Поэмалар ✍️
ДУДАР-АЙ
І
Шексіз бір көк теңіздей шымқай дала,
Әндерін шығандатып шырқай сала,
Жүр еді жылқышылар, жылқыларын
Айдап салып бетеге, көк майсаға.
Көп жылқы көл құсындай, көкалалы,
Көркейтіп көлбеп өрген кең даланы.
Кісінеп күмбір-күмбір күреңдері,
Малжанды көңілге бір күй салады.
Осы мал өзінікі емес, әттең!
Күндері жалшылықпен қор боп өткен.
Даланың жортуылы – жылқышылар
Осылай ән салатын кейде кекпен.
Болса да өзі жалшы, жаны сері,
Жылқышы – жігіт өрі, жастың ері.
Кеудесін баса алмаған бай бажылы,
Не боран, не дауылды көк нөсері.
Өткізіп ұры түнді сақ көзімен,
Даланы оятады әуезімен.
Құлындай шұрқырасып таңсәріде
Масайрап мәз болады өзді-өзімен.
Көңілді күндегіден бүгін тіпті,
Әндеткен ортаға алып бір жігітті.
Сөйлеп тұр көтеріліп осы жігіт,
Кім өзі, қалың қабақ, қара мұртты?
Кеңесін Тимофейдің көріп қызық,
Аз уақыт хуторында күн өткізіп,
Ел жаққа қайтты Дүйсен,
Сол бір қарттың,
Тілегін, ақылдарын ойға тізіп.
Ал Базар Мариямға алып хатты,
Кеткелі бес-алты күн болып қапты.
Жүр ме екен серуендеп Өрігімен,
Әлдилеп әлде сәби махаббатты?
Ойына ереуіл сап бастағы мұң,
Ішіне келді Дүйсен достарының.
Ауылға бара алмады, сескендірді
Сөздері сумаңдаған дұшпанының.
Достары жеті түнде жылқы баққан,
Дүйсен де қиқулатқан түнді ұнатқан,
Мәз болып жатыр бәрі ол келгенге,
Кез еді таң самалда тыным тапқан.
Мадақтап орыс қызын,
ғашық сырын,
Дүйсенге айтты бәрі қалжың сынын.
Бірақ та сезіп шерін екі жастың,
Түсінген тақсыретін қайғысының.
Осылай қуанысып тынық таңда,
Басылды шырқалған ән күн шыққанда.
Сөз бастап достарына кетті Дүйсен,
Түсіп бір аттарынан тыныққанда:
– Осынша неткен дала, ұлан жазық,
Осылай жатқаны ма құр құлазып?
Қу шөптен басқа нәр жоқ үстінде бір,
Түртініп тапқан әрең мал ғана азық.
Орыстың таң қаламын өнеріне,
Толықсып бәйшешектер тұр жерінде.
Кешегі құла түзге қала салып,,
Теңіздей айналасы толды егінге.
Бау-бақша, жасыл мәуе... толған нәсіп.
Судан да, ағаштан да тапқан кәсіп.
Осының бірін тағдыр білдірмеді,
Қазаққа өші бардай ерегісіп.
Меңіреу даламыздай мүлгіп тұрған,
Еліміз оянған жоқ әлі ұйқыдан.
Ойласақ, білім де жоқ бәрімізде,
Не білдік дүмше молда оқуынан?
Осылай аңды қуып, малды бағып,
Далада жүреміз бе қаңғып, лағып?
Орыстан оқып неге үйренбедік,
Өнеге істерінен тәлім алып?
Кім біздің қолымызды қойған байлап,
Осыны білдіңдер ме, тегінде ойлап?
Қырдағы қытымыр бай, болыс бізді
Қалайша тұншықтырып,
қор қып қоймақ?
Бәрі де тұрып қалды батып ойға
«Дариға, оқу қайда?
Өнер қайда?»
Көрінді жер құртындай бай жылқысы,
Шұбырып бара жатқан терең сайға.
ІІ
Тұрғанда қарап жолға, кетіп шыдам,
Сәлем ап жетті Базар ғашығынан.
Асығыс жардың сөзін тыңдады ол,
Жауапты іздеп сырға жасырынған.
«Түсін сен, мұңы терең Марияның,
Арманы толқынындай дарияның.
Сен үшін, достық, еркін өмір үшін,
Дінді де, ғұрыпты да мен қиямын!» -
Дегені жылы тиіп жүрегіне,
Ойнақтап тұрды шалқып нұр реңінде.
Сүйсінді Мариямның бұл сертіне,
Ойының өрлігіне, ереніне.
Қуанып қыз сырына жылқышылар,
«Дүйсен-ау, дәтің бар ма енді шыдар?
Адалын айтыпты ғой...» деген кезде
Сөздерін бөліп сөйлеп кетті Базар:
– Нұрадан кетіпті әкең көшіп елге,
Барыпты Ыдырысқа, Ащыкөлге,
Сөзіне сол көлгірдің наныпты қарт,
Арбаған күшімен де, ашумен де.
Ұрланып үйіңе де қайттым барып,
Сорлы әкең іздеп сені, отыр налып.
Түйіліп ақсақалдар, хазіреттер,
Кетіпті кеше ғана әлек салып:
«Ұлыңды, дінді бұзып, жүрген жазып,
Тыймаған надан әке – сенде жазық.
Орыстың қызын алса – ұлың сенің,
Кетеді әулетіміз түгел азып...
Күнәсін өзі келіп, тәңір атқан,
Сұрасын хазіреттен, шариғаттан.
Келмесе, орыс қызын алып кетсе,
Үкен, сен кінәлісің, сірә, сақтан!
Мал-мүлік – онда өзіңе болар харам,
Шариғат – дін қарғысын төгер саған.
Болмасын десең егер осы жаза,
Мешітке мойынсұнып келсін балаң!...»
Осылай әлек сапты сұмдар өңшең...
Амалын осы көптің ойлап, біл сен.
«Әкелік әмірім сол, – деді қартың, –
Өзіммен кеңесуге келсін Дүйсен...»
Қабағын қара бұлттай ыза бүркеп,
Дүйсен тез сөйлеп кетті қолын сілтеп:
– Әкемде жұмысы не жендеттердің,
Күнәлі құдайына өзім ғой тек.
Айтыңдар, ел алдында бар ма күнәм?
Құтылам қалай діннің арбауынан?
Берейін еркіндікті жүрегіме,
Ғұрыптың құтқарайын қармағынан.
Езілген ескілікпен қайран әкем,
Сорлатып сен байғұсты қайда кетем?
Барайын мешітіне, айтысайын,
Шариғат шын ғашыққа не айтар екен? –
Осыны айтып
Дүйсен зілді кекпен,
Жөнелді әкесіне өзін күткен.
Қоштасты, достарына сертін беріп,
Дәлелдеп сөйлесуге хазіретпен.
ІІІ
Меңіреу мешітіне түнге жақын,
Міңгірлеп айтты молда мінәжатын,
Сопылар қойдай сұлап, домаланып,
Күбірлеп айтып жатыр құдай атын.
Бүгжеңдеп тақуалар белді бүгіп,
Өліктей түсі қашып, жатыр мүлгіп.
Сәлдесі дағарадай сұп-сұр имам,
Әлхамын айтып сарнап тұрды шұлғып.
Ішінде сәжде қылған топырлардың,
Тізесін әрең бүккен тәкаппар кім?
Алла емес, ауызында – ашулы сөз,
Тұрысы көрсетіп тұр бұзық қалпын.
Бұл тұрған сұм Ыдырыс келіп бұрын,
Дүйсеннің хазіретке айтқан сырын.
Түнеріп хазірет тұр осыны естіп,
Ішінде түнек ойлар тұр жасырын.
Кешегі өткен жұма намазында,
Жиналып өңшең діңкәр – қайнап ыза,
Дүйсенге айтқан шулап, қарғыстарын,
«Азғын» – деп ғашық болған кәпір қызға,
Хазірет дір-дір етіп айтқан уағыз:
«Қосылды діні жатқа азғын нағыз,
Ондайға шариғаттың жазасы бар,
Күнәсін алла атынан бұйырамыз!»
Табылмай Дүйсен бірақ содан бері,
Жалындап Ыдырыстың жанған кегі.
Өзіне бағынбаған қайсар жастың,
Ызасы жүрегінде қайнап еді.
Меңіреу мешіт іші батып мұңға,
Ыңырсып аят әрең айтылуда.
Көңілсіз бейуақтың бұлдыры да
Мезі ғып үнсіз маңды тұрды дұға.
Бастарын қалтаңдатып, шұлғып изеп,
Алдамшы нысананы оймен меңзеп,
Табынып түнек жандар тәжім еткен
Ғайыпқа құлдық ұрып, рақым іздеп.
Достарым, жандарымыз қандай азат,
Құдайсыз, табынусыз – өмір ғажап!
Еркінбіз, әміршіміз жанымызға,
Біздерді шошытпайды құдай, дозақ,
Ғайыпқа құлдық ұрып, болған пенде,
Не дейміз жаны езіліп өткендерге?
Еркіндік таппай жанға, махаббатқа,
Талайлар батпады ма сөйтіп шерге?!
Мешітке Дүйсен, міне, келді кіріп,
Қабағын түйіп қатты, қалды тұрып.
Түскендей қой қораға көкжал бөрі,
Бастарын қалтылдатып қалды бұрып.
Бұзылып кетті намаз, үзілді аят,
Мешіттің мұнарасы сынғандай-ақ.
Түксиіп тұрды бәрі,
тәубаны айтып,
Алдында әзірейіл тұрғандай тап.
Хазірет сұрлана қап, айтып дуға,
Күбірлеп сөйлеп кетті мехрабында.
Сұстанып кетті Ыдырыс сілтеп қолын,
«Уа, тақсыр, жаза бер, – деп, – бұ малғұнға!»
Хазірет әмір етті:
– Бас ілгері,
Азғын жан, дініміздің сенде кегі.
Тәңірдің үйі мынау, айт күнәңді,
Сөйлеймін Алла атынан қарғап сені!
Дүйсен:
Тағдыр деп қарайсыздар пенде ісіне,
Айтыңыз, ғашықтықтың күнәсі не?
Хазірет:
Құранда – күнә деген бұл махаббат,
Кәпірді сүю сұмдық, дініме жат.
Дүйсен:
Орыстың елі ізгі, ал қызын да
Жаратқан құдай сұлу қызығуға.
Хазірет:
Азғын жан,
сол қызды айтпа мұнда мақтап,
Сайтан да сұлулықты жүрер сақтап.
Дүйсен:
Сүйдім мен жаны таза орыс қызын,
Сүйкімді періштедей сұлу жүзін.
Хазірет:
Тантыма, бұзылған жан, сұм іспенен,
Садаға – орыс қызы періштеден.
Дүйсен:
Мария, орыс қызы, жаны бірақ, –
Секілді жүрегіме жаққан шырақ.
Хазірет:
Әзәзіл, тегі, азғырып сені бұзған,
Табарсың жаныңа азап осы қыздан.
Дүйсен:
Күнә жоқ қыздың ару жүрегінде,
Өзіме жаны серік, сыры бірге.
Хазірет:
Сайтанды әкет аулақ, біздің діннен,
Мүрдем кет, сол сиқырлы қызыңменен!
Дүйсен:
Хазірет! Енді бөгет болма бұған,
Сүйікті болды жарым – қыз Мариям.
Хазірет:
Құдайдың әмірі емес, өзің аздың,
Ғұрыпты бұздың ескі – дінге жаздың.
Ыдырыс:
Малғұн!
Мұнда, сірә, иман бар ма?
Ақ жүрек әзәзілге алданар ма?
Хазірет:
Уә, бұзық!
Құдай ма екен сені аздырған,
Тәңірге тізеңді бүк – жат, азғын жан!
Тізесін бүкпей қалды тәкаппар жас,
Махаббат мехрабқа имеді бас.
Асасын қалды сілтеп сұм хазірет,
Жүгірді өңшең дінкәр жайып құлаш.
Мешітке тұтқын болған жас жігітті,
Жабылып сопы біткен жерге жықты.
Хазірет әмір етті, байлаңдар деп,
Ыдырыс салып жатыр жұдырықты.
Еркін жан, қасиеттеп махаббатты,
Сұмдармен жағаласып, сөйлеп жатты.
Қамшысын Ыдырыс жүр баса соғып,
Хазірет айтып тұрды лағынетті...
ІV
Мариям сәлем айтып ғашығына,
Келер деп, қазір Дүйсен күтті асыға.
Дүйсенді ойлап жалғыз, енді ұмытты
Дінді де, күйрек ана ашуын да.
Жас қыздың қиялына беріп үрей,
Сол кезде жылмаң қағып келді Андрей.
Жымиып, сәлемдесіп Мариямға,
Рақымын сұлу қыздың тілегіндей.
Келе қап осы сумаң аңдаусызда,
Сөйледі үрейленіп қалған қызға:
«Шошисыз... Қыр тағысы деп пе едіңіз,
Орысты, сірә ұмытып қалғансыз ба?»
– Орысты ұмытпаймын, туған халқым,
Сүйемін ақ жүрегін, артық даңқын.
– Ендеше жатқа неге ынтығасың,
Еліңнің таптап ғұрып, аттап салтын.
– Жат емес, сүйікті жас бәрі бірдей,
Оның да жүрегі өз жүрегіңдей.
– Масқара, орыс қызы жат қазаққа,
Құмартып адасқанын жүрген білмей!
Адасып азба жолдан, қой Мария,
Келтірме сұмдық кірді сен арыңа.
Сүйемін, сүйші мені, жар етейін,
Сұлусың, от тастаған құмарыма.
Ойлашы, атақ, байлық – бәрі менде,
Абырой, сән-салтанат бар әкемде.
Жел айдап, сағым қуған тағы қазақ
Ойлашы, орыс қызы, саған тең бе?
Осыны ойлап анаң болды дертті,
Құдайды айтып маған мұңын шертті.
Айтып ем, сүйгенімді сені, Мария,
Қуанды, ризалығын беріп кетті.
Бұл сөзді есіткенде шошып қатты,
Мария сөзін қатал зілмен айтты.
– Сүйгенім Дүйсенді рас, тием соған,
Аулақ жүр, арамдамай махаббатты.
Орыстың қызы аз ба менен өзге,
Сүйе бер, соларды сен, менен без де.
Сүюді саудаға сап, байлықты айтып,
Жүргенің масқара ғой, жігіт кезде.
Осы сөз шамдандырып Андрейді,
Тепсініп Марияға едірейді:
– Әкіммін, даладағы билік менде,
Сор болам, сені сүйіп іліккенге.
Айдатам, ерегіссем, Дүйсеніңді,
Бұзақы, таратқан деп ірткі елге.
Ти маған жақсылықпен, кел, Мария,
Түсірме сор таңбаны ел арына.
Кетіпті кешірімді сұрап Дүйсен,
Болыс пен хазіреттің алдарына.
Есіттім бір қазақтан – анық маған,
Әзірлеп ауыл қызын қойыпты оған,
Құшағын қырдың қуы соған жайып,
Алдапты орыс қызын ұйытпаған.
Ажуа болдың-ау қыз, маған енді,
Басыңды ій! Жат махаббат енді сөнді! –
Деп тентек ха-ха-халап кетті шығып,
Мариям өңі қашып қала берді.
V
Асау сөз армандарын асқындырып,
Кеткендей жүректе бір тасқын туып,
Қимылдап еріндері Мариямның,
Қайғысын іштегі үнге қосты жыр ғып.
Сол үнмен тебіреніп, іздеп жарын,
Қиялға ұшырғандай жан құмарын.
Құпия ырғақтардан үн тізіліп,
Жүректің серпігендей жалындарын.
Тұйықтан толқындарды сүйреп алға,
«Дудар!..» деп ыршыды үн ыстық қанда.
(Айтатын оңашада «Дударым» деп,
Дүйсеннің бұйра шашын сипағанда!)
Сүйікті сол бір сөзден «Дудар» деген,
Күй сандық кеудесінен туған әуен.
Тізбектеп толқын-толқын күй үндерін,
Алысқа жөнелгендей тулап өлең.
Көкірек көптен ойлап шығарғандай,
Еріксіз үндер кетті шырқап шалғай!
Қосылды дала желі, тынып бәрі,
Тыңдады жат бір үнді құлақ алмай:
«Дудар-ай, Ақсұр атты жемдедің бе?
Кезінде уағда айтқан келмедің бе?
Уағда айтқан кезде келмей кетіп,
Мариям заты орыс деп сенбедің бе?
Дударари-дудым,
Сенің үшін тудым.
Шіркін-ай,
Дударари-дудым!..
Ащыкөл – Тұщыкөлдің арасы бір,
Басыңа камшат бөркің жарасып жүр.
Дудар-ай, келер болсаң тезірек кел,
Орныңа жаман біреу таласып жүр...
Қолында Мариямның өткір қайшы,
Арманым ақ қағазға жазылсайшы.
Қор болып сол жаманға кеткенімше,
Алдымнан бір терең сай қазылсайшы!
Дудар-ай, бір келетін күнің жетті,
Қайғыда Мариямның күндері өтті.
Мойныңа ақ білекті артып едім,
Өзің қи, жақтырмасаң сол білекті.
Мариям – менің атым, әкем Жагор,
Жүректе ғашық отым қайтып сөнер?
Егер де заты орыс деп келмей кетсең,
Дудар-ай, Мариямың қайғыда өлер.
Қайғырдым Дудар жаным кешіккеннен,
Өсекті жұрт айтады өшіккеннен.
Дудар-ай, ғашық болған мені ұмытып,
Не таптың молдалардың мешітінен?
Дударари-дудым,
Сенің үшін тудым,
Шіркін-ай,
Дударари-дудым!..»
Осы өлең сол бір кезде шыққан мұң сап,
Даланы кезіп кетті шарлап-шырқап,
Тұқырып басын гүл де, жел де тұнып,
Тыңдап бір тұрып қалды жұрт таңырқап.
Елжіреп естіген жас ұйып тыңдап,
Сазына сол бір әннің қан шымырлап.
Елпілдек жас жүректер жалындады,
Мәриям махаббаттың мұңын жырлап.
Тамсанып кәрілер де жұтып әнді,
Таянып таяғына тұрып қалды.
Тамылжып тәтті бір үн, жұрт жанына,
Тербетіп әкеткендей тыңдағанды.
Ал сол кез жүрген Базар бір аулақта,
(Аң қуып, мылтық атып, мініп атқа,)
Ести қап наз дауысты сыры терең,
Жүгірді ән толқындап жатқан жаққа.
Өзімен келді бірге Өрігі де,
Сол әннің дауыл беріп көрігіне.
Жиналып жас бір қауым жүріп кетті,
Әнімен кең далада керілуге.
Құшақтап Мариямды сүйіп беттен,
Бәрі де тілегіне тәжім еткен.
Шырқады қостап бәрі, «Дудар-айды»,
Қосылып қыз назына ақ ниетпен.
«Мариям Жагор деген орыс қызы,
Он жеті-он сегізге келген кезі.
Қазаққа Дудар деген ғашық болып,
Сондағы Мариямның айтқан сөзі:
Дударари-дудым,
Сенің үшін тудым.
Шіркін-ай,
Дудадари-дудым!..»
VI
Тап сол кез мешітінде хазірет сұм:
– Бұзыққа жаза беру әділет шын, –
Байлаңдар қол-аяғын, дүре соғып,
Мейлі өлсін, жаһаннамға жаны кетсін, –
Деген соң, ұстап қолын сопы біткен,
Дүйсенді алысумен әлсіреткен.
Жалғыз-ақ жүрегінде жанып ыза,
Жұлқынып жатты жігіт жас үмітпен.
Сол бір кез жай атқандай тітіреп көк,
Жетті сол ащы дауыс күркіреп кеп.
Мешіттің қабырғасын қалтыратып,
Соққандай мехрабын толқыны өктеп.
«Дудар-ай, Ақсұр атты жемдедің бе?
Кезінде уағда айтқан келмедің бе?
Уағда айтқан кезде келмей кетіп,
Мариям заты орыс деп сенбедің бе?
Дударари-дудым...»
Хазірет үнсіз қатып мехрабында –
Білмеді періште ме, әлде жын ба?
Селт етіп қалды Ыдырыс үрейленіп,
Ал Дүйсен тосты құлақ ащы мұңға:
«Ащыкөл – Тұщыкөлдің арасы бір,
Басыңда кәмшат бөрік жарасып жүр.
Дударай келер болсаң тезірек кел,
Орныңа жаман біреу таласып жүр...»
Жалыны отты өлеңнің жүрегін жеп,
Бұлқынып тұрды Дүйсен ереуілдеп.
Домалап қалды көбі ұмтылғанда,
Қамшысын Ыдырыс тек жүрді сілтеп.
Мешіттің қабырғасын тесіп кірген, –
Тағы да өршеленіп ән естілген.
«Дудар-ай, ғашық болған мені ұмытып,
Сұмдардың шықпадың ба мешітінен?», –
Дегенде Дүйсен шықты ырғып топтан,
Жұлқынып жолбарыстай тордан атқан,
Сырылып қалды бәрі бір бұрышқа,
Хазірет қашты жылдам мехрабтан.
Қағып қап Ыдырысты тұрған жолда,
Дүйсен де кетті шапшаң орғып алға.
Шықты да мехрабқа, айқай салды
Түршігіп тәубаны айтып тұрғандарға:
«Еркіндік, сауық-сайран, жас махаббат,
Қызығын білмейсіңдер, сендерге жат.
Сендерсің – достыққа жау, адамға қас,
Сендерге нәлет айтар, келер ұрпақ.
Ал кеттім мешітіңнен, құраныңнан,
Махаббат – маған тәңір, маған иман.
Өңшең сұм, өшерсіңдер, жоғалар тез,
Қытымыр заңдарың да қара тұман.»
Осылай алып зілді сөзбен өшін,
Мешіттің шықты теуіп терезесін.
Сұмпиып сопылары, қатты хазірет,
Алып бір нажағайдай сөз зәресін.
Мешіттен ырғып Дүйсен шыққан шақта,
Тұр екен алдында әзір Ақсұр ат та,
Тұр екен Базары да – жөнелді тез,
Зымырап жары тосып тұрған жаққа.
«Уа, достым, жаңа еркіндік бердім жанға,
Қайда тұр, баста мені Мариямға,
Кетеміз бүгін түнде, будым белді,
Түкірдім дүмше молда имансызға.
Бұл жерде мені десе – кетер әкем,
Жат елден өзім барған табар мекен.
Тартысып жауыздармен өлгенімше,
Кек алып еркіндікке жетем, жетем!»
Соны айтып, жүрегінен ауғандай мұң,
Жарқырап сәулесімен туған айдың
Жалын жас дүбірлетіп жортып кетті,
Өзі де шырқап әнін «Дударайдың...»
Ал бірақ Ащыкөлде, алыстағы,
Мешіттің ұйтқып жатыр қарғыстары,
«Ұстаңдар! Дүйсендерді, бұзықтарды!» -
Тұр еді түнді жарып дауыс әлі.
Олар жоқ, түн жамылып кетті аулаққа...
Таппады іздесе де мініп атқа.
Ыдырыс түнгі ауылды дүрліктіріп,
Жіберіп қуғыншыны жүр жан-жаққа.
Үйіне Жагордың да, Үкеннің де,
Қуғыншы құйындатып жеткен түнде.
Таңертең мәлім болды Марияммен,
Дүйсеннің қашып түнде кеткені де.
Жүрегін өртеп ыза Ыдырыстың,
«Табамын, тінтсем де мен жердің үстін,
Жазасын тартар менен!» – деп тістенді,
Қаһарын шашып жұртқа зәбір күштің.
Үнімен дауыл беріп өрт кегіне,
Осы ойын жұртқа жайды ертеңінде.
Жеткізді сол хабарды Андрейге,
Бір еді сырлары да, серттері де.
Өзі де жүріп кетті сол күн таңмен,
Қалада кездесуге ұлықтармен.
«Ел бұзғыш, қашқын
Дүйсен ұсталсын!» деп,
Жөнелді жүйткіп хабар бұйрық-жармен...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter