15.04.2022
  130


Автор: Қалижан Бекхожин

ЖЕРДІ СҮЙГЕН ПЕНДЕНІҢ МҰДДАҒАСЫ


Тәжіңе тәжім еткен тақыр басын
Жайнат сен ел өмірін, гүл бақшасын!
Даяшы – ақшам жүзі қоңыр қара,
Таққаны сақина емес, тек ай ғана.
Таң атса дем аламыз еркін ерек,
Ұстаған үзеңгіңді таң ғой жебеп!
Түн келер қоңыр бұйра күнің сенің,
Ордаңа жұпар атар гүл шешегің.
Әппақ румдай күн лезде болар әңгі
Шаһқа қызмет шекпесе сардар сынды.
Аспанның жол ғой жайған дастарқаны,
Бірақ та екеу ғана тастар наны.
Көк жомарт молдығына шәгіміз жоқ
Бірақ көк жеті әлемге бал құяр тек.
Тағдырдың саусағында медет жүзік,
Кетті бақ, дәулетіңе осы шақта.
Аспанның тақты сынды ай да көркем,
Сенің асқақ басыңа келер ме тең?
 Нәрі де тасбұлақтың саған шақ па?
Лай судай сортаң тартқан бір батпақта.
Сенің кең рахымыңнан жартас балқыр,
Ізгілік мейіріңмен тау да шалқыр.
Шуһратка шад-шадыман падишалар,
Жеңіске жомарт бұлтын байлап шабар.
Ол қыстың бұлттары ғой, сенің ғана,
Мейірімің көктемгі күн жарқын лала.
Кейбір шаһ бал берсе де қан төгеді,
Әуелі жанын алып нан береді.
Ал өзің түскен жанға ізгі саяң,
Кеш болсын мейірімің мол біздерге аян.
Ерлікті, абзалдықты білер сол жан –
Ерлік пен ер кітабын көп оқыған.
Ерлікті жауыздықтан айырмаған,
Ерлікті бағалауға болар сараң.
Патшалар мадақтанған ерлікпен тек!
Ел білген дастан-жырда айтылған көп.
Туымыздың даңқы – тек мейірімің мол,
Сенің бақытың жұртыңның қорғаны зор.
Мұндай бақ фарвардинде гүлдеген жоқ
Бағыстан – шаһ мейрімін идірген көп.
 Кейлердей1 Алла бақпен жарылқаған,
«Жеті ерлік», «Жеті сайыс»2 – дабылданған.
Көктемгі жұлдыздардай саған аян,
«Жеті ерлік», «Жеті сайыс» – ісің баян.
Бар ғалам – тән де, оның жаны – Иран.
Айтамын мұны батыл, шындық, илан.
Жер рухы – Иран, соны әмбе білсін,
Жер тәні сұлу рухы биік тұрсын.
Бақытты, ел билеушісі болса дана,
Берілер билік дана, ерге ғана.
Сен елдің жанысың, мен тәмсіл еттім
Жаны бол, тақың сол,– мемлекеттің.
Хызыры мен Ескендірдей болған мадақ,
Білім мен ғадалетке үлгі бол шаһ.
Сол руми тасты айна ғып жарқыратса,
Ал Хызыры тауып тірлік нәрін ашса,
Сол айна бар да шығар қасиетіңде,
Жанды нәр бар ғой булұр зейнетінде.
Байтақты дана патша тұрған билеп,
Бәледен, кесепаттан сақтар ием.
Ізгілік, ерлік, жомарт пейілің хас.
Жердің жеті белдігі саған мирас.
1
Кей – Иранның көне патшалар әулеті.
2
«Жеті ерлік», «Жеті сайыс» – Фирдоусидің «Шаһ-намәсіндегі тараулар.
 Бесіншісі – қолдаушың хақты мақтап,
Алтауын – тұрсың демеп, өзің сақтап.
Аян боп әділдігің кең кемеңгер –
Бағынса бақыт табар талай елдер.
Төрт патша болған екен даңқы күшті,
Бесінші – дәуірі ұзақ,– өзің сұсты.
Арасту1 – Ескендірдің ақылгөйі,
Дарытқан шәкіртіне асыл ойын.
Ануширван өмірін өтті тойлап,
Бузуржмыхр – уәзірі дана ой сап.
Парвиздың сұңғыласы болды Барбед,
Кім айтар асқан одан жыршы бар деп?
Меликшахтың болыпты бас уәзірі,–
Низам Мулк – ісләмнің тас қазығы.
Сен ұлысың олардан бол мейірі кең,
Жыр тоқушы Низами зергерің мен.
Низамиді мадаққа бөледің сен,
Разы ғып ілтипатпен еледің сен.
Өзге патша мейлі көки берсін,
Нәзір берсе кейде бір күмпілдер шын.
Арпаны сорға сепсең зая болар,
Соқырға сүрме жақсаң – не пайда бар.
1
Арасту – Аристотель
 Дән сепсең сортаң қасқа – не орарсың?
Егініңнен ада боп аһ ұрарсың.
Құнарлы жерге дәнді себер болар,
Дарахты саздауытқа егер болар.
Наданға шарап берсе ес қала ма?–
Есірсе ол шараппазды еске ала ма?
Өзіңнен ерлігімен асқан бар ма?–
Тең емес саған ұлы патшалар да.
Алла ашты шындық жолды елһам үшін,
Өнер мен ғылымның сен қалқанысың.
Химиягер қуларға сенбейсің сен,
Сөзіне кәззептердің ермейсің сен.
Жұлдыз-нама шартымен өз атыңмен,
Бұл кітапты өзіңе наз еттім мен.
Рахат сол, жомарт қолмен дән себелеп,
Қайырын мол егіннен алсаң елеп.
Күн жайнап адамзатқа тұрған шақта,
Ашылар өз атыңмен бұл кітап та.
Ұлы шах көп сый берді санамадың,
Сыйды мен қаламыма қаламадым.
Жеті мың жыл үшін мен, көп заманға,
Қайнаттым мен дәмді жеті мол қазанда.
 Рахаттан сый тағаммен, мен баптаған,
Қоректен бақыт үшін бұл сыбағаң.
Жанымды түгел төктім бұл тамаққа,
Адал шын махаббатың тұр табақта.
Туғызған нәсіліңді көк күмбезі,
Тумаң көк, сені тапқан көктің өзі.
Көкке мен қалай шығам жер ұлымын,
Не дермін періштеге?– жер құлымын.
Қазар ем қара жерден арықты кең,
Өсіріп найшакарды1 бағып күтем.
Сол қанттан қойманы мол жасар едім,
Тойыңа қанттан шашу шашар едім.
Болмаса бізге ләзім тойың сенің,
Тойыңды күзетуге тиер себім.
Шаһ күн ғой алапаттан жерді сақтар,
Айна су, менің жаным күн жайнақтар.
Күн түнде ұйықтайды судан асып,
Ал толқын күн шыққанша кетпес тасып.
Маған жат хаят нұры Хызыр емен,
Ал оның дәмін жұтам ұйқыда мен.
Көп жұрттың билеушісі, көп не қазынаң?
Керуен қазына әкелдім, саған жазған.
1
Н а й ш а к а р – қант собығы.
 Құп алсын асылымды сенің кенің,
Ардақта соны, көңілім өссін менің.
Нәрленсе тау егісі жаңбыр жауып,
Ыстықта сусыз кеуіп туар хауіп.
Малдырдың нәрлі суға саусағымды
Үздім мен көп бұлақтан аңсарымды.
Нарқы не маржанымның? Баға жетпес
Өзің біл, алдияр шаһ, бағаңды кес!
Қабылда хикаямды – Зуһраның
Ізінше айымды ерте туғызамын.
Десең сен, суретің аз расымыңда,
Жел қуып гүл бояуым, жасыдым да.
Көп жаса, әділдікпен хаққа сеніп,
Аллаға шүкірлік ет, бақыт көріп.
Мейіріңмен жер ізгілік таба берсін,
Бағыңның шамшырағы жана берсін.
Бақытыңа кесел болар пәле күллі,–
Зәресі ұшып, кетсін жарып түнді.
Жайнасын күн астында дос-жараның,
Көр болсын дұшпандарың сол қалауым.
Апаттан қас-жауларың жер жастансын,
Бастарын тасқа соғып естен тансын.
 Бәрінен күшің артық – ас білімнен!
Жұлдызың алдан жансын, тасып нұрмен.
Еліңді аулақ етсін, Сұбхан Аллаң
Шырмау сап, пәле қолын сұққандардан!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу