Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
15.04.2022
202
Алматыға
Жүрекке табиғаттан сыр тыңдаған
Су екеш суың да ерке сылқылдаған.
Алатау аясында, жәннатында
Кім туып, кім ержетіп, кім тұрмаған.
Алматым, айналайын, алтын бесік,
Сағынбан сені қалай, өзіңде өсіп.
Кілем боп аяғыма оралады
Бағыңның жапырақтары желдей есіп.
Қолымда балбыраған қызыл алмаң,
Бағыңнан өз қолыммен үзіп алған.
Сиыңды апарайын Астанама,
Ежелден жалқы ләззәт маған арзан.
Алматым, мақтанышым, қолда барым,
Көрмесем көп күн сені – көңіл жарым.
Аққудың баласындай аралдағы,
Айықпай қойды өзіңе ынтызарым.
...Алайын шалғыныңа ат шалдырып,
Алдымнан тоспастай ғып жат, жарлымыз.
Келгенше қайта оралып кім бар, кім жоқ,
Кетейін сағынышты хат қалдырып!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter