Өлеңдер ✍️
ДӘН ЖОРЫҒЫ
Ойларымды жусатып,
Шықтым ерте дөң аса.
Көк теңізге ұқсатып,
Жүздім қырды оңаша.
Қандай ғажап маңайым,
Толқын түскі торғындай.
Тұнық жырмен бағайын,
Толықсысын тор бидай.
Маң төбенің астында,
Мотор күйі шертілді.
Дүркіндеген тасқын ба?
Сол күй алды еркімді.
Үкілі бас дәндерім,
Билегенше орақпен, –
Келбетіңе кең жерім,
Қуанамын қарап мен.
Көркіңнен жыр іздедім,
Дән самалын аңсадым.
Керілсінші Қызбелім,
Мөлдіретіп моншағын.
Дүзді жеке кезуді,
Қаладым мен таңертең.
Жетектеді өзімді,
Жырым менің, жан еркем.
Комбайн жүр кемеше,
Селді жарып аққандай.
Тап алдымнан жел есе,
Қауыз ұшты ақ қардай.
Желбіреп ақ шәлісі,
Рульде қыз қасқиған.
Комбайнның шалғысы,
Ұстарадай шаш қиған.
Сусылдайды маржандай,
Құймедегі алтын дән.
Мұрынымды жарғандай.
Нанның исі аңқыған.
Әулие нан, ғазиз нан!
Сені күнге теңер ем,
Жатса жерде жалғыз дән,
Бас иіп мен терер ем!
Сенде өмір нәрі бар,
Сәулесі бар күннің де.
Туысымның тері бар,
Иісі бар гүлдің де.
Молшылықтың қорындай,
Отаныма сый – дәнім, –
Деп қалған бір орылмай,
Масақты мен сипадым.
Тұрдым солай. Сол бір кез,
Айғай шықты артымнан.
– Ей, тоқта сен, бұрыл тез,
Қисық басқан антұрған. –
Сергей екен ашулы,
Даусы шықты жаңғырып:
– Қырса солай шашыңды,
Шекеңде жал қалдырып.
Соқырмысың, мұның не?
Жерге шашып моншақты?
Ендеше жұл қолыңмен,
Мына қалған масақты.
Ұста тура бетіңді,
Жерге бір дән қалғызба!» –
Деп Сергейім зекіді,
Комбайншы сары қызға.
Қандай қыз бұл мүләйім,
Ұятын да аңдамадым.
Үнсіз ғана мұңайып,
Жұлды қалған дән жалын.
– Жайшылықта жұмсақ ең,
Досым, неге түйілдің?
Қыз бала ғой, мұнша сен,
Неге қатты бұйырдың?
– Қайтер ең сен, шашылса,
Әр төбеге несібең?
Аяққа дән басылса,
Ақ теріңмен өсірген?
Сонау қырдан келдім мен,
Терге батып ақсаңдап.
Масақтар көп селдиген,
Орған белде, ақ таңдақ.
Жақсы ғой жай сөзіңді,
Осы қызың ескерсе.
Тапсырмаға төзімді,
Тәртіп керек әскерше.
Сергей сорып шылымын,
Егіндікке қарады.
Азсынды ма шығымын,
Түйілгендей қабағы.
Сергей басын шайқады,
Әлденеге күрсініп.
– Айша не деп айтады,
Соған сағым тұр сынып.
Топырағының нәрі көп,
Құнарлы бел деп едім,
Тыңайтпай-ақ дәрілеп,
Дәнге мұны бөледім.
Табалайды бұл үшін,
Айша тағы білемін.
Үмітімнің бұрысын,
Аян етті бұл егін.
«Берері мол жер екен,
Бабын неге таппадың?
Болсын қайдан берекең,
Топырағын бақпадың».
Айша солай мінеді,
Жұрт көзінше әлгінде,
Аямады, жүрегі
Мұқатуға әлді ме?
Қазір тағы келер де,
Дәнді көрер уыстап,
Сөзін нықтап дәлелге,
Дәмесі бар ұрыспақ.
Ойладым ба өткенде,
Химияның мол емін?
Мәз болып дән сепкенге,
Кеңейттім ғой көлемін.
Өкпелі жер өзінше,
Сыйға қарай сыбаға.
Айшаның тек көзінше,
Бұл мінімді сынама.
Мінегенге мәз Айша,
Дей ме мені бас ұрсын.
Менің парқым азайса,
Өз мерейін асырсын.
Ұмытты ма туысың,
Айтшы соны Айшаға:
«Махаббатсыз тұл ісің,
Күн шуағын жайса да», -
Деген екен бір ақын,
Шықты ма сол есінен.
Жүрегімді бұратын,
Сондай сөзге шешілем...»
Басталған сол әзілмен,
Дөңнен төмен аттадық.
Сергей солай сезілген,
Сырын саяз ақтарып.
Алдымыздан, ақ қырдан,
Айғай шықты – Сергейлеп!
Айша екен шақырған,
Шеттен қолын сермей кеп.
– Тағы да дау басталды,
Шақырып тұр шаңдаққа.
Бұзып біздің жоспарды,
Күздік жыртпақ сол жаққа.
Химияның әмірі,
Құдіретті десе де,
Солған мәңгі тамыры,
Тулаққа дән өсе ме?
Ырзамын ғой дәлелге,
Айтса болды жөнімен.
Менікі жөн дегенге,
Үнсіз қалай жеңілем?
Дау не керек жыршыға?
Желдірте бер өлеңді.
Жібер мені бұл сынға, –
Деп Сергейім жөнелді...
* * *
Өзім жеке тербелдім,
Көтерілген еңсеммен.
Көк теңізге тең көрдім,
Көп бидайды теңселген.
Крейсердей жүзіп жүр,
Комбайндар жайсаңда,
Сен де жырым қызып бір
Қанатыңды жай, самға!
Өлшемедім өлеңмен,
Мөлдір дәннің мөлшерін.
Өзім туған белеңнен,
Өр сенімді өлшедім.
Емеспін ғой санақшы,
Бидай басын қаттаған.
Жырыма көп сарапшы –
Содан қалай ақталам?
Қиын ғой жыр асуы,
Қиялап көп жығылдым.
Қыраулап бұл басымды,
Құзға неге жүгірдім?
Тракторшы болсамшы,
Күйді шерткен темірмен?
Не қой бағып қалсамшы,
Жайлауының төрі кең?
Сөзді бақтым, жыр еттім
Кінә менің өзімде.
Лүпілдерін жүректің,
Жауаптымын сезуге.
Ойлап соны жөнедім,
Сарша қыздың ізімен.
Ерді бірге өлеңім,
Дән секілді тізілген.
Қарамаппын көгіме,
Көкжиекке сүйенген.
Ашық көкті тегінде,
Ақ пейілдей сүйем мен.
Әлгінде күн шағыл да,
Шілдедей сол баяғы.
Егін сүңгіп сағымға,
Кең аспандай аялы.
Бұзау баққан белесім,
Толықсып тұр бидайға.
Сонау кездің елесін,
Ескересің мұндайда,
Ескі мола белгі де,
Осы бері асқанда,
Өткен еске келді де,
Қарай қалдым аспанға.
Кенет көкті жапты бұлт,
Шөлдеді ме күн, сірә?
Жел де соқты аптығып,
Жер мен көкті қусыра.
«Тереңсордың» сыртынан,
Жарқ етті тез нажағай.
Сұлу және сыры таң,
Табиғаттың ғажабы-ай!
Жауап рақат өзіме,
Құйындап тез өте көр!
Елестеді көзіме,
Баяғы сол метеор.
Күн еді тап осындай,
Қуарған дүз, осы маң.
Көктен түскен тосын жай,
Дүркіреп жұрт шошыған.
Қазір құтты мекенге,
Күлімдейді күн, ай да.
Қазір кәрі Жәкең де,
Еңкеймейді құдайға.
Айдаһар жоқ көгімде,
Жоқ жүзімде қорқыныш.
Күркіре көк, керілме,
Жыр тыңдасын жер тыныш!
Төк нұрыңды себеле,
Жоламасын шаң қырға.
Жұпарына кенеле,
Кеуде тостым жаңбырға.
Суға шылқып келіп ем,
Шомылсын деп кәрі жүз,
Алдымда тұр кейіген,
Комбайншы сары қыз.
«Білмей көктің болжауын,
Бастатқан кім орақты?
Жау ғой бізге бұл жауын,
Дүркін істі таратты.
Тілегенде тамбады,
Қара енді бүлігін.
Шірітпек қой жондағы
Бидайымның бұрымын.
Зерттесейші әуелі,
Осы жерде бір кісі.
Әлденеге әуейі,
Бізге келген білгіші.
Сергей әуре күн ұзақ,
Әйелменен әлгі бір.
Кетті екеуі тым ұзап,
Мұнда иесіз қалды қыр.
Жауын, міне, селдеді,
Доғарылды комбайн,
Машинасы келмеді,
Су болуға дән дайын.
Ұрысуды біледі,
Маған бейне балаша.
Сынаса да күледі,
Айша тура қараса», –
Деп тарылды сарша қыз,
Күндеуі ме, өші ме?
Сыр білсек те қанша біз,
Шабанбыз ғой шешімге.
Ойламадым қыз назын,
Жаңбыр үшін ұялдым.
Жаңбыр іздеп қызғаным,
Қиянаты қиялдың.
Сулана ма мынау дән,
Егін залал тарта ма?
Мезгілсіз сел бұл жауған,
Жаусайшы тек арқама.
Ал Сергей ше? Ол зәуде,
Дау айтып тұр Айшаға.
Қыздың сөзін болжау де,
Қызғанса да қаншама.
Ойлап соны көз тіктім,
Солар жүрген шаңдаққа.
(Қадалыпты қыз тіпті,
Қаршығадай сол жаққа.)
Ұялып ем жауыннан,
Енді араға түс ақтап.
Сергейім жүр дау қуған,
Айшамызды құшақтап.
Алғыс айтар ер жігіт,
Қыз жаураса нөсерге.
Құшаққа енер өр үміт,
Қыз қарысқақ десең де.
Сәті ме бір сондайдың,
Айырмадым сонысын.
Достықтарын қолдаймын,
Сүйінемін сол үшін.
Көріп соны сары қызым,
Сұрланды да бұлтиды.
Қызғаныштан бар ма ызың,
Бетке неге бұлт үйді?
Мейлі шешер өздері,
Шын махаббат дарысын.
Осынау шұғыл кездегі,
Толғандым мен дән үшін.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter