Өлеңдер ✍️
ҚАЙДА БАРСА ҚАЗЫЛҒАН КӨР
ҮШІНШІ ТАРАУ
Қорқыт пен Шерғұт кезді
сары жапанды,
Соғып тұр, ыстық дауыл серпіп шаңды.
Көрді олар сол жапаннан –
көрді қазып,
Айрылып туысынан зарлағанды.
Қарт ана
көр басында отыр зарлап,
Жас қызын өлтіріпті жылан арбап.
«Тәңір-ау, не жаздық біз?
Жұртымызды,
Жылан мен
оба дерті жатыр жалмап.
Азасын күймен шертіп
сорлы ананың
Жазығын кезді Қорқыт
сары даланың.
Бел асса, көрді көрді Қорқыт –
бүкжең шалды,
Баласын көміп жерге зарлағанын.
«Кетейік, – деді Шерғұт, – Шиеліге
Бау-бағы жұртымызға киелі де.
Жемісі шипа шығар оба-дертке,
Шыршасы медет болар сүйенуге.
Барса сол Шиеліге жатыр жайрап,
Гүл бақ жоқ, тұрған кеше бұлбұл сайрап.
Әр тұста жатыр қазып терең көрді,
Айрылған туысынан жұрты бейбақ,
Жазықты шолайын деп өрге шықты:
«Тәңірім, ел-жұртыма неге өшікті?» –
Деп кезсе ой мен қырын даласының,
Алдынан қазылған көп көрлер шықты.
Естіді елдің зарлап еңірегенін,
Өртеп тұр оба желі қыр белеңін.
Тұрмаймын қырсық жерде,
кетейінші,
Мекенім өзге жақта енді менің».
«Барайық, – деді Шерғұт, – Сыр бойына,
Сол өзен көптен бері жүр ойымда.
Жұртымның сусындаған дариясы,
Тамылжыр шербеттей боп таңдайыңа».
Шерғұттың мақұлдады сөзін Қорқыт,
Жорықтан тартынбаған безіп, қорқып.
Алыстан тамсандырған дарияға
Күй шертіп екі сері кетті жортып.
Дария жағасына дүркін жетті,
Суымен жуынайын деп күйік-дертті.
Саумалдай жұтты Қорқыт
Сырдың суын
Сыр шертіп, күйін қайта дүбірлетті:
«Уа, дариям, толқисың,
Жайнап шербет суындай.
Жарқыратып шолпысын,
Кердеңдеген сұлудай.
Сылаң қағып тасисың
Моншақ атып толқының
Алдыңа кеп бас идім,
Жаңа күймен толқыдым.
Кірсін үнің кеудеме,
Нөпіріндей шалқысын.
Нөсер күймен күңірене,
Сай-сүйегім балқысын.
Бұл күйімді тыңдайтын
Осы таңда жан бар ма?
Тебіренемін, жырлаймын,
Ұшқан құс пен аңдарға».
* * *
Отырды ол жағада,
Қыл қобызы безілдеп.
Жұртым өскен далама,
Қоштасар бұл кезім деп:
– Еркетайым Шерғұтжан,
Қосыл күйге, ән шырқап.
Жиналсын жұрт жан-жақтан
Тосын әнді таңырқап.
Бұл дария қасында,
Өлсем мейлі, разымын.
Айтар талай ғасыр да
Ата Қорқыт аңызын.
Қарындасым, ән шырқа,
Арқа, белдер тыңдасын.
Жетсін даусың асуға,
Шалсын биік шың басын.
Теңселді әнші Шерғұт тебіреніп,
Күйіне ағасының еміреніп.
Шалқыды сылдыр қағып Сырдың суы,
Шерғұттың даусына демеу беріп.
Сол бір ән асулардан асып кетті,
Қырдағы құйындарды басып өтті.
Аспанда аққу, қаздар ұйып әнге,
Торлаған көктің бұлтын ашып өтті.
Аңырап қыз даусына
қырда аңдар,
Теңселді ақмаралдар,
кер бұландар.
Ағылды Сырға қарай
Арқа жақтан,
Даусын әнші қыздың тыңдағандар.
Ән мен күй
алшақтарға жетті гулеп,
Ән тербеп естігенді, күй әлдилеп,
Қорқыт пен Шерғұт қонған дарияға
Сексен қыз Сарыарқадан
келді билеп.
Қосылды қыздар әнге, күй сазына
Үндесті Шерғұт қыздың
сыр-назына.
Ағасын аймалаған наз даусымен,
Таң қалды қарындастың сырбазына.
Аяғын ағасының отыр сипап,
Қорқыт қой еңсегейлі, ұзын сирақ.
Қарады көзін қадап келген жұртқа,
Алыстан күңіренген күйін тыңдап.
Көтерді шерлі басын,
кең иығын,
Шолды ма өмірінің әр қиырын?
Бұрқ етті аза күйі қобызынан
Шертті ме қайран сабаз
көрдің күйін?
Кенеттен асау жүрек соқты тулап,
Дарияға қобызымен кетті құлап.
Толқынға сүңгіп бірге қарындасы,
Ағасын алып қалды боздап жылап.
Ағасын құшақтады, сипалады.
Саңғырап әнді енді шырқамады.
Көз жасын жаңбырлатып
Сыр суына,
Қайғысын шертті жұртқа қырқадағы.
Шерғұтты
қорқынышты сезім буды,
Шырайы ағасының тез құбылды.
Мүсіркеп кең маңдайын сипағанда,
Аһылап, қайран Қорқыт көзін жұмды.
От түсті Шерғұт қыздың жүрегіне
Ағасы – серігі де, тірегі де.
Қасына түсті құлап, жатты сұлап,
Туыссыз қу тірліктің керегі не?
«Кірейін, жан ағаммен көрге бірге,
Қызық жоқ енді маған қу өмірде.
Қазайын көрді ағама,
өзіме де,
Тентіреп жетім қыздай
жүремін бе?»
«Кірейін, жан ағаммен көрге бірге,
Қолына күрек алды көр қазғалы.
Басында өлім деген ой маздады.
Жібермей көр қазуға шерлі жанды,
Алдында келген қыздар ойқастады.
Көтеріліп оны төрт қыз құшақтады.
Аузынан қайғы жалын будақтады:
«Еркетай, жыламашы, ая өзіңді, –
деп еді, Шерғұт бірақ тіл қатпады.
Шошыды Шерғұт жүзін қыздар көріп,
Өшіпті от жүрегі мәңгі сөніп.
Зарлады шашын жайып
сорлы қыздар,
Шерғұтты
Қорқыт жатқан көрге көміп.
Күйшінің зар қобызы қалды адыра,
Амал не ажал жазған сұм тағдырға.
Қорқыт пен қарындасы Шерғұтты да
Арулап көмді жұрты бір қабырға.
Қобызын жас ұрпаққа қалды сақтап,
Жүрсін деп шертіп оны күйін бастап.
Қорқыттың ұрпағының бірі мен ғой,
Жырыммен парызымды жүрмін ақтап.
Өзім де өлең-жырға ақсақалмын.
Ізімен жортқамын жоқ басқалардың.
Бірімін поэзия тұлпарының,
Жарыстың келем мен де бастап алдын.
Пір күйшім, қабырыңда жатшы тыныш,
Күй беріп, әулетіңе таптың тыныс.
Бұл кезде зиратыңа тауап еткен
Көбейді күмбезіңді баққан туыс.
Жыл сайын келем сенің бейітіңе,
Кеудемді күйлеріңмен кеңітуге.
Жүйкемді жұлып жаздым бұл дастанды,
Енді сен, мазалама төніп түнде...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter