Өлеңдер ✍️
Тарастың емені туралы жыр
Жүргенде Тарас айдауда
Шаншыған жалғыз шыбығы
Қорықшы болып жайлауда,
Сыңсыта шалып сыбызғы.
Төсінде дөңнің ырғалып,
Найқалушы еді біртүрлі.
Дауылды сонда жыр жазып
Отырды ма ақын, кім білді?
Емен боп өсті сол шыбық
Бертінде бір соқталы.
Түбінен бастау мол шығып,
Жолаушы талай тоқтады.
Қажады қоян байқұстар,
Жолаушы жоқта ағашты.
Жыртқыш емес, жай құстар
Бұтағына оның таласты.
Тамыры терең еменге
Қысың, жазың – бәрі бір.
Тербелгендей өлеңге,
Найқалып баяу әлі тұр.
Шілдеде шыңдап жалынға,
Ұшырар күзде жапырағын.
Шомылып алты ай сағымға,
Қымтанар жердің топырағын.
Жүгірсе жел ызыңдай,
Қармен ойнап далада,
Теңіздің тағы құзындай
Тұрады кел деп панама.
Бұлт үйіріп, күркіреп,
Жаңбырлап, күн ашылса,
Тебіндеп көгі, жер түлеп,
Солған өңін жасырса –
Шырайындай даланың,
Шешек атқан кәрі емен.
Салады түзге назарын,
Тебіреніп үлкен дәмемен.
***
Қырдың қызы тіккен тал
Өсті еменді жағалай.
Құшақтасып, бауырмал
Қарындас пен ағадай.
Кітапшыл дала жастары
Сая іздеп жаздың күнінде,
Қосылады ылғи бастары
Бауырмал емен түбінде.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter