Эсселер ✍️

  10.04.2022
  180


Еңбегі жанған ерен ер

Ойы ұшқыр, рухы биік, тың серпінді тапқыр, үркердей орны бар ғалым Қазақтың белгілі лингвист-ғалымы  Әсет Болғанбаев қазақ тілі білімінде және тюркологияда көрнекті лексиколог, әрі лексикограф ретінде елімізде, шетелдерде аты кең танылды. Ол төл тіліміздің сөз байлығын түбегейлі зерттеуге ұзақ жыл қажымай-талмай еңбек етті. Ғалымның қаламынан туған мыңдаған ғылыми еңбектері мен танымдық мақалалары тіл білімінің бай мұрасы, қазынасы және ұрпақтан-ұрпаққа берілер жәдігері деуге болады.


Халқының қалтқысыз қамын ойлаған, бүкіл әлемдік озық дүниеге рухани байлықты баяндаған дана, ойшыл Абай атамыз… тегінде адам баласы-адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады. Одан басқа нәрсемен оздым ғой демектің бәрі ақымақшылдық (18-сөзі) деген. Мұндай дана сөздер көп дүниені аңғартады. Шынында, адам білімімен, тазалығымен, адамгершілігімен, әділдігімен озық әрі күшті. Осы айтылғанға сай мәнді мағыналы өмір сүрген адамның бірі-қазақ тілінің ақ көрпесін қазағыма жамылдырылған ойы ұшқыр, сөзі тапқыр, дәстүрге жарқын көзқарасты, сөзге шешен, көпшілік сүйіспеншілігіне бөленген белгілі ғалым, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, филология ғылымдарының докторы Әсет Болғанбайұлы еді.


Әсет атамыз өз халқымен бірге қазақ тілі тербеген киелі ата-баба топырағында 70 жылдан астам өмір сүрді. Ғасырлар бойы арманымыз болған Тәуелсіздікке қол жеткенін, егемендік алған елінің салтанатын көрді. Артында өлмейтін ғылымы, білімі, өшпейтін ізі, қазақ сөзінің майын тамызып, қаймағын ағызып сөйлейтін жан екеу болса, бірі еді де, біреу болса өзі болатын аты қалды. Тілге берілген аға, сөздің мәнін ұғып, сәнін келтіре салған жерден суырылып ілгері шығып, тандай қақтыра тыңдаушысын тандандыратын. Сөйлегенде аузымен құс тістеген жандай, оқ бойы алға түсіп, оза шапқан дара еді. Оның ұлы мақсат, ұлы мүддесіне айналған ана сүтімен бойына дарып, сүйегіне сіңген қазақтың бай да әуезді, мәнді де мағыналы, құнарлы да шұрайлы ғажап тілі болатын. Ана тілін түбінен үзбей ұрпақтан-ұрпаққа жалғастыра жеткізуші, еңбектене өзіндік үн қосқан. Соңында қалыпқа түскен, тұтастай бір өзекке өрілген, жүйелі өзара қабысып жатқан қыруар пайдалы еңбектер қалдырған. Тіл ғылымының қия жолында жалығуды, шаршауды білмеген рухы күшті, түсінігі мол, қолынан келген жәрдемін аямайтын жан болатын. Кім-кімнің де өлсе орнықара жер. Бірақ, тіршілікте қоғамға қызмет етуі әрқалай. Педучилишені үздік тәмамдап, ауылынан білім іздеп, асыл арманын арқалап, ғылымды қуалап, Алматыға келген албырт жас Қазақ мемлекеттік университеттің филология факультетінің қазақ тілі мен әдебиет бөлімін таңдап түскен. Оны 1952 жылы үздік бітірген. Білімді шыңдап, ғылымды асқақтату үшін ұлттық ғылым академиясына аспирантураға түседі. Енді оның ғылымның қия жолындағы қадамы басталады.


Әсет Болғанбаев «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі» (1961), «Абай тілі сөздігі» (1968), 10 томдық «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі» (1974-1986), сәл кейінірек жарық көрген 1 томдық түсіндірме сөздіктің дүниеге келуіне өлшеусіз еңбек сіңірді. Білікті лингвист тұрғысында елімізден де сырт жерлерге танымал болған тіліміздің қайсар қайраткері қазақ лексикографиясына айтулы үлес қосуымен ерекшеленеді. Осы ілім саласындағы алғашқы зерттеулері тұрақты ізденіске ұласып, ғылыми еңбектері толықтырылып, жинақталып 1962, 1975 және 1998 жылдары қазақ тіл білімі саласында ғана, жалпы түріктілдес халықтардың арасында тұңғыш рет «Қазақ тілінің синонимдер сөздігі» деген атпен жарық көрді. Алғашқы нұсқасында 4 мың сөз болса, соңғысында 9 мың сөз қамтылып, синонимдік қатарға ортақ сипаттама берілді. Ана тіліміздің сөз байлығының нақты айғағы ретінде бұл еңбектер құнды мұра саналады. Тіл ғұламасы, сонымен бірге, қазақ тілінің тұңғыш түсіндірме сөздіктерін 2 том, одан соң 10 том етіп шығаруға қатысқан беделді авторлардың бірі. Ол, сондай-ақ, 12 томдық «Қазақ совет энциклопедиясы», қысқаша 5 томдық «Қазақ КСР энциклопедиясы», 1 томдық «Қазақ тілі энциклопедиясы» тәрізді белді басылымдардағы сөздік ұяларын жасауға сүбелі үлес қосты.


 


Әрине, осынау аса ауқымды еңбектерді ғалым бір өзі ғана жазып шықпаса да, кезінде ат салысқан барша зерттеуші ғалымдар Болғанбаев еңбегін, ғылымға қосқан ерен үлесін бір ауыздан мойындағанын баса айтқан орынды. Оның қаламынан, сондай-ақ жоғарыда көрсетілген еңбектерінен басқа жоғарғы оқу орындарына арналған «Қазақ тілінің лексикологиясы» мен «Қазіргі қазақ тілінің лексикологиясы мен фразеологиясы» атты оқулықтары жарық көрді. Әсет атам,гүл шоғынан бал жинаған арадай Ана тілінің сөз байлығын құныға жинап,теріп мұқият зерттеумен күн кешіп келді,суығына тоңды,ыстығына күйді.


 


Аяулы тілші, айтулы ғалым-қазақ рухымен сусындап, ауасымен тыныстап өскен Әсет Болғанбайұлының бұл жарық дүниемен қоштасқанына жиырма бір жыл болды. Тағдыр тауқыметінен гөрі адам тауқыметін біршама тартқан ғалымның әрбір сөзі сырлы еді. Болған іске, өткен уақытқа не шара? Жаныңыз жәннатта болсын, қадірлі аға, тосын шешім айтып, тың серпін білдіре, тапқырлық таныта тауып айтатын әрбір сөзіңіз ешқашан өлмейді. Синонимнің атасы боп ғылымда мәңгі қаласыз! Отаншылдық сезімі жоғары, елжандылық рухы биік ғалым Әсет Болғанбайұлы қазақ тілі үшін қашанда «торға түскен торғайдай шырылдайтын». Ғылымда өзіндік ерекшелігі, жолы, қоғамда алған үркердей орны бар, есімі ерекше аталатын ғалымның жатқан жері ұлпадай жұмсақ болсын, әруағы ұрпағын желеп-жебей берсін.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу