Өлеңдер ✍️

  12.04.2022
  154


Автор: Қалижан Бекхожин

ҰЛЫ НИЗАМИҒА МАДАҚ-ҚАСИДА


Билеген сөз ғаламын падишасың,
Балқыттың дауа жырмен фәни тасын.
Сөз туын мирас етіп Фирдоусиден,
Дүниені дүбірлеттің өр даусыңмен.
Айбарын жырмен сілтеп Ескендірдің,
Арыстан патшаларды сескендірдің.
Жиһангер жасағындай даусың өрлеп,
Ғажайып жер бетіне салдың өрнек.
Мұхиттай өлеңіңді ойлар басқан _
Махаббат ғадауатпен майдандасқан.
 Мүлгітіп Мұхаммедтің дін – аятын,
Мазлұмға рух берді рубаятың.
Дәріптеп наз жүректің дағуасын,
Табынтқан ғашықтардың қағбасын.
Сипаттап жер қызының нұрлы жүзін,
Пейіште күйіндірдің үрдің қызын.
Мұңына махаббаттың Ләйлі жүзді,
Басады Мәжнүн десе қайғы бізді.
Шөліркеп шырыныңа, тамсанамын,
Менің де жан жыры ғой аңсағаным.
Бұл күнде қыз-жігіттің жаны мұңсыз,
Дастан ба қасіретсіз, Мәжнүнсіз?
Шүкірана, нәзір тілер патшамыз жоқ,
Өзіңдей қиналмаймыз – ақшамыз көп.
Пірім сен, ғашықты ойлап, шектің азап,
Жаныңды шапағатшыл от мазалап.
Аялап сен жырлаған аруларды,
Әйеншек жүрегімде зары қалды.
Аядым ғашыққа құл мәжнүндерді,
Мұң-зарын мазлұмдардың жазғым келді.
Көлшік те сілкінбей ме бір ашынып,
Көп жатса шер толқынын мұз жасырып.
Жүрегім ләззат жырдың құт ұясы,
Бар шығар шертілмеген құпиясы.
Дер мүмкін: «Бұл ақыннан ар тайған ба?»
Егілсем махаббатқа қартайғанда.
Жыршымын ғашықтардың зарын шаққан,
Шайқы ғой ақын біткен әлмисақтан.
Елһам бер, мұратыма пайғамбарым,
Ақшамға қалды таяу қайран шағым.
Бола ма кәрілердің бәрі дана,
Шырқауға әлде демім тарыла ма?
Бәлкім сен алпысыңда асқарладың,
 Жаһанды кезді жаңа дастандарың.
Қайралып зүлфұқардай қауырсының
Жарқылдап жарып өтті дәуір сырын.
Даттадың жарға семсер суырғанды,
Мақтадың жаны жұмақ сұлуларды.
Ғарышқа кетті даңқың өктеп өлең
Мен әлі аспай жүрмін Көктөбеден.
Асырдың бар сұлудан мақтауыңды,
Бәрінен асыл көріп Әппағыңды.
Жаныңа нұрын төкті қыпшақ қызы,
Көрініп періштедей әппақ жүзі.
Сол сұлу жүрегіңнің сырын білді,
Тудырды қиялыңда «Шырыныңды».
Сайрайын өзің еккен сыр бағында,
Әппақты айтып қырдың ұрпағына.
Жеті жүз тау асқарын шегіп кейін,
Дәуірге, өзің өткен шегінейін.
Медет бер қаламыма, ақ шаһбазым!
Толғайын ғашығыңның шағым-назын.
Қалижан, шерт жырыңды ыза күймен,
Шапағат алып ұлы Низамиден!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу