Өлеңдер ✍️

  15.04.2022
  178


Автор: Қалижан Бекхожин

КӨЗІМДІ МЕНІҢ ҚЫЗҒАНБА


Көзімді менің қызғанба,
Қызықтарды көрейін.
Қызғанба тіпті қыздан да,
Жырыма сыр терейін.
Қараймын қызыл гүлге де,
Иіскейін жұпарын.
Қарап шыққан күнге де,
Таңғы нұрын жұтамын.
Көрейін жылы жүздерді,
Көзімді менің күндеме.
Толқынға қарап жүзгенді,
Адасып суда жүр деме.
Қызғанба менің көзімді,
Пәк дүниені көрейін.
Жаным естіп наз үнді,
Көтерілсін мерейім.
Қыран нұры қарайған, –
Көкке қарап жығылар.
Қызғанба мені қараудан,
Көзім де бір күн жұмылар...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу