Өлеңдер ✍️
МЕН ӘЛІ ДЕ...
Дерсің: Жігіт, қайда сен, ентеледің?
Жас дәуренім өтсе де ерте менің.
Қызуымен сол шақтың өткенімді, –
Тоқсанымда толқындап шертер едім.
Біл жігітім, уақыттың өр билігін,
Өлшеулі
әр тынысың, әр қимылың.
Секундтармен жарыса жүгірмесең
Сездірмей-ақ басыңнан қарғиды күн.
Бұл дәуірден әлі де аласым бар,
Сондықтан да себебім бар асығар.
Менің мәрем жақын ғой...
өлең – жарыс,
Ал өрендер,
жүйткіңдер,
таласыңдар!
Мен әлі де бәйгеге қосқан аттай,
Аршындаймын биікке, босқа лақпай.
Поэзия кеңісін шарықтаймын,
Аспан сырын барлаған космонавтай.
Албырт жасқа
Теңеймін өз жырымды,
Мерейімен жаңғыртқан мезгілімді.
Үн қоссам да өнерлі өрендерге,
Мүсіркеймін сонау жаз мәз күнімді.
Ал, бауырым,
Жырдың тұңғыш сапарында
Озбай жатып
өзіңді сақа қылма, –
Өршіп кетсе өнерің шық алдыма
Қарама, үлкендердің сақалына.
Сондай жасқа сүйсініп таң қалар ем,
Дарындыға ашылған дарбаза кең.
Ексімдей бер!
ал өзім үйлеспеймін,
Кеңкелеспен, кейбір жас даңғазамен...
Бұл табиғат
Бұл табиғат қалай шебер жасалған?
Әсемдікпен асқақтаған қашаннан.
Күмбез таулар,
Тас тұлғалар,
Қиялар,
Мүсіншінің сымбатындай қашалған.
Бұл табиғат қалай әсем жасалған?
Ну ормандар құлпырады қашаннан, –
Бұлбұл сыңсып, қыз қайыңдар бұлғаңдап,
Аршалары аясында жасарған.
Бұл табиғат неге сұсты жасалған?
Батырлардай құздары бар қасарған.
Шыңнан атқан бұйра жалды бұлақтар
Айнымайды үрке қашқан асаудан.
Бұл табиғат неге дүлей жасалған?
Кейде долы, кейде тымық қашаннан?
Соны жеңген құдіретті адамзат
Жас ұрпақпен жылда қайта жасарған.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter