Шығармалар ✍️
СОҒЫСТАН КЕЙІНГІ КЕЗЕҢДЕ
Әскери қызметті Қасым әуелі Қиыр Шығыс жақта, бір бөлімде атқарды, кейін Белорусь майданында Брянскі орманындағы бір бөлімнің штабына орыс тіліне жетік, әдемі жазатын Қасым кеңселік қызметте болса керек. Соғыс тұсында, майдан алапатын көзімен көрген Қасым терең тебірене түсіп, соғыс зардабын ызамен, күңіреніспен жырлады. Қасымның ағасына, Ғали Ормановқа майданнан жазып жіберген жырларында совет жауынгерлерінің от кешкен, қиындық шеккен бейнелері тебірене толғанады. Бәріміздің досымыз жас ақын Абдолла Жұмағалиев фашист әскерлерінің қоршауына түссе де, берілмей жалғыз өзі солармен шайқасып ерлікпен қаза тапты. Қасым өзінің балладасында осы жәйтті күйінішті жүрегімен, досының қазасына тербелген шерлі жанымен жырлап, өте жақсы жыр туғызды, жас ақынға жырдан ескерткіш соқты...
Қасым соғыс біте майдан жақтан Алматыға аман- есен оралды. Жаңа дастан, жаңа өлеңдер жазып жүрді. Қасым екеуміз бұрынғыша достық қалыпта араласып жүрдік. Мен бұрынырақ үйленген едім. Соғыстан
қайтқаннан кейін Қасым өзіне лайықты жар тапты. Сол сүйкімді, жанашыр жұбайы Сәпен Қасымға адал серік болды. Қасым ауыр сырқатқа ұшырап төсек тартып жатқан шақтарда Сәпен Қасымның шипагері, қамқоры болды...
Мен соғыс атырабынан (Чехословакия, Польша жерлерінде әскери бөлімдерде политрук болып қызмет атқардым) Алматыға оралғаннан кейін, әуелі академияның тіл-әдебиет институтында қызмет атқардым, 1947 жылы өзіміздің Жазушылар одағына қайта қызметке келдім. Поэзия секциясын басқардым, партия ұйымының секретары болып та қоғамдық жұмыс атқардым. Соғыстан кейінгі бір шақта (1947) мен «Сырдария көкпары» және «Келтемасат» атты екі баллада жаздым. Бұл шығармаларда соғыстан кейінгі шаруашылықты қалпына келтіру, еңбек адамдарының ерліктері жырланған еді. 1947 жылдың май айында Одақтық Жазушылар одағы жуықта болатын пленум алдында «қалпына келтіру тақырыбына арналған жаңа шығармалармен танысуға жер-жерге хат жазыпты. Соған байланысты Қазақстан Жазушылар одағы
«Сырдария көкпары» және «Келтемасат» атты екі балладаны Москваға Жазушылар одағына жолдайды... 1947 жылдың июль айының соңғы күндері СССР Жазушылар одағының басқармасының пленумы өтті. Пленумда А.А.Фадеев баяндама жасағанын газет хабарынан білдік. Ал, маған айрықша қуанышты болған жағдай – 1947 жылдың 30 июлінде «Правда» газетінде А.А.Фадеевтің «Өрлеу үстінде» деген мақаласы жарияланды. Бұл мақала Фадеевтің пленумда жасаған баяндамасының негізі екен. Ақын-жазушыларға аса пейілді Фадеев, мақаласында отанымыздың қайта қалыптасу тақырыбына жазылған жаңа туындыларды, олардың авторларын, 3-4 ақынды айрықша атап кетіпті. Сол аталған ақынның біреуі мен – Қалижан Бекхожин. Мұны неге айтып отыр десеңіз – Фадеевтің
бұл мақаласы менің творчествомның өркендеуіне зор пайдасын тигізді, сонымен бірге, маған күншілдерді де көбейтті, дұшпандарыммен, бақастарыммен қосыла кейбір достарым да мені сол мақаладан кейін, Москвада орыс тілінде жинағым шыққанына көре алмаушылық, іштарлық жасады. Мәселе былай: Сол туындылардың қатарында менің балладам да аталыпты. Бұдан кейін мен таңдаулы өлеңдерімді орыс тіліне сөзбе-сөз (подстрочник) аудардым да Москваға тартып отырдым. А.Фадеев жолдасты мен ертеректе көрген едім. 1939 жылы қыс айында Москва, Одақтық Жазушылар одағында жас ақын-жазушылардың бүкілодақтық семинар-жиналысы өтті. Бұл жиынға Қазақстаннан – Әлжаппар Әбішев, Қасым Аманжолов, Әли Есмамбетов және мен қатыстым. Сол жиында А.Фадеев жас жазушыларға мерей білдіріп өзінің кісілігін танытты. Біздермен бірге суретке түсті. Атақты жазушылар – Алексей Толстоймен әңгіме-сұхбат ұйымдастырды, Соболев, Твардовский, Павленко, Катаев сынды белгілі жазушылармен кездестік. А.Фадеевтің жас ақын- жазушыларға қамқор екенін сонда аңдаған едім. Бұл барысымда А.Фадеев мені күттірмей, жылы шыраймен қабылдады. Өзі пленумда атап кеткен шағын екі шығармама қоса соғыс тұсында және кейін жазылған өлеңдерімді ала келгенімді айтып осылардың орыс тілінде жинақ болып шығуын өтіндім. Александр Александрович менің өлеңдерімді пайымдап қарап өтті де, «Советский писатель» баспасының директорына телефон соқты:
– Менің алдымда қазақ ақыны Бекхожин Қалижан отыр. Өткен пленумда мен бұл ақынның екі шығармасын ерекше атап кетіп едім. Басқа өлеңдерінің де тақырыптары, поэзиясы жақсы көрінді. Осы қазақ ақынының өлеңдер жинағын басып шығаруды өтінем,
– деді. Баспа директоры келсін деген болу керек. – Барыңыз, кітабыңыз шығады, – деп қолымды алып
қоштасты А.Фадеев. «Советский писатель» сонымен жинағымды қабылдайтын болды. Жинаққа енген өлеңдерімді москвалық белгілі ақындар – Ярослав Смеляков, Михаил Луконин, Николай Сидоренко, Павел Шубин, Илья Сельвинский, Зенкевичтер аударды. Аса дарынды ақын Я.Смеляков кітабыма алғы сөз жазды. Бір-екі айдан кейін, өлеңдер жинағым
«Под звездами Москвы» деген атпен шықты. Расында Жамбыл жыраудан соң, Сәбит Мұқановтан соң қазақ ақындарынан Москвада, орыс тілінде кітабым шыққан тек мен ғана екенмін.
Сөйтіп жүргенде 1950 жылғы шулы кезеңге ұшырадық. Бұл өкініші, зардабы ауыр жәйтті мен басқа естеліктерімде паш еткенмін. Ауыр сын көрген мен шығармын. Сорыма қарай сонау албырт шағымда 1940 жылы «Батыр Науан» атты поэма жазып, «Тарту» деген жинаққа жариялағанмын. Бұл поэмада аты шулы Кенесарының сотқар інісі Наурызбай жырланған. Соғыс тұсында, майдандағы қазақ жауынгерлеріне халқымыздың атынан хат жазылған. Сол хатта – патшаныңотаршылдықәрекеттеріне, хандарқысымына қарсы ереуілді бастаушы Исатай, Махамбет қатарында Кенесары, Наурызбай да аталған еді. Бірақ олар сынға ұшыраған соң жиналыстарда, баспасөз беттерінде мені бір топ сыншылар, әдебиетшілер аяусыз түйреді, дегенім – осы дүрбелеңге Қасым да белсене қатысты. Расында, Қасымның өзі де Наурызбай туралы поэма жазған еді. Қасым да сыналды, бірақ оның бойындағы сырқаты асқынғандыққа байланысты сыннан араша тапты. Қасым екеуіміздің арамызға от тастаушы, оны маған қарсы жұмсаушы белгілі сыншы мен кейбір ақындар болды. Солай да, бір-бірімізбен бейсауат даурығып сынасып алып, жиналыстан шыққан Қасым бәріміз райымызға келіп әзілдесіп қайтатынбыз. Ауыр сырқаты меңдеп кешікпей сабаз ақын дүние салды. Мен бұл тұста Сочиде демалыста едім. Аяулы ақынның
қайтыс болған хабарын естігенде көзіме жас алып, семьясына телеграмма соқтым. Алматыға оралғаннан кейін анасын, аға-жеңгесін, жұбайын да қонаққа шақырдым.
Ардагер ақынның асыл бейнесі менің әрқашан есімде, ақын досым, тұрғыласым Қасым жайында есімде сақталған қызық жәйттер аз емес. Жиындарға, Москвада өткен съезде, онкүндік сапарларда Қасым ерекше көзге түскен ақындардың бірі болды.
Ал, екеуіміздің оңаша сапарларымыз, әсіресе Павлодар, Баянауылға жасаған (1939 жылғы) саяхаттарымыз өзгеше бір қызық хикая. Баянның кербез тауының бауырында, ауылдың қыз- келіншектерін жинастырып алтыбақан құрғызғанбыз, ақсүйек ойнағанбыз, Қасымның тебіреніп ән салғаны, тағысын тағылар бәрі де әлі есімде. Тірлік болса мұны да кейін жазармын.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter