Өлеңдер ✍️
Күншілдік пен шыншылдық
Жалған айтып не керек,
Өтірік сөз – ебелек.
Біз оқитын мектепте
Үш дос болды керемет.
Жүрген жері бірлестік,
Арта берді шын достық.
Білмеді олар атымен
Деген сөзді күндестік.
Қызғалдақтай таңдағы
Тербетіліп арманы,
Болат, Шәртай, Анарбек
Бір мамандық таңдады.
Десті ақын боламыз,
Әлемді оймен шоламыз.
Жарысайық, кәнеки,
Үшеуміз де жорамыз.
Оймен шолып алысты,
Жата қалып жарысты.
Балалық-ай десеңші,
Тіледі оңай табысты.
Түн артынан түн өтті,
Күн артынан күн өтті.
Өлеңді олар жазысты,
Түрініп ап білекті.
Қараңдаршы маған тек,
Ақын атын алам,– деп,
Қайта-кайта оқыды
Жазғандарын Анарбек.
Өлең емес мынауың,
Келіспейді құрауың, –
Деп тыңдаған балалар
Доғармады сынауын.
Көңілі тым жаман боп,
Қол сілтеді Анарбек.
– Әуел бастан ақындық
Бұйырмаған маған, – деп.
Шәртай-дағы марқайды,
Ақынмын деп шалқайды,
Тыңдағандар өлеңін
Көңілі толмай тарқайды.
Күлісті олар досына:
– Өлең боп па осы да?
Жақсы болар барғаның
Егіншінің қосына.
Шәртай менен Анарбек
Жатпады енді алаң боп.
Шыға келді тайқақтап,
Өлеңдері тәмам боп.
Ақын болу оңай ма,
Керек оған он айла.
Оқу, іздеу, үйрену –
Болат отыр соны ойлап.
Тоқай, Назым, Науайды,
Ыбырай менен Абайды,
Байрон, Шандор,
Шиллерді, Пушкиндерді... қарайды.
Жырларына қадалып,
Оқиды ол тағы алып.
Кірпік қақпай неше бір
Атты таңдар ағарып.
Болат солай күн-күндеп,
Жыр жазады біртіндеп.
Достары да таңдана
Құлақ түрді бүл кім деп.
– Енді, міне, ақынсың,
Болмасаң да жақынсың, –
Деді бәрі қызығып,
– Кім ұстазың, ақылшың?
Ақылшым ба?
– Талпыну,
Шартарапқа шарқ ұру,–
Деді Болат, – қиналмау
Кезіксе де алқыну.
Шәртай шықты бір шеттен:
– Оза берме тым шектен.
Бізбен бірге жыр жазған
Болатсың ғой білсек сен.
Анарбек те досының
Мақұлдады осы үнін:
– Өкпелеме, Болатжан,
Өлең емес осының.
Деп олар сырт айналды,
Көңілдері жайланды.
Достарына ыза боп,
Болат тілі байланды.
Кеше ғана дос еді,
Көңілдері қош еді.
Енді бүгін Болатты
Ақын емес деседі.
Ал, өздері паң ғана,
Өркөкірек жан ғана.
Кемшілігін көрсетсе,
Қалады тез шамдана.
Білсе-дағы мен дейді,
Білмесе де мен дейді.
Мақтануға келгенде
Ешкімге жол бермейді.
Ұстазды да теңсінбей,
Сөйлеседі менсінбей.
Ақыл айтқан адамға
Дейтін болды:
«Сенсің бе, ей!».
Болат байқап бұл істі,
Достарына ұрысты:
– Балалармен сыйласып,
Жүргендерің дұрыс-ты.
Сүлейменов, Айтбаев
Шыға келді қайқайып:
– Не істемексің, ал сонда,
Бетімізден қайтпайық?
Ей, ақымақ ақыным,
Тасырлама, ақырын.
Кімге дәрі шимайлап
Жазған жаман ақылың?
Болат осы секілді
«Достарына» өкінді.
Екеуін де мысқылмен
Түйремек боп бекінді.
Отырды ол шүйіліп,
Қас-қабағы түйіліп.
Ашуменен аралас
Жатты өлең құйылып.
Мен, мен деген мақтаншақ
Лепіреді аттан сап.
Күншілдерді тап сондай
Қатты сынап жатқан шақ.
Досым екен демеді,
Қадады сын жебені.
Шабытпенен шымырлап
Шыға берді өлеңі.
Ой менен ой алмасып,
Нысананы дәл басып,
Туып жатты тың жырлар
Бір-біріне жалғасып.
Жақсылыққа сүйінді,
Жамандыққа күйінді.
Бәрі-дағы жыр болып,
Қаламынан құйылды.
Тыңдады да бұл үнді,
Анарбектер бүлінді.
Уытты өлең осылай
Қабырғаға ілінді.
Енді олар маңайда
Дос бетіне қарай ма?
Кемшілігі көрініп,
Күлкі болды талайға.
Екеуі де қысылды,
Әділ сынды түсінді.
Болатты шын мақұлдап,
Дос пейілін ұсынды.
* * *
Көлеңкеде күншілдік,
Күншуақта шыншылдық.
Талапты ерге нұр жауар,
Жалған емес, бұл шындық.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter