16.04.2022
  116


Автор: Қалижан Бекхожин

БАҺРАМ ЖӘНЕ КҮҢ


Баһрам аңға шықты бір мезгілде,
Аң іздеп алас ұрды тау кезді де,
Таң ата жүйткіп атпен қырға шықты,
Жебесі бір киікті атып жықты.
Муштари, Мергеннен бір дүзген еді,
Муштари шаһ садағын жебеледі.
Алыстан аңшылар да келді қуып,
Үйірін киіктердің айдап жуық.
Аңшы шаһ разылықтан жай таппаған.
Бөгеді атын әрең ойнақтаған.
Кермесін садағының қалды тартып,
Зулады жебе лек-лек желде шалқып.
Мүлт етпей мерген атты дәлдеп атты,
Үріккен киіктерді көп жайратты.
Атылған киік болса – шарап әзір,
Қуырдақ ашқараққа болар мәзір.
Осылай шаһ жебесі аңды қырды,
Істіктей киіктерге жебе кірді.
Тіпті бір желдей ұшқан жүйрік аң да,
Жебеден құтылмады қашып жонға.
 Баһрамның болды сұлу бір күң қызы,
Ғажайып туған айдай жарқын жүзі.
Сыйқырлы аты оның Фітнә еді,
Жаныңды арбап күлсе тіпті әдемі.
Ән салса, алтын шекті қақса шалқып,
Оралар ұшқан құстар үні тартып.
Думанда аудан тыным тапқан шақта,
Шырқайтын әнді, даусы ұнап шаһқа.
Жебе ғой шаһ қаруы, қызға жебе,
Шектер ғой өнер сазы тез денеге.
Көрінді көкжиектен сол бір сәтте,
Киіктер үркіп қашқан арғы шетте.
Шаһ көріп шапты сайға боз тұманды,
Садақтан жіпті шешіп, оңтайланды.
Жебесін шығыршыққа енгізді де,
Кермені тартты жебе кетті дүзге.
Қадалды оқ қашқан киік сауырына,
Жануар құлап түсті сары құмға.
Аз уақта талай аңды ол жайратты,
Оқ бітсе, арқан тастап байлап бақты.
Ал күңі, тұрды бұған теріс қарап,
Келмеді мақтағысы бұл деп ғажап.
 Ызасы келді шаһтың үн қатпады,
Қырдан бір киік сонда бұлғақтады.
«Қысық көз түрік қызы!– деді, оған шаһ,
Қарамай аяйсың ба менен мадақ.
Мергенмін, маған баға бермейсің бе,
Қысық көз, әлде ештеме көрмейсің бе?
Әне бір қашты киік жебең жетер,
Құйрықтан жалға дейін тесіп өтер!»
Сол күң қыз тапқыр еді сөзге епті,
Мінезі қыңыр, өткір, өр жүректі.
«Мақтайын сол киіктің тартып садақ –
Құлағын тұяғына қойшы қадап».
Қиқар сөз шаһ ашуын шарпып кетті,
Желден де зымыран оқты талап етті.
Кермеңе қорғасыннан оқты салды,
Сол оқпен аң құлағын атып қалды.
Безектеп аң тұяғын құлаққа ұрды,
Құлақтан түсірем деп оқ құрғырды.
Шаһ оғын жай тасындай зулады да,
Тұяғын тікті аңның құлағына.
Күңіне айтты патша: «Көр ісімді!»
Күң айтты: «Тыңдырдың бұл жұмысымды.
 Бұл өзі емес, сірә, қиын кәсіп,
Мұндайға керек қой тек дәйім машық.
Тұяғын құлағына аңның тіктің,
Ерлік пе, ол ісі ғой ептіліктің!»
Қыз сөзі шаһтың сағын шаншып өтті,
Ашуы айбалтадай жарқ-жұрқ етті.
Жүрегін қаһар басты, ыза қайнап,
Мейірімін түнек басты, зілін қайрап.
Ал патшам, күйретпеші мәзлұм жанды,
Айрылма әділдіктен, тый ызаңды.
«Фітнәні өлтірмесең көрем азап,–
Әйелін ер өлтірсе болар мазақ.
«Өзіме дақ түспесін!» – деп зілденді,
Шақырып қолбасыны бұйрық берді.
«Балтамен шауып өлтір мына күңді,
Ордама осы тағар сұмдық мінді.
Ғайбатты болмас бізге бояу қанға»–
Сұрқылтай қызды әкетті таяу тауға.
Қыз басын қияйын деп білте шамдай,
Үйіне әкелді ол тауға апармай.
Сонда қыз жасын төгіп жалынды оған,
«Өзіңе қас болмасаң түсін маған.
 Сұмдықты жасап алма, ақылға бақ,
Күнәсіз пәк қанымды жүрме арқалап.
Сырласпын, сүйіктімін Баһрамға,
Күңдерден ашына мен – жасырам ба?
Думанда шаһтың тапты жан рахатын,
Досындай ол да төкті мархабатын.
Жын арбап бастым шалыс, қыңыр-қисық,
Мейірімді ұмытты шаһ ашу қысып.
Қалайша өлтіресің? – дос-ақпын шын,
Өлтірме бүгін мені тос екі-үш күн.
Жалған айт шаһға мені өлтірдім деп,
Егер шаһ разы болса құп күлімдеп.
Уа, онда Фітнәні өлтіре бер!
Өмір жат – оған лайық қу қара жер.
Мүбәда Баһрам мені қалса аяп,
Құтылам бұл ажалдан төнген таяп.
Өзің де құтыларсың ар зілінен,
Айтармын саған алғыс наз үніммен.
Хұрмасы құдіреттің бекер солмас,
Қазіргі құнсыз Фітнә мансұқ болмас.
Сый берем сенің ізгі көмегіңе,
Тас алып алқасынан,– деді міне!
 Сардарға берді жеті лағыл тасты,
Бұлардың алтыннан да бағасы асты.
Орманның екі жазғы сиына шақ,
Түсінді қыздың назын сардар ой сап.
Фітнәға титтей залал келтірмеді,
«Үйімде даяшы боп сен тұр»,– деді.
Атама Баһрам атын ешбір жанға,
«Даяшымын» деп тарат осы маңға.
Өзіңе парыз істі атқар ар мен,
Назыңды ұмытпаймын – етем жәрдем!»
Ант беріп келісті де есен қалды,
Пәледен, қыз ажалдан қорғап жанды.
Сегіз күн өтіп сардар шаһқа жетті,
Қыз жайын Баһрам тез сұрап кетті.
«Жыланды айға бердім,– деді сардар,
Қаны үшін құн төледім төктім де зар».
Баһрамның жаспен көзін тұман басты,
Сардардың жүрегінен үрей қашты.
Сардардың бар еді аулақ жерде,
Оңаша тас сарайы тұрған өрде.
Шыңдардан мұнарасы асқан биік,
Толқынын жасыл көктің тұрған сүйіп.
 Биікке шыға алмас басқышы бар,
Шатыры ай-жұлдызбен тұтас шығар.
Күрсінген сонда жалғыз Фітнә ғана,
Күндері өкінішпен өтті дара.
Сол маңда бір сиырдан туды бұзау,
Сол бұзау болды ерке һәм дені сау.
Күн сайын Фітнә оны мойнына сап,
Апарды мұнараға құздағы асқақ.
Көктем мен Сәуірді күн әкелер,
Ай бұзауды қалайша тік көтерер?
Күн сайын әлжуаз жан сол қыз бейбақ,
Бұзауды шықты арқалап құзға бойлап».
Көтерді алты жылдай шың жартасқа,
Өгіз боп бұзау жетті алты жасқа.
Сұлу қыз, гүлдей нәзік ісі ғажап,
Күн сайын зіл өгізді шықты арқалап.
Жіңішке қыз мойыны қандай күшті,
Семірсе өгіз, қыз күші ширай түсті.
Сардармен бір күн кеште қалып жалғыз,
Бір сырды бастады сол шалдуар қыз.
Алқызыл төрт інжуді сырғасынан,
Үзіп ап, айтты сырын қыз жасырған.
 «Сен осы асыл тасты сатып жібер,
Қайырма маған пұлын сатылса егер.
Сатып ал ақшасына өзің қарап,
Сояр қой, алуа –шекер, шәрбәт –шарап.
Бал шарап әнбірәнің иісі аңқып,
Сарайда тұрсын үстел дәммен шалқып.
Падиша келсе бізге шық алдынан,
Тәжім ет, иіп басыңды шұлғып оған!
Жабыс сен шылбырына Баһрамның,
Жайып сал адалдығын арлы жанның.
Баһрам жаны ізгі, кең мінезді,
Келсе үйге қуантады екеумізді!
Осынау мұнарада бұлтты жарған,
Жасаймыз патшаға сай тойды дарқан.
Егер де бұл ойымыз шешім тапса,
Бұрылар тағдырымыз ізгі жаққа».
Алмады гауһардан сол безді сардар,
Мың түсті асыл тастар өзінде бар.
Керекті қазынасынан пұлды жұмсап,
Алдырды той тамағын патшаға шақ.
Мұнда фара, Үндістанның барша дәмі,
Зафран, жеміс, балық, құс симады.
 Райхан гүл, жұпар шарап, тәтті тағам,
Қойылды суфра иісі гүл аңқыған.
Баршасын әзір етті сардар өзі,
Күтті ол шаһтың аңға шығар кезін.
Шұғыл көп жұмыстармен қалған шаршап,
Тау кезіп аңға шықты бір күні шаһ.
Сайдағы құс пен аңды атпас бұрын,
Құс болып өзі торға түсті бүгін.
Таңертең бел-белестен жортып өтті,
Көзіне нулы абат түсе кетті.
Көрді ол жасыл гүлді сая бақты,
Пейіштей бейне ая салтанатты.
Көз арбап жапырақпен жел ойнады,
Деді шаһ: «Мынау қандай байдың бағы?»
Сарайдың иесі естіп шаһ дыбысын,
Ұстады келіп шаһтың үзеңгісін,
Жүгініп жерді жалап,– деді шапшаң,–
«Құлдарға рахымы мол, тақсыр патшам,
Менікі мынау абат сен сыйлаған,
Тамшысы шарабыңның тамды бұған.
Құлыңа ұшпу ізгі болды ая,
Ұнаса жүрегіңе тыным сая.
 Бұл жайым саған жақса мәртебем зор,
Тәкаббар емессің сен, мейірімің мол.
Жалынам кір бағыма гүлім жайға,
Дән – риза,– қарт нөкерің – болсаң мейман.
Сыйыңмен сенің жомарт болдым да бай,
Күмбезі көкті жарған салдым сарай.
Мұнара тұр асқақтап гүлдер орап,
Шаһ сонда жұтса бізден зәмзәм шарап,–
Есігін мұнарамның жұлдыз өбер,
Жұпар жел жан саяға нұрын төгер.
Ағызам өгізден сүт, шыбыннан бал!»
Бұл сөзді шын жүректен айтты деп шан!
Шаһ айтты: «Тілегіңді алдым қабыл,
Аң аулап, кешке үйіңде алам дамыл».
Баһрам нөкерімен кетті жүріп,
Жиһазды даяшылар жатты жуып.
Баршасын сардар өзі шықты байқап,
Кілеммен үй пейіштей тұрды жайнап.
Төселді қос-қос кілем алаңға ашық,
Лағыл мен інжу септі құмдай шашып.
Аң аулап серуеннен оралды шаһ,
Кілеммен Хуттал1 тұлпар өтті ойнақ сап.
1 Х у т т а л – Памирдағы жер аты.
 Шаһ биік басқышына басты қадам,
Көрді ол мұнараны аспандаған.
Күмбезі Хаварнактай асқан биік,
Тұрғандай жұлдызды аспан соған тиіп.
Кәусермен аңқып тұрды дастарқаны,
Әнібрә шарап тәтті астар дәмі.
Тағамға Баһрам тойып болған кезде,
Айналып шарапты ожау, кетті лезде.
Шаһ жайнап, бал шырынды жұтып еді,
Жібітті гүл маңдайын шықты тері.
Деді шаһ: «Қандай досым мерейің кең
Жәннәт қой, басқа үй жоқ үйіңе тең.
Мұнараң асқан биік қандай ғажап,–
Төбесін бұлт арқандай тұр алқалап.
Япырау, алпыс басқыш алып шыңға,
Қалайша шығып жүрсің, алпысыңда!»
Ол айтты: Мәңгі жаса патша ағзам,
Үр қызы құйсын саған шарап-зәмзәм!
Еркекпін, машық маған тау қиясы,
Сатылап шықсам жоқ қой құпиясы.
Ал мұнда бір сұлу бар айдай нұрлы,
Ақ құстай әппақ нәзік, жібек сынды.
 Ал сол қыз мұнаралы сонау шыңға,
Мінгізіп зор өгізді иығына,
Күн сайын апарады арқалап ол,
Сол өгіз қос өгіздей пілден де зор.
Аяғын семіздіктен әрең басқан,
Көтеріп өгізді қыз дем алмастан,–
Шығады алпыс басқыш мұнараға,
Ешбір ер ондай зілді шығара ма?
Шың түгіл жарты қарыс жерге тіпті,
Көтеріп зор өгізді қыздай мықты?
Ал әйел шыңға апарып сол өгізді,
Биікте таңдандырды көк пен құзды».
Қайран қап тістеп алды бармағын шаһ,
«Ғажапты қайдан таптың?» – қойды сұрақ.
«Бұл жалған, рас болса бұл сиқыр ғой тек,
Сенбеймін, көрсетпесең соныңды әкеп!»
Бұйырды – тез жеткіз деп, сол сиқырды,
Дәті жоқ, күтуге сәл әрең тұрды.
Басқышпен төмен қарай шал жүгірді,
Фітнәға айтты бәрін, ұғындырды.
Әккі қыз, күміс түсті білген бәрін,
Әзір де шаһқа айтуға ішкі зарын.
 Мүсінін бөлеп қытай жібегіне,
Ал күрең нәркез гүлді берді өңіне.
Сүрмемен қасын бояп ғажап етті,
Сиқырмен көзінен от жайнап кетті.
Інжуді кипариске шықтай жапты,
Көп жұлдыз шоғырында айдай ақты.
Иығын қолаң шашы, гүлдей басты,
Зәңгідей қара бұрым белде айқасты.
Қап-қара үндістен де беттегі мең,
Зәңгі мен үндіс бойда шайқасты тең.
Сәукеле інжу толған тұр басында,
Шәлісі құс жолындай ай қасында.
Құлақта лағыл жайнап, шашылып от,
Көз тартқан дүкендей бір асылы көп.
Жеті ауа-дәрмекті түгел сайлап,
Он бесте туған айдай кетті жайнап.
Өгізге қыз таянды саспай тіпті,
Қозғады мойнынан мақұлықты.
Көтерді жауһар ойнап тұр астында,
Жарқырап су сиырдай сел-тасқында.
Бұл өгіз жатыр еді түнде оттап,
Арқалап оны шыңға шықты аттап.
 Айналып шатырды қыз өтіп жылдам,
Алдына келді тақтың шаһ отырған.
Күлімдеп тұрды өгізді тік көтеріп,
Баһрам қайран қалды мұны көріп.
Түсінбей есі кетіп, ұшып тұрды,–
«Көрінген түсім шығар бұл бір түнгі».
Өгізді түсірді де мойынынан,
Қас қағып айтты шаһқа, ойын тұнған.
«Арқалап шыңға келдім өгізді мен,
Көтеріп кім барады мұны төмен.
Шаһ айтты: «Бұл өгізді көтергенің,
Талай жыл машықталып төселгенің.
Мойныңды үйреттің сен ауыр жүкке,
Машық қой одан басқа жоқ қой түк те!».
Фітнә басын иіп тәжім етті,–
«Алдияр, тағат етіп тыңда гәпті:
Сен маған зор қарыздар боласың шаһ,
Сен аңды атып едің машықсыз-ақ –
Өгізді көтеруге машық қажет,
Күш емес көп машығым болды медет.
Жасадым, тақсыр, міне, ерлікті мен,
Алдыңа машығымды ізет етем.
 Киікті атқаныңда дәл көздедің,
«Машық қой мұның деп ем – бос сөз дедің!
Бұл сөзден сүйіктісін білді Баһрам,
Пердені айдан жұлып алды жылдам.
Нөсердей көзден жасы моншақтады,
Кешір,– деп еңкілдеді, құшақтады.
Қасынан қуды бәрін есік жапты,
Деді шаһ : «Бұл тас сарай саған жақты.
Сен есен сақталыпсың, мен қате еттім,
Апатқа айдап сені азап шектім».
Отырып шаһ алдына бұрынғыша,
Қыз айтты: «Уа, падишам, болма құса,
Аластап Фітнәңді мерт етіп ең,
Жан бердің кездестің де құдіретіңмен!
Жанымды ғашық дерті езді-ау менің,
Киіккке дәл тиді ғой, көздегенің.
Жебе емес, қорғасын оқ қадалған сол,
Қолыңды тәңір сүйді мейірімі мол.
Мен байғұс аңқаулықпен байқамаппын,
Қарамай сүйіктіме қайда лақтым?
Сондай бір кереметті, не ғайыпты,
Көрмеуге ақауы бар көз айыпты.
 Тақсыр-ау, айыбым ба, жын арбаса,
Күдік сап жан сырымды мұнарласа?»
Ұшпу сөз жылы тиіп жүрегіне,
Деді шаһ: «Сенікі хақ, шын тегінде!
Баһрам жарылар ең, тастай сынып,
Адал дос, сақтамаса сені күтіп».
Сардарын шақырды да сыйлық берді,–
Алқалап асыл тасты, інжулерді.
Көрген жоқ, ондай жомарт патшаларды,
Сыйлады гүлді Рейді, бір шаһарды.
Үйіне қайтты патша, көктем жайда,
Шашу боп, алуа-шекер қасында Айға.
Біткенше жыл маусымы шыр айналып,
Сұлудан тапты ләззат шырайланып.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу