15.04.2022
  611


Автор: Қалижан Бекхожин

ҰЛЫМА ӨСИЕТ

Ұланым! Даналардың ұқ ақылын,
Мектебің ғой сол ақыл, сара ғылым.
Білім ғана шын досың, сүйенішің,
Қиындықты шешушің, сүйер күшің.
Тірі пенде қазіргі өлер бір күн,
Мәңгі жайға жөнелер тастап мүлкін.
Ақылым сол: «Сергек бол, жатпа, ұлым!
Мен кетемін бақиға, сақтан ұлым!
Бақыт пен өмір бағын,– бір ұғам деп,
Есімің қасиетті – ол Мұхаммед.
Аян беріп жұлдыздар қойылды атың,–
Көтер даңқын, Мұхаммед шарафатының.
Әз есім тұр даңқтың болатында,
Жетсін төбең көктің кең қабатына.
Барғанымда пейішке мүһмін жұрттан,
Құрмет көрсем ісіңе жұрт болып таң!
Даналардан тағылым ал,
пейілдес бол,
Ұлылық пен даңққа табарсың жол.
Әзіз сөзі бізге аңқыр жұпар гүл боп,
Топастардың көп сөзі – тантық сыр жоқ.
 Достарыңның тек бірі болса бұзық,
Абыройыңды сенің сол кетер бұзып.
Дүлей шымшық алдымен енсе торға,
Ерген құстар шырмалып тулар сонда.
Қажылардың біреуі пұл жасырса,
Қарақшы қанжар сұғар баршасына.
Сапарыңда қалғыма кәрі шалдай,
Шаң болмасын етегің жерде шалғай.
Қараңғы қас үйінде бұл жаһанның,
Аулақ бол сыйқырынан қу жалғанның.
Арбалма сапарыңның қызуына,
Жолың қатер құлама шың-құзында.
Сұңқардай самғасаң да биік көкте,
Күндей боп өткір қара төңірекке.
Бұл сапар саятшыға
көне сапар,
Қас көктің, біл, қадалар садағы бар.
Темірің құрыштай тек шамырқансын,
Жолың тас – магнит қой шымырлан шын!
Ауыр жүк артсаң қазір қашырыңа,
Ойла, құлап қалмасын асуында!
Ой шырмалған қиыннан кілт табарсың,
Қиын істі сонда оңай атқарарсың!
 Сұмдық түстер жаныңды езер кейде,
Ал түсінсең жақсылық сездірмей ме?
Қайғы бізі кеудені шанышқанда,
Төзімнің сауытын ки шалыс болма!
Жалбарын бір Аллаға беріл оған,
Фәнидің өзге ісіне болма алаң.
Құдайға иманыңды таза сақта,
Нан, ұлым, қор болмайсың,
ешбір шақта
Айрылма жауһарыңнан теріп алған,
Жолама залымдарға сөзі жалған.
Ғайбатшыл, имансыздар адал болмас,
Сұмдықты жасар сұмдар өмірі оңбас.
Сұмдықтан – туар деме жақсылықты,
Сұмдық түбі – залымдық пасық тіпті.
Улы және сұм келер залым шаян,
Өлтір сұмды, күнәкәр оны аяған.
Игі ет абзалдықты, онсыз пәссің,
Есікті ашсаң қайта жаба алмассың.
Білімі мол алады қолмен епті,
Шыңнан лағыл – теңізден меруертті.
Білікті бар, есектей құлақ қаққан.
Сорлы сол білмей терең бекер лаққан.
 Айхай бізде дарынын күйреткен көп,
Жалқаулықпен жүр солар құмырашы боп.
Айхай, бізде пәк жүрек, ой соқыр көп.
Мін айтуға құмар-ақ сол пақыр топ.
Егер итті үйретсең құс ұстауға,
Сол құс адал ауламай қалыс қалма.
Әлде неге үйретсең төбетті сен,
Хақ рухына болсын сай, ниетің тең.
Хызырдай мәңгілікті білімді бол,
Әбілхаят суына тамсанып көр.
Тәмсіл бар, нәрлі суық тек су емес,
Ол – досың, жаның, ойың берер кеңес.
Ақыл мен жан деп алып бір санадан,
Жеңеді, мәңгі тірі ақыл мен жан.
Екеуі хақ рухына бірдей құштар,
Шүбәсіз осы жолға, ұлым, түс, бар.
Осы екі жолдың бірін тапсаң бір сәт,
Өзіңді адам дерсің,
боларсың шат.
Тапсаң сен өзге бірді бұл екеуден,
Бас қадам ең биікке, кеңіп кеудең.
Без үштен – үш қанатпен самғау қиын
Без екеуден – екі дінді алдау қиын.
 Ұлым сен үш арқанның ұста бірін,
Үшеуден бір арқанды жаса мығым.
Үшеуден безбесең сен батылдықпен,
Иманнан құр қаларсың тәңір күткен.
Ерлікпен без екеуден тапта бірін,
Құдайың құяр саған рахат нұрын.
Тек жалғызда – даңқ пен өмір, билік,
Одан тыстың бәрі құр нәпсі сұмдық.
Өмірдің бастауында жастық нұрлы.
Табарсың мақсұтыңды, неше қырлы.
Кипаристі қиратса жай садағы,
Қарамай шықпас одан сауса-дағы.
Ұлым, сен таң шұғыласы тұрған шақта,
Ақ жолын таңда күннің қара алшаққа.
Киін фак көктемгі гүл сипатындай,
Иіл сен кипаристей, жебер құдай.
Тоздым мен кетті сәнім, шашым әппақ,
Сарғайдым, бетті қырау кетті қаптап.
Айрылдым қымбат белбеу гүл тәжімнен,
Зіл басты әлсіздіктен шаршадым мен.
Ісіме сарбаз болдым, ер атандым,
Қолымнан қайрат кетті күштен тандым.
 Шырмады уақыт мені құлдай байлап,
Баршаға уақыт солай салар ойнақ.
Құламай келем зағип қанатыммен,
Құлармын жазмыштан не табатын ем?
Егер шешек Ахмадуктің бұзса бетін,
Тапты дер ме ол – сұлулық кереметін.
Қалмай жүр сұм көлеңке қыр соңымнан,
Қалқаным білем түспес оң қолымнан.
Қасірет-ау, тәнім тозды, нәрім солды,
Сонда да ашқарақтық сорым болды.
Мөріндей теңгеліктің салар таңба,
Әркімге ашқарақтық сор ғой жанға.
Уа, Жаббар, шер жүрекке шипа дем бер,
Зәбірден ақылымды ада жібер.
Жарық бер, азап шегем енді қанша?
Түнекке шырақты жақ күн жоқ болса!
Шүбәмен, үрей оймен жараландым,
Қиын ба саған,
жеңіл зілді жанмын!
Бұғаудан босатып ем сор басымды,
Бүгілдім көтере алмай зіл тасыңды.
Шүкрәна аз деміңе берген маған,
Ұлуға шақ – тар үнім – менің панам.
 Өз үйімде бас болып өтсем деп ем,
Біреуге енді қызмет етпен деп ем.
Қарғысын жұлған кезде күшпен төтен.
Ғаріп пен аштарға дәм берген артық,
Сорлының халуасын жеме тартып.
Қанжарын жарқылдатты таң да көкке,
Уа, Низами оян сен, жатпа текке.
Ал қаламды михнаттан сен жалықпа,
Қазынаңның қақпасын аш халыққа!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу