Өлеңдер ✍️
МАРИЯМ ЖАГОРҚЫЗЫ
Махаббат пен достықты жырлайтын бұл дастан
Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген өнер қайраткері –
Мария Егоровна Рекинаға арналған
АРНАУ
Өзіңнің өрен жырың бұл тағы да,
Ыршыған бұлт астында бұрқануға,
Бұл жырым жүрегіңдей таза сенің,
Ешкімнің бұрылмаған бұлтаңына.
Бұл сенен қызықты боп қалған аңыз,
Сазына сол жырыңның таң қаламыз.
Тебіренсе даламызда «Дударайың»,
Бар қазақ тербелеміз, толғанамыз.
Жырлаймын сен сақтаған махаббатты,
(Ежелден ғашық жыры маған тәтті.)
Достықтың таңда соққан самалындай,
Жырла деп «Дударайың» дабыл қақты.
Жүруші ем, жастан сол бір қалап үнді,
Қозғадым құштарланып қаламымды.
Сүйікті сенің атың, наз даусыңа,
Мүлгиді тербетіліп дала күллі!
Жарқырап даламның сен аспанынан,
Осы жыр жалындаған жас жаныңнан,
Шек бар ма достық пенен махаббатқа,
Кім соны іздеп жүрген дастанымнан?
Әніңе түнді жарып бізге жеткен
Қосылдым сырыңды ұққан қыз-жігітпен.
Мұң сазы жалындатқан жас қазақты,
Кем бе екен Марияшым Қыз Жібектен?
Мәңгі жас махаббаттың жыр лебіне,
Құмар ем, қалды даусың жүрегімде.
Жыршыңның кім ауызын қақпалаған,
Ғашықтың қажетсіз деп жыры өмірге?
Жырлап ем, дос жүректің сырын аңсап,
Жазылса жырларымның жолы жаңсақ,
Өзің кеш, Марияшым, өзің түзе,
Ақ ниет бұл жырымды көтер ән сап!
Жырымның сенікі ғой шын атағы,
Елеме бос күбірді, шырқа тағы,
Сыншым да сырлас болды саған бүгін,
Өзіңше «Дударайды» шырқатады.
«Мариям Жагор деген орыс қызы,
Он жеті-он сегізге келген кезі,
Қазаққа Дудар деген ғашық болып,
Сондағы Мариямның айтқан сөзі...
Дударари-дудым,
Сенің үшін тудым,
Шіркін-ай,
Дударари-дудым?..»
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter