Өлеңдер ✍️
ЖЫЛ КЕЛЕДІ
Қағып аппақ қанатын жыл келеді,
Қарлы мамық қаусырған қыр белеңі.
Қаз бұлттарға кестелі тосты төсін,
Қыспен бірге құйындап жыр келеді.
Жыр келеді
Тербеліп бірге мені,
Толқындады даланың тың өлеңі.
Миллиард пұт жеңісі қыр туғызған,
Дастан болып бұл жылға тіркеледі.
Жылжыды жыл жыры көп,
өмірге тың
Кестеледі дәнменен қырдың бетін.
Жапанға да жан берді,
әр тынысы,
Жүйткіп келер жылдарға жыр беретін.
Келдік жүзбен жалындап жыл басына,
Ән шырқалды шығанның қырқасында.
Құйын қарда жүз мың жас шықты
жайнап,
Жаңа жылмен жапанда сырласуға.
Келген олар,
Қасымен қағып қарды,
Дүбірлетіп ақ таулы адырларды.
Борандарды бұқтырып лебіменен,
Басып қырға, батпан күш адымдарды.
Қырда жеміс гүлдеген сол іздерден,
Жыл табысы теңелер теңіздермен.
Жаңа жылға тосамыз ыстық бетті,
Сәулет берген өмірге,
Жеңіс берген.
Заводтарда,
Қалада,
Қиырларда,
Жеңістердің жалынын түйіп жанға.
Күле қарап қыраулы көк күйіне,
Даусымызды қосамыз құйындарға,
Шығандарға шырқасын құйындар ән,
Жас дауыстар жеткізсін жырын маған
Жаңа дастан бастаймын
жыл сырынан,
Жаңа күймен алдымда биле, боран!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter