Өлеңдер ✍️

  15.04.2022
  158


Автор: Қалижан Бекхожин

CОЛ БІР КӨЗДЕР

Асыл көздер...
Экраны ғой жаныңның,
Айнасы ғой – ақылың мен арыңның.
Көзден сезем – ізгілердің мейірімін,
Көзден білдім
Аярлығын залымның.
Көз тигеннен сәбиімде ауырдым,
Талай көздің ұқпай сырын аңырдым.
Нұрлы көздер маған жайнап қараса,
Уыз сырмен мен де ағымнан жарылдым.
Шұғылалы көздеріндей жарымның,
Сүйсіндім мен, көріп аспан жарығын.
Дір еттім де, көріп – талай жанарын
Кірпігінен жалын атқан арудың.
Шипасындай жан сергітер дәрінің
Таптым талай отты көздің дәруін.
Қарашығын қадай қалса қалқалар,
Әлі менің сарқылады сабырым.
Сәулесіндей жарқын жастық шағымның,
Күн көздердің шұғыласына шағылдым,
Қара көздер,
Жаутаң көздер, қайдасың?
Мен солардың ұшқындарын сағындым.
 Көп көрдім-ау, шадыр көздің зәбірін,
Сырлы көзге мен әлі де зәрумін.
Қарасаңдар маған жылы пейілмен,
Айналайын көздеріңнен бәріңнің!
Мін тақпаймын қарасына кәрінің,
Жаратпаймын тек солардың шағырын...
Жиындарда атыстым-ау арбасып,
Сығырымен бұқа көзді сарының.
Байғыз көз бар, сөнер шамдай сықсиған,
Бұзау көз бар, ынта шоқтан сып-сидаң.
Мысық көздер,
Теке көздер аз емес,
Көздер де бар қабар иттей шақшиған.
Қайран көзім көруге бір талмайсың.
Әлем көркін ашқан күнде таңдайсың.
Жайнатып сен тіршіліктің сипатын,
Жүрегімді әсемдікпен арбайсың.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу