Өлеңдер ✍️

  15.04.2022
  193


Автор: Қалижан Бекхожин

ШАҒАЛА

Жауынды күн, тұрмын мен,
Телегейлі жағада.
Төбелесіп толқынмен,
Сыпсыңдайды шағала.
 Көк нөсері қамшылап,
Құтырады көкжалдар.
Ықты кеме қалшылдап,
Айдында зор жанжал бар.
Өзге құс жоқ бұл маңда,
Аласапыран – ер ісі.
Шүйіліп жүр ойранға
Сұрапылдың серісі.
Қызықтым сол күштіге
Нөсерде шың қағатын.
Майдан теңіз үстінде
Жарқылдатқан қанатын.
Қорып қаздай жайлымды,
Жүрсін бе ол жем іздеп?
Оған ая – айбынды,
Буырқанған теңіз тек.
Үй айналып үйрекше
Жүрсін бе ол күйбеңдеп?
Оған рақат күй төксе,
Селебелі құйғын көк.
Сұрапылдан күй тыңдап,
Сері құсым шағала,
Шүйіл, көктен қиқулап,
Көкжалдарды сабала!
Сенімен бір шағала
Самғар ем, жоқ қанатым.
Емендеймін жағада
Мүлгіп қатып қалатын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу