Өлеңдер ✍️

  15.04.2022
  426


Автор: Қалижан Бекхожин

МЕНІҢ ЗАМАНДАСТАРЫМА

Қайран менің замандастарым!
Сендермен бірге көріп келем,
Бұл заманның жарқын аспанын.
Октябрьдің ұланымын,
Өмірімнің ұлан-асыр сапарын,
Октябрьден бастадым.
Таң сәріде гүрс еткен
Зеңбіректің даусымен ояндым да
Айналама қызыға көз тастадым:
Маңдайында қызыл жұлдыз бар
Көзі шоқты ағалар.
Ескі сұм жалғанды алқымдап
Көрдім дұшпандарын қуып,
Заңғар обадан асқанын.
Көрдім сол ерлердің
Ауылымды оятып,
Жаңа заман түндігін ашқанын.
Қазір сиреп қалдыңдар-ау,
Есіл сол бір замандастарым.
Сендер жайлы менің –
Тебіренді тұңғыш дастаным.
Мен жүрегіме сақтадым,
Отызыншы жылдар жастарын!
Есімде – нөсерлі шақтарда,
Сол өрендермен бірге кетіп мен
Колхоздың сазды қырларын.
Жұлығы тозған етікпен
Толарсақтан кеше басқаным.
Алғашқы темір тұлпарларды тұмшалап,
 Тулақ сауырларды тілдік біз,
Тілігіңдей қайыс таспаның, –
Сол бір шулы тостарым!
Есімде – дулы ұранға,
Даусымды нәштеп қосқаным,
Қайда жүр сол замандастарым? –
Солар жайлы толқыды
Менің албырт дастаным.
Айбынды замандастарым!
Алапат бұлттар басқанда
Отанымның аспанын, –
Есімде менің сендердің
Кеуделеріңмен оқ қағып,
Табандарыңмен от басқаның.
Сонау сойқан сұрапылда
Жандарыңа темір түйіп,
Аршыдыңдар жаудың шеңгелінен,
Отанымның орманы мен асқарын.
Жанталаста қан кешіп,
Құрбан болған достарым,
Өзіммен күнде тілдесіп,
Мұңдасқан замандастарым, –
Жүрегімнің қайнарынан бұрқанды,
Сендерге шеру дастаным!
Басы қарлы бәйтеректей,
Тарлан замандастарым!
Сендермен сонау жігіт кезімнен,
Өмір белестеріне бірге ентелеп,
Бір сапта ұрандасқамын.
Білімнің де қиясына өрмелеп,
Құздардан бірге асқамын.
Біздер шуақты күнде жалындап,
Борандарда басымызды ақшалап,
Еркін бастық уақыттың қилы тастағын.
 Шүкірәна! Мақтан достарым.
Біріміз ғалым,
Біріміз заржақ ақынбыз,
Біріміз еңбек еріміз.
Біріміз кешегі әкімбіз,
Ардагерміз – бәріміз
Сыйлымыз, замандастарым.
Рас кейде күрсінеміз
Ойлап жақсы күндердің
Келмеске зулап қашқанын.
Кеудемізде көкей – кескендей,
Күңіренеді жастық шақ –
сол жазғы елес,
Әлі де бізге тең емес,
Біреулер бізбен егескендей,
Сексенде де
Бізді күндейтіндер аз емес.
Мен жүрегімнен –
Сол зілдерді сілкіп тастадым.
Сендерді мүсіркесін деп,
Сабаз замандастарым,
Шалқиды менің
Шадыманшыл дастаным...
***
Жырларымның бәйшешегіндей,
Әйел замандастарым!
Санамда сақталған пәк сезімдей,
Жан сырларымды,
Сендерге ғана ашқамын.
Құрбы қыздарым қуансын деп,
Ақша гүл моншақтарын
Қара шаштарыңа шашқамын.
Мәз үндерің, наз үндерің
 Жүрегімді қытықтап,
Қозғаушы еді-ау,
Арманымның аспанын.
Енді кездескенде күлгенсиміз,
Жасырғандай әжімдердің астарын.
Шаштарыңды қылау бүркепті,
Қалқаларым-ау, бозарып кеткен бе,
Мен сипаған қара қастарың?
Не шара? Кәрілікті алғамыз жоқ
біз қалап.
Уақыт дауыл әкетті,
Гүл күндерімізді жұлмалап
Мен де ата жастамын.
Разымын бұл шаққа да, –
Жар құштық, өрімдер өсірдік...
Өкінішті ойға сақтама, –
Десек те – жоқ па бізде басқа мұң?
Арман жоқ па жүрген әлі жанасып?
Кейіміз адал жарды, дәл таппай,
Кейіміз шын ғашықтан адасып
Қармағына түстік басқаның.
Сендердің сол мұңдарыңды
Көздеріңнен көрем де
Сыры кетсе де, сыны кетпес
Аяулы замандастарым,
Сендер үшін төгілді
Махаббатшыл дастаным.
Мен ұлы дәуірдегі ақсақалмын,
Даңқтылар менің замандастарым!
Папаниндер Арктиканы барлағанда,
Мен шарлауды аңсағанмын,
Әлемнің түпсіз аспанын.
Көрдім енді,
Менің армандастарым, –
 Гагариннің Ғарыштан әрі асқанын,
Қиялымыз зымыран –
Космонавтың кемесіндей,
Қусырып келеміз
Уақыттың жүйрік шақтарын.
Кремльде кеңесіп,
Коммунистер сызды,
Коммунизмнің
Ұлан-ғайыр жоспарын.
Кемеңгер партия шақырды бізді биікке,
Дарқан далама жар сап,
Мен жырыммен қостадым.
Бұл ғасырды барады алға жетелеп
Коммунистер – Менің замандастарым!
Бүгінгі асыл жастарым, –
Менің ғасырластарым!
Қуанамын өрендерім шыңға шықса,
Жырлаймын
Солардың басқан асқарын.
Күлімдесе қыз-жігіт,
Күбірлесе – жас сырластарым,
Рақат табамын солардың лептерінен,
Солар менің жас шағым,
Жас ақындарыма жаным ырза
Мен бәйге көкпен,
Жыр жарысын бастадым
Қайрат пен Фариза,
Менің гүлдей достарым,
Сендер, зымыраңдар, космонавтай,
Поэзия көгінде жазып,
Дәуірдің жаңа дастанын, –
Ырза болсын сырластарың,
Ырза болсын –
Менің замандастарым!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу