткен едік. Қызметіңізге неге кіріспей жүрсіз.
Ә с и я. Әрине, кірісуім қажет, Антон Иванович, айтарлық бір тілегім бар...
В е л и к а н о в. Тілегіңізді кейін айтарсыз, қазір шахтаға жүріңіз, эксперимент участогын байқаңыз. Ақан, баста мына кісіні...
А қ а н. Антон Иванович, Байтасова тілегін айтсын, мүмкін...
В е л и к а н о в. Жоқ, Ақан, сөзді қой, Әсия Байтасова, ішке кіріп сөйлесейік, жүріңіз! Ақан!..
Үшеуі кетеді.
С а д ы қ. Сен, жігітім, расында да босқа күйінбе! Ертең рационализаторлар кеңесіне шақырамыз. Алматыдан профессор Шакиров келе жатыр, күшті болсаң, сонда шалқы.
Қ а р а ш. (Өзіне) Шакиров! Енді қайттім?!
Шәукен келеді.
С а д ы қ. Сәлем бердік, Шәке! Деніңіз сау ма?
Ш ә у к е н. Көріп тұрсың ғой сау екенімді. Асығыс едім...
С а д ы қ. Келбетің сау адамға ұқсамайды ғой. Үйірге жаңа қосқан жабыдай-ақ салбөксе болып қалыпсың ғой, батырым...
Ш ә у к е н. «Арғымақ жабы көрінер, аса шауып буланса» деген ғой. Кәрі қайратымды қайта шақырып қаттырақ қимылдаған шығармын, несіне мұқатып тұрсың?
С а д ы қ. Жоқ, сүйініп тұрмын. Бұрғылы автоматқа көшуге керенау тартып едің, автоматсыз бұрғы айызыңызды қандырған шығар дегенім ғой.
Ш ә у к е н. Әлі де қайратыма мығыммын. Күллі қиындықты автомат атқарсын, қалшиып қарап тұрайын деп әуренелентін жалқауың мен емес, безгелдек!
С а д ы қ. Мына балдызыңның жаңалығымен жаңғырарсың!
Ш ә у к е н. Жоқ, жаңғырар жайым жоқ, қалпымда қаламын. Бастырмалатпа, бәрібір еңкеймейді саған Шәукен.
С а д ы қ. Арыңа еңкей, Шәукен. Мен сені мұндай қатыгез деп ойламап едім.
Ш ә у к е н. Не деп мұқап тұрсың? Тағы не жаздым, безгелдек?
С а д ы қ. Қастық ойламадым деп безек қағасың,
тас қияда табысқан кәрі жолдасың Ақтайдың көңілін сұрап бармауың, ех...
Шәукен үндемейді, Садық кетеді.
Қ а р а ш. Жездежан, тоқташы! Кеңгірбаевты көрдіңіз бе?
Ш ә у к е н. Көрмегенім сол болсын.
Қ а р а ш. Аса қажет еді маған ол, әлгі менің бұрғы кареткам жөнінде...
Ш ә у к е н. Тау соққыр, кареткаң құрысын!.. Кісі өз басын арашалап ала алмай жүрсе, «кареткам, сареткам» дейді ғой. Бөгемеші, әлгі сол Ақтай содырдың көңілін сұрап шыққаным жөн шығар, тегі...
Қ а р а ш. Міне сасқандығыңыз! Қылмысымды кешір деп, арыз ала барыңыз.
Ш ә у к е н. Әй, балдыз бала, қылмысты деп мені тұқыртпа! Ақтайға достығы жоқ десеңдер де, қастығым бар ма еді, алдына иілмесем де, арыма иілейін.
Қ а р а ш. Жезде, жездежан, менің қиналып тұрғаным...
Ш ә у к е н. Немене, Әсия туралы ма?
Қ а р а ш. Ол туралы емес... Ия, ол туралы да, бірақ ертең Шакиров келеді екен сол жайында...
Ш ә у к е н. Шакиров келсе несі бар? Келе берсін, прокурор ма ол? Әншейін бір оқымысты емес пе?
Қ а р а ш. Менің тағдырыма сол оқымысты өте қажет.
Ш ә у к е н. Солай ма, тау соққыр, ендеше ол менің досым ғой. Алматыдан келген сайын біздің үйге түсетін, алдынан ертерек шық та, біздің үйге алып кел.
Кетеді.
Қ а р а ш. Міне, асыл жездекейім-ай, таптың-ау...
Енді мәселе шешілді!
Әсия, Ақан, Великанов кеңседен шахтаға қарай жөнеледі.
Қ а р а ш. Әсия, тоқташы!
Ә с и я. Не айтпақ едің? Ақан... Ақандар кетеді.
Қ а р а ш. Бәсе, басымды бәйгеге тігіп, соңыңнан жүгірдім. Жезқазғанға барған соң шешілер деп үміт тастадың жолыма. Ақанды көрген соң, құбылдың ба қайтадан! Байқа, Әсия. Ақан масқара еткелі жүр сені.
Ә с и я. Ақан ба?
Қ а р а ш. Ия, Ақан. Оның тас түйіні көп... Бері келші өзің... Профессор Шакиров келе жатыр. Сөйлесші сонымен. Ол сенің ұстазың ғой. Жүрек мәселесін кейін шешетін болсақ та, бірлесіп абыройды қорғайық та, абыройды, Әсия! Ех, менің автомат машинам іске асса, Ася, сені алтын қанатқа мінгізіп, әлемді аққудай шарықтатар едім.
Ә с и я. Осындай да өнерің бар ма еді, байқа, Қараш, мен саған олжа болатын оңай бақ емеспін. Жүрегімнің лебін сезбесең, аңдағаның аңғырттық болар және де абырой, бақ – арман еткенің бәрі тез орала беретін арзан дүние емес. Оны шын талабың шешер. Ескертерім: құр қиялға қонақтаған жұмбақ құсы секілді болып жүрме. Бөгеме, мені, асығыспын.
Кетеді.
Қ а р а ш. Не деп кетті мына қыз? Мәрден өтіп бара жатады.
М ә р д е н. Әй, бала, жабыспа деп едім ғой, көп оқыған сен түсінбесең, мен қайдан білейін не деп кеткенін. Не деуші еді, қарашы өзін!
Кетеді.
Қ а р а ш. Ә, солай ма, Әсия жоқ, Қараш қиялынан қайрылмайды. Жетпей қоймаспын арманыма. Жан- жақтан тағы да шырмап бір көрейін, сытылып көр, Әсия...
Шымылдық.
ТӨРТІНШІ ПЕРДЕ
Бесінші сурет
Шәукеннің үйі. Оңаша үйдің терезелері ғана көрінеді. Сахнаның бір шетін веранданың жарты жағы алып тұр. Уақиға аула ішінде өтеді. Кешкі шам жағыла бастаған шақ.
Сахнадан тойға әзірленген Балқияны, Мәрденді көреміз...
Б а л қ и я. (Мәрденге). Тамсанып тұра бермей, ана ыдыстарды верандаға таси берсейші. Жалғыз өзім қайсысына жетемін... Той сенің қарындасыңдікі ғой?..
М ә р д е н. Сонда осы тойды не үшін жасамақпыз.
Әлі түсінсем бұйырмасын.
Б а л қ и я. Түсінбейтін миғұламысың, қарындасың Әсия тап бүгін жиырма төрт жасқа келеді.
М ә р д е н. Япырай, шын ба? Мен әлі бала деп жүрсем.
Б а л қ и я. Не қылған бала? Ендігі бес баласы бар сойталдай әйел болатын кезі емес пе? Білім-сілім деп кәрі қыз атанғанның несі жақсы? Әсия жаспын деп жүр дейсің бе, теңі табылмай келген де...
М ә р д е н. Е, теңі табылмайтын немене, Әсия мүгедек дейсің бе? Қызғалдақтай жайнап тұрған қалқам емес пе?
Б а л қ и я. Ендеше сол қалқаңның бүгін басқа да тойы болып қалса қайтесің?
М ә р д е н. Қандай той, мен неге білмеймін?
Б а л қ и я. Кейін білерсің. Ия, айтқандайын, қазір Алматыдан профессор Шакиров келеді. Қараш та,
Әсия да соның алдынан кетті. Ал сен ана ыдыстарды әкеле бер...
М ә р д е н. Ойпырай, жеңгей, сындырып алсам төбемді қашайсың-ау енді...
Ыдыс-аяқты верандаға қарай әкетеді.
Б а л қ и я. Істің беті енді түзеле бастады ғой деймін. Әсияның Ақанға көңілі қалып келгені қандай жақсы болды. Осы тойдың артын қалыңдық тойына айналдырмасам, Балқия атым құрысын.
М ә р д е н. Жеңгей тақсыр, не бұйырасың?
Мыналарыңды болдым.
Б а л қ и я . Немене, тіліңді жалап шыққаның, құлқының құрғыр, тасада бір тастап жібердің бе?
М ә р д е н. Әне бір сарқасқа шараптың дәмін көрейін деп...
Б а л қ и я. Онсыз да коньяк аз, сен барып бес бөтелке коньяк әкел. Келетін кісілер көп болады... Әлгі Қайрош қайда?
М ә р д е н. Жаңа әлгі Жанат деген қызбен қолтықтасып бара жатқан, түге...
Б а л қ и я. Ей, ол әншейін дұшпанкөз де, Жанат Ақанның құшағынан қайда кетер дейсің. Ақан да бір қу жігіт, біздің шалды да шырмап бақты, дәмесі басқа еді. Әйтеуір, әзір тісі батпай жүр...
М ә р д е н. Жеңге, айтыңызшы, Ақанда жазық бар ма? Бізге қастық ойлады ма ол? Кеше шахтада маған жолығып қалып, «Мәреке, Шәукен ағай маған ренжіп жүрген жоқ па?» - дейді...
Б а л қ и я. Бар, көлгір сөзді малданбай, сен де шатасқанның бірісің, уысына түспей жүр де Шәукен, әйтпесе аяр ма еді ол. Ал сен бар енді...
М ә р д е н. Жарайды, барайын.
Кетеді, артынша Кеңгірбаев келеді.
Б а л қ и я. Бәсе, қайда жүр деп едім, қайным,
келдің бе?
К е ң г і р б а е в. Келдім, жеңгесі! Олар да қазір келеді. Аэропорттан шықтық деп Қараш телефон соқты. Ал, дайындығыңыз қалай?
Б а л қ и я. Бәрі де әзір. Сойған қойдың еті былқылдап пісіп жатыр, стол үсті дәмге, шарапқа самсам толып тұр.
К е ң г і р б а е в. Жаңа Шәукен ағайға кездесіп едім
- асығыспын, сұрама, құпия іспен барамын деп кете барды.
К е ң г і р б а е в. Тергеуші шақырмаса?
Б а л қ и я. Тергеуші шақырмаса? Тойдың шырқын бұзбаса жарар еді, мына сығыр...
К е ң г і р б а е в. Біз тұрғанда ешбір шырқы бұзылмайды, Балқия жеңгем! Кәне, әлгілер тез келіп қалар...
Б а л қ и я. Иә, асыққаның не?
К е ң г і р б а е в. Мына тамағы құрғырды жібітсем деп ем, әуелі..
Б а л қ и я. Тамағыңды ма? Ондайды, бері кел, оңашада жібітейік.
К е ң г і р б а е в. Оңашада? Тіпті жақсы...
Екеуі веранда жаққа кетеді. Артынша Селтекей келеді де, жан-жағына, үй терезесіне қаранады.
С е л т е к е й. Бұл үйдің кісілері қайда? Ау, кім бар?
Б а л қ и я. (веранда жақтан). Кім болсаң да тұра тұр, занятымыз. Сорпаның көбігін алып жатырмын.
С е л т е к е й. Мұрным сезіп тұр, жас қойдың етінің иісін-ай.
К е ң г і р б а е в. (бірдемені шайнап жүріп). Сөйле, Селтекейім, тағы нені сезіп қалды мұрының.
С е л т е к е й. Білмей тұрмын, қайсысының безбені
басар екен. Күні бұрын әзірлеген бір сыйлығым бар еді, соны Қараш пен Әсияға ма, әлде Әсия мен Ақанға сыйлайын ба?
К е ң г і р б а е в. Е, бұ не дегенің? Әсия мен Қарашқа сыйлайсың да.
С е л т е к е й. Жоқ, Кеңгірбаевич, Әсия Қарашты шын сүйеді дегенге сенсем мұрнымды кесіп берейін, оның үстіне Ақан әлі үмітін үзбеген сияқты, кеше менен өкпелі ме деп егіле сұрады.
К е ң г і р б а е в. Әй, не топшылап тұрсың өзің. Әлемдегі ерлі-зайыпты адамдардың бәрі бір-бірне ғашық болып қосылады дейсің бе? Мен өзім де әйелімді өлердей сүйгендіктен алғаным жоқ. «Сәті түсті, тағдыр жазды» дегендей емес пе? Әсия немене, Ләйлі дейсің бе, Мәжнүнге ғашық болған...
С елтекей. Уа, ағасы, сентіптітереңгесүңгіпкеттің ғой. Қой, мұндайды барлап басты қатырғанша... жеңгей, таңдай жібітерлік бірдеме жеткізсеңіз.
Б а л қ и я. (веранда жақтан). Әй, құлқының құрғыр, қазір. (Подноспен үш рюмка ішімдік әкеледі). Кәне, тілегіміздің сәтті болуы үшін ала қойыңдар, жақсы қайындарым...
К е ң г і р б а е в. Келші, жеңгесі.
Әсия, Қараш, Шакиров келеді.
Ә с и я. Жеңге, бұларыңыз не, қонақ келмей жатып?
К е ң г і р б а е в. Келер қонақ пен тойдың құрметі үшін!
С е л т е к е й. Иә, сол үшін!
Б а л қ и я. Иә, оқымысты қайным, хош келдіңіз! Сіз келеді дегеннен бері жеңгеңнің, бәріміздің есіміз қалмай, жоғары шығыңыз...
Ш а к и р о в. Рахмет жеңгей, сәлеметсіздер ме? Қараш. Үйге жүріңіз..
Ш а к и р о в. Шәукен ағай есен бе?
Б а л қ и я. Есен, есен, қазір келеді...
Ә с и я. Бақыт Шакирович, үйге жүріңіз.
К е ң г і р б а е в. Бұл үйде бүгін үлкен той бар, сіздің келуіңізге байланысты және мына Әсия шәкіртіңіздің бүгін туған күні, мына Қараш бауырымыздың жаңалығы жайында...
С е л т е к е й. Және де...
Қ а р а ш. Тсс... аузыңа ие бол!
К е ң г і р б а е в. Жүріңіз, үйге шешініп, әзірше кеңесе тұрайық.
Әсия мен Балқиядан басқалары үйге кіріп кетеді.
Ә с и я. Шакиров ағай жақсы адам, тау-кен техникасының Қазақстандағы ең жетік маманы, менің диссертация жұмысымның жетекшісі. Ал, жеңге, қонақасыңыз әзір ме?
Б а л қ и я. Әсияжан, сенен не аяйтыным болсын? Қонағыңды ескеріп, сенің туған күніңді қадірлеп және Қарашжанның бақытты болуын тілеп, нағашың екеуіміз шабылып -ақ жатырмыз, қалқам.
Ә с и я. Рахмет, жеңге, мен профессорға барайын.
Б а л қ и я. Қалқам, бір сөз айтайын, Қараш екеуіңнің қабақтарыңа қуаныштымын, той үстінде бір тілеуім бар, үмітімізді бұзбассың?..
Ә с и я. Жеңге, тілегіңіз болса кейін білдіріңіз.
Бүгін басқа да тілек көп қой..
Б а л қ и я. Жоқ, Әсияжан, мені, нағашыңды сыйласаң...
Садық, Великанов келіп қалады.
С адық. Әсияқалқам, сәлеметпе? Өз проффессорың келген соң, біздей жер астының қарапайымдарын ұмытып кеткенсің бе?
В е л ик а н о в. Әсия олай емес, білімнің қаршығасы ғой Әсия. Алматы – ұшырған ұясы болса, Жезқазған
- қонатын қиясы емес пе?
Ә с и я. Дұрыс айтасыз, Антон Иванович, сіздерге келгелі көп нәрсе үйреніп қалдым. Диссертациямды да қайта түзеп жаза бастадым.
С а д ы қ. Тек, қызым, Ақан кареткасы жөнінде жақсы пікірге көш, біз басқа пікірге көнбейміз, әлгі профессор қайда?
Ә с и я. Үйге кіріңіздер, абзалын сол кісі айтар.
Садық пен Великанов үйге енеді, Балқия веранда жаққа кетеді. Әсия жалғыз.
Ә с и я. Иә, профессорым да келді, тақырыбымды өзгерттім, бірақ тақырыбымды өзгерттім бе? Бүгін жиырма төртте екенмін, осы жаста тілеген тойым осы ғана ма? Ех, Ақан, расымен жүрегімді түсінбегенің бе? Әлгі жеңгем неменеге жорамалдап тұр. Қой, профессорыма барайын.
Кетеді.
Б а л қ и я. Енді қайттім. (Терезеден). Әй, Селтекей, бері келші, қайран жалғыздық-ай, әлгі закускалар туралмапты.
С е л т е к е й. (Шығады). Е, жеңгесі, немене болып қалды?
Б а л қ и я. Бәрің бәрдей профессор бола бергенше, мына тамақты әзірлесеңдерші. Жалғыз мен жеймін бе?
С е л т е к е й. Апырай, жеңге-ай, профессор әлгі каретка жайын сөйлеп жатыр еді...
Б а л қ и я. Жарайды, сенсіз де шешер. Верандада колбаса, қазы бар, соларды турап, тарелкаларға сала қойшы. Мен шайды әзірлейін...
С е л т е к е й. Міне, құдайдың жазасы. Алматыда бір апам бар еді, студент кезімде үйіне бара қалсам болғаны: Селтекей, сексеуіл жара қойшы, Селтекей, шарап әкеле ғой, – деп әбден жұмсап бітетін. Аумай
соған тартқан екенсің, жеңгем. (Верандаға кетеді.)
Үйге енген кісілер шығады. Шакиров жеңіл киініп шыққан.
Қ а р а ш. Апырай, апа, тамағың әзір ме? Сәті түссе игі еді! Жүрегім алып-ұшып тұрғаны. Мен неге үрейлімін?
Бәрі үй алдында орындықтарға жайласа отырады.
Балқия веранда жаққа кетеді.
Ш а к и р о в. Келмегелі үш жылдай болып еді, кен қаласы қандай өсіп жайнап кеткен! Тіпті, қуанып кетіп, қат-қабат үйлерді қалап-ақ тастапсыңдар!
К е ң г і р б а е в. Осы үйлердей особняктарымыз да көп.
С а д ы қ. Енді екі-үш жылда келсеңіз – нағыз зәулім қаланың өзі болады. Ал, шахталарыңыздың камералары Москва метросының заңғар залдарындай бола бастайды...
В е л и к а н о в. Қазірде де метродай кең ғой. Тек автоматизация мен озық механизация жетіспегені болмаса...
К е ң г і р б а е в. Антон Иванович шахтамызды кеміте сөйлеуге машықтанып кетіпті. Бізде озық техникалардың енгеніне жиырма жылдан асып кетті. Содан бері Отанымызға талай мың тонна мыс бердік. Жезқазған Отанымыздағы озық мыс кені болып отыр, бұл жетістік емес пе?
С а д ы қ. Біздің арманымыз. Жезқазған жер жүзіндегі ең бірінші мыс кені болса екен!
К е ң г і р б а е в. Қиял шіркін – көк дөнен, қамшыласа қайда шаппайды...
Ш а к и р о в. Олай демеңіз, жолдас Кеңгірбаев, қазіргі біздің совет адамдарының қиялы – көк дөнен емес, қиял қанатымыз ракета емес пе? Біздің қиялымыз – адамзат атынан айға елші болып барып отырған жоқ па? Сондықтан қазіргі қиял мен шындық арасы – ертең қосылғалы тұрған екі ғашық секілді.
Қ а р а ш. Әбден мақұл айтасыз, құрметті профессор! Ғашықтар да түсінісе алмай, қиялдап жүреді де, сәті түскен күні қосыла қояды ғой.
Бұл кезде Ақан келеді.
С е л т е к е й. Ақан да келді міне...
Қ а р а ш. Міне, Ақан досым да келді. Жоғары шық, Ақан. Профессор Шакиров, танысып қойыңыздар.
А қ а н. Сәлеметсіз бе, профессор.
Ш а к и р о в. Есенбісіз, новатор жолдас осы жігіт екен ғой...
К е ң г і р б а е в. Иә, және мына өзіңізге мәлім новатор Қараш Дүрлібаев...
В е л и к а н о в. Ақанның еңбегі бізге аян, ал Қараштың ісі...
К е ң г і р б а е в. Бізге аян. Шакиров жолдасқа да мәлім. Қабылдаған, кеңес берген осы кісі болатын... В е л и к а н о в. Бізде бұл екі талас үлгі жайында құрылған комиссия бар еді, соның қорытындысы міне, бұрғы кареткасының чертеждері де міне...
Өзіңіз көз жүгіртіп қараңызшы, профессор...
Шакиров қағаздарды қарай қалады.
Қ а р а ш. (абыржып). Бұл ғылым мекемесі емес қой, даулы ғылым мәселесін мұнда қарайтын не бар? Бүгін профессордың шәкірті Әсияның туған күніне арналған той болғалы тұр... Бұзбайық та!
А қ а н. Мүмкін Әсияның тойына той ұласар, ия, бұзбайық, құтты болсынға әзірміз, Әсия...
Ә с и я. Бірге өскен, біте қайнасқан достым, туған күніме арналған алғысыңа рахмет. Бірақ басқа той өзіңде болар.
С е л т е к е й. Ал, достар, бәрі де әзір. Стол үстін көкаланың үйіріне самсатып қойдым.
Ш а к и р о в. Сабыр етіңіздер, сабыр етіңіздер...
Қ а р а ш. Әлгі нағашың қайда жүр? Әсия,
қонақтарыңды шақырсайшы дастарханға!
Ә с и я. Сабыр ет, Қараш. Профессордың ойын бөлме. Шын төрелігін айтар бұл кісі.
А қ а н. Әсия, өз пікіріңізді білдіре кетсеңіз қайтер еді, ұстазыңызға мүмкін жеңілдік тигізер.
Әсия. Бәйгеден бірің ғана озсын деп бұрылар ниетім жоқ. Егіз туған еңбек болса, екеуіңе де тілегім ынтымақ қана.
А қ а н. Бәйгеге түсер бәсекем жоқ, Әсия.
Қ а р а ш. Қыздырмаңдаршы осы әңгімені, Әсияның тойы бар ғой, профессор ағай пікірін кейінге қалдыруға болмас, достарым... Сабыр етіңіздер.
Шәукен келіп қалады, веранда жақтан Балқия да көрінеді. Екінші жақтан арқалаған бір сеткі шарап шишалары бар Мәрден де келеді.
Ш ә у к е н. Е, профессорым келген екен ғой. Бақыт, аманбысың?! Хош келіпсің!..
Ш а к и р о в. Шәке, сәлеметсіз бе? «Қыран қиясына тартады» дегендей, забойға қайта барыпсыз, естіп жатырмын.
Ш ә у к е н. Иә, солай болды. Мына Садық қу орнымды тартып алдым деп мақтанып жүр, ал мен өз орнымды қайта тапқаныма мәзбін. Тек бір күйінішті уақиға – тар қияда табысқан Ақтай аянышты күйге ұшырады... Жанымды езген бір зіл күйініші сол еді, аз да болса жаңа ғана жеңілдік тапқандаймын.
С а д ы қ. Әй, марқасқам-ай, барып шыққан екенсің ғой...
Ә с и я. Нағашы, шын ба? Мұныңыз кісілік, абзалдық!
М ә р д е н. Қайран, ізгі нағашым-ай... Енді бәледен құтылатын болдық-ау. Садағаң кетейін, Ақтай шал да бір ардагерім екен ғой. Сол кісінің денсаулығы үшін қазір бұрқыратайыншы мына шишаларды, түге.
Б а л қ и я. Мына шал алжыған ба? Қайда барып
келдің?
Ш ә у к е н. Ақтайдың көңілін сұрап, емханаға барып қайттым.... Разы болып қуанып қалды... Қастығым жоқ екенін сезген екен, сабазым.
Қ а р а ш. Шәке, жезде, сізді күтіп қалып едік.
Әсияның туған тойы ғой, оның үстіне мына кісі...
Өздері жасаған бұрғы кареткасын сүйретіп, Тайбала, Қайрош, Сайран, Жанат, Петялар келеді. Каретка бүркеулі.
С а й р а н. Профессор қайда?
С а д ы қ. (Шакировты нұсқап). Мына кісі.
Т а й б а л а. Мына кісі? Қалайша бұл кісі профессор?
Ш ә у к е н. Е, профессордың басында алтын айдары болады дейсің бе, безгелдек...
Т а й б а л а. Профессор дегенге қарны жуан, қасқа бас, самай, сақалы ағарған бір нән кісі екен десем..
Бәрі күліседі.
С а й р а н. Біз өз жаңалығымызды көрсетпекпіз.
Қ а й р о ш. Біз профессор ағайға дәлелдегелі келіп едік...
Ш ә у к е н. Әй, сен қашаннан бері дәлелдегіш болып кетіп едің, тоқта, әй, безгелдек!
Б а л қ и я. (Шәукенге). Дастарханға шақырсайшы енді кісілеріңді... Әсияжан...
Қ а р а ш. Жүріңіздер...
Ш а к и р о в. Қараш жолдас, асықпаңыз, бақытқа асыққанда, айла құрғанда да, байқамай омақаса құлау мүмкін ғой. Көңіліңізге келсе де бір ақиқатты айтуға тура келеді.
Д а у ы с т а р. Айтыңыз, айтыңыз, ол қандай ақиқат екен?
Ш а к и р о в. Міне, менің қолымда перфоратор бұрғысын автомат жолымен қозғаудың екі үлгісі тұр... Бұл – екі автомат бұрғыларды орнататын каретканың үлгісі. Қолымда екі түрлі қолмен
сызылған екі үлгі тұрса да, екеуі де негізінде бір-ақ үлгі!
Ә с и я. Қалайша? Авторы екі адам емес пе?
Ш а к и р о в. Жоқ, екі үлгінің де авторы бір-ақ кісі болуға тиісті!
С е л т е к е й. Сонда кім? Ақан ба? Қараш па? Б а л қ и я. Қарашжан болғай да!
Ж а н а т. Әрине, Ақан ғой! Оны мен жақсы білемін. Қ а й р о ш. Тыныш тұр, асықпа, күйкентайым.
Ж а н а т. Ашшы мына каретканың бетін!
Қ а й р о ш. Ұшқалақ болма, қызым, тұра тұр деймін.
К е ң г і р б а е в. Жолдас Шакиров, Қараштың үлгісін де мақұлдаған сіздің қолыңыз бар, оны бекер демессің.
Ш а к и р о в. Бекер демеймін... алайда...
В е л и к а н о в. Сіздің қолыңызға алдымен барып түскен Ақтаевтың үлгісі болар...
Ш а к и р о в. Соған, міне, жаңа көзім жетіп отыр. Әсия, сіздің адал білім талапкері деп таныстырған мына жас жігітіңіз...
Қ а р а ш. Профессор, тоқтаңыз, өзім түсіндірейін.
Ә с и я. Қараш! Шыныңды сөйле. Бүкпең бар ма еді?
Б а л қ и я. Жарайды, жан-жақтан шенемей, Қарашымда қара ниет бар ма еді? Сен қыз үшін де...
Қ а р а ш. Тоқта, апа, бір қателік болды да. Мені оған итермелеген мына Кеңгірбаев.
К е ң г і р б а е в. Бала, шатаспай сөйле! Мен ешкімнің сызығын да, қызығын да ұрлап көргенім жоқ...
С е л т е к е й. Ә-ә, сөйле, сері жігітім, Ақанға қарап сөйле...
Ш ә у к е н. Сөйле, безгелдек. Міңгірлемей, көрейік білгіш екеніңді.
Қ а р а ш. Мына отырған Кеңгірбаев Алматыға келгенде, маған бұрғы кареткасының Ақан сызған
үлгісін көрсетті. Маған үлгі ұнап кетті. Мен бұл тамаша тапқырлық екен деп ем, Кеңгірбаев: біздің Жезқазған жағдайында бұл іске аспайды және мұның авторы Ақан болса, оны тапқыр, новатор деп дәріптей алмайыз, – деді.
М ә р д е н. Мәссаған, не боп барады, түге. Т а й б а л а. Бәле Кеңгірбаевта екен ғой!
К е ң г і р б а е в. Бала, бәлеңді жаппай сөйле! Әркім өз ісіне жауапты. Бақ бәсекесіне түсу салтым емес. Талқыға басымды салғызбаймын.
Кетеді.
Ш ә у к е н. Шуламаңдар, иә, сөйле, безгелдек!
Қ а р а ш. Ендеше мұны қайтеміз, басып тастайық па? – деп едім, Ақанның бұл жаңалығын біз шахта ішінде-ақ ескерусіз көміп тастағанбыз. Мүмкін, сен біраз өзгертіп бірдеме етерсің, – деді Кеңгірбаев. Соны өзгертем деп мен қаншама қиналдым, қаншама азаптандым.
Кеңгірбаев алара қарап шығып кетеді.
Ә с и я. Ия, сенің жүрегіңде қандай азап барын мен де білсемші, түсінейін деп келемін.
А қ а н. Ақиқатын айтса, азабы да азаяр. Әсия, түсінгенің ерте болар, досыңызға сөз беріңіз.
Қ а р а ш. Ия, Ақан жасаған үлгіні біраз өзгертіп чертежін профессор Шакировқа көрсеткен едім...
В е л и к а н о в. Кімдікі деп көрсетіп едіңіз?
Қараш үнсіз.
Ж а н а т. Сұмдық, сұмдық! Өзімдікі деген ғой!
Ш а к и р о в. Сол Ақан жасаған үлгіні өзімдікі деп көрсеткеннен кейін бұл жігітті мен шын жаңашыл, өнерлі жас екен деп өте разы болдым. Расында да, автоматты бұрғы кареткасын жасау – қандай керемет тапқырлық! Қаншама адам бейнеттен құтылады,
төрт адамның орнына, жалғыз адам ғана төрт перфораторды автоматпен басқарады. Жылына сегіз мың адам күші сақталады. Бұл зор жаңалық! Рахмет, жігітім! (әуелі Қарашқа, сосын Ақанға қарайды). Кейбір осал тетіктері туралы мына Қарашқа менің біраз кеңестерім болды.
В е л и к а н о в. Сол сәл кемшіліктерді біз осында өздеріміз-ақ тауып, Ақан кареткасын өз күшімізбен жасап та шығардық.
С а д ы қ. Кәне, өрендерім, шығарыңдар ортаға Ақан кареткасын!
Ш а к и р о в. Кәне!
Т а й б а л а. Міне, заводтан шыққандай!
Барлығы каретканы қаумалай, таңдана қарасады. Қ а й р о ш. Міне, Ақан ағайдың жаңа машинасы!
М ә р д е н. Шырағым Ақан, бұл машинаңа алдымен мені мінгіз. Қаусатайын бір құз тауыңды, түге!
С е л т е к е й. Құттықтаймын, бауырым Ақан, қандай тамаша тапқырлық! Осылай боларын сезген едім.
Ш ә у к е н. Шыныңды неге айтпадың, Қараш?
Масқара болдық-ау, безгелдек.
Ш а к и р о в. (кареткасына қарап). Тамаша! Тамаша! Міне, Алматыда, Академияда да біздің бұл кареткаға қажет еткен тетіктеріміз осылар еді! Бәрін де өздеріңіз тауыпсыздар! (Қарашқа). Жігітім, бұл кареткаға сенің авторлықтан да, тапқырлықтан да дәме етуің ұят іс.
С а й р а н. Ұят емес, масқара!
Т а й б а л а. Бұл плагиаттық қой! Ә с и я. Қараш, солай ма еді?
Қ а р а ш. Жоқ, Әсия, менің арманым саған адал, өзгеше бір озық адам болу еді, арманым талқан болса да, айтайын, менің кінәм темір жөнінде ғана! Ал Ақанның саған деген кінәсі жүрегінде, қасында тұр...
А қ а н. Қараш, тағы не деп адасып тұрсың? С е л т е к е й. Жанатты айтып тұр білем.
Қ а й р о ш. Жолдас, Жанатқа тіл тигізбе!
С а й р а н. Біздің қамқорлыққа алған қызымызды қаралама, білгішім..
Қ а р а ш. Жоқ, Ақанның бауырына басқан құсы емес пе бұл? Өзің де сезген едің ғой, Әсия!..
Қ а й р о ш. Бұл бекер, Әсия тәте, сенбеңіз өсекке!
Жанат, бері тұршы, өз қасыма.
Т а й б а л а. Ақан Жанатты қарындасындай тәрбиелеп өсірді. Біздің өнегелі комсомолымыз.
Ж а н а т. Иә, Ақан ағатайым, солай тәрбиеледі, мынаның өсегін қарашы... тағы да... ұят-ай...
Ә с и я. Солай ма еді?! Қараш, сезгенім де, сездіргенің де сұмдық екен ғой?!
А қ а н. Бақ үшін тәсіл тапсаң да, тап мынадай сұмдықты ойламас деп едім, Қараш. Күйінбе, Жанатжан, бақытты бол, қалқам...
С а й р а н. Сенің жұлдызың жанды, жайнай бер енді Жанатыңмен. Ал, мына жалақор жігітті.
С а д ы қ. Жә, шуламай... өтіріктің құйрығы бір тұтам, қатты тартсаң шолтаң етіп үзіледі де қалады.
«Арам астан ет бітпес, арам істен бақ бітпес!» – деген ғой. Ал біздің кенші жұртының иігілігі үшін, жаңа бұрғы машинасын ойлап тапқан Ақан секілді жігітке алғыстың тауын үйсек те артық емес.
А қ а н. Өз басымның арманы ма бұл?! Кешегі аталар, бүгінгі әке, ағалар ойлаған армандар бүгін іске асса, әрине, мен оған қуаныштымын, достарым! Достарымыз бейнетсіз рахат еңбек етсе, еңсесі көтеріле берсе – соған сенің бір себің тигендей болса
- бақытың да, абыройың да сол емес пе! Бірақ бұл талап, бұл бақыт менікі ғана емес, мына отырған Антон Иванович, Садық ағай, Тайбала, осы бүкіл бәріміз де осы жаңалыққа бірдей ортақпыз, бірдей қожамыз.
Ә с и я. Мен де қуаныштымын. Бұлт мінезді бар адамның айналасында жүріп ақиқатын айырмаған досы болса, оны да Ақан кешірер. Ынтымаққа достық қолын ұсынса, жүрегін жаятын сырласы да әзір.
Ш ә у к е н. «Асыл тастан, ақыл жастан», өркенің өссін, әкелші маңдайыңды, сүйейін, Ақанжан. Егер жүрек шын берілсе, шешілмейтін түйін, табылмайтын тетік жоқ.
С а д ы қ. Ақан, баста шахтаға, көрейін! Қолым жетті ме арманыма! Тарт, өрендерім!
Қ а й р о ш. Жанат, кәне, қосыла шырқайықшы бір.
Т а й б а л а. Сайран, баста бригада маршын!
Шырқа, шырқа шахтер жырын аспанға, Жер астында шатқалдарды жаңғыртып. Жалын атсын жайнап асыл тастар да, Күркіресін алтындарын тау бүркіп!
Шымылдық.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter