09.04.2022
  905


Автор: Абдрахман Асылбек

Мақтақыз бен мысық

Мақтақыз бен Мысық дос бопты,
Достардың көңілі хош бопты.
Бірде қыз жеке қалыпты,
Бір мейіз тауып алыпты.
Мақтақыз қыз ғой ақылды,
Мысығын кел деп шақырды.
Мысығы бірақ келмеді,
Мейізге еш мән бермеді.
Мақтақыз «Мейлің», – деп қойды,
Мейізді өзі жеп қойды.
Мысығы келіп кешігіп,
Сұрады қыздан тесіліп:
– Не үшін мені шақырдың?
Мінеки, келе жатырмын.
Мақтақыз бірақ айтпады,
Мысық та беттен қайтпады:
Досының барып батырың,
Тастады төгіп қатығын.
Мақтақызды ашу қысып тым,
Құйрығын кесті Мысықтың.
Жалынып Мысық жылады,
Құйрығын қайта сұрады.
Қыз айтты:
– Қатық табасың,
Құйрықты сонда аласың.
«Содан соң Мысық жүгіріп,
Сиырға барды жүгініп:
– Сиыр-ау,
Көңіл бөл маған.
Сүтіңнен аздап бер маған.
Айтты оған Сиыр:
– Жарығым,
Ашып тұр қатты қарыным.
Жапырақ болса тауып кел,
Содан соң мені сауып көр.
Содан соң Мысық жүгіріп,
Терекке барды жүгініп:
– Терек-ау,
Көңіл бөл маған,
Жапырағыңнан бер маған.
Айтты оған Терек:
– Мысығым,
Шөлдеп-ақ тұрмын, түсінгін.
Су тауып әкеп бере ғой,
Жапырағымды тере ғой.
Содан соң Мысық жүгіріп,
Қыздарға барды жүгініп:
– Қыздар-ау,
Кербез, керімдер,
Суыңнан аздап беріңдер.
Айтты оған Қыздар:
– Мысығым,
Болсаң сен анық пысығым,
Біздерге сағыз таба ғой,
Содан соң судан ала ғой.
Содан соң Мысық жүгіріп,
Дүкенге барды жүгініп:
– Дүкенші ағай,
Нағыз ер,
Бар болса, маған сағыз бер.
Дүкенші айтты:
– Мысығым,
Болсаң сен анық пысығым,
Жұмыртқа маған тауып кел,
Сағызға сонсын шауып кел.
Содан соң Мысық жүгіріп,
Тауыққа барды жүгініп:
– Тауық-ау,
Көңіл бөл маған,
Жұмыртқаң болса, бер маған.
Айтты оған Тауық:
– Мысығым,
Болсаң сен анық пысығым,
Мен жейтін тары тауып кел,
Содан соң маған шауып кел.
«Тарыны қайдан табам?» деп,
Көңілі әбден алаң боп,
Уайым қатты қысқанда,
Кезікті Мысық Тышқанға.
Тышқанға Мысық тап берді:
– Бір уыс тары тап! – деді.
Қалтырап байғұс:
– Құп! – деді,
Тарысын беріп, зып деді.
Тоқтамай Мысық жүгірді,
Тауыққа барып жүгінді.
Жұмыртқа алып тарыға,
Дүкенге жетті тағы да.
Жұмыртқа беріп, Сағыз ап,
Жүгірді Мысық әрі ұзап:
Қыздарға келіп су алып,
Жүгірді тағы қуанып.
Су беріп толы шелекпен,
Жапырақ алды Теректен.
Сиырға беріп жапырақ,
Оралды одан қатық ап.
Мақтақыз көріп қатықты,
Тамсана толғап татыпты.
Мысықтың алып сыйлығын,
Беріпті қайтып құйрығын.
Қайтадан олар дос бопты,
Достардың көңілі хош бопты.
Бірге ойнап-күліп жүріпті,
Қызықты өмір сүріпті.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу