Шығармалар ✍️
ЖАС ҚИЯЛДА ЖҰЛДЫЗДАЙ ЖАРҚЫРАҒАН
Шәкірт кезімізде менің буындастарыма революция жаршысы Сәкеннің дауылпаз жырларымен қоса, өрен өмірінің дауысы да аңыздай естілген еді.
«Тар жол, тайғақ кешу» Сәкен даңқын дулата түскен шығарма болды. 1927 жылы араб әрпімен Қызылордада басылып шыққан бұл кітапты үлкендер де, жас қауым да қызыға оқитын. Қолыма әрең түскен бұл тарихи шығарманы жалықпай, түнделете жедел оқып шықтым. Сірә, мен секілді ол тұстағы жеткіншектерге Қазақстандағы революциялық ұлы уақиғалар жайында әсерлі, көлемді мағлұмат берген алдымен осы кітап болар. Бұл кітап революция тұсындағы әлеуметтік, саяси тартыстар мен қым-қиғаш күресті түсінуге біздей жастарға зор ықпал етті, сонымен бірге ақын Сәкен қалың жұртшылыққа революция ардагері болып танылды.
«Тар жол, тайғақ кешуді» ынтыға оқып, қайсар ақын жөнінде тебіреністі қиялға батқан мен, Сәкен жазған бір жәйтке жас шағымда ұяла қынжылған едім.
«Тар жолда» айтылады ғой, атаман Анненковтың азап вагонынан қашып шыққан Сәкен нағашысын іздеп, Керекуге, одан соң Баянауылға келеді. Сол бөгде, белгісіз жігітті менің туыстарым, жерлестерім кей жерлерде үйіне қондырғысы келмей, жатырқағандық сездіреді. Мұндай ұнамсыз жолдарды оқыған кезімде шынымен-ақ намыстанып, жерлестеріме кейіп, кейін атағы даланы дүбірлеткен асыл ақыннан ұят болды-ау деп күйінуші едім...
Өткен жылы мен сол Сәкен жүрген жерлерді аралап шықтым. Сонау бір қилы кезеңде Сәкен байқаған
Баянауыл атырабы ақынның өзі жазып кеткеніндей, жері сүреңсіз, жандары жүдеу болғаны ақиқат. Ал қазір, сол Сәкен жүріп өткен өңірлер, Ақбеттеу жоталары, Далба белестері қандай құлпырып өзгеріп кеткен, дәулеті шалқып, несібесі толықсып тұр. Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы совхоздың зәулім мәдениет сарайында өткен поэзия кешінде, мен бір кезде осы өңірден жүдеу кеткен өр ақынды еске алып, оған арналған өлеңімді оқыдым. Сәкеннің поэзия шәкірттеріне, құшақ жайып қол қусырған берекелі, мерейлі қауымның ортасында отырып мен, қайран Сәкен Баянауылдың қазіргі әсем келбетін, масайраған жұртын көрсе, сері кеудесі қандай көтерілер еді деп ойға баттым. Тегінде баяндық достар ардагер Сәкен есімін қадірлейтін белгілер, ескерткіштер қалдыру жайында ойласқан мақұл. Баяндықтардың ақ бандылардан көрген жәбір-жапасы жөніндегі Сәкеннің ызалы сөздерін оқыған қазіргі Баян ұрпағы абзал ақынға тәжім етуге тиісті.
Қазақ әдебиетінің ірі қайраткерлері ішінде халықтың, партияның ықыласына ертерек бөленгені, тұсында төтен ардақталғаны Сәкен Сейфуллин шығар. Жас кезімізде баспасөз беттерінен «Сәкен ағай Көкшетауға келді», «Сәкен ағай Семейге жүріп кетті», «Пролетариат әдебиетінің солдаты Сәдуақас Сейфолла ұлының (Сәкен) жаңа кітабы шықты» – деген хабарларды оқып, ақынның мәртебесі жоғарылай түскеніне сүйсінуші едік. Революция дауылымен үндес шыққан Сәкеннің ер даңқымен бірге, ақынның тәкаппар жаны және сері мінездері жайында жастар арасына еміс жәйттер кең жайылған еді. Сәкеннің даңқына сүйсінген мен 1934 жылы майда «Бүгінгі майда жұмысшы тап» деп еліктеп өлең жазып, газетте жарияладым.
Өскелең өлеңдерімен, өр бейнесімен жас қиялымда жұлдыздай жарқыраған ардақты Сәкен аға дидарын мен 1934 жылы май айында тұңғыш рет көрдім. Бұл
тұста Алматыда қазақ совет жазушыларының бірінші сьезі ашылған еді. Сьезде қазақ әдебиетінің көрнекті қайраткерлері Ілияс Жансүгіров, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов сынды шешендер сөйлеп жастарға, қаламгерлерге өнеге тұтарлық келелі пікірлер қозғады. Солардың ішінде тұлғасы Оқжетпестей ерекше көрінген сымбатты, айбынды Сәкен тәлімді және асқақ ойлар сездірді. Өзін еркін де жарқын ұстайтын бұл атақты ақын әсіресе туған тіліміздің тағдыры, болашағы хақында, жас буынға ана тілін тереңірек білдіру жайында сөйледі.
Съезд күндерінде Қазақстан Кәсіпшілер одағының төрағасы Хамза Жүсіпбеков жазушыларды, өнерпаздарды Алатау жотасында ауыл болып тізілген киіз үйлерге шақырып, үлкен той жасады. Сол жиында Сәкен өзінің сымбатты жарқын жүзімен, сері мінезімен бізге жастарға ерекше ұнап, ұмытылмастай әсер қалдырды. Сәкен, әуелі жастарға өлеңдерін оқытып, өзінше байқау жүргізгендей болды, биші, күйшілерге ән шырқатып, әншіл жаны рахат тапқандай масайрап отырғанынбайқағанедім. Бірсәттежастардыкүрестіріп, айрықша мәз болды. Еркін, жарқылдап сөйлейтін Сәкенді батыл барып өзге тұрғылас жазушылар әсілі бөгемейді екен. Асқар тау жотасында сұңқардай саңқылдаған Сәкен айналасындағы қаумалаған жұртты өзіне ертіп, әзіл айтып күлдіріп отырды.
Білімімнің аздығын сезінген мен сол 1934 жылы КазПИ-ге оқуға түстім. Ұстаз, ғұлама жазушы Сәкеннің халқымыздың тарихы мен әдебиеті жайында талай сөздерін тыңдап, білімімді бір көтерсек, сері мінез, ақжарқын ақынның қызықты әңгімелерін естіп, талай күлкіге батып едік. Жаз айларында әдетте ол кісі Алматыдағы ұйғыр театрының ауласындағы қымызханаға келер еді. Әдетінше, сағат он бірлерде келетін. Сол сәтті күткен біз, жастар, қымызханаға жиналатынбыз. Сәкен ағайдың төңірегіне алқалай
отырып, қызықты дәріс тыңдағандай, оның әзілі тамаша, сөздеріне елтіп, масайрап отыратынбыз. Қымызхана иесі Сәкенше қойған қара мұртты, қараторы, келісті ұйғыр Шерияздан деген кісі еді. Сәкен өзімсініп сөйлейтін. Бір күні алдына жаңа әкелінген қымызға қарап:
- Әй, сен, мына қымызыңа су қосқан жоқсың ба?
- деді. Шерияздан да Сәкеннің әзілін түсіне қойып:
- Қорықпаңыз, Сәкен ағай, ауырмайсыз, қымызға қайнақ су қосқанмын, іше беріңіз, – деп әзілмен жауап қайырды. Сәкеннің сол жауапқа разы болып, қарқылдап күлгені әлі есімде.
Ал кейбір тұстарында кейде тәкаппар пішін, сұс көрсететін ер мінезі де бар еді...
Сәкен сын мәселесіне қызу араласқан айтыскер адам еді. Бірталай жиындарда талас тудырған нелер әдебиетшілерді айтыс үстінде өткір, адуынды сөзбен тойтарып тастағаны есімде. Жаңылмасам, 1936 жылы болса керек, ұйғыр театрында әдебиеттегі натурализмге қарсы мәселе талқыланды. Баяндамашы профессор Әзімбай Лекеров өзінің ұзын-ырғалы сөзін Сәкенді, Бейімбетті, Сәбитті бастан-аяқ мінеуге арнады, олардың ата-тегін, әлеуметтік ахуалын даттап, оларға байшылдық, ұсақ буржуазияшылдық деген бірдемелерді жапсырып бақты. Президиумда отырған Сәкен бұған шыдамады, өткір көзі ұшқын атып, баяндамашыға тура шабуыл жасады. Алдымен, ол тұста өлкелік партия комитетінің үгіт-насихат бөлімінің жетекшісі болған білімпаз сыншы, профессор Ілияс Қабыловқа қолын сілтеп сөйледі: – Әй, Ілияс, мынаны сендер ата-тегімізді қаздыруға әдейі жұмсап па едіңдер? Бұл біздің шығармамыз туралы айтпай, өзімізді балағаттап бітті ғой, тоқтат мынауыңды! – деді...
Тағы да есімде, Жазушылар одағында 1936 жылы күзде Сәкеннің «Қызыл сұңқарлары» талқыланды. Азамат соғысындағы отты күндерді, өзінің ер бейнесін
елестеткен Сәкеннің бұл пьесасы, бұрын қойылса да, жаңа варианты қайтадан талқыға түскен еді. Пьесаға қарсы дау көтерушілер ішінде сыншы Ғаббас Тоғжанов та болды. Сонда Сәкен Ғаббасты бастырмалатып тастады: «Сенің бітпейтін даукес сөздеріңнен гөрі байыппен сын айтқан, дұрыс баға берген мына жас оқымысты Мұқаметжан Қаратаевтың сөзіне сенемін»,
- деп сөзін келте қайырды.
Сәкенмен соңғы рет тілдескенім, 1937 жылдың май айы болса керек. Бұл тұста оқып есейіп қалған кезім, сөз қадірін түсінгендей болған шағым ғой, Сәкен ағайдан жоғарыда айтылған қолжазбаларды қайтып алайын деп ақынның үйіне бардым. Май мерекесі күні еді. Сәкен дастархан басында өзінің серілік досы Мәжит Дәулетбаевпен мәз-мереке сұхбаттасып отыр екен. Сәкен ағайдың ишаратымен, қымсына келіп, стол қасындағы орындыққа отырдым. Ас үй жақта жүрген Гүлбаһрам жеңгей алдыма тағам әкелді. Сәкен өздері аздап ішіп отырған қызыл шараптан маған да құйып қойды.
- Газеттерде өлеңің жарияланып жүр ғой, жаза бер, оқи бер, – деп тілек сездірді. – Ұялма, жазғандарың болса маған әкеп оқы! – деп қалды. «Әкемнің қолжазбаларын және сізге берген кітаптарды қайтып алып оқысам деп едім» деп күмілжіп жауап қайтардым. Омырауын кестелеген жібек ақ көйлегінен кеудесін кең ашып, өзендей шалқып отырған ақиық ақын кенет тұрды да, терезеден асқақтап Алатауға ойлы көзбен қарап қалды, мені ұмытты ма десем, сәлден кейін бұрылды:
«Ол қолжазбаларыңның ішінде тәуір өлеңдер барға ұқсайды. Кітаптарың да қымбат кітаптар, тағы бір ораларсың, түгел қарап шығайын, бәрін де қайырып беремін» – деп столға қайта оралды.
Ардагер ақынның аузынан естіген соңғы сөзім осы болды. Соңғы рет, тағы бір жайда көргенім маған ұмытылмастай әбігер-үрейлі елес қалдырды. Парк
ішімен басып Сәкен келе жатыр екен. Октябрьдің бір сұрықсыз күні еді, сері ақын жайшылықтағыдай баппен алшаң баспай, сәл иілгендей ентіге жүріп келеді. Шалбарының балағын жел үрлеп, қыры сынған тәрізді болып көрінді маған. Ол кісінің беймаза кейпін аңдадым да, жақындамай басымды иіп сәлем беріп кете бардым. Қайран сабаз тауға қарап, асыға ентелеп барады. Сірә, жаңа ғана реніші көрген көңілінде өрен ойлар бұрқанып бара жатқан секілді... Әкемнің қолжазбалары өзіме оралмады, қолжазбадан да қадірмен әкемдей көрінген аяулы ақынды қайтып көре алмадым. Кейініректе, Сәкен тұрған сол қоңыр үйге ақ шашым жалбырап тәуап еткенімде, «Сұңқар туралы аңыз» деген дастан кеудемде дүбір қақты. Сол күңіреніспен тебіренген жырымды былай деп бітірген едім:
Сәкеннің рухы
қия-қырда,
Сұңқардың қылшылдаған
қияғында. Ән-күйдің ордасында,
Көкшетауда,
Өзімдей ақындардың
қиялында. Халқымның ауызында,
жүрегінде,
Жырымен-жаңғырығып жүр
елімде.
Әлі де Альбатрос қанат
қаққан,
Теңіздей толқындаған
бұл өмірде!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter