12.04.2022
  165


Автор: Қалижан Бекхожин

СОЛ ЖИЫННЫҢ ӘСЕРІ ӘЛІ ЕСІМДЕ

1934 жыл, июнь айының алғашқы күндерінде мен Семей қаласына жас жазушылардың облыстық конференциясына Павлодардан делегат болып келдім. Павлодар қаласында (онда Семей облысына қарайтын аудан орталығы) біздер, жаңа ғана қалам ұстаған жастар әдебиет үйірмесін ұйымдастырған едік. Ол кезде әлі жарытып өлең-жыр жаза қоймасам да, аудандық газетке бірлі-жарым өлең, очерк жазып жүрген және де әдеби шығармаларды көбірек оқуға құмар мен, сол үйірмеге жетекші едім, үйірмеде белсендісі болғандықтан мені облыстық жас жазушылар конференциясына делегат етіп жіберді.


Конференция Семейдегі Ертіс жағасындағы клубта ашылды. Конференцияны ұйымдастырып басқарған Рахым Уәлиахметов жазушылардың Қазақстандық ұйымдастыру бюросының уәкілі екен және Семейдегі қазақ драма театрының директоры да екен. Р.Уәлиахметов сұңғақ бойлы, сымбатты, әдебиетші, сыншы, эрудициясы терең жігіт екен. Сол жиында жасаған баяндамасында, партияның арнайы шешімі бойынша жазушыларды топқа бөліп келген қырсыз ұйым – РАПП (Россия пролетар жазушыларының ассоциациясы) таратылып, қаламгерлер бірыңғай Совет Жазушылар одағы болып құрылады деп түсіндіреді бізге. Сондай-ақ ҚазАПП-та ажыратылып, оның орнына


 


енді Қазақстан Жазушылар одағы болып ұйымдасады, алдымызда ашылатын қазақ жазушыларының бірінші съезі – сол ұйымды құру үшін шақырылып отыр, деп қорытқан еді сөзін.


Семейде өткен конференцияға Семей облысының шартарабынан – Өскеменнен, Қарқаралыдан, Аякөзден, Шыңғыстаудан, өзге де аудандардан бірсыпыра жас талаптар қатысты. Шама-шарқымызша сөйледік, өлең оқыдық.


Реті келген соң еске ала кетейін, сол жиынға ол тұстағы белгілі сыншы, бұрын «Социалистік Қазақстан» газетінің әдеби бөлімін басқарған, бұл кезде Семейде шығатын «Екпінді» газетінің редакторы Құлмырза Өтепов қатысып, келелі сөз сөйледі...


Конференция соңында кәдімгідей көпшілік дауыспен делегат болып сайланып, бір топ жас ақын-жазушылар Алматыға бірінші съезге келдік.


Съезд Пушкин көшесі мен Гоголь көшесі жалғас бұрынғы Парткабинет, сол тұста қазақ музыкалық театры атанған үйдің кең залында ашылды. «Съезді ұйымдастыру бюросының төрағасы Ілияс Жансүгірұлы ашып, ұзақ сөз сөйледі, Совет Жазушылар одағының құрылу мақсаты мен міндеттері жайында баяндама жасады.


Сол съездің өткеніне, қазір міне, 50 жыл болыпты. Көрген, естігеннің бәрі есте қала бере ме? Және ол кезде аңғал жаспын да ғой. Бұрын шығармаларын ынтыға оқып, дидарларын көруге құштар болып жүрген мен, президиумда отырған атақты аға жазушылардың жүздеріне елти қарай беріппін, Президиумда белгілі жазушылардан Ілияс, Сәкен, Мұхтар, Сәбит, Ғабит, Бейімбет, Ғали, Тайыр, Асқар, Әбділда тағы басқалар отырды. Солардың қатарынан бұрын менің көргенім Ғабит ағай ғана еді. Ғабит Мүсірепов 1933 жылы Павлодар қаласына  командировкаға келді.  Ол кезде


«Социалды  Қазақстанның»  Павлодардағы  меншікті


 


тілшісі Біләл Оспанов деген жігіт еді, өзім де газетте қызмет істегендіктен ол кісімен таныс едім, жүгіре жортып Біләлдің пәтеріне бардым, барсам Ғабаң сол үйде түстеніп отыр екен, тамақ ішіп отырған бөлмеге кіріп барып сәлем беруге батылым бармады, соны сезген Біләл: «Ғабаң кешке циркке барады, Қажымұқанның күрескенін көрмекші, сен циркке кел, сәлем бер», – деп кеңес берді.


Кешкілікте Ғабаң циркке бара жатқанда аңдып тұрып иіліп сәлем бердім. Мені Біләл «талабы бар жас ініміз» деп таныстырды, Ғабаң өзінің байырғы әдетінше тұйық пішінмен бір қарады да циркке еніп кетті, атақты Қажымұқанның ерен балуандармен арыстанша айқасқанын сүйсіне көріп отырды...


Қазақстан жазушыларының тұңғыш съезінен есімде айрықша қалғаны Сәкен Сейфуллин, ол кісінің съезде сөйлеген өнегелі сөзі. Сәкен ағай өзінің сынға, мысқылға толы сөзінде қазақтың әдеби тілін таза сақтауды, жас ұрпаққа қазақша сөйлеуді, әдебиет оқуды үйретуді ерекше екшелеп айтты. Кейбір белгілі жазушылардың балалары қазақша білмейді, орысша білмейтін шешелерімен де орысша сөйлеседі деп, әлгі жазушының өзі жуықта ғана Москвадан орысша үйреніп қайтты деп мысқылдап, жиында жұртты ду күлдірді.


Съезде сөйлегендердің қатарынан тілтану ғылымының білімпазы Құдайберген Жұбановты ерекше атамақпын. Бұл білікті кісі әдеби тіл – поэзия тілі туралы, Абай поэзиясының әсемдігі туралы дәлелді ғибрат сөз айтты. КазПИ-де оқыған шағымда бұл кісі бізге өте өнегелі ұстаз болды, менің білімімнің жетілуіне Сәкен, Мұхтар және Құдайберген өте игі ықпал жасады. Осы съезд күндерінде маған ерекше ұнаған жүзі жылы ақжарқын ақын Тайыр Жароков болды. Осы тұста жаңа ғана ірге тепкен Көркем әдебиет баспасына Тәкең редактор болып белгіленген. Тәкең жас ақындардан «Жинақ етіп шығаратын өлеңдерің бар


 


ма? – деп сұрады. Мен сол сұраққа: «өлеңім аздау болып тұр», – деп күмілжідім. «Кәне, сол өлеңіңнің бір-екеуін оқышы», – деді Тәкең. Мен Тайыр ағаға оңаша жерге барып оқимын деп өтіндім. Жазушылар одағынан екеуміз шығып кетіп, бір тиімді жерге бардық. Өлеңім туралы шын көңілмен ақыл айтты. Сол тұстан бастап мен кейін Тәкеңді өзіме жанашыр шын дос көріп келдім. Қазақстан жазушылары осы съезде Қазақ Совет жазушылары одағы болып ұйымдастырылды. Съезд күндерінде                             қатысушыларға        арнап          «Шұға»            және


«Айман-Шолпан» музыкалық пьесалары көрсетілді. Сол тұста ғана есімдері мен өнерлері белгілі бола бастаған Күләш, Қанабек, Құрманбек, Шара сияқты сахна шеберлерін, әнші, саңлақтарын алғаш көріп, әуендерін есітіп қайран қалған едім. Театр өнерінің ұстазы Жұмат Шанинді де осы съезде көріп сәлем бердім. Аты әйгілі Жұмат ағайды мен 1927 жылы бала кезімде Керекуде көріп едім. Жұмат Шанин өзі жазған


«Арқалық батырды» Павлодар сахнасында бір жұма бойы жұртшылыққа көрсеткен еді. Қалибек, Елубай, Қапан сынды сахна ардагерлерін сол жолы көрген едім. «Арқалық батырды» сол көргенім өзіме зор әсер етті. 1932 жылы Павлодар қаласында театр үйірмесін құрып, «Арқалықты» жұмыскер клубында спектакль етіп қойдық. Онда жиырмаға жетпеген кезім, әліме қарай мен Әжі хан ролін атқардым...


Съезд тұсында қойылған «Айман-Шолпанды» қызыға көргеннен кейін, ертеңіне делегаттар тамақтанатын ресторанға (Октябрь көшесіндегі бара қалып едім, ресторанның төрінде бір жағында Айман (Күләш Байсейітова), бір жағында Шолпан (Әнес Ержанова) – ортасында ынтызар мейірмен күлімдей қарап Ғабит ағай отыр.


Қазақ совет жазушыларының алғашқы съезі болып жатқан шақта халық өнерпаздарының слеті де қатар өтті. Бұл слетке Қазақстанның шартарабынан


 


әншілер, күйшілер, тағы сондай өнерпаздар жиналды, әрқайсысы өздерінің өнерлерін сахнаға шығып көрсетті. Бұл слетті республиканың оқу комиссары Жүргенов ағайдың өзі басқарды. Бұл байқауда тамаша өнерімен ерекше танылғандардың қатарында – сол тұста есімде сақталғандар – Ғарифолла, Балабек ақсақал, Нартай, Әли Құрманов, басқа өнерпаздар есімде бұлдыр-бұлдыр ғана елестейді. Қазақ халқының көптеген ән-күйін ертеден нотаға түсіріп кітап етіп бастырған А.Затаевичті мен жиын кезінде көрдім. Федерация паркінде қария әнші-күйшілерді алқа-қотан отырғызып ортасында Затаевич отыр екен.


Қазақ Совет Жазушыларының тұңғыш съезінің ақыры Алатау жотасында аяқталды. Сол кездегі Казсофпрофтың төрағасы, белгілі әдебиетші, партия қайраткері Қамза Жүсіпбеков бүкіл съезд делегаттарын


«тойтарқарға» тауға шақырды. Әлі есімде «Каменское плато» курортының шығыс жағындағы тау жотасына Қамза ағай бірнеше киіз үй қондырыпты. Тау кертештеріне кілем, көрпе төселіп, қойлар мен тай сойылып қазан-қазан ет асылды. Көгалда кілем үстінде тегене-тегене қымыз, түрлі тағамдар мен ішімдіктер бар. «Тойтарқарға» жиналған съезд адамдары, әсіресе біздер – жастар мұны көріп мәз-мейрам болдық. Қамза ағай жазушыларды құттықтап сөз сөйлеп, мерекені ашты да, жиынды басқаруды Сәкен ағайға тапсырды. Сандық таста, кілем үстінде отырған Сәкен ағай тойды өзінің әзілді-мысқылды сөздерімен, саңқылдаған даусымен қыздыра түсті. Сәкен аға әуелі жас ақындарға өлең оқытқызды. Мұндай мәртебелі мерекеде өлең оқып көрмеген жасқаншақ басымыз өлеңімізді келістіріп оқи алмаған да шығармыз.


Одан кейін Сәкен жастарды күреске шақырды. Бірнеше жігіттер алысып күресіп жатыр, менің күреске икемім жоқ еді, Сәкен ағайдың көзінен тасалау тұрдым. Сол күрестерде ерекше күш көрсетіп, көп жігітті сілейте


 


жыққан балуан жігіт, ақын Қасым Тоғұзақов болды...


Қазақстан Совет жазушыларының бірінші съезі өткелі елу жылдан астам уақыт өтті. Ол кездегі аңғалдау мен съезде көргендерімнің, естігендерімнің көбін ұмыттым. Сол съезге қатысқан белгілі жазушылардың, жас қаламгерлердің көбі дерлік ерте дүние салды. Сол бірінші съезге қатысқандардан көзі тірілер – Ғабит Мүсірепов, Әбділда Тәжібаев, Мариям Хакімжанова, Сәду Машақов қана. Әрине, онда мен белгісіз жас едім. Менің бұл естелігімде кемістік болса, артық айтылған жайттар болса, аты аталған ағалар толықтырар.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу