Әңгімелер ✍️
СҮЙІКТІ БЕЙНЕЛЕР МЕН ТАМАША ТАЛАНТТАР
Қазақ әйелдері жайында ресми сөз бола қалса, әдетте біз бұл қауымның бұрын күңдік халде, теңсіздік күйде болғанын айтып, тебірене сөйлейміз. Бұл талассыз шындықты кәзір қазақ әйелдері еркін өмір құшағына бөленген шақта қайталап айту артық та болмас. Қайта бүгінгі күннің бақытты әйел жасына, бөбек қыздарына сонау тынысы тар қапырық заманда теңсіздік, өктемдік торына түсіп, тұтқыннан бетер зар илеген апаларының аянышты халдерін елестетін күрделі дастандар мен романдардың, пьесалар мен кино суреттердің әлі де қажеттігін мойындаймыз.
Алайда әңгіме күңдіктің ғана мұңын шерту туралы емес. Бүкіл қытымырлық кесірді, тағылық әдетті мирас еткен қаһарлы хан мен тантық төрелер, топас байлар билеп-төстеген замандардың өзінде де қазақтың бұқара халқы әйел жұртын азамат санатына қоса ұстағандығын байқаймыз. Рас, халқымыздың тарихи тағдырына байланысты мешеулікте, түнекте жүріп азап тартқанына орай, қазақ әйелдері де тұлан тұтарлық күйлерді бастан кешті, мәдениет сәулесі түсіне де елестемеді. Ал мұсылман шығысының, Азия жұрттарының дүлей дәстүрінде бар гарем, паранжа секілді нәлет ғұрыптардан, қанша сорлы болса да, қазақ әйелдері ада еді. Көшпелі ауылда әйелдер мен ерлердің аралас тіршілігі, жиын-тойда аралас
сауық-мереке құруы, қыз-бозбаланың қауымдас думандары оларды мұңдас, сырлас етіп өсірді. Солай болғандықтан да халық салты жиын- тойларда, үлкенді-кішілі топ арасында отырып, жігіт пен қыздың батыл, еркін айтысуын, өлеңмен тіл безесуін ерсі көрмеді. Өлең өнерін зор қасиет тұтқанелділмәр,ақынқыздарыныңұзатартойында тебірене жырланған наразы, өкпе мұңдарына да, ғұрыпқа жат мінездеріне де тосқауыл құрмады.
Халық арасында қытымыр ханды да, шешен биді де, айбарлы батырды да, албырт ақынды да асқан ақылмен, өнермен, сырбаз мінезімен жеңген, немесе оларды жақсылыққа жебеген талай абзал әйелдер, тапқыр қыздар болды. Зымыстан ханның сұмдық пиғылын масқара етуші ақылман Қарашаш та, аңғырт батырға билік, кеңес беруші қамқор Құртқа да, әкелері хан болса да, ерге шығуда өз басының еркіндігін мұрат көрген батыл қыздар Ақжүніс, Назымдар да халқымыздың аңыз еткен аяулы арулары. Адал махаббатын әулие тұтқан мұңды жүректі Баян, Қыз Жібектер де ел қиялында қадірлі жандар болып бейнелеген. Ал халықтың ауыз әңгімелерінде өлең-жырларында ер-азаматпен бірге жорыққа, сүйгенімен қосыла қиын сапарға аттанған батыр қыздар мен жиын- той бастаған немесе айтыс-тартыста тілмен төреші болған ақын қыздар жайында да нелер аңыздар бар. Бұлардың бәрі шындық өмірдің дәлелі.
Қазақ әйелдерінің теңсіздік, еріксіздік мұңын шерткенде де біздің өткендегі ақындарымыз қатал тағдырына бағынғысы келмейтін өр, қайсар қыздарды дәріптей жыр еткен. Қаһарлы және кәртеміш ханның қалыңдығы болып тұтқындалған ызалы қызды:
Етімді шал сипаған құрт жесін деп, Жартастан қыз құлапты терең суға...–
деп кемеңгер Абай қаһармандық шешімге апарады. Ал теңі емес, топас біреуге сатылып бара жатқан мұндар қызды қайрап:
Бидайыққа лайық қарағым-ай, Бөктергіге қор болып барасың ба? –
деп тебіренеді атақты Ақан сері.
Қазақ совет әдебиетіне де еркіндікті, ізгілікті салт еткен тамаша әйел бейнелері мирас болып келеді. Еңлік, Сұлушаш, Ботакөз сынды әдебиеттің кейіпкерлердің сырларына, мінез әрекетіне үңілсек, бұлардың тұлғаларынан ескілік шырмауға қарсы, қашанғы қалыптасқан ғұрып қырcықтарына қарсы өзінше ереуіл көтерген қазақтың батыл, қайсар қыздарын көреміз. Әуезов Мұхтардың Абай жайындағы эпопеясындағы әйел бейнелерін еске алайықшы, мұнда қандай-қандай ізгі жандар суреттеген. Олардың абзал жүректерінде халқымыздың ақпейілі, ыстық мейірі, даналық қасиеттері түнгі бұлттардың арасынан жайнаған жұлдыздардай сүйкімді елес беріп тұр. Мүсірепов Ғабиттің сыршыл әңгімелерінде өмір сапарында ашынған ер аналардың кейіптері, қайрат жігері, адуынды мінездері сипаталады. Түнекті, тар заманда бас бостандығын, махаббат еркіндігін іздеп, арпалыс азап шеккен өжет қыздардың тұлғалары бұрынғы әдебиетімізде, Көбеев Спандиярдың «Қалың мал» повесінде және Торайғыров Сұлтанмахмұттың
«Қамар сұлу» атты өлең романында әсерлі көрінсе,
бертінгі әдебиетімізде бұл секілді өрен мұндар қыздар бейнелері Байзақов Исаның «Ақбөпе» дастаны мен Саин Жұмағалидың «Күләнда» атты поэмасында сырлы, назды жырланған. Жоқ, бұл бейнелер тек «от басы, ошақ қасы» күңдікті немесе қалың мал құрбаны болған зорлықты, надандық пен бұйығылықты ғана жыр етпейді, бұл бейнелер
- қазақ әйелдерінің ежелден ер-азамат қатарында халықтың қасіретіне де, қуанышына да ортақ болғандығын, халықтың ақыл-ойға да, өнерге де өзінше үлес қосқандығын дәлелдейтін тамаша, кереметті тұлғалар...
Әдебиетімізде революция азат еткен, теңдік берген дәуірдегі қазақ әйелдерінің жаңа бейнелерін сипаттайтын шығармалар көп. Бұл шығармаларда қазақ қыздарының советтік заманда теңдік алып, бақыт тапқандығы ғана емес, сонымен бірге әлеуметтік саяси ұмтылыстарда, өмірді қайта өзгертуші құдіреттің еңбек майданында қажырлы қайрат шеккен бейнелері жыр болады. Бұл ретте мысалға соңғы жылдарда жазылған үш шығарманы алсақ, оларда қазақ әйелдерінің үш түрлі жаңа бейнесін байқаймыз. Әбілев Дихан өзініңөлеңменжазылғанроманындареволюциядан кейін Риддер кенін қалпына келтіру күресіндегі еңбекте бастаушы болған Зейнеп сынды қажырлы ер әйелдің тұлғасын елестетеді, ал Ерғалиев Хамит
«Біздің ауылдың қызы», «Сенің өзенің атты белгілі дастандарында ежелгі даланы жаңартуға өнер-білімімен өнеге көрсетуші, жаңалыққа батыл ұмтылушы үлгілі қыз Гүлжанды жыр етеді. Советтік қоғамның адамгершілік салтын, семьялық-достық қасиетін ізгі сақтаған абзал әйел кейіпкері Әбішев Әлжаппардың «Кім менің әкем»
атты соңғы пьесасынан айрықша көрінген.
Қазақ совет әдебиетінің біздің заманның теңдік құшағында өскен жаңа қазақ әйелдерінің сыр-сымбаттарын елестететін шығармалар аз емес дедік. Алайда советтік өмір шындығымен өлшегенде қазақ әдебиетіндегі жаңа әйелдер тұлғалары әлі шамалы, бұлдыр ғана елес береді. Коммунистік партия мен Совет үкіметі қазақ әйелдерінің тек ерікті, бақытты болуына ғана емес, олардың ардагер халық азаматы, білім-өнер иесі, мемлекет қайраткері, еңбек қаһарманы болуына да дархан кең жол ашып берді және сол абырой атаққа баулып бөледі де. Қазақ әйелдері қауымынан кәзір біз іс-өнегесі Құртқадан артық жыр боларлық, өмірді жаңартушы, даңқты еңбек ерлерін көреміз. Даналықтары Қарашаштан асқан аңыз боларлық атақты әйел ғалымдарды, профессорларды, докторларды, инженерлерді, педагогтарды, мәдениет саласындағы тамаша өнерпаздарды көреміз; қазақ әйелдерінің шетелдерде – Индияда, Аравияда, Қытайда, Европада әлемді таңырқата сөз сөйлегенін көреміз. Бұлар бірер ғана емес, бұлар біздің жүздеген, мыңдаған ардагерлеріміз, сүйіктіміз, мақтанышымыз – советтік бағыстанда өскен бәйшешек гүлдеріміз.
Заманымыздың осындай даңқты, ардақты әйелдерін мақтаныш еткенде солардың ізгі сыр-сипаттарының біздің әдебиетімізде әлі жарқын және мол көрсетілмегендігін өкінішпен ескертуіміз міндет. Тіпті, ерліктері бұрынғының батырларынан әлдеқайда артық аңыз боларлық, қазақтың екі қаһарман қызы, Совет Одағының Батырлары – Мәметова Мәншүк пен Молдағұлова Әлия жайында күрделі, келелі шығармалар
жасалмауы – біздің зор ұятымыз.
Ал біздің кейбір ақындарымыздың өлең-жырларында қыз – тек жігіттің жас көңілін жұбатушы болып қана суреттеледі. Н.Шәкеновтың бақта былғанып жатқан кір орамалды бір «Аянышты махаббаттың белгісі» деп зарлана жырлауы – мещандық-вульгарлық
«лирикалардың» әуесі ғана демекпіз. Біздің заманымыздың ізгі сыр-сымбатын, қыз бейнелерін мұндай кірлі жырлардан таза сақтауымыз керек.
Қазақ халқы талай тамаша талантты қыздар туғызған халық. Бұрынғы көшпелі ауыл өміріндегі қыз-әйелдердің өнері, ою, кесте тігу, кілем тоқу секілді қол шеберлігінде, әсіресе тіл өнері – өлең- жырда айқын көрінген. Тамаша ән-күйлері, асыл сөздерді халқымызға даңқты болған ақын Сара, әнші Майра, күйші Дина ғана емес, бұлардан бұрын да өз өлкесіне атағы жайылған нелер ақын қыздар өтті. Солардың ішінде өлеңдерімен бізге аты мәлім: Ұлбике, Жекей, Қадиша, Күйкентай, Манат, Ажар, Ақсұлу, Дәмелі, Шәріпжамал, Рысжан секілді ақын қыздар. Бұл дарынды қыздар заманында белгілі ақындармен алқалы топта айтысқа түсіп, тапқырлықпен олардың талайын мүдірткен бұлбұлдар.
Совет заманында көркемөнер саласында қазақ қыздарынан тамаша өнерпаздар шықты. Бүкіл Отанымызға даңқы жайылған қазақтың асқан бұлбұлы, зор мақтанышы еді. Біздің тамаша сахна шеберіміз, сүйікті әншілеріміз – Қадиша, Жамал, Шара, Роза, Бибігүл, Шабал, Шолпан, Рахия сынды өнерпаздар халқымыздың жаңа мәдениетін өркендетуге баға жетпес үлес қосып келеді.
Көркемөнер майданындағы әйел қайраткер-
лерінің өскендігіне, олардың игі өнерлеріне сүйсінген шақта біздің ойымызды әдебиет саласы алаң етеді. Бұл арнадағы талант, кадр мәселесі өзге күйде. Жиырмасыншы-отызыншы жылдары баспасөз майданында бірнеше көрнекті әйел қайраткерлері болды. Солардың ішінде ақын Иманбайқызы Шолпан, әдебиетші Мамыткеліні Әмина, журналистер және қоғам қайраткерлері Есқызы Сара, Арыққызы Нағима сынды апайлардың есімдері жұртшылыққа кең мәлім еді. Кейініректе бұл қатарға ақын Хакімжанова Мариям, журналист Серғазина Ләзиза сияқты талаптылар келіп қосылды. Қазір әдебиетшілер мен журналистер қатарында айтарлықтай бірнеше әйел қайраткерлері, ғылым кандидаттары, газет- журнал қызметкерлері, әдебиетші мұғалімдеріміз бар.
Қазақстанның ғылым мен жоғары оқу орындарында бірнеше әдебиетші әйелдердің көрнекті қызмет атқаруы – сүйсінерлік жағдай. Ал біздің газет-журналда, баспа орындарында жауапты қызмет атқаратын қазақ әйелдері өте аз. Біздің әйелдерде сыншы, аудармашы кадрларды да баулып өсіруге ынталы көңіл бөлінбей келеді. Баспасөз бен әдебиет орындарының жауапты қызметтерін қазақтың әйел кадрлары атқаратын кез жетті. Әдебиеттегі әйел кадрларын баулып өсіруге шын ынта, кең пейіл болу – Қазақстан Жазушылар одағының, баспасөз орындарының аса ардақты борышы.
Өткен ауыз әдебиетінде таң-тамаша әйел бейнелерін аңыз еткен, батыл және дарынды қыздар туғызған, кәзіргі қыздарынан өнегелі қайраткерлері бар қазақ халқының жаңа
мәдениетінде әлі де жыр боларлық талай әйел тұлғалардың топтала беретіндігіне сеніміміз мол.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter