Шығармалар ✍️
ЗЕРДЕЛІ ЕДІ ЖАСЫНАН
1929 жылдың қысы болса керек. Мен ол тұста өзімнің туған Керекуімде, 2-басқыш мектептің бірінші класында оқитынмын. Одан бұрын діни оқуда үш-төрт жыл шырмалғанмен, кейін үш жыл совет мектебінде оқып келіп, бесінші класқа барабар осы сатыға әрең жеткен едім.
Тап сол күні, қар жапалақтап жауып тұрған еді. Сабақ аралығындағы үзілісте шәкірт балалар далаға гулесе шықтық. Бұл екінші басқыш мектепте сабақ орыс тілінде оқытылатын. Мұндағы қазақ балалары орыс балаларына қарағанда көбіне ересек келетін. Ересек дегендер әрқилы оқуда айналып, біраз жүріп қалған он алты жасарлармен сабақтас он жеті, он сегіз жастағылар бар еді бұл мектепте.
Ойын десе есім қалмай аласұратын әумесер басым, жерге түскен жалпақ қарды жұмарлап алдым да, басқа бір салмақтылау баланың сөзін тыңдап тұрған Қабыш деген баланың арқасынан сол қармен соғып жібердім. Момын, аңқау Қабыш маған жалт қарады да, әдетінше сабырмен:
– Жындымысың? Зейіннің әңгімесін тыңдап тұрған жоқпын ба, кел, тыңдасайшы, – деп менің ойынымды жақтырмай қалды.
Сәл шалдуар болсам да, бала жасымнан біреудің аузынан соны, қызық әңгіме естуге құмар едім. Қабыштың (бұл екеуміз сабақтас едік) қасына келіп тұра қалдым, тағы да үш-төрт бала Зейінге қарап тұр екен. Зейінді сірә, анықтап тұңғыш көргенім осы шығар, орта бойлы, талдырмаш, сүйкімді бала жігіт, қоңырқай көздері ойлы сырмен ұшқындап, үлкендерге лайық сабырмен сөйлеп тұр екен. Бұйралаң шашының ұштары елтірі құлақшыннан шашырап шығып тұр, ықшам ішігі өзіне жарасып қалыпты, бұл пішінде ол маған менен ересектеу болып көрінді де біздің Керекудегі жас
«қаратаяқтардың» біріне ұқсап кетті. Бірақ сөйлеп тұрған сөзі мен көріп-біліп жүрген «қаратаяқтардың» әңгімесінен бөлек, тіпті мен сірә естімеген бір оқшау жайлар секілді. Зейін тегі сөз төркінін әріден бастаған болу керек, бас жағын ұғынбадым, есімде қалғаны да сол ғана:
– Плехановтың искусство жайында жазған пікірлерін оқып жүрмін. Бұл кісі терең білімпаз. Оның пәлсапасы мен көп кітаптарын Ленин өзі жоғары бағалаған. Өнер туралы қисындар мол, – деп беріле, білгір мұғалімдерше еркін сөйлеп кетті. Сөзінің соңғы жағын ойнақы ой сарайыма оншама берік орнай қоймаса да, ынтамен тыңдадым. Плехановтың дегені, есімде, сол сәтте менің құлағыма тосындау немесе алыстағы бір жат ағайынның есіміндей болып естілсе де, қиялыма, өзіме мәлім қосшы ұйымының бастығы Білеуханов елестей
қалды да, Плехановтың атын еске жаңылмай сақтауға көмегін тигізді.
Қабыш мені Зейінге таныстырды ма – ол арасы есімде қалмапты. Бала шағымнан өзімнен көбірек білетінге ұйып ен қоятын әдетімше, мен Зейінге ізетпен қол бердім.
Қоңырау қағылды да, үзіліс аяқталып сабақ қайта басталып кетті. Зейін менен екі класс ілгері оқыды. Ол өз класына кетті. Мен оқитын класта жас мұғалім Балашов қоғамтану сабағын өткізіп жатты. Сол кездегі оқытушылар қатарынан маған ұнайтыны осы жас мұғалім Балашов болды. Білімді, албырт, өзі бұйра шашты, көрікті, шалқып тарихты жеткізе шежірелейтін. Балашов Пугачев көтерілісі жайында шешіле сөйлеп тұр. Бір кезде А.С.Пушкиннің «Капитан қызын» әңгімелеп кетті. Бұл кітапты ол кезде оқымасам да «Капитан қызы» деген киносуретті ынтыға көрген едім. Сол бала шағымда өткен замандағы орыстардан жүрегіме жылы ұялаған Пушкин мен Пугачев бейнелері болса керек. Осы ардақты адамдар жайында біздерге шалқи айтып тұрған шақта маған мұғалім Балашов жаңа ғана Плеханов туралы білгір сөйлеген Зейін болып көрінді.
Бала шағымда Зейін Шашкинге деген менің ыстық пейілім осылай басталды.
* * *
Бала болсам да Шашкин әулетінің есімдері менің құлағыма бұрыннан сіңіскен еді. Менің әкем Нұрғожа Баянауыл атырабының Қызылтау аталатын бір шоқысында туып өссе керек. Зейіннің ата жұрты, шағын Қозған ауылы да осы Қызылтау бөктерін мекендепті. Революциядан бұрын біздің руымыз Тұлпар ата мен Шашкиндердің тұқымы Қозғандар – бір болыс ел болыпты. Мұны мен әкемнің ауызекі әңгімелерінен сөз арасында естіген едім. Ал революция алдында сол
Тұлпар-Қозған жұртына аз уақыт болыс болған, кейін Совет үкіметіне беріліп қызмет еткен Әбушақман Нұржанов Керекудегі біздің үймен іргелес көрші болды. Бұл – оқыған инабатты кісі Шашкиндермен аталас екен, адвокат Әбушақманның үйіне Зейіннің Павлодар маңында жауапты партия, совет қызметтеріндегі ағалары Сағымбай мен Дайырбай Шашкиндердің кейде келіп жүретінін байқаған едім.
Дайракең Кереку уезінен жерінен өзге жаққа қызметке ертерек ауысты да, Сағымбай менің туған қаламда көп жылдар қызмет атқарды. Реті келген соң айта кетейін Дайырбай да, Сағымбай да білімді, өнерлі кісілер еді, Дайракең (кейін білдім) өлең де жазатын, әдебиетке құмар кісі еді, ал Сағымбай ағайдың уездік партия комитетінде қызметте жүріп, сахна үйірмесін ұйымдастырғаны, Павлодардың жұмысшы клубында спектакль қойып, өзі пьесадағы басты бейнеде ойнағаны әлі есімде. Мен ес білген шақта, тап әлгі кездесуден бұрын Зейін Шашкин Керекуде болмаған секілді. Болса осы бір зерлі баланы бұрын неғып көрмедім екен? Бертін дос болып, біте қайнасып кеткен шағымызда да мен досымның өзінен сұрамаппын. Сол кезден бері біле алмай әлі қайранмын. Қызылорда да ма, өзге бір ірі қалада ма оқып білімденіп қалған Зейінді біздің жұпыны Керекуге қандай себеп қайырып келді екен?
* * *
Жас Зейін өзінің білгірлігімен, өнер талабымен сол шәкірт шағында-ақ Павлодар жастарына белгілі, сүйкімді бола бастады.
Сағымбай бұл тұста қызмет жөнімен басқа ауданға ауысса керек, қаладағы ойын-сауық мәселесіне енді інісі Зейін белсене кірісті. Біздің мектептегі жоғары класс оқушыларынан, педагогика техникумы студенттерінен бейімі барларды жинастырып, драма үйірмесін ұйымдастырды. Оның білгіштігіне ден қойып, кейін мен
де Зейінге үйір бола бастаған едім, сол үйірмеге мені де іліктірді. Ол кезеңдерде авторының кім екенін елемей түрлішесарынменжазылғанұсақпьесаларбіздің Кереку сахнасында дулы-дулы болып қойыла беретін. Әдебиет қисындарынан сол жас, балаң шағында да әжептәуір хабардар Зейін, сірә талғап іріктесе керек, алдымен жұмысшылар клубының сахнасына «Зарлық» атты пьесаны әзірледі. Бұл пьесаның авторы Өмірбек Оспанов екенін (Қазақ ССР академиясының корреспондент- мүшесі, топырақтану ғылымының ғалымы) мен кейін білдім. Пьесаның сахналық режиссері де, мұндағы бас кейіпкер Зарлық ролін атқарған да Зейіннің өзі болды. Маған Зейін сахнаға кіріп-шығып жүретін бір жылпостың қызметін жүктеді. Керекудің кең клубына (Луначарский мен Ленин көшелерінің түйісінде әлі тұр) қала жұртшылығы, әсіресе жастар мол жиналыпты. Артынан естіп білдім – пьесаның аты «Зарлық» дегенге жұрт мұны «Мұңлық-Зарлық» қиссасына байланысты уақиға шығар деп түсінсе керек. Анығында, бұл пьеса революцияның бас кезеңіндегі қиыншылық жәйттерге байланысты туған ауылдағы тап тартыстары жайында еді. Пьесаның бас қаһарманы Зарлық ролін атқарған Зейіннің сондағы әрекеті, ашынған зарлы үндері әлі күнгедейінменіңқаперімдесайраптұр... Таршылықтан, байлардың сұмдық қылықтарынан аштыққа душар болған, ата-анасын сол алапаттан құтқару жолында Зарлық қиын-қиын азаптар шегеді. Мен Зейіннің сонда Зарлық болып, ашыға, ашына жер тырмалап кішкене қоңырқай көздері шарасынан шатынап шығып, сай- сүйегін сырқырата тебіренгенін бала зердеме мәңгіге сақтап қалыппын.
. Зейін бұл тұста өлең де жазып жүрген еді. Бір сәтте мен секілділерді жинап алып, дәптерге тізілген өлеңдерін оқығаны да бар. Өлеңдерінің мәнісі есімде қалмапты..
Көктем туысымен екінші басқыш мектеп шәкірттері
жан-жаққа тарастық. Зейін Шашкин Алматыға ма, әлде өзге жаққа ма жүріп кетті. Ал мен, сол жылы көктемде комсомолға мүше болып енген едім, сол көктем айында аудандық комсомол комитеті мені Қостанай облысындағы механизаторлар әзірлейтін техникумға жолдамаберіп, жөнелтіпжіберді.(Талайыматракторшы болу әлмисақтан жазылған шығар деп көндіге кеттім).
* * *
Біраз тұрлаусыз кәсіптерден өткен мен 1933 жылы бағым ашылып, Павлодарда шығатын «Колхоз» атты газеттің редакциясына қызметке келіп тұрақтадым.
Осы тұста газет беттерінде болымсыздау өлең, очерктерім де жариялана бастады. Менің сол шақтағы ерекше бір тәлімім – астанада шығатын газет, журналдарды, кітаптарды қадағалап оқу болды. Сол тұста болса керек, көктемде «Социалистік Қазақстан» газетінің бетінен Зейін Шашкин жазған мақаланы көре қалдым. Бұл жерлесімді көрмегелі үш жылдан астам уақыт өтсе керек.
Бұл тұста Зейіннің газет-журнал беттерінен бірлі-жарым өлеңдерін, көбіне мақалаларын оқып, дарыны ашыла бастаған туысыма сырттай сүйсініп жүр едім. Ал Зейіннің мына мақаласы мені ерекше таңырқарлық ойға қалдырды. «Япырау, бір-екі жыл бұрын Керекуде қасымызда жүрген шәкірт Зейіннің атақты ақын Сәкен Сейфуллиннің шығармасын сынауға батылы қалай барды екен? Жанкешті, өжет екен ғой біздің Зейін! Алайда албырт жастың осынысы ағаттық емес пе екен?» – деп те абыржыдым. Мәселе былай: сол отызыншы жылдың басында қазақ әдебиет жазығында бәйгінің тұлпарындай дүбірлеген Сәкен Сейфуллиннің «Қызыл ат» поэмасы жайында нелер жауапты қызметтегі адамдар, белгілі сыншылар разылықпен мадақ сөздерді баспасөз беттерінде жиілете жазып жатты. Бұл мақтаудың мәнісі де бар.
Сәкен бұл публицистикалық поэмасын Қазақстанда сол тұста орын алған бұрмалаушылықтар мен ересен қателіктерді, соны туғызуға себепкер болған кейбір
«әсіре қызыл» белсенділерді өткір сынауға, әшкере мінеуге бағыштаған. Революционер ақынның бұл шығармасы, кезінде айтарлықтай саяси әлеуметтік резонанс тапты. Ал, жас Зейін ұстаз ақын Сәкеннің поэмадағы терең астарлы мәнісін сынаған жоқ, зерделі сыншы Шашкин үлкен ақынның поэзиялық стиліне, кейбір олақ сөз құрамына мін тағуға батылдық жасағанда Сәкен Сейфуллинді пір тұтқан адаммын. Кейін үлкейген шағымда Сәкенге арнап «Сұңқар туралы аңыз» атты шағын дастан және «Аспанда жұлдыздай жарқыраған» деген естелікті де жазғанмын. Сонымен бірге поэзиядағы өз белесіме көтерілген кезде, бұл ұстазымның өлең дастандарына кіді көзбен зер салғанда жасанды ұйқастар барлығын да өкінішпен аңғардым.
1934 жылы октябрь айында мен Алматыға келіп, ақыры өзім арман еткен ҚазПИ-дің әдебиет факультетіне оқуға түстім. Анығы есімде жоқ, Семейден бе, әлде Москвадан ба келген Зейін бұл кезде Алматыда екен, іздестіріп тауып алдым. Бұрыннан өнегелі, зиялы Зейін маған сағынышты туысымдай жылы жүзбен сәлемдесті. Мен оқуға келген жайымды білдірдім.
– Мұның, міне, ерлік, өлең жазып жүргеніңді естіп едім, дарының болса өлең ешқайда қашпайды. Мен сені оқи алмай Керекуде үйкүшік болып қалды ма деп ойлап едім. Енді оқи бер, біліміңді молайт, – деп Зейін жанашырлықпен кеңес берді. Өзі бұрынғыдан да әсем болып көрінді маған. Күз күні, сонда да ықшам, кербез киініпті. Оның сүйкімді жүзі, сірә көп оқығандықтан болар сәл қуаң тартыпты.
Бұл кездесуде Зейін маған Москвада оқыған, көрген өнегелері мен әдебиет жайлы көп сыр шертті.
Бұл кезде ол Москваның философия және тарих институтында оқитын. Кешікпей Зейін Москваға қайта
жүріп кетті.
1937 жылдың күз айы болса керек, Зейінмен Есмағамбет Ысмайыловтың үйінде кезздестім. Белгілі әдебиетші, сыншы Есмағамбет Ысмайылов бұл тұста қазақ әдебиет тарихын зерттеу саласында, қазақ совет әдебиетінің сын мәселесінде ерекше белсенді еңбек етіп жүрген еді. Есмағамбет, әсіресе, сол кезде әдебиет жотасына өрби шыға қалған мен секілді жастарға қамқорлық жасап, оларды бауырына тартты. Қасым, Қапанмен, тағысын тағылар Есағаңның үйінде жиі жиылатынбыз, әңгімеміз поэзия: Байрон, Пушкин, Лермонтов, Есенин, Абай, Махамбет... солар туралы талас ой жарыстырып гу-гу ететінбіз...
Зейін біздің бұл ортада аз-ақ уақыт болды. Жасынан көп сөйлемейтін Зейін осы бір шақта маған тым бұйығы, тұңғиық ойлы болып көрінді, сүйкімді жүзінде әлденендей әбігер ой, абыржығандық сезілді.
Есмағамбет екеуі бірігіп, осы кезде қазақ тілінде
«Әдебиет теориясы» атты кітап жазып жүр екен. Семейден келген Зейін бұл сапарында сол кітаптың өзі жазған тарауларын ақтық рет қарап шығуға кіріскен екен. Бұл шақта Зейін көбінесе әдебиетші, сыншы ретінде белгілі болған еді. Есмағамбеттің үйінде, сол кездескенімде ол маған:
– Қалижан, саған сырттай разы болып жүрмін. Газет- журналдан оқып жүрмін, тәп-тәуір өлең де, мақала да азып жүрсің. Енді үдете бер, – деп маған ойлы көзбен қарап алды да, – мен жазған мына тарауды оқи отыршы,
– деп маған бірнеше тарақ баспалы қағаздарды ұсынды. Мен іле-шала оқып шықтым. Әдебиет қисындарын жетік білетін оқымысты адамның жазғандарына ұқсап тұр. Разы болып кеттім.
– Философсың! Мынауың керемет қой! – деп қалыппын. Ол бұл сөзіме мән бере қоймады. Сәл жөтелді де, неге екені белгісіз, ауыр күрсінді.
Менің КазПИ-ді аяқтар жылым еді, дәріс тыңдау
үшін кетуге асықтым. Соны сезген Зейін маған ой тоқтатып қарады да:
– Қош бол, Қалижан! – деп қолымды қаттырақ қысты. Ертеңінде Семейге жүріп кетіпті...
* * *
«Тірі адамның ісі – үміт» деген рас екен. Ұзақ жылдар бойы хабар-ошарсыз жоғалған менің Зейінім аман-сау, Бурабайдың бір мекенді жерінде дәрігер екен...
Бұл хабарды мен 1950 жылы немесе 1951 жылы жаз айында, ертеректе өзіміздің аулымыз жайылған Мойылды курортында емделіп жатқан кезімде естідім. Мұны маған жеткізген бізге ағайын, Зейінге туған жезде Садық Ыбыраев деген кісі еді. Садық ағай Зейінді інісінен артық жақсы көреді екен. Чернорецкийдегі үйіне мені курорттан қонаққа шақырып, Зейіннің тебірене жазған хаттарын көрсетті. Мен ынтазар күйде оларды оқып шықтым. Сол хаттарда Зейіннің әдебиет әлемін сағынғандығы, творчестволық жұмысқа құштарлығы өте сезіліп тұрды.
– Зейін сонау шалғайда жүріп, Жетісудың революционері туралы кітап жазыпты, – деді Садық ағай.
– Неткен төзім! Неткен өжеттік! – деп мен қайран қалдым. – Ол қолжазбасы қайда? - деп сұрадым жалма- жан.
– Есмағамбет Ысмайылов деген досына Алматыға жіберіпті, қандай нәтиже тапқаны әлі мәлім емес, сен соған зер салшы, – деді Садық. Мен әрі қуанышты, әрі күйінішті ойға қалдым.
Әдебиетші Зейін қалайша дәрігер болып кетті екен?
– деп таңдандым мен.
Сол алыстағы шырмауда жүріп Зейін дәрігерлік училищені бітіріп алыпты. Парасатты, зейінді жігіт қой, біздің Зейін деп мақтаныш етті өнерпаз балдызын жездесі.
* * *
Кешікпей Алматыға Зейініміз де келді, басқа әдебиетші достар да қайта оралды.
Мен Зейінмен Жазушылар одағының (Пролетар көшесіндегі үйде) ауласында кездестім. Қуанып та, абыржып та қалдым, құшақтай алдым. Аузыма түскен ыстық сөздерді айтып, жұбатып та, қуантып та жатырмын.
Бір-екі күн өткен соң Зейінді үйіме қонаққа шақырдым. Ол кезде менің бау-бақшалы орамда жеке, бөлек сәнді үйім бар еді. Зейін жеміс бағымды аралап, үйімді таңырқай қарады да:
– Құтты болсын, сәулетті тұрады екенсің. Нұрекеңе бітпеген салтанат саған бітіпті, – деп қулана, сәл күлкілі шыраймен сөйледі, менің әлде неге кенет көңіліме секем алып қалғанымды сезді де:
– Кейінгі кезде дифирамбадан арылып келесің, – деп ойланды да, әдетінше жайраңдап, – сенің кейінірек жазған «Ақсақ құлан» мен «Мәриям Жагорқызы» дастандарыңды оқып, рахаттанып қалдым, тамаша дүниелер! – деп шынымен разылық білдіргендей болды. Аз тым-тырыстан кейін, Зейін бокалды қолына алып, бұл досым ішімдікке ынтазар емес еді, менің денсаулығымды, творчестволық өркендеу тілеп, тост көтерді, сөз арасына көптеген сүрленген өкпесін де
маған сездіре кетті:
– Сенің мені жақсы көретініңді бала күнде-ақ сезгенмін. Бірақ мен сонау қиырда жүргенімде тұрғанымды білмесең де, мен Көкшетауға оралғаннан кейін бір хат жазбағаның, не сәтін тауып келіп кетпегеніңе іштей өкпелі едім...
Мен ұялғаннан тұнжырап кеттім.
– Кешір, бұл өкпең әбден орынды, – деп күмілжідім. Зейін кеткеннен кейін мен түнімен төсекте алабұртып, аунақши бердім. Жыны ұстаған бақсыдай
күбірлеп тұрып кеттім...
Сол тұста жазықсыз жапа шеккендердің қиын- қыстау өктелдеріне арнап «Тұрлаулы тағдыр» атты (алғашқыда «Ақын Ақтаев» болып аталды) поэма жазып жүр едім. Бұл дастанда Зейін бастан кешкен қиындықтар да әсерлі саз берген еді. Досымның маған айтқан назды өкпесі менің тұла бойымды шымырлатты да, мен Зейін досыма арнап сол поэманың лейтмотиві іспетті мынау өлеңді шығардым.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter