Өлеңдер ✍️

  16.04.2022
  337


Автор: Тәкен Әлімқұлов

Жүрегім менің

Долданса дауыл, – құл мұхит,
Тұнығы қалмас шайқалмай.
Жүрегім менің – тұңғиық,
Тұнығын бұзбас Байқалмай.
Байқалдың түбі қызыл от,
Бетіне теппес аптабы.
Шөлдеген жанға сусын боп,
Шарада толқып жатқаны!
Құйса да кәусар мың қиық,
Шарадан шықпас шалқардай.
Жүрегім – жасыл тұңғиық,
Жаһанда жалғыз Байқалдай!
Сапырып көңіл күйін тереңдерден,
Жасаймын сиқыр сусын өлеңдерден.
Лебізің құлақ құрышын қандырады,
Әлемде қашады тек кереңдерден.
Лаулаған тұла бойым қызыл өлең,
Өлеңнің жалынына жүзіп өлем.
Көктеммен көріскенше асығам мен,
Өмірімнің келе жатып күзіменен.
Арада алты ай жатар қар жамылған,
Бетіне сары аяздан зәр жағынан.
Шиқылдар ақ белесте алақаншық,
Адасып шілдедегі сары сағымнан.
Шыдатпай шалғайдағы өрттің лебі,
Сөгілер мұз боп қатқан серттің белі.
Сыланған сұлу қыздай шығар көктем,
Табылып табиғаттан дерттің емі.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу