Поэмалар ✍️
БАҺРАМ АЛДЫ ТӘЖДІ АРЫСТАННАН
Шыққан күн алтын тәжбен жайнап жерге,
Ақ тағын шұғыласына бөлеген де,
Сардар мен сұрқылтайы екі шаһтың,
Майданға құрды әскерін екі жақтың.
Сап құрды Арабстан әскерлері,
Аджамның тұрды сонда көп ерлері.
Аңдардың ауласынан айдап келді,
Екі аш арыстанды көзі шелді.
Екеуін қос бағанға қойды байлап,
Қалсын деп арасында Баһрам жайрап.
Аңдарды баққан сонда бас батыр кеп,
Тәж қойды қос арыстан сақтасын деп.
Қос айдаһар қоршаған айдай түсті,
Алтын тәжді жатты торлап екі аң сұсты.
Жай оты айдаһардың қорқытпады,
Баһрам семсерінен бұлтықтады.
Өкіріп арыстандар жаман састы,
Құйрығын ұрып жерге жанталасты.
«Қай батыр бізден тәжді тартып алар,
Кім батып айдаһарға әлек салар?»
Деп ойлар, бірақ Баһрам от жүректі,
Ол талай айдаһарды әлек етті.
Бұлғаулы арыстандар берді тап-тап,
Жебені бөгер бірақ қайтіп аттап.
Шартынша мобедтердің жас Баһрам,
Алдымен тәж алмақшы арыстаннан.
Жеңсе ол арыстанды болады шаһ,
Тиеді алтын кесе астына тақ;
Мәгерки беті қайтса безер тақтан,
Жат жаққа қайтсын безіп біздің жақтан.
Бұл шартты сөзсіз Баһрам қабыл алды,
Сабырмен сол аңдарға жақын барды.
Ол өзі Иемендегі асқан мерген,
Талай аң садағынан жайрап өлген.
Арқандап арыстанды талай тұтқан,
Найзамен талай аңды түйреп жыққан.
Қаһарман жүздеп қырған арыстанды,
Көргенде бұл екеуін құрыстанды.
Қалқанын белбеуіне қыстыра сап,
Жыртқышқа барды Баһрам қарсы сол шақ.
Қаһармен ақырды ол арыстанша,
Тәжді алды арыстандар жабысқанша.
Сәл бұғып арыстандар айбатынан,
Сескеніп арыстандай қайратынан.
Тап берді бірақ аңдар құтырынып,
Найза тез ауызына кетті кіріп.
Шаһ қанын арыстандар жұтпақ еді,
Мирасын патшалықтың құртпақ еді.
Аңдардың бірақ Баһрам, басты мысын,
Бояды аң қанына ақ қылышын.
Бастарын арыстанның қағып кетті,
Майданнан ата тәжін алып кетті,
Басына киіп оны таққа мінді,
Бақытқа тәңір жазып жетіп тыңды.
Тәжді ол арыстаннан тартып алып,
Түлкіні ата тақтан қуды барып.
Баһрам әкесінің тағына мінді
Көк – тәңір шаһ туды деп аян еткен,
Жарық күн шарапатын баянды еткен.
Жұлдызға қарап көрмей шаһтың жүзін,
Байқады сәуегейлер тағдыр ізін.
Арыстан жұлдызының үйірінде,
Баһрамның тақтан тұрды биік мүлде.
Муштари, Мерген, Овна1 Зуһрасымен,
Жайнатты Баһрам үйін пейіштей кең.
Алқалап Утаридты күн аспандап
Берді аян, елестеді сол асқан шақ.
Аспанның нышандары нұрға толды,
Оныншы ай, алтыншысы Баһрам болды.
Бақыттың кесесінен ай нұрланды,
Баһрам қанжарымен қаһарланды.
Кейуанның қолы тұрды таразы боп,
Кең шалқып аясында қазына көп.
Мүбәрәк нышанмен ол түскен жарық,
Ізгі шаһ таққа мінді бақыт дарып.
Тақ – кеме жүзді гауһар теңізінде,
Гауһарды мол таратты елге өзі де.
Қаншама қазынаны жұртқа берді,
Патшалық шарапатын халқы көрді.
«Тәж киіп, шаһ атанған бұрынғы шал,
Тәйірі ұқсамайды мынаған сәл».
Десіп жұрт жаңа шаһтың ісін ақтап,
Мейірімін, даналығын кетті мақтап.
Деді жұрт:
«Даңқың артсын жас патшамыз!
Әлемде асқан әділ шаһсың нағыз!».
1 Мерген, Овна,– жұлдыз есімдері, бұлақ бақытты болудың нышандары.
«Ұлы шаһ!»– деп атады мобедтер де,
Көтерді сұрқылтайлар туын өрге.
Баһрамды бәрі солай мадақтады,
Басқаның әке тағын ел ақтады.
Осылай Баһрам тәжбен асқақтады,
Дабысы жетті жұртқа алшақтады.
Разы боп Алласына, құт бағына,
Оқыды ол мінәжатпен құтпа, дұға.
Баһрам-Гурдың әділет құтбасы
Тағдыр жазып міндім әкем тағына,
Зор құдірет медет берді бағыма.
Мадақ айтып, тәубе етемін тәңіріге,
Хаққа жардың жарылқаймын бәрін де.
Арыстаннан тәжді әперген қанжар ма?
Тәңір мені патша еткен Аджамға.
Тәжді киіп, таққа ие болғанда,
Әділ болам тәңір үшін бар жанға.
Медет берсе жаббар өзі мәрт болам,
Нала болып жүрмесін деп жұрт маған.
Достарым мен сұрқылтайлар сендер де,
Адал жолмен адымдаңдар өрлерге.
Теріс жолдан басын тартқан адал ер,
Әділдіктен ая тауып, гүлденер.
Оң құлағын сақтамаған жарандар,
Сол құлағын қасіретке арандар.
Барша жанға тиер қамқор нәсібім,
Әділдіктің кең ашамын есігін.
Ақ іс үшін алдық қолға билікті,
Әділдіктен жұртым менің сый күтті.
Жауыздыққа –
жауыздықты төндірем,
Ізгілікке –
ізгі пейіл білдірем.
Жасыл аспан жайнап тұрған бұл шақта,
Ізгі жандар тыныш кетсін ұжмаққа.
Тірілерге қорған болам мейіріммен,
Зәбірлемей іспен ізгі пейілмен.
Мүмкін қадар кешіремін айыпты,
Залым болма, мейірімді бол байыпты».
Осылай ақыл ізгі айтты толғап,
Иілді сұрқылтайлар сөзін қолдап.
Кеңесін жақын топпен етіп тәмам,
Кетті ол дем алуға кешке таман.
Биледі ол әділ, дана іспен жұртын,
Разы боп халқы соған берді ырқын.
Әр іске білгірлермен
ақылдасты,
Бүліксіз жұрты тыныш
қауымдасты.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter