09.04.2022
  299


Автор: Абдрахман Асылбек

Егіздер туралы ертегі

I
Ертеде, әлде бүгінде,
Алатаудың түбінде
Егіз бала туыпты
Көп қаланың бірінде.
Болғанға егіз баласы,
Қуанды ата-анасы.
Бір-бірінен жасының
Бес-ақ минут арасы.
Үлкендеуін Албан деп,
Кішірегін Алдан деп,
Екеуіне ат қойды,
Үміт күтіп алдан көп.
Секілді қос шырша нақ,
Өсті екеуі жыл санап.
Тұра алмады,
Бір-бірін
Көре алмаса бір сағат.
Өзінің де аумағы,
Көзінің де аумағы
Бір қалыптан шыққандай
Бір-бірінен аумады.
Қарағанмен көзіне,
Қарағанмен сөзіне,
Қиын болды айыру
Ата-ананың өзіне.
Албан дейді Алданды,
Алдан дейді Албанды.
Ата-анасы осылай
Айыра алмай алданды.
Жұрт та осылай алданды,
Егіздерге таң қалды.
Айыра алмай дал болды,
Алдан менен Албанды.
Егіздер мәз жайға бұл,
Түсірмекші пайда бір.
«Жасайық бір керемет, –
Деді екеуі,
– Айда, жүр!»
Келді олар елкаға,
Мектеп іші – ел тола.
Таратып жүр сыйлығын
Аяз ата ортада.
Алдыменен барғанда,
Сыйлық берді Албанға.
Аяз ата таң қалды
Жақындаған Алданға:
– Жаңа ғана алдың да,
Қайта келіп қалдың ба?
Әлде қажет емес пе
Ұят пенен ар мұнда?
Алдан айтты:
– Дарамыз,
Ата, жөндеп қараңыз.
Анау тұрған емес пе
Сыйлық алған балаңыз?
Қалды ата танып таң,
Солай екен анықтан:
Екеуінің де түр-түсі
Шыққандай бір қалыптан.
Алды сыйлық Алдан да
Айтты енді ол Албанға:
– Атаға сен қайта бар,
Шам өшіп бір жанғанда.
Бір орайы келгенде,
Жетіп барды ол демде.
Аяз ата таң қалды,
Албанды да көргенде:
– Жаңа ғана алдың да,
Қайта келіп қалдың ба?
Әлде қажет емес пе
Ұят пенен ар мұнда?
Албан айтты:
– Дарамыз,
Ата, жөндеп қараңыз.
Анау тұрған емес пе
Сыйлық алған балаңыз?
Қалды ата танып таң,
Солай екен анықтан:
Балалардың түр-түсі
Шыққандай бір қалыптан.
Бірдей ақыл-ойлары,
Түрі-түсі, бойлары
Көп екен деп балалар,
Аяз ата ойлады.
Сыйлықтарын мол алып,
Келді егіздер оралып.
Тағы да бір керемет
Жасамақшы,
Ол анық.

2
Өсті егіздер ептеп те,
Барды жайлап мектепке.
Бұл жерде де бір қулық
Ойлады олар етпекке.
Албан айтты Алданға:
– Ұйқы сірә қанған ба?
Отыра сал орныма,
Мен кешігіп қалғанда.
– Мақұл, – деді Алдан да,-
Жатпайды бұл жалғанға.
Айтам сенің атыңды,
Мен кешігіп барғанда.
Мұғалімді нандырып,
Іштей қайран қалдырып,
Кезектесіп,
Ұйқыны
Алайық бір қандырып.
Айлалы да,
Епті де,
Олар солай етті де.
Мұғалімнің алдында
Талай сыннан өтті де.
Бірі соқса ұйқыны,
Бірі тыйып күлкіні,
Дайындалды сабаққа,
Көзін ілмей күн-түні.
Демалысып кезекпен,
Уақыт та тез өткен.
Оқып барса қайсысы,
Соның айтқан сөзі өктем.
– Албан, – дейді мұғалім,
Қойып түрлі сұрағын.
Тапсырманы кешегі
Айта қойшы, шырағым.
Албан емес,
Тақтаға
Шығады Алдан шаттана.
Жақсы беріп жауабын,
Оралады мақтана.
Қойып түрлі сұрағын,
– Алдан, – десе мұғалім,
Тақтаға Албан шығады,
Қағып қалқан құлағын.
Қарсы алдына барғанда,
ТІКТЕП қарай калғанда.
Біле алмайды мұғалім
Албан ба, әлде Алдан ба?
Бестіктерді мол алып,
Жүрді егіздер оралып.
Тағы да бір керемет
Жасамақшы,
Ол анық.

3
Сүйді егіздер боксты,
Спортзалда тоғысты.
Жатпай-тұрмай жаттығып,
Өзара да соғысты.
Тырысып бар намысқа,
Жетіп жүрді табысқа.
Бірде олар қатысты
Атышулы жарысқа.
Болу үшін жеңісті,
Екеуі әуел келісті.
Албан айтты Алданға:
– Түсініп ал жөн істі.
Қарсылас тым сұсты екен,
Айлалы да, күшті екен.
Дұрыс болар мүндайда
Нокаутқа түспеген.
Түсімізді жат пенде,
Танымайды бапкер де.
Пайдаланған жөн мұны
Тап осындай сәттерде.
Раундта тұңғыш мен
Шығам оған тың күшпен
Қарсыласты соғам кеп,
Бірде иектен, бірде іштен.
Құламаса егерде,
Сен шығасың келерде.
Жойқын жаңа қуатпен
Басасың кеп өнерге.
Құламаса оған да,
Өзім шығам алаңға.
Раундта үшінші
Ұрып жығам табанда!
Сырттай олар жеңісті
Біздікі деп келісті.
Раундта-ақ алғашқы
Албан қатты перісті.
Қарсыласы қиын-ды,
Ол да қатты шүйілді.
Албан жыға алмады,
Соққы беріп тиімді.
Бітті раунд алғашқы,
Екіншісі алмасты.
Алдан шығып алаңға,
Ұрыс әрі жалғасты.
Егіз сырын білмейді,
Көрермендер гулейді:
«Жаңа ғана шыққандай,
Екеуі де тың», – дейді.
Алдан қатты ұрып жүр,
Кейде ішке кіріп жүр.
Қалай соққы берерін
Қарсылас та біліп жүр.
Тәсілді әбден меңгеріп,
Соққыны да тең бөліп,
Бітті раунд екінші,
Қарсыластар тең келіп.
«Жеңбегенім жаман да,
Талдырамын табанда!» –
Деп желпініп,
Қайтадан Албан шықты алаңға.
Егіз сырын білмейді,
Жұрт тағы да гулейді:
«Қазір ғана шыққандай,
Екеуі де тың», – дейді.
Қарсыласта бір күш бар,
Албанда да тың күш бар.
Алдырмайды бір-бірін,
Екеуі де ұрғыштар.
Тәсілді әбден меңгеріп,
Соққыны да тең бөліп,
Бітті раунд ақырғы,
Қарсыластар тең келіп.
Егіз сырын білмейді, –
Жұрт мәз болып гулейді.
«Кездесулер ішінде
Ең мықтысы бұл», – дейді.
Білмеді оны Албан да,
Білмеді оны Алдан да.
Қарсыласы да егіз-тін,
Шындығына барғанда.
* * *
Айналайын балалар,
Болсаңдар шын бағалар,
Егіздер де үнемі
Өздеріңмен барабар.
Көңілдері қош болып,
Бар баламен дос болып,
Жақсы оқиды сабағын,
Бағалары бес болып.
Арасынан қыл өтпес,
Бір-бірімен тілектес.
Еңбекте де екеуі
Бір-бірімен білектес.
Бірін-бірі жақтайды,
Бірін-бірі мақтайды.
Көпшіліктің ішінде
Әдептілік сақтайды.
Деп: «Жігіттер жарайды!», –
Жұрт қызыға қарайды.
Ерен тату екеуін
Шын бақытты санайды.
Егіздер дос қайда да,
Емес олар жай бала.
Айнымайтын түрлерін
Айналдырмас айлаға.
Тап сендердей олар да,
– Жамандыққа жолар ма?
Анда-санда ақын да
Әзілдемес болар ма?
Ертегіге негіздер –
Осы сынды егіздер.
Егіздерді қашан да
Әділ жандар деңіздер.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу