16.04.2022
  84


Автор: Қалижан Бекхожин

БАХРАМНЫҢ ӘСКЕР БАСЫЛАРҒА СЫН ТАҒУЫ


Бір күні отырып шаһ ордасында,
Жинады сардарларын өз қасына.
Ежелден келген рәсім ізгі патша,
Сыйлайтын қаһарманды жеңіс тапса.
Алдында күндей тақтың тұрды самсап,
Әмірлер, қолбасылар жұлдыз құсап.
Семсердей ауызын шаһ ашып қалды,
«Әмірлер,
қолбасылар!»,– деп жар салды.
«Әскер ол ел айбыны, ел қорғаны,
Онсыз ел – меңіреу тастай, қуарғаны.
Кешегі майданда ерлік еткен кім бар?
Ал кімдер, жан аямай, соғысқандар?
Сендерді қалап өзім, өрімдеп ем,–
Сайыста, ал, біріңді көрдім бе мен?
Кім алмақ менен жүлде лайықпын деп?
Кімді айтам бұл даңққа лайық шын деп.
Көрмедім сендерді мен қатер кезде,
Ажалдан қаштыңдар ма ұқсап езге?
 Қайсың бар қатал жауға соққы берген?
Айрылған жерімізді елге әперген?
«Бабамыз ер Ираж!»– деп мақтандыңдар,
«Араштай батырмыз!»– деп шаттандыңдар.
Біреуің ұрпақ болдың Пахлаванға
Біреуің жиен болдың Тахамтанға!1
Арыстан, жолбарыспыз!– деп бөстіңдер,
Шайқасқа түспей кіммен күрестіңдер?
Айттыңдар, қараңғыда күңкілдесіп,
Патшамыз бейқам және мыйсыз десіп.
Дедіңдер!– шаһ шарапқор, думан құмар,
Бұл өзі шаһ емес қой, бізге ұнар!
Шаттандым шарап ішіп думандаттым,
Ал қашан шаһ ісінен бейқам жаттым?
Мейлі, ішсем де мен көл шарапты,–
Ұйқыда баспас мені жау-жарақты.
Мен бейне нөсердегі жасындаймын,
Шарапты ішіп сығам тасын жайдың.
Иә, мен шарап ішіп әндетемін,
Қанжармен елімді мен күзетемін.
Алдамшы, ғапыл ұйқым жай елес қой,
Мені ешбір ұйықтатқан жоқ шадыман топ.
1
П а х л а в а н, Т а х а м т а н, И р а ж, А р а ш – ертегі-жырдағы Иран батырлары.
 Біліңдер, күлмедім мен мастанып бір,
Ал күлкім – арыстанда, мастығым – піл.
Арыстан, қаны қызса күліп жайпар,
Жолбарыс масаң болса, топты тайпар.
Ақымақ ішсе ақылдан адасады,
Ақылды ішсе пейліне жарасады.
Шарапты ішсе мейлі ойлы пенде,
Санасын жеңдірмейді ішкенмен де.
Бір аяқ шарап ішсем, мұрадым кең,
Кейсардың1 тәжін басып тұрамын мен.
Шараппен асқақтаймын тастап сарқыт,
Қалғанын жау бетіне шашам сарқып.
Отырсам достарыммен шарап ішіп,
Қолтыққа жер қазынасын қоям қысып.
Сақ көзбен қияларға қараймын мен,
Істікті жау жанына қадаймын мен.
Ал енді тілеуқорлар қорықпасын,
Аспан тұр құйып маған шұғыласын.
Болсам да мейлі масаң, бейқам бір шақ,
Бағымның ақ жұлдызы сөнбес бір сәт.
Көп ұйықтап таңды бейқам атқыздым мен
Қаһанды ұйқысына батқыздым мен.
1
Кейсар (қайсар, цезарь) – Византия императоры.  
 Бейкүнә сол қатемді терең ойлап,
Ұрыны үйге түскен соқтым алдап.
Енді жау арық иттей кетті қаңғып,
Үңгірге жасырынып, мүлгіп, қалғып.
Айдаһар жатса қалғып үңгірінде,
Арыстан айдасаң да кірмес мүлде».
Шаһ солай дана сөзін толғап, түйді,
Ұяттан төрелердің беті күйді.
Сәждә қып шаһ алдында басын иді,
Сездірді пейілдерін қосып игі.
«Сөзіңді құлдарыңбыз, құп аламыз!
Әлемде асқан дана сіз данамыз.
Сақтаған дана сөзбен дауамыз сіз,
Сөзіңді сырға етіп тағамыз біз.
Тәжіңді берген өзі – бір жасаған,
Жұрт сөзі әшейін бос жел ғой саған.
Шәк қойып, сенің абзал атағыңа,
Талайлар таласты ғой тәж-тағыңа.
Тәжіңе ұмтылам деп құлады олар,
Жоғалды ғайып болып, сорлы қулар.
Ер бар ма сенен асқан бұл жаһанда,
Ұқсайсың әлемге таң қаһарманға!
 Матадың айдаһар мен диюларды,
Жайраттың талай пілді, аюларды.
Бүркіт пен күшігенді көктен аттың,
Жалынан жолбарыстың сүйреп тарттың.
Дүниеде аңшы бар ма, сенен асқан,
Алқымдар киігіңді қырдан қашқан.
Барыстың меңіне дәл көздеп аттың,
Нілдегі жайын тілін оқпен қақтың.
Үндінің патшасына қаһар төктің.
Туранды семсеріңмен ойран еттің.
Қытайдың қаһанынан салық алдың,
Румидың Кейсарына салық салдың.
Палуан – арыстандар болған бұрын,
Ерлікпен ойрандаған жау тобырын,
Тек сенсің үш жүз ғана жауынгермен,–
Үш жүз мың жау жасағын жайпап жеңген.
Оқыдың жазбалардан Кейлер салтын,
Шайқас пен тойда асырған атақ-даңқын.
Соғыстан Кей-Кубад та даңқ тапты,
Ескендірге – майдан мен шарап жақты.
Бірақ ол мұнша күшті жауды қалың,
Ешқашан жеңген емес қолмен шағын.
 Шаһтарын баяғының алсақ еске,
Мыңына Баһрам жалғыз тең емес пе?
Олардың бірі жаугер, бірі даңғой,
Ал өзің ұлы әлемдей данасың ғой.
Қылышың соқса жаудың дулығасын,
Есіктей екі жаққа айырасың!
Тисе егер алмас оғың тасқа мәр-мәр,
Қақырап тас дуалдар құм боп қалар.
Жыландай найзаң сенің ойнақ салар,
Жыландай табаныңда жау тапталар.
Сұсыңнан балауыздай балқыр темір,
Арыстанның аузы мый боп ерір!
Саған хилап құлыңның құты қашар,
Қаны қара жандарды дажал басар.
Есірсең де естісің ойлылардан,
Ұйықтасаң да сен сақсың ояулардан.
Қырсығасың! Ішсең де ойда бейқам,–
Сен саусың, мас болады дұшпан сойқан.
Әлемде асқан дана падишасың,
Сұмдыққа – қас, ізгілік жағындасың.
Сен билеген шақта тек ел гүлденді,
Медет те қажет емес, бізден енді.
 Аспанда күн жарқырап тұрған шақта,
Бөлей бер бізді дана шарапатқа.
Ұлы тақтың жер бетін нұрландырсын,
Өзіңе тәңір-аспан нұр жаудырсын!»
Осылай айтып шаһқа пейілді ізгі,
Гауһарға сөздерімен маржан тізді.
Музирдің ұлы Нұғман сөйлеп кетті,
Аңыртып алдындағы тұрған көпті.
«Шетінен жеріміздің ту шалғайға,
Әділ шаһ көтерді ту көктегі айға.
Шаһ ісін сарапқа сап, кімдер мінеп,
Айтпақшы – қалай өзі тәжге не?– деп.
Падишам, тәжді саған берді Яздан,
Даңқына барлық ғалам қолын созған.
Бір сенің құлдарыңбыз, ордаңдағы,
Саяңда жүргеннің жоқ армандары.
Байлық қой бізге ұлы қасиетің,
Сенсің тек, ақ-қаралар бас иетін.
Аджамнан сонау Иемен жерінде біз,
Сен үшін ажалға да берілеміз.
Ордаңнан жылыспаймын, тақсыр, сенің,
Атқардым адал қызмет, таптың сенім.
 Сый-құрмет еттің адал қызметіме,
Байыдым, асты атақ, құрметім де.
Алдияр, патшам маған, берші лұқсат,
Үйіме оралатын туды ғой сәт.
Әкемнің аясында тынығайын,
Шақырсаң – келуге мен әзір, дәйім.
Мейлің, қайтармасаң мархаббатпен.
Өтемін парызымды арқалап мен!»
Сол екен, қазынашыны шақырды шаһ,
Бұйырды сый беруге досына шақ.
Иранның жиһаздарын әкеп төкті,
Мысыр мен Омандағы сән-сәулетті.
Маймаңдап даяшылар сый тасыды,
Тең-теңдеп қоржындарға көп асылды.
Тартуда алтын, мускус бәрі де бар,
Сыйланды қырқын қыздар, көп арулар.
Үлде мен бүлде берді қисапсыз көп,
Жомарт шаһ, бұл фәниде ұқсасы жоқ.
Әсемдеп әбзелдерін алтындаған,
Арабтың дүлдүлдерін тартты оған.
Үндінің мың семсерін көп шыңдалған,
Жіберді Араратқа кеме қалған.
 Гауһар мен інжу-маржан, асылдарды,
Білгірлер Нұғман үшін таңдап алды.
Лағылды тәжін тартты басынан ап,
Румилық киім берді досына шаһ.
Иемен мен Аденді де қоса берді,
Нұғыманның мерейі артып аса берді.
Қисапсыз сыйлық алып қайтты Нұғман,
Зауһардай қарап Айға, жаңа туған.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу