Өлеңдер ✍️
ҒАЗЕЛ
Қараңғыда айым болып күлімдеші бір сәтке,
Жаным – түнек мен мүскіннен,
түңілмеші бір сәтке.
Ләззатімнің бұлағындай дүбірлеші
бір сәтке,
Алау басқан жүрегімді
Күнім деші бір сәтке.
Бұл назымды ләзім ғой деп,
Күбірлеші бір сәтке,
Теріс айтсам, тілдеп мені, бүлінбеші
бір сәтке.
Құштар көздің моншақ жасын,
нұрым деші бір сәтке,
Зәмзәмімсің шипа болар,
Шырын берші бір сәтке.
Пәруанадай арбап мені,
Жүгірмеші бір сәтке,
Әлдилейін құшағымда, дірілдеші бір сәтке,
Әй, Низами, сені қазір арбаса да бұл сұлу,
Сиқырыңа мүфтала боп,
Сүрінбеші бір сәтке.
...Перзенті ғой пейілі жомарт Жүсіптің,
Жүрмеген жан саңлауымен қисықтың.
Саудагер ме, не зергер ме? – кім білсін,
Пенде шығар кәсіп еткен – күні үшін.
Оқытты әке, мәпеледі баласын,
Өсіргендей гүлді мәуе ағашын.
Өсті ұлы барлап білім әр шыңын,
Білді тілін араб пенен парсының.
Ілияс емес ол Низами атанды,
Мәшһүр болып, шартараптан хат алды.
Өтті жасы бұлдыраған сағымдай,
«Ұлым неге шаһтарға жүр жағынбай?
Үйленбей жүр, әлі неге бұл мұңдар?
Бұл Ганжәде нелер саңлақ бұлғын бар».
Ойлар әке ақшамында осылай,
Бірақ тұйық Қаф тауының тасындай.
Сабыр, Жүсіп! Мәңгілік бұл асылың
Жаңғыртар ол әзербайжан нәсілін...
Келе жатыр ойлап жігіт анашын,
Қатал ажал ерте жұтты қарасын.
Анасының ақ бесігі көшкен түз,
Нар қомында ырғатылып өскен қыз.
Ата жұрты жазиралы жұрт еді,
Шаң құйында пана еткен күркені.
Намыс үшін жан қиятын батыл жұрт,
Талай шаһқа бағынбаған батыр күрд.
Құм жұртының арпалысын, арманын
Айтып ана талдыратын зар жағын.
Көшпенділер қырда шеккен аян іс,
Шерлі жанға мұңы батқан аяныш...
Суыт келіп, тоқтай қалды салт атты,
Жарлық айтты пәрмені бар салмақты:
«Жүр, Низами, атқа мін де соңыма ер,
Сұлу Дербенд күтіп отыр, соны көр.
Әмір Саиф тез келсін деп бұйырды,
Шайыр дейді сені сөзі шиырлы.
Не жазып ең, не алтын ба, көмір ме?
Білмедім мен, сол ұнайтын әмірге.
Орында тез билеушімнің жарлығын,
Бағыңнан күт, болар істің барлығын...»
Айтып соны Дәуқара тұр, безілдеп,
Қосар атты Низамиге әзірлеп.
Әй, Низами, сабырлықты сен сақта,
Кетті ақын бағын сынап алшаққа...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter