Өлеңдер ✍️
AЛАТАУҒA
Тусам да теріскейде, қыр бетінде,
Тау-бесік, қиялымды тербетуге.
Күн сайын асқарына Алатауым,
Қараймын ойларымды өрлетуге.
Жалғанның жартысындай алып тұлғаң,
Құз басың қарағанды қызықтырған,
Күн сүйген, күміс төбең ақ күмбездей
Аспанды мұнарасы сүзіп тұрған.
Шығысқа шұбата сап зор жотаны,
Қамалдай қарлы құзың өр жатады.
Құж-құж тас, құламалы шатқалдарың,
Тасқындай күркіретіп су атады.
Баурына бура түсті бұлттар шөгіп,
Кенет бір ақ көбігін кетер төгіп.
Ақша гүл, алма ағашы – тау алқасын,
Қуанам жас баладай тұрсам көріп.
Қуантқан емес мені тастар ғана,
Атағың шықты сенің аспанды ала.
Өр биік республикам кеудесіндей
Алатау, сая болдың астанама.
Ағылып күнбатыстан, күншығыстан,
Жас қазақ түлегіндей саған ұшқан.
Аңғарың арнасындай ой мен сөздің,
Төсіңде жыр тоғысқан, ән табысқан!
Келіп ем қанат қағып асқарыңа,
Күй салдың менің-дағы жас жаныма.
Қымсынған менің бала дауысымды,
Көтердің дауылыңмен аспаныңа.
Күркіреп өзенің бар құздан атқан –
Өр дауысын құлағыма құйып аққан.
Көкпенен гуілдескен бәйтерегің,
Ойыма өршілдікті ұялатқан.
Оранып гүлдеріне Алматының –
Атпенен ақын деген қайта тудың.
Көріп мен адамыңның күн келбетін,
Бақыттың жыры болдың айтатыным.
Алсам да дала нұрын, өзен демін –
Тау тербеп көтерілді кеудем менің.
Шыңынан шалқып ойым, осы таудың
Өршіген өзегінен өлеңдерім.
Санаймын Алатауды сырласыма,
Уа, тауым, көтер мені шың басыңа,
Құзыңды басып тұрып қарайын бір
Даламның айдыны зор тұлғасына.
Қараймын жазығына, ең шетіне,
Жарқын жүз жандарының келбетіне.
Айбын бер дауысыма, Алатауым,
Соларға өлеңімді өрлетуге!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter