12.04.2022
  98


Автор: Қалижан Бекхожин

МЕНІҢ МЕКЕНДЕСТЕРІМ

Поэмадан фрагменттер
Агроном аңызы
1
Соңырқап қаз оралмай ма,
Балапан боп өскен көлге?
Келдім мен де орақ айда,
Балалығым көшкен белге.
Сол баяғы «Тереңсор» ма,
Ауылым ауып, ұмыт қалған?
Мекен едің керең сонда,
Өзегің сор, уыттанған.
Бірақ өзім жүгіріп ем,
Нуға балап шаңдағыңды.
Көрдім көктей қиыры кең,
Сенің жұрдай жан-жағыңды.
Ызғындаса ығыр желің,
Шаң бүркесе кер беліңді.
Іздеп гүлді жүгірмедім,
Иіскедім кермегіңді.
Жылдар ұзап жүрдім аулақ,
Жазығынан құлазыған.
Жасарайын бір күн аунап,
Белің болса, гүл жазылған?
 Қаңбағыңды жел аунатқан,
Көлшігіңді, сағым күлген,
Шақатыңды, бұзау баққан
Жас баладай сағындым мен.
Сағынышым сағыздай боп,
Созылған көп күндер өтті.
Күндер өтті аңыздай көп,
Талай түзді гүл бөлепті...
Ұшқан ұям, бетегіңе,
Құшақ жайдым қуандым да.
Жөнел мені жетеле де,
Көлбеңдесе ну алдымда...
Баяғыдай аспан, күн де,
Баяғыдай шағыл, тымық.
Бірақ қырым, басқа мүлде,
Тұр егінге шалқып тұнып.
Жаяу тарттым сол бір жаққа,
Сипаладым дән желегін.
Осынау бір қу алқапта,
Кеткен еді дәнге кегім.
Онда сағым арасынан,
Жылтыраған сары бауырсақ,
Әке сорлы аласұрған,
Әлек салып сол ауыр шақ.
Естіп келем қандай үнді,
Жаңғыртқан кім қыр алысын?
Жырға қосып комбайнды,
Шерткен жастар қуанышын.
 Бидай мүлгіп бұлың белде,
Ерлер қостың қасында жүр.
Жорық алда, бүгін әлде,
Сабан тойдың басы ма бұл?
Қырман төрін шыр айналып,
Биші қыздар бұлаңдады.
Құйқылжытқан сырнайды алып,
Орыс, қазақ ұландары.
Сәлем, жаңа жерлестерім,
Шығанымды сүйіп келген.
Тарт тамырын, тербет өрін,
Жұт уызын, иіп берген!
Танысайын –тумасымын,
Бұл түпкірдің ұмыт бұрын.
Өздеріңмен құрдас үнім,
Енсін топқа жігіт жырым.
2
– Сергеймісің!
Сөзді термей,
Құшақтастық, қол алыстық.
Сол құшағы сездіргендей,
Сағынышын маған ыстық.
Танысып ек, жат түкпірде,
Жаралы да, сол өндір жас.
Госпитальда жаттық бірге,
Аға сержант болды сырлас.
Майдан шеккен сол бір күнде
Шыққан талай от қамалдан.
 Жауды соққан сел – дүркінде,
Аяғына оқ қадалған.
Әлсіз жатты төсегінде,
Қиналысы ауыр еді.
Кейде кетіп есі мүлде,
Әрең дамыл тауып еді.
Қақсағанда сынған аяқ,
Жігіт қатты безілдеді.
Түнде талай тұрдым аяп,
Ыңырсыды, көз ілмеді.
Кейде бір сәт дамыл тауып,
Көзін жұмса, күбірледі.
Күбірледі ауық, ауық,
Құрмаш, Құрмаш! Жүгір! – деді.
Білмедім мен, досы қандай?
Есінен сол кетпей қойған.
Түсінде де ашынғандай,
Алабұртып отты майдан.
Гипс матап есіл өрен,
Зар болды бір көсілгенге.
Жинап еді есін әрең,
Жіліншігі кесілгенде.
Ер екен деп қалдым сонда,
Бейнетіне тура төзген,
Жылдам таяқ алып қолға,
Аяқ басты протезбен.
 Ақсай басып албырт жігіт,
Тақсіретін елемеді.
Жанында тек жарқын үміт,
Әуесі тек өлең еді.
Жыры жылдам ақпаса да,
Ол қиялмен есе білді.
Таңдандырды жатқа соға,
Айтып ылғи Есенинді.
Үйір болды ол менімен,
Өткіздік көп жыр кеңесін.
Өткен майдан дүрмегінен,
Аңыз шертті іргелесім.
Аққан қан да аяғынан,
Ұмытылды, жерге сіңді.
Ұмытпады, аяды да,
Менің сол бір жерлесімді.
Құрмаш ылғи жүрді есінде,
Екеуі бір майдан кешкен.
Мен құштар ем, жерлесіме,
Жасымда бір ойнап өскен.
Айтты Сергей сонда маған,
Деп, – досымды жұтты майдан.
Білмей қалдым, тор қамаған,
Соңғы даусы шықты қайдан?
Екі солдат кірген бірге,
Айқасуға соңғы бір шақ.
 Бұрын бірге жүрген түнде,
Бүркеп талай жалын бұршақ.
Оқ кезеніп жүгіріпті,
Екі боздақ қатар алға.
Сергей кенет жығылыпты,
Оқпен бойын матағанда.
3
Ертіп мені ол келеді,
Адырдағы ақ шатырға.
Күн де солай дөңгеледі,
Артып иек ақша қырға.
Артта жастар сыңқылдасқан,
Алда – дәнді тізген белең.
Сол досыммен, сылтып басқан,
Өткен бұлдыр ізбен келем.
Басқан ізден бала шақта,
Елестеді үнсіз ғана.
Сөнген оттар жер ошақта,
Көшкен ел мен тілсіз дала...
Үңілдім мен іздеріме,
Жас ойнақпен еске келген.
Ол қарады дүз-беліне,
Ақ бидаймен кестеленген.
Мен разымын айналама,
Осынау жер-бесігім деп.
Ол қуанды, айдалаға –
Еккен мынау несібім, – деп.
 Қарап солай жымиды да,
Ол бастады әңгімесін:
-Келдім өзім бұл қиырға,
Сүйіп қырдың кең белесін.
Көп болды сен көрмегелі,
Шекті жылдам жылдар сапар.
Баяғыдай көрме мені;
Болдым, міне, қырма сақал.
Ал өзің ше? Ерте емес пе?
Шашың неге боз қыраудай?
Ойлап жырды ерте-кеште,
Сарылдың ба, сөз құралмай?
Бірақ мейлі, ақын үшін,
Сөз бе бурыл шаш дегенің?
Болса жасқа жақын ісің,
Жылы тисе жасқа лебің.
Иә, маған жыр қонбады,
Ақынсынып баққан едім.
Тартты шулар қырмандағы,
Ауды қырға бақ-тілегім.
«Буып шерге құр кеудемді,
Соғам кімді балдағыммен?
Көктей көріп күрең белді,
Жер қызметін таңдадым мен.
Оқып сырын топырақтың,
Көктем болса аласұрдым.
 Оқтар жыртқан атыраптың,
Өңіріне дән өсірдім...»
* * *
«Майдандағы үндей бізге,
Жетіп даусы партияның, –
Жел басынған дүлей дүзге,
Дедім бір күн, – тарт, қиялым.
Сол бір дауыс жаңғырықты,
Отанымның кеңісінде.
Жауғандай тап жаңбыр құтты,
Егіндікке – ел ісіне!
Теңізге де сүңгір адам,
Асылдарын теремін деп.
Айдын дала сырлы маған,
Теңізден де тереңірек.
Көзім бар да, қолым бар да,
Сылтау ма сол кем аяғым?
Келдім сылтып қалың қарда
Жазығына кең аяның.
Қазақ жерін келдім аңсап,
Қияны бар теңіз сынды.
Жетті маған желі алшақ,
Өзің айтқан лебіз сынды.
Айтқандайын бұл түкпірге,
Келдім күшпен әрең зорға.
Үйді күдік бұлтын мүлде,
Құнар жоқ деп «Тереңсорда».
 Апаты бар әлек сор деп,
Баяғысын тосып алға,
Талай әкім шенеп сөйлеп,
Жолатпады осы маңға.
Өзің айтқан кереметін,
Қызық көріп, көнбей келдім.
Жұрты безген жердің бетін,
Тұйық жатқан кендей көрдім.
Құйын ғана бебеу шертіп,
Құлазыған тұл қыратқа,
Өрендерді келдім ертіп,
Өң беруге топыраққа.
Келсек мұнда, елсіз түкпір,
Өзің көрген жалғыз мола.
Жым-жырт жапан, үнсіздік құр,
Мекендеген байғұз ғана.
Түнерген Сор, жер ызғарлы,
Қарап бізге түйді қабақ.
Жағасына, шала қарлы,
Жабдықтарды үйдік қалап.
Болған да жоқ лашық баста,
Сыз төсеніп, жел жамылдық.
Күмбезіміз – ашық аспан,
Бұлт та бізге болды түндік.
Жерді тіліп белестегі,
Топырағын иіскедім.
 Маған қырдан елестеді,
Толықсыған ырыс – егін.
Көрер едің көк нөсерде,
Өршеленген өрендерді.
Трактормен өктеп өрге,
Жаңғыртқанын керең белді.
Қуанар ең келбетіңе,
Қожыр қырың кестеленсе.
Рақаттанам бейнетіме,
Сол қиын шақ еске келсе...
Көрсең тұңғыш борозданы,
Несібеңнің бастауындай.
Қуанар ең қағаздағы,
Басталған тың дастанындай.
Ақын болсам соның бәрін,
Жырлар едім ертегідей.
Сол күндердің көп сырларын
Шермендемін, шерте білмей.
Трактордың арт жағында,
Есімде көп жүгіргенім.
Маңдайымның қатпарында,
Сызулы тұр жырым менің.
Жырлайсың ба? Сұра, сырды,
Жігіттерден жер түлеткен.
Өлеңдерді, терең сырлы,
Шығандарға шертіп өткен.
 Сұра, соны туысыңнан,
Мұнда қайта көшіп келген.
Аман сақтап қыр қысынан,
Қойды баққан Әшімдерден.
Сұра, жаңа жерлесіңнен,
Қала салған тұл дүзіңе.
Сортаң тері жерге сіңген,
Жаз өлеңді, жұрт ізіне!»
Сүртіп терін маңдайынан,
Сергей енді шылым шекті.
Сонау қостың маңайынан,
Әншіл жастың шуы жетті.
Іздедім мен үндерінен,
Дастанымның нәшін жаңа,
Айналамда тұр керілген,
Ақ бидайдай жасыл дала...
***
Ақша қырдан күн де асты,
Ақ шатыр да жақындады.
Сергей неге жылдам басты,
Ынтығы не шатырдағы?
Қарап едім, ол күлімдеп,
Жүзі тағы арайланды.
Тоқтады да тез күбірлеп,
Ақ шатырға қарай қалды.
– Ех, сырласым, мақталар ем,
Маған айдай нұрын жайса.
 Тіпті содан бақ табар ем,
Ағытта тек сырын Айша?!
Тәкаппарсып бұлқынбайды,
Сөйлесуге кезіккенде.
Жылы жүзбен құп тыңдайды,
Сыршыл өзі – нәзік пенде.
Бірақ өзі сырға берік,
Өз бетінше үн қатпайды.
Өмірінен дерек теріп,
Сұрағыңды ұнатпайды.
Қалар едің сен құмартып,
Бетіндегі шұңғыл меңге.
Бала қыздай ішін тартып,
Сықылықтап шын күлгенде.
Құрбыларын шенеп сөйлеп,
Күліп қатты, қызған топта.
Киіп ерсі шолақ көйлек,
Шолтаңдаған қыздар жоқ па?
Қоңыр да емес өзгелердей,
Мұның жүзі аққұбаша.
Сызылады сөзге келмей,
Сездірмейді, жақтырмаса.
Болса мейлі әйел өзі,
Назды бірақ ол қыздардан.
Қазір тіпті жайнар кезі,
Асқан жаңа отыздардан...
 Саған сырын айтар бәлкім,
Тумасы ғой маң даланың.
Жары қайда? Неге салқын?
Білмей соны таң қаламын.
Өкінішпен қатқан жан ба?
Аузы күйіп арамзадан?
Өзін жарға сақтаған ба. –
Не, майданнан оралмаған?
Әлде жары болды ма опат,
Қайғылы ма күйігінен?
Сөнгені ме сол махаббат,
Шешіледі түйін кімнен?
Үміткердей баққа дайын,
Не ақым бар өткенінде?
Келді мұнда, айтқандайын,
Айша жаздың көктемінде.
Жай емес ол, білімпаз жан,
Маған орай мақсаты да.
Нәр іздейтін құм мен саздан,
Аспаптар көп ақ шатырда.
Ол шығады таңсәріде,
Еңістерге жапа-жалғыз.
Ұмытқан жан кеңсені де,
Құзыры тек – сары жапан дүз.
Жүгіреді әр төбеге,
Уыстайды топырағын.
 Басын шайқап әлденеге,
Кейде ұзақ отырады.
Әлде сорға, әлде баққа,
Осынау әйел келді бізге?
Мінді тағып әр бұйратқа,
Жүгіреді желді дүзде.
Келіп кейде егістікке,
Мені тіпті мұңайтады.
«Мынадан мол жеміс күтпе,
Бұл қуаң жер, құмайттағы».
«Өңі тозған мына дүзді,
Өңдесе ғой минералмен».
Сөйлегенде мінеп бізді,
Дәлел таппай қиналам мен.
Жер сиқырын баяндаған,
Картасы бар, айна сынды.
Сол сырлары аян маған,
Дәлелдері ойға сіңді.
Зая бейнет, құр қиялың,
Топыраққа телміргенің.
Шын қадірін химияның,
Ем – дәріге тең білмедім.
«Шіркін мынау шаң дүзіме,
Көлкітсе ғой нөсерді көп.
Сонда қалың дән тізіле,
Көк құрақтай өсер гулеп.
 Тамшы тамбай, табынамыз,
Кейбір жазда қарап көкке.
Дәрменсіздей тарыламыз,
Кетсе солай талап текке...
Ех, шіркін, сол, космонавтар,
Жаңбыр бұлтын қуа келсе,
Кеңдігін де аспан ақтар,
Жерге нұрын құя берсе.
Әзілім ғой, көкте нем бар?
Әлекпін ғой жер ісімен,
Сусын келмей, бұл төбең зар,
Аққан анау Ертісіңнен.
Бірақ мұндай сыр қажет пе?
Ақын құмар Айшаларға.
Жырла соны, қазір жет те,
Толғана жүр, жайша барма!
Өлең-жырдың ол бөбегі,
Сырлары бар біз ұқпаған.
Тыңда жаның тербеледі,
Тың аңыздай қызық саған.
Бейуақытта, күңгірт кеште,
Барады да «Терең сорға»,
Көз тіккендей бір елеске,
Отырғанын көрем сонда.
Қарайды да сол көлшікке,
Күрсінеді Айша неге?
 Сүйіктісі сор кешіп пе?
Сол қайғысын жайша деме!
Менде жыр жоқ, мен әшейін,
Жер тырнағыш түрен сынды...
Айша айтса, түнге шейін,
Тыңдар едің терең сырды.
Өскен екен қиыр жақта,
Келген шығар қимай елді.
Әлдекімге бұйырмақ па,
Қарындасың, бидай өңді?
Әлдекімге кім қияды?
Келем соған шатырдағы,
Жыр етсін деп химияны,
Қос басына шақырғалы...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу