Өлеңдер ✍️

  12.04.2022
  289


Автор: Қалижан Бекхожин

ТҰТҚЫН ҚЫЗ ЗАРЫ

Киігі едім даланың,
Түстім жаудың торына,
Тау дуалы қаланың,
Қапас болды сорыма.
Әлпештеген қызымын,
Еркесімін қыпшақтың.
Кетті ауыздан уызым,
Шаңын жұттым қыстақтың.
Ұрлап қашты үйімнен,
Қарақшысы Дербендтің.
Қасіретім түйілген,
Қыл жібіндей өрмектің.
Көнбеймін жау еркіне,
Бұралса да білегім.
Дауа бар ма дертіме,
Қайда менің тірегім?
Үш жүз күннің ішінде,
Асаудайын бұлқынған.
Әлде көрген түсім бе,
Айналам бір сұр тұман.
Әлдилеген бесікте,
Жан анамды сағындым.


Түзі толған несіпке,
Маң даламды сағындым.
Жаудың бетін қайтарған,
Ер әкемді сағындым.
Көшкені бір той-дарқан,
Берекемді сағындым.
Айдалама жайраңдап,
Атқан таңды сағындым.
Еркелеген тайраңдап,
Ақ ботамды сағындым.
Бозторғайы сайраған,
Бозымды да сағындым.
Мені көрсе, маңыраған,
Қозымды да сағындым.
Ел-жұртымнан айрылдым,
Жетім құспын тордағы.
Дауасы жоқ қайғымның,
Әмір мені қорлады.
Сүмбіл шашым жұлынып,
Жүз бұралды бұрымым.
Гүлдей солған бүгіліп,
Көп күңдердің бірімін.
Ықтиярсыз ұстап хан,
Асыра ма айласын?
Хабар жоқ па қыпшақтан,
Туыстарым, қайдасың?


Аш қақпасын қамалдың,
Әкел маған жорғаны,
Жортайын бір даламның,
Жатыр қайда жолдары?
Сонау туған өңірге,
Желмен ойнап жетсемші!
Күң болғанша әмірге,
Су түбіне кетсемші!
Тағдыры тар мұндармын,
Айхай, мені кім аяр?
Бұл зарымды тыңдар кім,
Мен үшін кім мұңаяр?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу