Өлеңдер ✍️

  15.04.2022
  317


Автор: Қалижан Бекхожин

БІЗДІҢ КӘРІ ЖОҢҒАРДА

Біздің мынау құз-құз кәрі Жоңғарда
Әппақ шашты аталардай ақ шың көп.
Мүсіндерін бабалар соғып қойған ба?
Ұрпағымды мәңгілікте бақсын деп.
Түксиіп тұр сонау сопақ құз тастар,
Ойға батқан өкінішті бабадай.
Тас боп қатып қалған ер ме қол бастар,
Қайран тауын жау басқанда жағалай.
Шыңға қадап сүйрік найза тастарды,
Қойған шығар жауға сұсты айбар деп.
Дуал-сынды кең аңғарлы асқарды
Соққан шығар ұрпақтарым жайлар деп.
Сонау шақпақ қайрақ-сынды шатқалды
Орнатты ма қайрау үшін қылышын,
Ер кешкенде ереуілді шақтарды,
Жау бұзғанда ел-жұртының тынышын?
Көз жастары аққан шығар селдей боп,
Жақпарында жыра-жыра ажым бар.
Үдере бір шөлге көшкен елдей көп,
Жатыр шұбар қара нардай адырлар.
Кәрі құздар баяғыдан мұз-қарлы
Еріместей мәңгілікке қатқан ба?
 Баба басын шалып қырау ызғарлы,
Сол сұсы ма жауға қарсы шапқанда?
Қошқар тас бар күжірейген тәңірдей,
Сорлы баба зарлап соған табынған.
Жоңғар тауы мыж-мыж көне дәуірдей
Қазындының қатпарынан табылған.
Кескіндер тұр тас бетіне сызылған,
Садақ тартып мерген де тұр қасқиып,
Арқар қашқан Алатаудың құзынан,
Көшпендіні паналаған жас киік.
Шың басына шынарларды тізген бе,
Сақшылардай күзетсін деп даланы?
Есіл баба тастай қатып, біздерге
Тау қалдырды исі жұпар дауалы.
Біздің осы атамекен Жоңғарда
Аңыздар бар, әр құзында бір дастан.
Ұлан-асыр ойран болған қорғанға
Ұқсар құздар баяғымен сырласқан.
Қойшы да жүр, жотасында ән шырқап,
Қоймен бірге қыбырлай ма қойтастар?
Баурайында жаңа толқын жас ұрпақ
Қарап соған толғанып тұр ойлы асқар.
Таңырқаймын, жолаушылап өтерде,
Көзімді сол көнелерден айырмай.
Ата тауға, асқар кіндік мекенге,
Бас иемін баурындағы қайыңдай...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу