Өлеңдер ✍️

  12.04.2022
  262


Автор: Қалижан Бекхожин

ДҮЙСЕННІҢ МАРИЯМҒА ЖАЗҒАН ХАТЫ


Адал сөзін махаббаттың
Ар ғып саған айтамын наз.
Жүрегіме сен от жақтың,
Болдым сенің лебіңе мәз.
Күн сипатты ақ дидарың,
Алдың ба нұр әлде көктен?
Жүрегіңнің ұқтым зарын,
Әуезіңнен тебіренткен.
Ай боп туып өзге жұрттан,
Үмітіме болдың жұлдыз,
Аттай алмай жат ғұрыптан,
Әурелікпен неге жүрміз?
Желпілдейді ел түндігі,
Тасиды өсек жел сыбырлап,
Азғын жан деп мен сорлыны,
Сумаң қағып жатыр шулап.
Көндім жұрттың мазағына,
Ықтырмайды мені күшпен.
Көтеремін азабын да,
Өтсе өмірім ерегіспен.
Тәңірі де емес қорқынышты,
Үрейі емес я Құранның.
Өр әкенің сөзі күшті –
 Қожасындай ар-иманның.
Бұл назымды әрең шыққан,
Айтар едім құшып тұрып,
Аңдып жүрген бізді дұшпан,
Екеумізге жасар бүлік.
Мұңлы хатқа жауап күттім,
Айт расыңды, асық жарым,
Қуанышпен жанды үмітім,
Қосылуға асығамын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу