Өлеңдер ✍️
НЕГР ДЖЕМС
(Баллада)
І
Бітті майдан...
Болған ойран,
Ішінде қаланың
Қалып қайран,
Қарап жан-жаққа
Келдім деп қайдан?
Туғанда жеңіс,
Тұр аңырап
Негр Джемс.
ІІ
Ойран да ойран...
Шықпас ойдан,
Қара жер қанға,
Қашан бір тойған?
«Бітті майдан!
Бітті майдан!
Жеңілді неміс», –
деп мәз болды
Негр Джемс.
ІІІ
Терімен жуып,
Көмірдей бетін.
Риза болып,
Тірлікке тым.
Аңсап дүние,
Әділетін.
Жаса, жеңіс! –
Деп, айқай салды,
Негр Джемс.
ІV
Көрсеткендей
Әлемге күшін,
Ағартқандай
Қап-қара түсін.
«Соғыстым мен де
Әділет үшін,
Керек маған да
Жеңістен бөліс,–
Деп, шаттанды
Негр Джемс.
V
Бітті майдан...
Бірақ ойдан,
Шықпай тұр үйі
Алыста қалған.
Көрмей көп жыл
Көңілінде арман,
Туса да жеңіс, –
Қайта алмай қайғылы
Негр Джемс.
VІ
Мұхиттан әрі
Бұлттар көшкен.
Жарты жер бар,
Жалаңдап өскен.
Сарайлар бар сонда,
Көкпен тілдескен,
Аппақ тегіс, –
Ие емес бірақ,
Негр Джемс.
VІІ
Тұрады онда,
Мырзалар аппақ.
Басқан аяғын
Алшаңдап аттап,
Өзінен басқаға
Ірілік сақтап,
Жақтырмай қараны,
Айтқан сөгіс, –
Естіген соны
Негр Джемс.
VІІІ
Қайда оның үйі?
Қаладан қашық.
Тықсырған оны
Сарайлар басып.
Құр ғана үңгір,
Қараңғы лашық,
Қап-қара тегіс,
Тұрады сонда
Негр Джемс.
ІХ
Мұхиттан әрман,
Зор қалалардан,
Қорек іздеп,
Көп сандалған,
Көп жыл,
көп күн,
Шаршаған, талған,
Таппай жұмыс,
Сорлы болған
Негр Джемс.
Х
Мұхитты кешіп
Таулардан асып.
Оқтармен, өртпен
Араласып.
Қар жамылып,
Қанды басып,
Болсын деп жеңіс,
Төрт жыл соғысты
Негр Джемс.
ХІ
«Мен де адам,
Мен де болам
Ақ түстілердей
Алшаңдаған.
Енді теңдік
Тиер маған,
Туды ғой жеңіс!»
Деп ойлаған
Негр Джемс.
ХІІ
Алшаң басып,
Кетті жүріп,
Келеді баладай
Қуанып күліп.
Кездесті сонда,
Ақ түсті ұлық.
«Туды деп жеңіс»,
Қол созды оған
Негр Джемс.
ХІІІ
Қарашы паңын,
Американың,
Морт мінез – жанын.
«Тарт қолыңды!
Көтермес арым
Ұстауға қолын,
Сендей қараның», –
Деп зекірді,
Айтып сөгіс, –
Қалды аңырап
Негр Джемс.
ХІV
«Мен де адамы
Американың. –
Кем бе екен менің
Содан жаным –
Қайда төрт жыл
Соғысқаным.
Туар деп теңдік
Туғанда жеңіс», –
Деп баладай,
Еңкілдеп жылады
Негр Джемс.
ХV
«Неткен алдау,
Неткен жалған,
Ақ түсті жандар,
Мейірімсіз аңнан.
Мәңгілік қорлық,
Таңба салған –
Мәңгі сөгіс», –
Деп зарланды
Негр Джемс.
ХVІ
Мұхиттан әрмән,
Несі бар қалған?
– Қорлық пен азап,
Сөздері жалған.
Ақ түсті адамдар,
Қатыгез аңнан,
Айтқаны «Соғыс –
Майданға шық! –
Негр Джемс».
ХVІІ
«Доллар жанды
Ақ түстілер,
Доғар сөзді,
Ей, мистерлер!
Енді маған
Тыныштық бер, –
Керек емес
Енді соғыс!» –
Деп, жар салды –
Негр Джемс.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter