Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
15.04.2022
191
Студент анасына
Еседі лебің лапылдап жанған,
Сағындың ба, қамқоршым, анам?!.
Шығар ма естен құшағың жайған,
Аттанарда ауылдан балаң.
Талаптың туын көтеріп жүрмін,
Жарқылдар көкте жасындай көріп.
Кеудеме салған, отыңды үрдім,
Отыңды үрдім, үңіле төніп.
«Құлыным әлде жүр екен қайтіп?», –
Дей көрме анам, дей көрме, жаным.
Ұланың отыр өлеңін айтып,
Отанның жағып раушан шамын.
Өтеді күндер, өтеді сырғып,
Қалады жарқ етіп жылдар;
Берерлік саған мәңгілік жыр ғып,
Жүрегім толған ғажайып сыр бар.
Болса да қораш көруге сыртым,
Ұланың ойлы, алып қой жұртым.
Ішінде жүріп көрмеген байқап,
Ашылар жаңа дүние бір таң.
Ұшқындай бүгін, лаулармын ертең,
Арманның отты қанатын самғай.
О, дариға, соны бір көрсең,
Бетімнен сүйіп шалқыған айдай!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter