Шығармалар ✍️
АБДОЛЛА АҒАЙ КЕРЕКУДЕ
І
1933 жылдың апрель айы болса керек. Ертерек тұрып Ертіс жағасына бара қалдым. Бұл кезеңде Ертіс өзені қыстағы мұз құрсауын бұза жарып, дархан, кең тасыған еді, өзінің мол арнасынан, аумағы он шақырымдай сонау жетінші ауыл тұрған кемерге дейін шалқып жатыр. Ертіс көктем сайын бұрқан-сарқан тасығанда мен жағасына келіп, таңдана, қызыға қараушы едім. Топырлап аққан мұз сеңдердің үстінде қора-қопсылар да, ұлыған ит те, маңыраған қошақандар да ағып бара жататын. Мен солардың мүшкіл халдерінен ойлап, күйіне қараушы едім.
Ал, тап осы күні Ертіс ағысы қалың қойдай сапырылысқан сеңдерден арылып, айдынын алысқа кең жайып, күмістей жайнап жатыр екен. «Шіркінге бір сүңгір ме еді?» – деп қызыға қарап тұрғанымда, жағада жалғыз жүрген сымбаты бөлек, бір адамды көзім шала қалды. Өзім туып-өскен Кереку қаласының орыс, қазақ, татар ағайындардың баршасын, әсіресе, қазіргі тұстағы қызметкер, зиялы адамдарын түгел танысам керек. Ал мына кісінің бітімі өзгеше: басында құмыра бөрік, үстінде құндыз жағалы жұқалаң пальто, жаңылмасам, қолында жұмыр, әсем таяғы бар-ау деймін, қоңырқай жүзі ойлы, Ертіс айдынына көз жіберіп саябыр адымдап жүр. Мен ілгері озып кетіп, жүзіне, тұлғасына таңырқай қарадым. Қарасам, кинолардан ғана көріп жүрген бір оқымыстыларға, профессорларға ұқсайды екен. Мүмкін, Ертісті зерттеу үшін Москвадан келген ғалым шығар. Өзі қазақ та шығар... Менің таңдана қарағанымды сезді білем, басын изеп сәлемдесті
де, жүріп кетті. Жүргенде, басы Ертістің жағасынан басталатын Бебель көшесімен төмен қарай аяңдап кетті. Мен ол кезде Павлодардың аудандық газет редакциясында жауапты хатшы болып істейтінмін. Редакцияға жүгіре басып келдім. Редактордың уақытша қызметін атқарушы Әлімбек Жанғабыловқа мен орманнан бір арыстан көргендей-ақ алқына сөйледім.
«Бір профессорды көрдім, Ертіс жағасында жүр екен!
– деп асыға айта бастап едім, Әлімбек, – тоқта, бөспе!
– деп, әдетінше мені сабырмен бөгеді де, райкомның бірінші секретары болып жоғарыдан келген сол кісі Абдолла Розыбакиев болар», – дегені ғой, мені қайран қалдырып.
Абдырағаным сол – мен ес білгелі біздің Павлодарда уком, окружком, райком деп аталған кездерде талай секретарьды сырттай көрген едім, кейбірінің сөздерін де естіген шығармын, ол жолдастар сырт пішіндеріне қарағанда әскери командирлерге ұқсаушы еді, қыс болса қысқа тон, басына елтірі шапка, не шлем, жазда гимнастерка мен ықшам шалбар, аяғына етік киетін. Ал, жаңа ғана көзім көрген райкомның осынау секретары өзгеше пішінде киінгені, әрине, ерекше ойландырды.
– Абдолла Розыбакиев! – деп таңдандым мен.
– Есімін естіп пе едің? – деді білгіш Әлімбек мені сынайын дегендей.
Бұл кісіні сырттай білемін деп мен бір кітаптан оқып білгенімді шұбырта жөнелдім. Осы Павлодарға келместен бұрын Қазақ ССР-нің Жабдықтау Халық Комиссары болып қызмет атқарғаны есімізде, одан бұрын бұл көрнекті қайраткер әр дәрежеде партиялық жауапты қызметте болғаны да бізге мәлім. Абдолла Розыбакиевтің есімін атағанда, бұл большевик күрескердің ұйғыр халқының абзал перзентінің, өзінің туған Жетісуына совет үкіметін орнату тарапында көрсеткен әйгіліістері, партиялықбелсенді жұмыстары, алдымен есіме келе қалды. Ардақты адамның өмірбаяны
мен өнеге мектебінен ұзақ, ізгі сабақ оқығандай едім. Патшалық Россияның сонау түнек түкпірінде отаршы әкімдерден, бай-бектерден зорлық-зомбылық көрген өз жұртының азаттық, теңдік мүддесі үшін, жастайынан жанқиярлық қиын күреске түскен қайраткер, ұйғыр кембағалдарының мұрат-мақсатын қазақ, дұнған, орыс еңбекшілерінің арман үмітімен ұластыра білген адал интернационалист, қазақтың революцияшыл ардагер азаматтары Ораз Жандосов пен Тоқаш Бокиннің, большевик Виноградовтың үзеңгілес досы – Абдолла Розыбакиевтің басынан өткен күрес мектебі, өткенге зер салғыш мендей жасқа зор өнеге еді. Мен бұл кісінің есіміне ынтыға құлақ түруші едім.
– Осыншама атағы зор адамды қиырдағы біздің болымсыз Павлодарға қалай жіберді екен? – дедім Әлімбекке.
Әлімбек ол кезде әлі партия мүшесі болмаса да, байсалды, саналы, шамасынша білгір де жігіт еді. Партиялық жиындарға жиі қатысатын да сол. Кеше ғана аудандық партия активінің жиналысына қатысса керек. Абдолла ағай сол жиында сөз сөйлепті. Ойына түйгендерін Әлімбек маған байыппен айтып берді.
– Жоғарғы, Орталық Комитеті және Қазақстан Өлкелік Партия Комитеті Әбекеңді біздің Павлодар ауданына партия басшылығына қазір ең лайық адам деп әдейі жіберіпті. Түу, – деді Әлімбек өкінішпен,
– арасында жүріп байқамаппыз ғой, біздің Павлодар колхоздастыруды ұйымдастыру жұмысында ересен қателіктер жіберіп, орасан олқылықтарға душар болған аудан ғой... Асыра сілтеушілік, қиындықтар қыруар болыпты. Абдолла ағай кеше партия жиынында сол қателіктердің сырын паш етіп, соны қалай түзеу керек екенін айқындай айтты. Сондай қателіктерді түзету бағытына арналған партия қаулы-қарарларын оқыдың ғой. Розыбакиев жолдасты партияның сол нұсқауларын Павлодар атырабында жүзеге асыруға жіберіпті.
Құдіреті зор біреу келмесе, біздің Керекудің қисықтары түзеле қоя ма? – деп Әлімбек маған мысқылдай қарады.
– Біз не қисықтық жасаппыз? – дедім әр нәрседен хабардар редакторыма.
– «Ұр да жық!», «Өлсең де тірілсең де, жоспарды орында!» – деп газетте айғай салатын біздер емес пе? Енді сол қатемізді түзеп пайыммен ұрандауымыз керек, Абдолла ағай соны да айтып кетті.
Жас редакторым, ол кезде екеумізде жиырмалардағы балаң жігітпіз, Розыбакиевтің өз аузынан парасатты сөз естігенге сонша мәз болса керек, әдеттегі сабырлы қалпынан өзгеріп, шалқи сөйлеп, қателіктерді түзеу жөнінде маған дәріс оқығандай болды. Ақырында:
– Біздің газеттің енді жұлдызы жарқырайтын болды. Абдолла ағай ертеректе Алматыда «Кембағалдар әуезі» газетінің редакторы болған, кейін Орталық, Өлкелік Комитетінің баспасөз бөлімінде жауапты қызметте болған кісі ғой, газетке, мәдениетке мейірімі түсер. Мен жуықта қабылдаймын деп отыр.
– Ал, қалай сөйлейді екен? Өмірбаянымен таныстырды ма? Жетісудағы революциялық күреске араласқанын айтты ма? – деп ынтықтым мен.
– Орысша да, қазақша да шешен сөйлейді екен. Москвадағы шығыс халықтары Коммунистік университетін бітірген білімпаз ғой, парасатпен, дәлелмен сөйлейді екен. Сенің күнде естіп жүрген
«қызыл кеңірдектерің» секілді емес. Профессор десе, профессор. Мақтаншақ та емес, кейінгі кезде қандай қызметте болғанын сәл мәлімдеді де: – «мені сіздердің осы қиыр жерлеріңізге партия жұмсады. Партия мақсатын орындауға сіздерден көмек күтемін!», – деп Әлімбек Абдолла ағайдың кішіпейілділігін де сүйсіне айтып кетті...
ІІ
Абдолла Розыбакиев Павлодарға өзгеше бір қиын шақта келді. Өткен жылдарда Ертістің бұл өңірінде
болған қуаңшылық, дән тапшылығы, мал азығының жетіспеуі сияқты қырсықтардың асқындауына бірлескен шаруашылықтардың ұйымдастыру жұмысындағы партияның сара саясатын жер-жердегі әпербақандардың бұрмалауына себеп болған еді. Мұндай өрескел олқылықтар мен жөнсіздіктерді жедел түзету үшін, партия тарапынан жедел және тапқыр басшылық қажет еді. Бұл ізгі парызды партияның жауынгер өрені Абдолла Розыбакиев шұғыл да зор талап, жігермен орындады.
Бұл тұста аудан өміріне, шаруалар тіршілігіне қаншама өзгеріс, жаңалықтар пайда болғанын тарихшылар мен санақшылар айта жатар. Ал өз басым, газет қызметкері болғандықтан, ел аралап жүріп, әсіресе, колхозды ауылдар тірлігіне енген үрдіс игі істерді айқын байқадым. Сол отыз үшінші жылдары Кереку тұсындағы Ертістің екі өңіріне бара қалсаңыз, әр колхоздыңауласынажан-жақтанағылғанмал,шаруалар қорасына қайта оралған қой, сиыр, колхоз қырларында әлі аз да болса машина, техника құралдарын көрер едіңіз. Оның үстіне, және ең ғанибеті – осыдан бұрынғы бір қызу жылда шолақ белсенділердің дүмпуінен бе, немесе кейбір жағдаяттарға түсінбегендіктен бе, бір қиырларға жылысып кеткен «жекешіл» шаруалар да өз мекендеріне қайта оралып жатты, солармен бірге колхоз қамбаларына азық та, тұқым да оралды. Бұл жаңа ғана бірлескен, әлі шаруашылығы нығаймаған, тұтқиыл қиындықтарға ұшыраған қазақ кедейлеріне көрсеткен ұлы партиямыздың ізгі қамқорлығы еді. Мұны Павлодар атырабында жүзеге асырушы Абдолла Розыбакиев болды.
Колхоз жұртшылығы, ауыл адамдары Абдолла Розыбакиевті өздерінің қамқор, етене дос адамындай ерекше жақсы көрді. Ол кісіні қазақ колхозшылары
«Абдолла ағай келіп кетті, бізге сиыр беріп кетті», – деп құрметпен атайтын. Немесе ауыл ақсақалдары
Розыбакиев деген есімді қазақ тілінің ыңғайына бейімдеп: «Оразбақи ағай айтқандай, қазақ болған соң қорасында бір сиыр болу керек қой» деп Розыбакиев жолдастың шаруалардың меншігінде аз да болса мал болуына мүмкіндік бергендігін сол кезде сүйсіне айтушы еді. Айтқандайын, менің жерлестерім, соның ішінде ақсақалдарымыз «Оразбақи ағай» деп ол кісіні зорайта айтқанына мен таңданушы едім, өйткені Абдолла ағайдың жасы сол кезде 35-36-да ғана екен- ау...
Халықтың адал қызметшісі, шын қамқоры болған бұл кісі ел арасына жиі барып, Ертістің сол маңдағы екі жағалауын түгел шарлаған шығар. Еңбекші жұрттың, әсіресе, қазақ шаруаларының тұрмыс күйлерін, әл- ауқатын, еңбек тіршілігін өз көзімен байқап, соларды терең пайымдауды шарт көрсе керек. Төңірегіндегі партия, совет, комсомол қызметкерлерін тәртіпке баулып, жауапты, қиын міндеттерге жұмылдыра білген Абдолла ағай ол кезде ысылмаған біз секілді жас газет қызметкерлерін аз уақытта жылы лебізбен бауырына тартқан еді. Әлеуметтік жұмысын өзі, бұрын, газеттен бастаған майталман журналист баспасөзге деген ынта- пейілін біздерге дәйім сездіріп жүрді. Екі жылдан бері уақытша редактор атанған Әлімбек Жанғабыловты ресми редактор етіп бекітті. Аудандық газеттің ауыл- ауылға көбірек тарауын қадағалап көңіл бөлді де, редакция қызметкерлерінің еңбек ақысын арттырды. Біздер үшін бір ғажап уақиға мынау болды. Әбекеңнің нұсқауымен газет қызметкерлерінің әрқайсысына Павлодардағы кино-театр сауық орындарына бөгетсіз тегін кіруге пропуск жасаттырып бергізді. Өз басым мұндай бағалы «мандатқа» ие болғаннан кейін сауық орындарына баруды жиілетіп, театр залына қайқаңдай енетін болдым. Мәдениет, өнер саласына Абдолла ағайдың ерекше назар аударғанының әсері болса керек, осы тұста біз редакция қызметкерлері және қаладағы
педтехникум, орта мектеп оқушылары болып, драма үйірмесін құрып, қала жұртшылығына біраз спектакль де көрсеткенбіз.
Біздің жас редакторымыз Әлімбекті Әбекең ерекше ұнататын еді. Оны жас демей, немесе білімі жетік емес демей, жиі қабылдап, жиі кездесетін еді. Бәрімізге де сондайлық жылы мейірмен қарайтынын, мен әлденеше аңдаған едім.
Кейде қарбалас, қауырт жұмыстардан сәл алаңсыз болған шақтарда аупарткомның бірінші хатшысы қаладағы парткабинетке келер еді. Көбінесе жиналыстар өтетін бұл партия үйінде бильярд ойнайтын бөлме де бар. Абдолла ағай осы араға дәйім Әлібек Жанғабыловты ертіп келетін. Сол сағатта мен де, басқа да газет қызметкерлері де бильярд бөлмесіне келе қаламыз. Балаң жастар біздермен жылы шырай беріп сәлемдеседі де, Әбекең ойынға кіріседі. Әлімбек болса, Семейде бір-екі ай газетшілер курсын оқып қайтқаны бар еді, сонда бұл ойынға да машықталса керек. Оның бер жағында мен Розыбакиев сынды атақты адаммен
«сойыл сермесіп» ойнауға ұстаздың алдында дәріс оқуға рухы қашқан шәкірттей қорқар едім.
Сірә, Абдолла бильярд ойнауға өте құмар адам болса керек. Соққан добы көздеген ұяға дәл түсе қойса, әлдебір астарлы сөзбен масайрап: – Ах, қыңыр тас, тұтылдың ба? – деп масайрап қалатын. Егер көздеген тасы ұяға түспей бетінше лақса:
– Совет тұсында неткен бұл жөнсіздік! – деп іште жатқан бар ызасын абайсыз сездіргендей қабақ шытып қоятын. Сонау жас шағымда үлкен адамның, әлдеқалай айтқан осы бір оқшау лебізі мені көп ойға қалдырды.
ІІІ
Аудан атырабындағы колхоз-совхозды аралағанда Абдолла ағай қасына газет қызметкерлерін ерте жүретін. Бір күні мені редакциядан шақыртып алды
да, машинасына мінгізіп жүріп кетті. Ертістің сол жақ қабағымен зулап келеміз. Менің қуанышым ерекше. Атақты адам мені өзіне серік етіп, ертіп келеді. Тіпті, жеңіл машинаға мінгенім де тұңғыш рет шығар. Ол кісі машинаның алдыңғы орындығында мойын бұрып Ертіске таңырқай қарап келеді, мен артқы орындыққа бұл жағдайыма мәртебем өсіп қоқиып келемін. Баспасөзге, әдебиетке әзелден құмар және жанашыр Абдолла Розыбакиев аудандағы, газет тілшілері мен әдебиетке бейімі бар жастарды жинап, жуықта мәжіліс те өткізген. Сонда жас талаптылардың басын қосатын редакция қасынан әдебиет бірлестігін құруды ұйғарған еді, ол кісі. Бұл тұста газет бетінде азын-аулақ өлең, очерктерім жарияланған мені сонда сол Бірлестіктің хатшысы етіп сайлаған еді. Мені бұл сапарда қасына ерткені осы жастан үміт етерлік бір сипат бар шығар деп сенді ме екен деп те қуанып келемін. Сөйлесуге ынтызар болып келемін, бірақ сөз бастауға батылым бармайды. Абдолла ағай біздің редакциядан Алматыда ұйғыр тілінде шығатын «Кембағалдар ауазы» атты газетті сұратып алып тұратын. Редакциядан шығарда сол газетті (жер-жерде шығатын газеттер ауыспалы ретпен бізге келіп тұратын) қойныма қыстыра шыққанмын: - Әбеке, мына газетті қарайсыз ба? – деп ұсына қойдым. Қолына алды да, Абдолла ағай газетке сағынышты түрде үңіле қарай қалды.
Бұл «Кембағалдар ауазы» («Кедей әуезі») бір кезде өзі ұйымдастырып, өзі редактор болған газет қой. Жылы шыраймен күбірлеп оқып жатыр. Мен разылықпен ол кісінің жүзіне қарап қалдым. Өзі туған Жетісудің самалы ескендей болды ма екен, әлде туған ұйғыр жұртымен тілдескендей болды ма екен? Мынау Сібірмен шектес сар далада, мұндағы қазақ бауырларының игілігі үшін дамылсыз жортып жүрсе де, бүйрегінің бір бұрышында туған халқы ұйып тұр-ау деп мен разылықпен сүйсіндім...
Қолындағы газетті оқып шыққаннан кейін, маған назар аудара қарады да:
– Сіз бұл газетті оқи аласыз ба? – деп сұрады. Мен сәл қипақтап қалдым да аздап түсінемін дедім. Ескіше терең оқымысты әкемнің кітап әбдіресінде араб, парсы, түркі, шағатай, татар тілдерінде түрліше кітаптар болатын, солардың арасынан шағатай, түркі тілдерінде жазылған кейбір кітаптарды оқитынмын. Ұйғыр тіліндегі бұл газетті қызық көріп, ежелеп оқығаным да бар. Сол жағдайымды Әбекеңе қысқаша айтып бердім.
– Шығыс шайырларынан кімдерді білесіз? – деп қалды ол кісі. Қысылып қалдым. Әкемнің аузынан Фирдоуси, Науаи есімдерін естігенім бар еді.
– Есімдерін білмеймін, бір ақынның өлеңі есімде, – дедім.
– Айтыңызшы, білгеніңізді! – деді Абдолла ағай ынта қойып. Мен дін мектебінде жаттап алған бір өлеңді айта бастадым:
Зел-зәле ойран болар алтын тахлар... Дүниеге дүрлі-дүрлі бәле қаптар...
Қазір бұл өлеңнің жалғасы жадымда жоқ. Әбекең байыппен тыңдап алды да. «Бұл шығыстың ұлы шайырларының жыры емес, мұны діни уағыздары бар кітаптардан оқыған боларсыз», – ал шығыстың ұлы шайыры Науаидің жырынан деп (қайсы екені есімде жоқ) бір өлеңді нәшімен айтып кетті... Біз машинамен Ертісті өрлеп ағып келеміз. 1932 жылы Алматыға барып мал дәрігерлік институтында бір-екі ай оқып, кетіп қалғаным бар. Жалпы білімім де шамалы еді. Әбекеңе сол жағдайымды айтып едім. «Қайткенде оқығаныңыз жөн, әдебиетке орайыңыз бар екен. КазПИ-ге түсіңіз, сонда Сәкен Сейфуллин сынды атақты ақын ағамыз дәріс оқиды», – деп маған мархабатпен кеңес берді. Сөз реті келген соң айта кетейін, Абдолла ағайдың демеуімен мен
1934 жылы жазда Қазақстан жазушыларының КазПИ- дің әдебиет факультетіне оқуға түстім. Жол үстінде менен бара жатқан колхоздардың жағдаятын сұрады. Біз бет алып келе жатқан жақ – Шыған ауыл советі. Павлодар ауданының ең шеткі мекені. Сол отызыншы жылдары Семей облысына қарасты Павлодар ауданы – көлемі жағынан ең ірі аудан болатын. Онда Павлодарға қазіргі Май, Лебяжі, Краснокутск, Шарбақты, Качир аудандарының көлемді, көп аумағы қараушы еді. Абдолла ағай бара жатқан Шыған ауыл советінде ол кезде кішігірім үш колхоз болатын.
1930 жылы мен сондағы «Қызыл құрама» колхозындағы мектепке мұғалім болып істегенмін. Абдолла ағай ынта қойғандықтан мен сол «Қызыл құрама» колхозында болған ұнамсыз жәйттерді әңгімелеп келемін.
– Сол ауылдан отыз белсенді атқа міндік. Тұқым қорын толтырамыз деп, әр үйдің күймесін ақтардық. Малға азық жетіспей, көктемде көтерем көбейді. Соқаға ат пен өгіз жетіспей, бұзаулы сиыр жектік.
– Кім соның бәрін істеткен? – деп көзіне ашу оты шағылып маған шақырая қарады.
– Төтенше өкілдер, – дедім, білсем де, есімдерін ойға сақтап, өткен бір жанжалда зәбір көріп, әкесіне шағым еткен баладай өзім көрген жайсыз уақиғаларды ақтара айттым білем.
Жол бойы Ертіске оқта-текте қарап келе жатқан Абдолла ағай бір биік жағаға машинаны тоқтатты. Буырқанып ағып жатқан Ертіске ой жіберіп, сәл қадалды да:
– Неткен жөнсіздік еді! – деп машинаға мінді. Аздан соң: – Біз бәрін де түзетеміз! – деп қайтадан ойға шомды. Бильярд добы қыңыр домалағанда – Неткен жөнсіздік!
– дегенін мен көп ойласам да терең түсіне алмаған екенмін. Енді пайымдадым. Лениндік ой-сананы зердесіне берік тұтынған бұл парасатты коммунист
сол бір жылда кей жерде орын тепкен қателіктер мен бұрмалаушылықтар үшін қынжылғанда осы бір кейісті сөз кеудесінде еріксіз дүбір қақса керек...
Абдолла ағайдың «Қызыл құрама» колхозында болған шағы да өзінше бір әңгіме.
Ол кісінің шаруаларды жинап алып немесе кейбір шаруалардың үйді-үйіне барып жылы шыраймен еркін әңгімелескені, жиында ол тұстағы партия қаулы- қарарларын байыппен жұртқа түсіндіргені әлі есімде. Әсіресе, шаруалардың әл-ауқаты хақында зер салып, олардың мүдделеріне қамқор пейіл білдіргені де – партиялық мерейдің ізгі көрінісі еді. «Оразбақи ағай айтқандай – қазақ болған соң қорасында бір-бір сиыр болу керек қой» деген сөзді шаруалардың сүйсіне айтқаны да есімде. Сол тұста «Қызыл құрама» да қисайған белін жазып, жазыққа қарай аяғын тік басып адымдай бастаған-ды...
Ал, сол бір кезеңге 43-44 жыл өтсе керек. Қазіргі шақта Павлодар атырабы да, «Қызыл құрама» да таңғажайып жаңарып кетті, бұл маңдағы еңбек жұртының қазір әл-ауқаты Ертістей шалқып тұр. Өткен жылы мен осы «Қызыл құрамада» болып қайттым. Қазір совхозға айналған «Қызыл құрама» Ертіс өңіріндегі ірі шаруашылықтың бірі. Совхоз орталығында жаңа салынған әсем үйлер, қат-қабат зәулім мектеп, тамаша интернат, клуб үйлері бар. Өрісі төрт түлік малға толы, қырларында жазда дән теңізі жайқалған, жазығында сан машина-трактор гулеген бұл өңірді көргенде, қайран Абдолла ағай қазір тірі болса не дер еді? – деп ойға қалдым. Бұрынғы түйінді бір сөзін қайталамай:
– Неткен бұл ғажап дүние! – дер еді-ау...
Абдолла Розыбакиевты Павлодар төңірегінде құрметпен еске алатындар аз емес. «Қызыл құрама» жерінің тумасы, бұрынғы партия қызметкері, қазір дербес пенсионер Сағидолла Смағұлов Абдолла ағай хақында тебірене сыр шертті маған.
Сонау бір қиын жылдарда мен онда жас коммунист едім. Соны біреуден естіген Абдолла Розыбакиев, әуелі біраз ақыл айтып алды да: – «Мен де бұл жаққа қызмет таба алмай келген жоқпын. Партия жұмсады мені. Туған жеріңізді тастап қайда бармақсыз? Қиындықтан қашпау керек, қиындықты біз жеңеміз!» – деп мені жібермеді, мені белсенді қызметке жұмсады. Абдолла Розыбакиев қандай іскер басшы еді, ақырында біз қиындықты жеңдік қой. – Өзі де бір абзал азамат еді! – деп Абдолла ағайды сағынышпен еске алды...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter