Өлеңдер ✍️

  15.04.2022
  128


Автор: Қалижан Бекхожин

ИСПАН ҚЫЗЫНА

Қиялдың қия кезген сапарында
Шарықтап шықтым талай құзар шыңға.
Көрінді гүл шоқылар арасынан
Арулар ай сымбатты, әсем тұлға.
Солардың бәрінен сен күндей астың,
Алыстан күлімдеген қиғаш қассың.
Сездім мен жүрегіңнің жанған отын,
Қоңырқай жалын жүзді қарындассың.
Көрдім көп сұлуларды үлбіреген, –
Ыстық қан дидарынан білінбеген.
Сүйемін испан қызын отты жүзді
Майданда ерлік даңқы дүбірлеген.
Жайнаған Европаның таңжұлдызы –
Па, шіркін, сүйкімді ғой испан қызы.
Қадалса оқты көзі өштескенге,
Қаймығар айбатынан дұшпан жүзі.
Тамаша көркің жайнап, тұман кештің,
Ішінде дүлей өрттің желдей естің.
Естілді құлағыма ерлік үнің,
Айбынды ұранындай Долорестің.
Әсілі сұлулыққа құштар жаным,
Ару ғой құшағына құшқан жалын.
Еркіндік әлемінен сәуле серпіп,
Жырлаймын өр сипатын испанканың!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу