09.04.2022
  1207


Автор: Абдрахман Асылбек

Қу қоян

Ұстап алып Арыстан,
Былай деді Қоянға:
– Қарыным аш қабысқан,
Сені жесем, тоям ба?
Қауіп төніп жанына,
Қоян алғаш булықты.
Жалған айтып жағына,
Ойлады бір қулықты:
– Айналайын тақсырым,
Мен сорлыда неңіз бар?
Жар астында,
Нақ шыным,
Өзі семіз Өгіз бар.
Қоянды ертіп қасына,
Сілекейі шұбырып,
Биік құздың басына –
Жетті Арыстан жүгіріп.
– Көрмей тұрмын мен ізін,
Көзбен шолып тақырды.
Қайда сенің Өгізің?! –
Деп Арыстан ақырды.
Қоян айтты:
– Нән Өгіз
Жардың терең түбінде.
Болса жейтін дәмеңіз,
Секіріңіз, кідірме!
Кетті Арыстан атылып,
Жан тапсырды со таңда.
Ақымақты қатырып,
Жетті Қоян Шопанға:
– Алып-ұшып алыстан
Келіп тұрмын сен үшін.
Жатыр өлі Арыстан,
Сыпырып ал терісін.
Шопан қатты қуанып,
Тастай шапты отарын.
Қос білегін сыбанып,
Шықты үстіне жотаның.
Сол Шопанның бар малы
Қалды қырдың астында.
Қоян жақын маңдағы
Келіп жетті Қасқырға.
– Қасқырым-ау,
Қасқырым,
Жар жағалап қойшы жүр.
Арылады аштығың,
Қойларына тойшы бір.
Мұны естіген аш Бөрі
Тұра ұмтылды жалақтап.
Малдың нағыз қаскөйі
Бара жатты алақтап.
Қоян тағы зырлады,
Қара терге малшына.
Жортып жүрген қырдағы
Келіп жетті Аңшыға.
Қалқан құлақ қағына,
Мұнысымен қоймады.
Жалған айтып жағына,
Бір қулықты ойлады.
Деді сонда Аңшыға:
– Әрі жүрме,
Бері жүр.
Атыңды тез қамшыла,
Қыр астында Бөрі жүр.
Аңшы қару сайлаған
Оңай олжа – Мүлкі үшін,
Қанжығаға байлаған
Тастай шапты Түлкісін.
Аңшы асықты Бөріге,
Кетпесін деп жылысып,
Түлкі тері тері ме?
Қасқыр тері – Жылы ішік.
Қоян тағы самғады,
Қарамай ор, жарға да.
Қарқылдаған талдағы
Келіп жетті Қарғаға:
– Қарқылдаған Қарғам-ау,
Мынау ісің күлкілі.
Одан-дағы жарда анау
Шоқы өлген Түлкіні,
Қарға болса қарқылдап,
Шоқымақ боп Түлкіні,
Ұшып кетті жалпылдап,
Жетелеп қу құлқыны.
Қоян мұны шын күтіп
Өкпесі өшіп ентіге,
Отырған бір жүн түтіп,
Келіп жетті Кемпірге.
Қалқан құлақ қағына,
Мұнысымен қоймады.
Жалған айтып жағына,
Бір қулықты ойлады:
– Шеше-ау,
Қапы қалмағын,
Тездеп талға барғайсың.
Ұясынан Қарғаның
Мамық жүнін алғайсың.
Қу Қоянға иланып,
Бір құс жастық тіксем деп,
Қапшығын ап жиналып,
Кемпір кетті бүкшеңдеп.
Қоян қарап қалсын ба?
Орғып-орғып жүгірді.
Қулығынан тансын ба,
Желге жетіп жүгінді:
– Айналайын құс-желім,
Жүнін ұшыр Кемпірдің.
Ойланбаған істерін
Алдына бір келтіргін.
Ұйтқыды Жел құйын боп,
Жұртты әлекке түсірді.
Кемпірге шын қиын боп,
Жүнін көкке ұшырды.
– Оңай олжа көздеген
Орға барып жығылар.
Опынғанын өзгеден
Сонда барып ұғынар,–
Деп қу Қоян күліпті,
Қулық жасап еселі.
Ерніндегі жырықты
Содан қалған деседі.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу