Өлеңдер ✍️

  12.04.2022
  461


Автор: Қалижан Бекхожин

АҚСАҚ ҚҰЛАН

Алаша хан, Жошы хан,
Қырда құлан жосыған.
Құлан теуіп өлтірді,
Ажалын оның келтірді.
(Халық әуезі)
ТОЛҒАНУ
Жеткенде өлең жігіт жиырма беске,
Көз тіктім шыққан сонау жыр белеске.
Пернесін сонда бастым албырт күйдің,
Әуені әлі күнге жүрген есте.
Кеудемді үні соның қытықтаған,
Әуезі талай жылдар тұтықпаған,
Ығында дулы-дарқан жырларымның
Сарыны көп сарылған күтіп қадам.
Жанымды жаңа жырға иген едім,
Қалай сен, баба мұңы кимеледің?
Еріксіз елжіредім естігенде,
Елімнің ертедегі күй бебеуін.
Аңызын аталардың жете тізген,
Бұл жырды естіп едім әкемізден.
Сол күймен күңіренген көне қобыз,
Өткеннің қайғысына жеке дүзген.
 Сол күйге замандардан зар қосылған,
Тіл қатты обалар да қан жосыған.
Ертеден ескен желмен күбірледі,
Көр болып қалған іздер хан Жошыдан.
Сол күймен сазы басқан сар даланы,
Онда жас, қаламым да жорғалады.
Білмедім күйдей үнім еспеді ме,
Теңселтпей тұнған жырды арнадағы?
Бағыдан бала жырым сыр алмаған,
Болды ма ырғақтары бұраң маған?
Күй ырқын келтірмепті, кезде сонау,
Домбырам құлағы дәл бұралмаған.
Оралып өктем күйдің өр нәшімен,
Ағыттым жарауымды кермесінен.
Ағыттым құйқылжыған құланымды,
Желідей, жырдың жаңа пернесінен...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу