Өлеңдер ✍️
АҒАБЕКТІҢ БЕЙУАҚЫТТАҒЫ ТЕБІРЕНІСІ
Ей, берекесіз бейбақтар!
Қайда бостыңдар,
Шіл қиындай бытырап?
Сендерге сай
мекен бар ма тұрақтар?
Құлансыңдар ма,
қағынан безген тоқырап?
Ауғандарың не кесір?
Қайрылыңдар мынау ата қонысқа!
Қаптаса да сел-нөпір,
Илеуіне нәр тасыр,
бірлесе көп құмырсқа.
Жәндік құрлы
Септесі жоқ селтеңдер!
Серіктіктің шаңырағын кім шайқаған?
Сұрапыл ма,
Кінәлі ме,
Күн шарпыған өртең жер?
Айыпты ма нәр татпаған сай-салам?
Ей, Садыр сойқан!
Екі езуің көпіріп,
Не деп жүрсің сәуерлеп?
Сапырғаның өсек пен өтірік,
бұздың жұртты,
Күллі пәле сенен тек!
Жоғал аулақ!
Қиырдағы құм жұтқыр!
Қаңғып үрім-бұтағың,
тас-топанға тұншыққыр!
Іргем түгіл,
Жырақ болсын қабырым.
Уа, сұмырай,
Елдің іріткен
сенің сиқыр дабырың...
Ергенің бе кәзепке,
еңсесі түскен аңғырт жұрт?
Кеткенің бе бір шетке,
үбіріңді қаңғытып?
Кетсең кет!
Аша тұяқ,
Арық-тұрақ,
Малдарыңды ала кет!
Жыңғыл, шеңгел шөбім қалсын,
Аталарымның моласы қалсын,
Ошақтардың шаласы қалсын,
Кетсін барлық пәлекет!
Ей, қашақтар!
Береке іздеп сендерге,
Несіне сонша жүгірдім?
Сендер үшін
маңдайымды тасқа ұрып,
Қырда талай жығылдым.
Көшер ауыр боран да,
жалын жел де
тынар ертең толастап.
Кәрі мыстан қырсық та кетер,
Есер жаңа күй асқақ.
Өкпе-баурым елжіреп,
Сен үшін езілген,
Қайран туған бесігім,
Қаларсың сен сыр сақтап.
Оралатын туар шақ!
Сенің топырағыңа,
Кеудемді төсеп,
Көз жасымды бұлап,
Кел жатайын бір құшақтап...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter