Өлеңдер ✍️

  15.04.2022
  139


Автор: Қалижан Бекхожин

БРИГАДИР ТУРАЛЫ ЖЫР

Жапан түзге жасап жатыр қыс бүлік,
Қар жасағы ойнақтайды ысқырып.
Қиян қырдың аспанында жүр жосып
Ақ шудалы аппақ бура түсті бұлт.
Қар тынымсыз белестерге борайды.
 Ақша таулар басты жазық маңайды.
Белуардан қарға батқан жас жігіт
Бұрқасынға күлімсіреп қарайды.
Қамаласа қалың құйын жасағы,
Ұмтылып жас, құшағын кең ашады.
Қабағы мұз,
Мұрты қырау сол жігіт
Қар құрсанып қырда нығыз басады,
Ұмтылады боранға қыр серісі,
Құйын дала –
Бейне майдан өрісі.
Боран – дабыл
Ұрыстарға қағылған,
Бұл басталған –
Қырдың жазғы жеңісі.
Алды оның қалың қорған аққала,
Тұр сыртында тракторлар топтала.
Айқайлады ол:
«Ей, құйындар, лақпа сен,
Аспан нұрын төк жеріме, қапта да.
Көрсін аспан
Қар моншақтың ізінен
Қыр жұлдызын қызыл дәнмен тізілген.
Қар астында өрнегім бар оюлы,
Соның буы қыздырып тұр бойымды.
Соқ, соқ боран,
Жүгір, құйын, ойнақта,
Күміс қарды қырларыма жайнат та,
Қар маялар орнына дән мая
Орнатамыз мынау маңғыт аймақта!» -
Деп қайсар жас,
Қар боратып төсіне
Басты алға,
 Келді жайнап есіне.
Дулы көктем кестелеген барқыт қыр,
Алтын күзде толқындаған несібе...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу